Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,
Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз!
Күншіліксіз тату бол шын көңілмен,
Қиянатшыл болмақты естен кеткіз!
Өлеңдегі талғамды ойдың семантикалық-логикалық байланысы үзілмей жалғаса отырып, осындай философиялық түйіндеулер жасалады да, ойдың әрі жиынтық бейнесіндей, әрі бірізділікті сақтай, нақты суреттермен дәйектеле тиянақталады. Классикалық поэзияға тән зияткерлік шамы жарқырайды. Өлеңді оқып отырғанда аға мен жақын дос-бауырлардың (немесе шәкірттермен) сұхбат құрып, ашық-жарқын әңгімелесіп, ақыл, өсиет тыңдап отырғанын сезінеміз. Өлеңді оқып отырғанда құлаққа қоңыр үн келеді, домбыра шанағынан төгілген шертпе күй ме... Көңіл аңсайтын жағымды сезім, қоңыр әуен.
Шашылып-төгілген эмоциясыз, «Жігіттерге» айтылған сыр деп таныдық, өлең мазмұнын. Күнделікті өмірден алынған нақты деталдарды ақын қарапайым сөйлете бастағанда, сыр мен сымбаттың ара жігін айыру жеңілдеп, түсінік-таным парасаттылыққа қарай есігін ашады. Өлеңдегі этносаналық таным анау-мынау романның жүгін көтеретіндей деңгейде тұр.
Абай өлеңдерінде керемет сюжеттер бар. Ол сюжеттер хабарлау арқылы беріліп отырады, оны бір қарағанда байқамауымыз да мүмкін, алайда бұл сюжеттердің өзіндік формасы бар.
Мәселенки,
Үйіңе тату құрбың келсе кіріп,
Сазданба сен қабақпен имендіріп.
Ері сүйген кісіні ол да сүйіп,
Қызмет қылсын көңілі таза жүріп.
Құрбыңның тәуір болсын өз мінезі,
Абыройлы қалжыңмен келсін сөзі.
Сен оған мойын бұрып сөз айтқанда,
Қатыныңда болмасын оның көзі.
Сюжет пе? Әрине, сюжет. Тәптіштей зерделегенде, мәтінде осындай бірнеше сюжеттік желі беріледі. Бір ойдан екінші ойға ауысу өлеңде грамматикалық формалардың (яғни ұйқас тұлғаларының) алмасуымен беріліп отырады.
Феномен!!!
Ақын әр шумақтағы ойға ерекше мән беріп, өзекмәнмен толықтырып, осындай қазақ өлеңіне ерекше МӘН енгізген. Яғни өлеңде келетін ұйқас пен берілетін ойдың арасында үндестік байланыс бар, ГАРМОНИЯ бар. Өлең шумақтарындағы ұйқас өзгергенде айтылар ой да жаңа арнаға түсті деген сөз. Шындықпен шымырлай жымдасып жатқан өлеңдегі мұндай сюжет оқырманын баурай тартады, тыңдатады, ойландырады. Бағалайды. Өйткені мұнда астарсыз ой, айқын пікір, ашық бағалау, қалтқысыз адал көңіл бар. Мәтінде адам қызметін суреттеу де, оны бағалау да бар, яғни мәтіннің қызметтік-семантикалық, қызметтік-cильдік сипаттамасын анықтауда осындай экстралингвистикалық белгілердің көрінісін есепке алу қажет.
Біреуі жылап барса үйге таман,
Ата-анасы бұрқылдар онан жаман.
Татулығы құрысын ойыны мен,
Дәл соларға ұқсайды мына заман.
Жаман тату қазады өзіңе ор,
Оған сенсең, бір күні боларсың қор.
Мұндай сюжеттер не үшін қажет болды? Өлеңнің ішкі мәніндегі танымдық-ақпараттық ойдың халыққа жетімділігі, елдің түсінігіне оңтайлы болуы үшін де, күнделікті тәжірибеде көрінетін қарапайым тіршілік болмысын көз алдыңызға әкеле отырып, оның мәнін пайымдату, тура жол нұсқау мақсатындағы тұжырымдар осылайша деректермен әдіптеліп, құр насихатпен шаршатпай, үлгілік жолға бастату үшін де қажет болған. Өлең мәтіні арқылы берілетін толағай танымдық білім мен білік бар.
Халық Абай нұсқаған танымдық жолды, Абай ұстанған этикалық салтты, Абай бағыттаған білім мен білікті бағалады, ұстанды, сол жолмен ұрпағын тәрбиелеуде. Өйткені бұл берісі қазақ дүниетанымына, әрісі адамзаттық рухани ізгіліктерге негізделген, адами тура әдеп пен жақсы қасиеттерді насихаттайтын, ПАТША СӨЗ болатын. Сөздің күші - айтылуында да, бағалануында да. Айтылған сөз бағаланса нұрланады, ақынның өзі айтқандай, түзелген сөзді тыңдайтын тыңдаушы түзелсе, мұраттың орындалғаны. Бүгінде Абай данышпанның әрбір сөзі мақалға, нақыл сөзге, ақыл сөзге айналып, халық арасында түзелген тыңдаушы жүрегін нұрландырып жатса, СӨЗДІҢ бағаланғаны деп қабылдап, бағаланған СӨЗДІҢ халық қазынасындағы құндылыққа айналғанын айтамыз. Бір ғана мәселе Абай тілінде сөйлейтін, Абайды аудармадан емес, қазақ тілінде оқып, түсініп, таңданып, бағалайтындардың саны азаймаса болғаны.
«Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңінде бүгінде афоризмге айналып, халық арасында нақыл болып айтылып, әрбір қазақ тілді азаматтың лебізінде сөзінің мәнерін келтіріп мәнін ашу үшін қолданылатын шумақтар мен жолдар, тіркестер бар:
Жігіттер, ойын - арзан, күлкі – қымбат.
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.
Шын көңілмен сүйсе екен, кімді сүйсе,
Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,
Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз!
Күншіліксіз тату бол шын көңілмен,
Қиянатшыл болмақты естен кеткіз!
Жолдастық, сұхбаттастық — бір үлкен іс,
Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,
Шу дегенде көрінер сұлу артық,
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма.
Кей құрбы бүгін тату, ертең бату,
Тілеуі, жақындығы - бәрі сату.
Пайда деп, мал деп туар ендігі жас,
Өзі зордың болады ығы да зор.
Халық түсінігін, пайымын, танымын бағалап, оған өзіндік үлес қосып, сол арқылы өзін бағалату Абай жеткен бүтіндік, Абай жеткен биік шың. Бұл адами ғылымда «ұлылық» деп аталады. «Жігіттер, ойын – арзан, күлкі – қымбат» өлеңінің эстетикалық, этикалық, танымдық ақпараты терең. Идеялық-эстетикалық мазмұн мен тілдік тұлғалар жүйесі бір-бірімен үндес келіп, іштей гармония құрап, табиғи байланыс түзген. Өлең мәтініндегі лебіздік бірліктердің әрқайсысы семантикалық жүк иеленген, өзекмәнді ашу үшін ішкі семантикалық үйлесіммен, сыртқы формалық ұйқаспен, ерекше ой өрнегін таңбалау үшін «барын салады». Түзу ойды таңбалауда сөз мағыналары өздерінің негізгі семаларымен қызмет етеді. Ауыспалы мағына, метафоралық түрлену т.б. аса көп қолданылмайды. Қарапайымдылықтан шығатын ұлылық! Қарапайым қазақ сөзі өзінің тура да негізгі мағынасы арқылы тура сөйлеп, таза сөйлеп, ақын сөзін төбеге көтеріп, шыңға шығарады. Ішкі ойдың мазмұнын таңбалау үшін, ақын жүрегінде жатқан ойдың «жұмбағын» ой бесігінен сөз бесігіне шығарып әлдилеу үшін бір сөз келесі сөзден, бір тіркес екінші тіркестен үйлесім іздейді, табады. Ой үйлесімі сөз үйлесімімен жалғасын тауып, таңбаланып, халықтық жадпен ұласа дамып, ұлттық дүниетанымның негізімен бірге қаланып, әр заман үшін қажетті рухани құндылыққа айналады. А. Байтұрсынұлы «Елде жоқ рух – ақын сөзіне қайдан келсін?!» деп жазған екен [Алаштың тілдік мұрасы, 299-бет], шынында да, елдегі рух, елдегі таным ақын шығармалары арқылы шымырлап шығып, қайта қуаттанып, құрыштай бекіп, қайта халықпен қауышып жатады.
Шығармашылықпен, суреткерлікпен тереңнен тартылып таңдалып алынған әрбір сөз маржандай тізіліп келіп, топталып, эстетикалық талғамды айқындайды. Мақсаттылық пен эстетикалық уәжділікке негізделген ӨЛЕҢ-дегі әрбір сөз бір-бір кірпіш болып қаланып, мәтіннің қызметтік-семантикалық құрылымын гармониялық үйлесіммен таңбалап, нақты көркемдік-эстетикалық міндет атқарады. Өлеңде стильдік мән үшін қолданылған бірлі-жарым араб сөздері, орыс сөзі (меліш – мелочь) ұшырасады. Қолданылған атаулар ерекше көркемдік қызмет атқарып, ақын стилінің жарқырауына, бүкпесіз ашылуына, ойдың анық болуына қызмет етеді. Мұны мысалмен дәлелдеу артық, өйткені өлең жолындағы кез келген сөздің семантикалық құрылымы бұл пікірімізді дәлелдей алады. Сөз арқылы шындық болмыс пен оның нақты сипаты таңбаланады, ақынның ерекше коммуникативтік стилі жаңа бір сапада көрініп, атаулар өздерінің тура мағынасында тұрып-ақ бейнелі-эстетикалық қызмет атқарады. Атаулардың негізгі және тура мағыналары арқылы таңбаланған бұл сапалық қызмет, жаңа сапалық қасиет қазақ тілінің көркем уәжделген дара жүйесін қалыптастырады. Уәжделген деуіміздің мәнісі бар. Әр сөз өзінің бастапқы негізгі мағынасында тұрғандықтан да, өзексеманы сақтай, әралуан семаларға шашырамай, нақты мәнді танытып, өзінің мағыналық кеңдігі мен ауқымдылығын сақтайды.
Достарыңызбен бөлісу: |