Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат - бірінші шумақтың алғашқы жолы, әрі тақырып атауы. Бүкіл мәтіннің өзекмәні де осы жолда. Абай СӨЗ әлемінде алғаш рет ойын мен күлкіні бөліп, жекелей мән беріп, одан әрі тереңдей түсіп, екеуін қарама-қарсы қояды. Бұл қарама-қарсылық «арзан-қымбат» деген сапалық мәндегі привативтік оппозиция арқылы таңбаланып, осы тұлғалардың семантикалық мәні арқылы берілген. Мәтінде ойын, күлкі сөздері субъект, арзан, қымбат - предикаттық қатынаста келіп, қарама-қайшылықты күшейте түскен. Дұрысында, «Жігіттер, ойын – арзан, күлкі – қымбат» болып жазылып, бастауыш пен баяндауыштың араларына екі сызықша қойылуы керек. Олай болатын себебі, өлең оқылғандағы интонация мен дауыс ырғағына назар аударыңызшы, «ойын, күлкі» сөздерінен кейін дауыс үзіліп, қайта көтеріліп, дауыс ырғағы арзан мен қымбат сөздеріне ерекше түседі. Демек, бұл тұлғалар бір-бірімен бастауыштық-баяндауыштық қатынаста тұр деген сөз. Арзан, қымбат сөздері ойын, күлкі лексемаларының анықтауышы емес, керісінше, сол сөздердің предикаты, ойдың салмағы да осы екі сөзге түседі. Қазақ сөзінің құрылымындағы заңдылық бойынша, баяндауыш тек сөйлемді аяқтап қана қоймайды, ол негізгі мәнді де анықтап, ойды нәтижелі етіп ұстаушы да. «Арзан», «қымбат» сөздерінің негізгі лексикалық мағыналары предикаттық қызметте одан әрі шыңдала түсіп, өзекмағынаны анықтауда ерекшеленеді де, ой мазмұнын ұстаушы басқы тұлғаға айналады.
Ойын – арзан, күлкі – қымбат! Қандай ойын, қандай күлкі туралы әңгіме болып тұрғанын таразылау оңай емес. Бұны анықтау үшін тек ақынның өз сөздеріне қайта жүгінеміз: ... Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік ...Ия, ақын шын күлу, шынайы күлуді нұсқайды. Құран Кәрімде “Дүние тіршілігі еш нәрсе емес. Ойын-сауық қана. Әрине, ақырет жұрты тақуалар үшін жақсы. Сонда да түсінбейсіңдер ме?” – делінбей ме?!
Тағы да Абай өзінің төртінші Қара сөзінде:
«Шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалмақ, ол өзі де - бір антұрғандық. Және әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл, ызалы күлкі - өзі де қайғы. Ондай күлкіге үнемі өзің де салынбассың, әрбір жақсы адамның жақсылық тапқанына рахаттанып күлсең, оның жақсылықты жақсылығынан тапқандығын ғибрат көріп күл. Әрбір ғибрат алмақтың өзі де мастыққа жібермей, уақытымен тоқтатады. Көп күлкінің бәрін де мақтағаным жоқ, оның ішінде бір күлкі бар-ау, құдай жаратқан орныменен іштен, көкіректен, жүректен келмейді, қолдан жасап, сыртыменен бет-аузын түзеп, бай-бай күлкінің әнін сәндеп, әдемішілік үшін күлетін бояма күлкі».
Демек, «қымбат күлкі», «күлкі қымбат» емес, «күлкі – қымбат». Шын күлкі, шынайы күлкі қымбат. Поэтикалық мәтіндегі сөздің жан-жақтылығы, көп қырлылығы - осы. Ақынның діттеп отырған ойын, күлкі сөздерінің жалпыхалықтық қолданыстағы негізгі мағыналары бір-бірімен мәндес, жақын. Ойын-күлкі қос сөзін жасап, негізгі мағыналарының ортақтығы арқылы жалпылық сема туғызады. Ал контексте бұл мағыналар бір-біріне оппозициялық сипатта жұмсалған. Сондықтан да, оқушыға ойын мен күлкінің ара жігін анықтап, мәнін салмақтау, таразылау лазым.
Жігіттер, ойын - арзан, күлкі - қымбат, Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.
Ақын бірінші жолда ойын мен күлкіні оппозицияға шығару арқылы жаңа мағына түзсе, екінші жолдағы «сыр» мен «сымбат» ондай емес, мұнда қарама-қайшылық жоқ, екеуі екі басқа нәрсе, екі түрлі денотат екені нақты аталған да, сыртқы сымбаттылық пен ішкі сырдың «сыры» өлеңнің соңына дейін нақты деректермен анықталып, айқындалып, ашыла түседі.
Алдымен сөзді тыңдар кісіге қойылатын талап бар:
Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік Ер табылса, жарайды қылса сұхбат. Кейбіреу тыңдар үйден шыққанынша, Кейбіреу қояр құлақ ұққанынша. Сөз мәнісін білерлік кейбіреу бар, Абайлар әрбір сөзді өз халынша, - Сұхбат құруға «ер» керек – бұл тыңдаушыға (оқырманға) қойылатын шарт. Олардың деңгейі әр түрлі болатынын да ақын айтпай-ақ, көрмей-ақ біледі, біреу жай тыңдаушы, біреу ұққанынша тыңдайды, кейбіреуі сөз мәнісін біліп, әрбір сөздің байыбына баруға талап қылады. Біз үшін маңыздысы «әрбір сөзді өз халынша» деуі. Қазіргі ғылыми терімсөзге салар болсақ, әр сөздің семантикасы толық мәтіннің мәнін құрауға қызмет етуі. Өлеңнің айтарын пайымдау үшін, әр сөзге терең мән беріп, мәтіннің қызметтік-семантикалық құрылымын таразылау керек болады.
Ақынның өз қолтаңбасына сай стильмен әдіптеліп, желісі тартылған өлең мәтінінде «Жігіттерге» айтылатын «әдістемелік нұсқаулық» бар.