Әкесінің баласы - адамның дұшпаны. Адамның баласы - бауырың.
Ер артық сұраса да азға разы болады. Ез аз сұрар, артылтып берсең де разы болмас.
Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; Адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың.
Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім. Тілдік тұлға ретінде Абай лебізімен қалың жұрты аузына қаратып қана қоймай, үлгі болар сөз айтып, өз заманының сөз саптауы мен жүйесін қалыпқа түсіріп, болашаққа бағдарлайды. Екі құрамды күрделі сөйлемдердің құрамы мен семантикасына назар аударсақ, екі аяғын тең басып, толық ойды толғаған. Өзіне дейінгі халықтық сөз мәйегін бойына сіңіре отырып, өзіндік ерекше мазмұндағы СӨЗ-ді айтқан тілдік тұлғаның парасат-пайымын пайымдаймыз. Абай данышпан қолданып отырған тілдік бірліктер әр алуан, олардың тұлғалық, қызметтік, мағыналық сипаты да әртүрлі, лингвостилистикалық бағыты да әр қилы. Лексикалық бірліктер мағынасы «жақын» мағынаны анықтауға бағытталып, сөз ауанын тез тануға жәрдемдесіп, оқушысының аялдамай, тез ұғуына жағдай туғызады. Пропозицияда қолданған сөздер екінші туынды (сөзжасамдық) мағынасында жұмсалғанымен, әуелгі семадан ажырамай, жақын мағынамен сәйкес келіп, негізгі ойдың ұшқынын анық аңғаруға жәрдемдеседі. Мәселен, Ер артық сұраса да азға разы болады. Ез аз сұрар, артылтып берсең де разы болмас – деген сөйлемде ер - ез фонетика-семантикалық тәсілмен бірінен-бірі туындап, жаңа мағынаға ие болған атаулар. Олардың түпкі негізі ортақ, сондықтан бір-бірімен жақын семада тұрып, мағыналық оппозиция құрайды да, әлемнің тілдік бейнесінде білімнің жетілгенін, дамығанын танытады. Ал лексикалық деңгейде олар бір-бірімен жақын қолданысқа түсіп, контексте оппозициялық мағынасы күшейе түседі де, қабылдауда сөз бояуын келтіріп, мәтіндік ерекше призмада бүтін мәнді тереңдетуге үлес қосады.
Мәтінде негізгі мағынасы арқылы көрінетін сөздердің семантикасы бұрынғы белгіленген, танылған мағыналары арқылы анықталса, әлем туралы білім мен оның тану жолдарын белгілеу көрнекілікті қажет етпейді. Әкесінің баласы - адамның дұшпаны. Адамның баласы - бауырың – деген сөйлемнің семантикалық құрылымын осылайша түсіндіруге болады. Қазіргі тілдің, лебіздің когнитивтік қызметін лингвокогнитивті деңгейде зерттеуші ғалымдар лебіздегі эмоционалдық мәннен гөрі, әлеми концептуальданудың тәсілдеріне ерекше мән беріп, сөз семантикасына иек артады. Сөзді мәтіннен бөліп алып, жеке мағынасына назар аудару қарым-қатынастық жағдайды елемеуге, сөздердің контекстік мағынасын ескермеуге әкелер еді. Әлемнің тілдік бейнесінің ішкі мәні көрінбей, одан жалпы мәтіндегі бүтіндікті анықтау шектелер еді. Әрбір сөздің шырмауында келесі өзге сөздің мағынасы байланған мәтін семантикасын анықтағанда жеке сөз мағынасы кейде толық анықталмауы да, оның контекстік мәніне көбірек мән берілуі де мүмкін. Әкесінің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы - бауырың дегенді айтқан Абай данышпан бүгінде біздің жанымызда, ертең де болашақ базарында. «Адам» сөзінің ұғымдық мәні әуел бастағы «Адам ата мен Хауа ана» ұғымындағы адам сөзімен мәндес екені еш дау туғызбасы анық. Егер қазақ тілінде бұл сөз «адам» мағынасын күні бүгінге дейін сақтап, «human», «man», «человек» («чело» - «тело» - дене сөзімен түбірлес) деген түбірлес, мәндес, сөздерден де «АДАМ-ға» жақын, тұлғалас, мәндес болса, бұл да қазақ тілінің құдіретін, киесін, көнелігін танытар дерек.
Тілдік құрылымда «дұшпан» - «бауыр» сөздері бір-біріне антоним ретінде таныла қоймайды, әдетте, мұндай қатарға дос-дұшпан сөздері таңдалады. Абай қолданысында дұшпан - бауыр сөздері оппозицияда қолданылып, өзара ерекше контекстік байланысқа түсіп, жаңаша семантикалық оппозициялық жұп құрайды. Адами қасиетті адами білікпен қабылдап, бүтіндік шеңберіне жеткен ғұламалар үшін танылған білім деңгейі – бұл. Бұл деңгей үй іші, отбасылық, әулеттік, рулық, тіпті ұлттық деңгейден ерек. Адами білім, адами білік, адами қасиет – адам баласын «бауырым» дегізген. Абай неге «дұшпан» сөзіне оппозиция ретінде «досты» (таныс, жолдас, жақын, жақын-жуық т.б. сияқты сөздерді Абай білмей қолданбай тұрған жоқ, әрине!) қолданбаған? Біздіңше, бұл да оның бүтін бітім, толық адам деңгейіндегі автордың тілдік тұлғасына сай қолданған тіркес. «Дос» кісіге кейін жолығады, досты кісі өзі таңдайды; «бауыр» қандас, кісіге тумысынан беріледі, жолықпайды, таңдамайды. Екіншілік мағынада қолданған «бауыр», туыс семасындағы сөздің түпкі негізгі мағынасы «ең үлкен ас қорыту безі» семасы арқылы уәжделгендігі аян. Демек, бауыр мен достың арасындағы жақындықта үлкен айырма бар. Жүйелі ойлаудың сөздегі көрінісі де жүйелі екендігін, вербальды-семантикалық желі жүйесінде ішкі ойдың жоғалмайтынын, түпкі ойдың көрінісі сөз түбінде орнығатынын, ең бастысы, түзу ойдың таза жүрек түбінен шығып жатуы екендігіне әр өлеңді оқығанда көз жеткіземіз.
Лебізде вербальды-семантикалық жүйенің берілу тәсілі кейде стихиялы, кейде саналы түрде тууы да мүмкін. Қалай болғанда да, онда ойдың таңбалық бейнесі таңбаланғандықтан, сөздің терең семантикалық құрылымын зерделеу арқылы сөз арқауын ағытып, оның ішкі өзекмәнін анықтау мүмкін болады. Сөз жүйесін яғни лексикалық бірліктерді қолдану тәсілі мен қолданыстағы атаулардың логикалық-ұғымдық деңгейін саралау арқылы тілдік тұлғаның сөз қолданыс тәсілін ғана емес, сонымен бірге дүниетанымын, білігін, пайымдауын т.б. анықтауға болар еді. Сөзі арқылы кісінің ішкі келбетін тануға болады дегенді де айтқымыз келеді. Жеке адамның лебізі мен оның сөйлеу қызметі жалпы адами ішкі болмысының көрінісін ашады. Сөздің семантикалық өзгерісі – ең алдымен, семантикалық құрылымның қайта құрылу нәтижесі. Яғни лебіздегі қолданыста сөздердің орын тәртібі мен бір-бірімен сәйкес байланысуы, валенттілігі мағынаның дамуына, өзгеруіне алып келеді де, мәннің жаңаша танылуына әсер етеді. Мәтіндегі тілдік бірліктердің бір-біріне қатысын ерекше бағалаймыз, өйткені сөз мағынасының құбылуы, түрленуі, контекстік мәнінің өзгерісі, осы үдеріске байланысты. Сөз семантикасының түрлену дәрежесі негізгі мағыналармен бір қатар түзіп, парадигмалық қатынас құрағанда анық аңғарылады. Мәселен, жоғарыда келтірілген «бауыр» - ағза, «бауыр» кісінің бір туған, қандас жақыны мағыналарының дамуын осындай парадигмада анықтап, олардың көпмағыналы сипатын аңғаруға болар еді.
Көркем сөз шеберлері мақсатқа сай сөз қолданғанда, лексика-семантикалық қабаттағы атаулардың ішкі мәніне қарай таңдайды. Мәтінде сөз мағынасы тарылып, тек ойдың жетегіндегі мәнді анықтауға үлесін қосу үшін, нақты мағынада жұмсалады. Контексте сөздің көпмағыналы болуы ойды шашыратып, нақтылықтан ауытқиды. Мәтіндегі сөздің нақты мағынасы семантикалық белгінің өзектілігінен туындайды. Көп мағынаға ие сөз контексте ол қасиетінен арылып, бір ғана семантикалық белгісі арқылы көрініс тауып, негізгі ойды анықтаудың жолында басқа семаларынан «арылып», автор ойын тап басып таңбалау үшін жұмсалады. Мәтін ішінде семалық тарылу оның мағыналық жағынан кейіндеуі емес, керісінше, семантикалық парадигмадағы дамуы. Яғни сөз мағынасы контексте ерекше мағынада ғана көрініп, ойдың жүйесін тиянақтауға ат салысу арқылы, өз бойына жаңа мағына сіңіріп, жеке сөз ретінде жаңалық қосады да, парадигмалық қатарда жаңа семантикалық қырымен ерекшелене байиды, дамиды.
Лебізде жұмсалған атау сөздің мағыналық құрылымында әуелгі негізгі мағынасындағы, яғни заттық-логикалық негізгі мағынасындағы бүтін ұғымның сақталу деңгейіне байланысты лексикалық бірліктердің семантикалық жаңару жағдайын үлкен екі түрге бөліп көрсетуге болады:
1) сөздің семантикалық құрылымында әуелгі заттық-логикалық бөліктің мағынасы өзгеріске түспей, тілдік бірліктің денотаттық мағынасының сақталуы; мұндай жағдайда сөз тұлғалық жағынан түрленіп, семантикалық белгісінің кейбір реңі өзгергенімен, негізгі мағына өзгеріссіз қалады.
2) сөздің семантикалық құрылымында әуелгі заттық-логикалық бөліктің мағынасы өзгеріске түсіп, тілдік бірліктің денотаттық мағынасы өзгереді, сөйтіп сөз мағынасы толықтай өзгеріске түсіп, жаңа мән иеленеді. Біз сөздің мағынасының семантикалық жағынан өзгерісін анықтап, оны семантикалық сөзжасам тәсілі негізінде өзгеріске түскен жаңа атау ретінде бағалаймыз.
Абай шығармаларының тілінде, көбінесе, сөздің ядролық-логикалық бөлігі толық өзгеріске түспей, негізгі мағынасын сақтап, ойдың астармен емес, нақты да тұжырымды жетуіне негіз қалайды. Ақын өлеңдері нақтылықты, толықтықты, бүтіндікті көздейді де, сөз негізінен өзінің тура және нақты мағынасы арқылы ойды таңбалап, жүйелі ойдың желісін нақты көрсетіп, оқушымен арадағы көзге көрінбейтін түсінік-көпірді анықтай түседі. Мұнда бұлыңғырлықтан, көмескіліктен, «ар жағын өзің ойлап тап» деуден гөрі, ойдың нақтылығы, анықтығы, халықтық тәжірибеден өткен, танымал ұғымдар арқылы ақиқаттың ақиығын таныту көбірек мәнді деп танылатындай. Ұғымдық концептер де, оларды дәлелдеу үшін келтірілетін тәжірибеден алынған нақты деректер мен нақты есімдер де кісіні тура жолдан таймай, адастырмай, оңға бағыттауға, игі істерге жұмылдыруға, рухани тазалыққа үндеуге арналады. Сондықтан да қолданылған сөздердің семантикалық құрылымдарында әуелгі заттық-логикалық бөліктің мағынасы өзгеріске көп түспей, тілдік бірліктің денотаттық мағынасы сақталады.
Жалпы алғанда, сөздердің семантикалық даму бағытында әуелгі заттық-логикалық бөліктің мағынасының бірқалыпты сақталуы, тіпті семантикалық ядрода семантикалық бөліктің үнемі сақталуы түркі тілдерінің негізгі заңдылықтарының бірі ретінде қарастырылуы қажет. Бұл тіл тарихында зерделеген, анықталған заңдылық. Ежелгі бір буынды тілдік бірліктер мағынасының біздің тілімізде толығымен сақталуы, олардың мағыналық дамуында да ядролық мағынаның өзіндік ішкі болмысын сақтауы тіліміздің ішкі қасиеті. Ядролық мағына жаңа туынды екіншілік мағынада шеткей өрісте аңғарылуы, сөйтіп ерекше денотатты белгілеуде бұрын аса байқала қоймаған жаңа семалар негізгі болуы мүмкін, алайда ол өзінің әуелгі, бастапқы семасынан мүлдем ажырап кетпейді. Бұл энергияның сақталу заңы сынды, түркі тілдеріндегі феномендік құбылыс, Энергияның сақталу заңы (мүмкін заңдылық!) бойынша табиғаттағы энергия жоғалмайды және жоқтан пайда болмайды, ол тек бір түрден екінші түрге айналады. Энергияның сақталу және айналу заңын ХІХ ғасырдың 40-жылдары Дж. Джоуль және неміс ғалымдары Р. Майер, Г. Гельмгольц бір-біріне байланыссыз ашқан екен (Википедиядан). Қазақ (түркі) тіліндегі сөздерінің мағыналық дамуына назар аударсақ, тура осындай энергияның сақталу заңдылығына ұқсас семантикалық заңдылықты аңғарамыз. Сөз мағынасы соншалықты дамып, жаңа зат немесе құбылыстың атауына айналғанымен, ол өзінің әуелгі ядролық семасынан еш ажырамайды. Сөздің семантикалық дамуында болатын әртүрлі мағыналық өзгерістер мен өзгешеліктер адам танымының, қоғамдағы сан алуан өзгерістердің дамуы, ғылыми-техникалық үдерістердегі жаңалықтарға сәйкес орындалғанымен, жасалған және пайдаланылған жаңа атаулар бұрынғы ядролық мағына негізінде дамып жетіледі де, семантикалық байланысын үзбейді, тек бір түрден екінші түрге алмасқан энергия сынды өзіндік ерекше семалық белгілерге ие болады.
Мәтін ішінде қалыптасқан жаңа семантикалық белгілердің сипаты әртүрлі болуы мүмкін және оларды жүйелеуге де толық негіз бар:
1) Семантикалық белгілердің лексеманың ішкі мағыналық бөлшегі арқылы бөлініп, уәжделіп бөлінуі; яғни лексеманың мағыналық құрылымының шеткей өрісінде жатқан мағына өзексемаға айналып, белсенді мән иеленіп, мәтінде жаңаша өң алады. Мәселен,