ҚАЗАҚ ӨЛЕҢІНДЕГІ «БАҒАЛАУ» КОНЦЕПТІ
Тіл - адам баласының жалпы болмысын, ішкі табиғатын танытушы. Адам сөйлейді, сөзбен өз ойын айтады, ішкі ойын танытады. Сөз арқылы таңбаланатын лебіз шындық болмысты бейнелейді, сөзбен адам өз ойын жүйелейді, негіздейді, уәжін түсіндіреді. Кей кезде өзімен-өзі сөйлесу, өзінен-өзі күбірлеу т.б. жағдайлардың болуы – ойды жүйелеу, негіздеу қажеттілігінен туындайтын түпсаналық деңгейдегі әрекеттердің көрінісі.
Тілді адам баласының қызметінің нәтижесі ретінде тану, тілдің пайда болуы туралы діни ұстанымдармен сәйкес келмейді. Тіл қалай пайда болды, алғашқы Сөз қандай еді, тілдің дамуы қандай деген сауалдар қазірде өзекті деп айта алмаймыз. Қазіргі прагматикасы бірінші орынға шыққан, «бүгін және қазір» деген ұстаныммен өмір сүріп жатқан ХХІ ғасыр ғылымы үшін, классикалық ілімнен гөрі, тіл экологиясы туралы мәселе кеңірек қозғалуы да ықтимал. Әрине, қазіргі тіл білімі теориясы кеңінен дамыды, әралуан аспектіден жан-жақты зерттеу үрдісі пайда болды. Қазақ тілінің құрылымы мен құрылысы жан-жақты айқындалды. Қалыптасқан дәстүрлі тіл білімімен қатар жаңа когнитивтік, лингвомәдени, коммуникативтік‑функционалдық бағыт дамытылуда. Ендігі ғылыми ізденістер атаудың болмысындағы таным мен атаудың мәтіндегі әр алуан қызметін саралаумен, зерделеумен байланысты.
Сөйлеудің мүмкіндігі мол, мағыналық-қызметтік ерекшелігі әлдеқайда бай болғанымен, лебіздегі сөздің мағыналық құрылымы мен қызметтік ерекшелігі туралы ғылыми әңгіме аздау. Тіл тек лебізде ғана өзінің барлық көркімен әрлене көрінеді, сөздің парқы ақ парақта немесе ауызекі сөйлеуде нақтыланып, лебіз құрамында ажарланып, негізгі мағыналық сипатына сай ерекше контекстік мән иеленіп, ажарлана, ашыла түседі. Тек лебізде тіл өзінің басты қасиетін танытып, күшіне енеді, өз болмысын білдіріп, қоғамдық мәнге ие болады. Тіл лебізде ашылады, нұрланады, киесі кіреді, сезімнің жаршысына, жақсылықтың хабаршысына айналады. Лебізде қолданыста жүрген тіл нұрлана түседі, жасымайды - жасарады; солмайды - толады, қамалмайды – бояуы қанығады, дамиды, жанға жылу дарытады. Лебізде қолданысқа түсіп Сөз мағыналық жағынан дамиды, мәні тереңдейді, бұрын таңбаланбаған жаңа ұғымдарға атау береді, сөйтіп тіл де дамиды, байи түседі.
Лебіз бен тілді қарама-қарсы қоюға болмайды, олар: бірі - құралы, бірі - қызметі болып, Патша СӨЗДІҢ мағыналық құрылымын жаңартуға, жасартуға, байытуға, дамытуға, сақтауға қызмет етеді.
Қазақ сөзінің патшасы – Өлең! Қызыл сөзге дес бермеген қазақ баласының басты қаруы да осы – Өлең!
Өлең – сөздің Патшасы, сөз сарасы.
Қиыннан қиыстырар ер данасы, - деген ұлы Абай данышпанның сөзіне мән беру парыз. Кез келген адам сөзді қиыстырып айта алмайды, ердің данасы ғана сөзді саралайды, қиыннан қиыстырады, «аталы сөз» айтады. Бұны әрбір тілші ғалым ережедей ұстанса болады. Қазақ поэзиясында сөз өзінің нәрлі өңінде, сөлінде, шырайында, нақышында, мәнерінде, иірімінде ақтарыла ағылады. Біз мұнда Абай айтқан Өлеңді, сол Өлеңді өміріне балағандарды меңзейміз. Тілдің байыған, дамыған, жетілген, нұрланған тұсын көреміз.
Жүректе қайрат болмаса
Ұйықтаған ойды кім түртпек?
Ақылға сәуле қонбаса,
Хайуанша жүріп күнелтпек.
Аспаса ақыл қайраттан,
Тереңге бармас, үстірттер.
Қартыңның ойы шар тартқан,
Әдеті жеңіп күңгірттер.
Тән сүйгенін бермесе,
Жан шыдамас жаны ашып,
Бере берсең бер десе,
Үміт етер таласып.
Малда да бар жан мен тән,
Ақыл, сезім болмаса.
Тіршіліктің несі сән,
Тереңге бет қоймаса?
Атымды адам қойған соң,
Қайтіп надан болайын?
Халқым надан болған соң,
Қайда барып оңайын?!
Қазақ өлеңінің өлшемі мен ырғағы. Өлең мәні - тереңде. Бірден түсіне алмауың мүмкін! Уақыт тауып бірнеше рет қайталап оқу керек. Өлеңнің жалпы мазмұны көзі ашық, көкірегі ояу қазақ баласына түсінікті. Сөздерді жеке алып қарағанда түсініксіз болып тұрғаны немесе таныс емесі жоқ, өз ана тілін білетін, ел дәстүрінен хабардар кісіге анық. Ал сөздердің бір-бірімен байланысып, лебіздегі берген мағынасы мен оның ішкі мәнін түсіну үшін ақыл-парасат айдынына шомылған жөн болады. Терең ойға құрылған өлең жолдарының әрбірінде сом ой, шоң ақыл, мол пайым-парасат жатыр.
Достарыңызбен бөлісу: |