Бойы бұлғаң, Сөзі жылмаң Кімді көрсем, мен сонан Бетті бастым, Қатты састым, Тұра қаштым жалма-жан. Тағы да «Бойы бұлғаңнан». «Бұлғаң» - сөзінің негізгі мағынасы «бұлға» еліктеуіші. Жалпы қолданыстағы бұлғақтау, бұлғақтай өсу – мағынасы арқылы түрленіп, Абай қолданысында «бұлғаң» ерекше семаға ие болған. Мұнда зілді кекесін, мысқыл бар. Бойын бұлғаң ұстап, еркесініп, мырзасынып, қуланып жүргендерді өткір сынға алған мәтін ішінде «бұлғаң» еліктеуіші жаңа мәнге ие болып, «бұлғаң» атауының жаңа парадигмалық мәнін анықтайды. Еліктеуіш сөздің жаңаша семантикалық қыры ашылып, жаңа сөз жасалды, жаңа мағына туды, сөздің семантикасында мәндік нақыш анықталып, контекстік мағына арқылы негізделді.
«Жылмаң» еліктеуішінің де қолданысында өзіндік нақыш, өзгеше ерекшелік бар. Жалпыхалықтық қолданыста «жылмаң» атауы кісінің мінезіне қатысты қолданса (жылмаңдау, жылмаң-жылмаң ету т.б.), Абай қолданысында сөзге қатысты жұмсалып, жаңа семантикалық өң алған. Мінезі жылмаңның сөзі де жылмаң болары, мінез кісінің ішкі сыры болса, сөз ішкі ойдың көрінісі, демек, сөз қолданысындағы нақыш көпмағыналықтың нәтижесінде пайда болған. Бұлғаң, жылмаң, қылжаң, мырзаң, сырдаң сөздері контексте ерекше тұлғалық және мағыналық мәнге ие болып, ерекше семантикалық белгі алып, лексикалық жүйені байыта түседі, сөздің ішкі мағынасын байыта түседі.
2) Атаудың семемалық құрылымында семантикалық белгілердің нақтылануы; яғни көркем шығармадағы идеялық-бейнелі ақпаратты жеткізуде сөздің эстетикалық мәні артып, мағына жаңаша өріліп, лексеманың мағыналық құрылымындағы кей семалар ерекше жарқырай көрінеді. Бұл екіншілік мағына емес, алайда сөздің семантикалық құрылымы дамып, өзінің потенциалды мүмкіндіктерін жаңаша бір қырынан танытады.
Семемадағы белгілі бір семантикалық белгіні нақтылау сөздің абстрактілі ұғымды белгілеу қажеттілігінен туындайды. Абстрактілі ұғымды білдіру үшін жұмсалатын атаулар жалпы ойлау жүйесінде материалдық затты анықтау үшін қолданылып, адамның субъективтік қызметімен байланысты болады да, қолданыста абстрактілі мән иеленеді.
Жүрегім, нені сезесің, Сенен басқа жан жоқ па? Дүниені, көңілім, кезесің, Тиянақ жоқ па, қой, тоқта!
Өлең мәтініндегі «жүрек», «дүние» «жан» сөздерінің қолданысына назар аударсақ, бұл қолданыстағы мағынаны туынды мағына қатарына қоса алмайтынымыз түсінікті. Десек те, әуелгі семема арқылы уәжделіп, ерекше абстрактілі мән беріп тұрғаны тағы рас. Заттық мағынадан абстрактілі мағынаға алмаса отырып, жағдаятты нақтылай, анықтай таныту мақсатында семантикалық белгі сөз мағынасын кеңейте түсіп, өзі бірте-бірте абстракцияға қарай дамиды. Абстрактілі ойлау жүйесінің бастапқы негізі нақты ойлау жүйесі болғанын ескерсек, сөз мағынасының даму және құбылу жолын түсіну қиын емес.
3. Сөз семемасындағы кей семантикалық белгілер бейтараптанып, жалпыхалықтық қолданыстағы лебізге тән емес, жаңа мағынаның қалыптасуы. Мұндай мағыналық өзгерісте сөздің ядролық логикалық мағынасы қатты өзгеріске түспейді, алайда сөз семемасында жаңа ерекше семалар пайда болып, екіншілік мағына қалыптасады да, туынды сөздің семантикалық құрылымының жасалуына жағдай туғызады.
Абай шығармаларында көрсетілген сөздердің өн бойында болатын семантикалық өзгерістердің барлық түрлері де кездеседі, соның ішінде бірінші типтегі семантикалық өзгерістер көбірек ұшырасады. Ақын өлеңдерінде қолданылған сөздердің мағыналық және мәндік сипатын зерделей бағамдағанда, тілдік бірліктердің семантикалық өзгерісі, ең алдымен, олардың уәжді, негізді қолданыс нәтижесінде туындайтынына, идеялық-образды мазмұнды таңбалауда эстетикалық мағынаны дәл беру үшін жасалатындығына көз жеткізуге болады. Бір сөзбен әртүрлі мағынаның реңін беру, халықтық тілде бір ғана семантикалық мағынада айтылатын сөзге жаңа коннатациялық иірім қосып, сіңдіру Абайдың, әсіресе, юмор мен сатираға толы өлеңдерінде мол ұшырасады.
Жеке кісілерге арналып, өзіндік персоналий құрайтын өлеңдеріндегі, кейде аса мән бере қоймайтын мәтіндік құрылымдардағы сөз қолданысында ерекшелік мол. Мәселен, «Ағыбайға» атты өлеңіне назар салалық: