Төбетке өлекшіннің бәрі бір бас. Біреуді көркі бар деп жақсы көрме, Лапылдақ көрсе қызар нәпсіге ерме! Әйел жақсы болмайды көркіменен, Мінезіне көз жетпей, көңіл берме! Көп жүрмес, жеңсікқойлық тез-ақ тозар, Жаңғырар жеңсік құмар жатқа қозар. Күнде көрген бір беттен көңіл қайтып, Қылт еткізбес қылықты, тамыршы озар. Толқынын жүрегіңнің хаттай таныр, Бүлк еткізбес қалайша соқса тамыр. Жар көңіліне бір жанын пида қылып, Білместігің бар болса, қылар сабыр. Шу дегенде көрінер сұлу артық, Көбі көпшіл келеді ондай қаншық. Бетім барда, бетіме кім шыдар деп, Кімі паңдау келеді, кімі тантық. Ақыл керек, іс керек, мінез керек, Ер ұялар іс қылмас, болса зерек. Салақ, олақ, ойнасшы, керім-кербез, Жыртаң-тыртаң қызылдан шығады ерек. Қатының сені сүйсе, сен де оны сүй, Қоржаң суық келеді кей сасық ми. Ері ақылды, қатыны мінезді боп, Тату болса, райыс үстіндегі үй. Жоқ, болса қатыныңның жат өсегі, Болмаса мінезінің еш кесегі, Майысқан бейне гүлдей, толықсыған, Кем емес алтын тақтан жар төсегі. Жасаулы деп, малды деп байдан алма, Кедей қызы арзан деп құмарланба. Ары бар, ақылы бар, ұяты бар Ата-ананың қызынан ғапыл қалма. Үйіңе тату құрбың келсе кіріп, Сазданба сен қабақпен имендіріп. Ері сүйген кісіні ол да сүйіп, Қызмет қылсын көңілі таза жүріп. Құрбыңның тәуір болсын өз мінезі, Абыройлы қалжыңмен келсін сөзі. Сен оған мойын бұрып сөз айтқанда, Қатыныңда болмасын оның көзі. Кей құрбы бүгін тату, ертең бату, Тілеуі, жақындығы - бәрі сату. Көкірегінде қаяу жоқ, қиянат жоқ, Қажымас, қайта айнымас қайран тату! Пайда деп, мал деп туар ендігі жас, Еңбекпен терін сатып түзден жимас. Меліш сауда сықылды күлкі сатып, Алса қоймас, араны тағы тоймас. Асық ұтыс сықылды алыс-беріс - Тірі жанның қылғаны бүгін тегіс: Бірі көйтке таласып, бірі арам қып, Төбелескен, дауласқан жанжал-керіс. Жас бала әуел тату бола қалар, Ата-анадан жақын боп, ертіп алар. Бірін бірі құшақтап шуылдасып, Ойын тарқар кезінде ұрыс салар. Біреуі жылап барса үйге таман, Ата-анасы бұрқылдар онан жаман. Татулығы құрысын ойыны мен, Дәл соларға ұқсайды мына заман. Жаман тату қазады өзіңе ор, Оған сенсең, бір күні боларсың қор. Ары бар, ұяты бар үлкенге сен, Өзі зордың болады ығы да зор. Қазақтың қайсысының бар санасы? Қылт етерде дап-дайын бір жаласы. Пысықтықтың белгісі - арыз беру, Жоқ тұрса бес бересі, алты аласы Мәтінді түгел береміз. Сыртқы формасынан не түсіндіңіз, ішкі мәнінен не ұқтыңыз?
Ең алдымен, өлең, «Жігіттер» деп қаратпа сөзден басталады. Қаратпа сөз, әдетте, шешендік сөздерде, үндеуде, ауызекі сөйлеудегі диалогта сөйлеушінің өз сөзін кімге қарата айтқанын аңғарту үшін қолданылады. Өлең - диалог емес. Үндеу, шешендік сөз деуге де келмейді, алайда, осының әрқайсысына белгілі дәрежеде ұқсастығы бар. Қаратпа сөз сөйлем ішінде жай ғана қолданыла салмайды, оның өзінің атқарар қызметі бар. Демек, Абайдың «жігіттерге» қарата айтуында үлкен мән бар. Мұнда, біздіңше, өзіне жақын санаған адамдармен сырласу, сұхбаттасу (Ер табылса, жарайды қылса сұхбат), сұхбаттаса отырып ел жайын әңгімелеу бар. Мәтінде жігіттерге ғана арналып айтылатын сөздер бар, оны да қаперге алатын болсақ (Қатының сені сүйсе, сен де оны сүй) қаратпа сөздің жай тұрмағанын, ішкі МӘН-іне тереңдеу керек болатынын түсіне бастаймыз.