Қарашы, өз бойыңа түгел ме екен, Ыстық жүрек, өң-шырай, қуат пен күш?- деп жеке адамның өзін-өзі бағалауын нақты жеткізген. Бұдан артық енді не тілейміз, не сұраймыз. Айтылар сөздің бәрін айтқан бабам!
Өлең соңындағы иерархиялық мән бұйрық райда тұрған «СЕН», яғни «МЕН», бұл мән «ӨЗ» тұлғасымен берілген. «ӨЗ» - тек адамның өзі. Кісі баласы тек өзіне-өзі ғана жауап берер. Өзгелер мен жөнінде не айтар екен деп, «көптің аузын күзетсең» күн көре алмайсың. Тіршіліктегі жасаған жақсылық та, жамандық та кісінің өзіне қайтатыны, өзіне байланысты екені, өзі жауап беретіні де халықтық дүниетаным қалыптастырған, тарихи тәжірибеден туындаған тағылым. Абай данышпан осыны соқырға таяқ ұстатқандай етіп жеткізеді. Тек оқу керек, ұғу керек.
Көптің аузын күзетсең, күн көрмейсің, Өзіңді өзің күзет, кел, шырағым! Өлеңдердегі тілдік бірліктердің семантикалық дамуы мен ішкі өзгерісіне ғылыми талдау жасау арқылы, ақынның қазақ сөзінің ішкі мағыналық және мәндік ырғақты әуеніне өзіндік қосқан үлесін саралап, сөзді айқын да нақты қолданудың, айтылар сөздің уәжділігі мен негізділігін танытудың үлгісін көреміз. Қазақтың қара сөзін «өлең - сөздің патшасына» айналдырған данышпан Абайдың бүтін бітімі көз алдымызға келеді, қазақ сөз қазынасының, сөздік қорының мүмкіндіктерінің молдығына, оның әлі де толық ашылмаған әлеуетінің көптігіне куә боламыз. Өз шығармашылығында қазақ сөзінің тереңдігіне бойлай, күнделікті қолданыста жүрген сөздерден, күнделікті қолданыстағы тіркестерден ерекше мән тауып, жаңа мағына сыйғызып, ұғымын кеңейте отырып, ұлттық мәдениетіміздің іргесін кеңейткеніне тәнті боламыз. Қарапайым сөздің төркініне төр беріп, тереңнен толғап, лебіздің көркін келтіріп, жаңа ұғымды таңбалайтын мән беріп, сөз мағынасын қайта жаңғыртқан.
Поэзия мәтінін зерделеудің ерекшелігі мол. Табиғи қолданыстағы тіл көркем мәтін үшін тек құрылыс материалы. Ахмет Байтұрсынұлының сөзіне қонақ берелік: «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанша, қиялдың меңзеуін меңзегенше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау» [А.Б. Шығармалары. 1989, 141-б.]. Тіл өз міндетін әркім үшін де атқарады. «Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табыса, тіл шама қадарынша жарайды. Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын» [сонда]. Тағы да Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөздің өзін танытатын белгі – тіл яки лұғат белгісі болады. Ол белгі әркімнің өз ыңғайымен, өз оңтайымен сөз тізу әдеттенуінен, салттануынан болады. Әркімнің өз салты болғанымен, ол салттар жалпы сөз тізу салттарынан, шарттарынан аса алмайды. Сөз шығарушылар әуелі сөз ұнасымына керек жалпы шарттарды орнына келтіріп, өзінің өзгеше әдісі болса, соның үстіне ғана қосады. Сондықтан сөз шығарушылар бәрінен бұрын лебіз заңынан шыққан сөздің асыл болуының жалпы шарттарын білуі қажет [А.Б. Шығармалары. 1989,142-б.]. Ахмет Байтұрсынұлы айтып көрсетіп отырған «лұғат белгісі» – cөздің семантикалық құрылымындағы сөздікке енетін негізгі мағыналары болуға керек. Әркім өз білігімен жалпы сөздерді тізе бермейтіні, тілде, лебізде қалыптасқан заңдылықтарға бағынатыны сөзсіз. Ал ақын-жазушылардың сөз қолданысында сол айтылған сөз ұнасымына өз көркемделген кестемен небір ғажайып суреттер салынады. Бұл сурет сөзбен кестеленген өрнек болып өріліп, оқырман тамсана оқу үшін, тағылым алу үшін қызмет етеді.
Сөзі әдемі кестеленген құр суреттен емес, бағалы байламнан, пайымды парасаттан, талайларға сабақ болар тағылымнан тұратын Абай сынды данышпанның өлеңдерінде тек тілдік тұлғаның білімі мен парасаты ғана емес, ұлттық болмыста қалыптасқан дәстүр де, білік те, ұлтымыздың ділі де көрінеді. Ақын туғызған өлең жолдары тыңдаушы не оқушы санасында сан түрлі ассоциациялар туғызып, өз өмір тәжірибесімен астарласып, толғандыра толқытып, тура жолға бағыттайтыны рас.
Лебізді (тілді) тіл білімі бойынша зерттеу, тек синтаксис, семантика, прагматика салалары үшін ғана маңызды емес, сондай-ақ, ұлттық дүниетаным мен ұлттық болмыстың Абай шығармашылығы арқылы даму жолын көрсету үшін, лингвотанымдық мәні мен маңызын саралап, мәтіндік өзекмәнді бағамдау үшін де лингвофилософиялық негізде зерделеу маңызды. Көкірегі ояу көзі ашық оқырман Патша Сөзді тереңірек түсінуіне де бұлайша зерделеудің мәні ерекше, өйткені тілдік тұлға жасаған мінез, жағдаят, әрекет, тілек, насихат т.б. мәнінде бүкіл халық дәстүрі мен дүниетанымында қалыптасып, ұрпаққа рухани-тарихи мұра болып қалған, сөз әлемінде сақталған көненің көзі жаңа заманауи мәнге ие болып, жаңарып, жаңа мәнерде, ерекше пішінде адамзаттық үлгіде қайта ұсынылады. Патша Сөзде қазақ мінезі мен қазақ болмысы ғана емес, ертеңін ойлаған ер үшін, болашағын болжау үшін қажет әрекеттер мен жағдаяттар ұсынылады. Атаның баласы емес, адамның баласы болудың жол-жобасы көрсетіліп, тарихи-мәдени өзек ұғымдар нақты айқындалып, өмір-тіршіліктің негізгі концептері әлеуметтік аяда көрсетіледі.
Англо-американдық ғалымдардың прагматикаға қатысты ғылыми еңбектерінде тек дискурсты ғана негізге алып, күнделікті ауызекі сөйлеудегі лебіздік деректер талданады да, көркем әдебиет мәтіндері, әдетте, зерттеу нысаны ретінде қарастырылмайды. Көркем әдебиет деректері тым күрделі семантикалық құрылымда және әр алуан күрделі мағыналық аяда қолданатындығымен ерекшеленетіндіктен, дискурста әдетте тек ауызекі лебіз материалдары қарастырылады. Көркем шығарма тілінің мәтіндік аяда терең және жан-жақты зерттелуі орыс тіл білімінде екені де рас [Караулов Ю.Н. Русский язык и языковая личность. М.: Наука, 1987., Чаковская М.С. Текст как сообщение и воздействие. М.: Высшая школа, 1986., Молчанова Г.Г. Семантика художественного текста. М.: Фан, 1988. т.б.]. Бұл тұрғыдан, орыс тіл білімі ғылымының жетістіктерін атап өте отырып, теориялық тұғырда өзіміздің қазақ тіл ғылымында қалыптасқан білім жүйесінің де ерекшелігін көрсету керек деп есептейміз.
Данышпан Абайдың «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» деп басталатын өлеңін кішкентайымыздан жаттап өстік. Осы жол ақын кітаптарында өлеңнің тақырыбы ретінде беріліп жүр. Біздіңше, бұл жол өлеңнің тақырыбы емес-ау. Тек осы жолдардан басталған соң, осылайша аталып кеткен болуға керек, өйткені тақырып жүгін осы жолдар көтере алмас еді. Өлеңдегі негізгі ой мазмұны мен мәніне зер салып көріңізші: