Үзік сөз сөз алладан шықҚан бу (Шаһкәрім)



бет28/69
Дата01.11.2023
өлшемі1,55 Mb.
#121245
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   69
Байланысты:
Абай поэтика

Ел қағынды,
Мал сабылды,
Ұрлық, өтірік гуде-гу.
Байы - баспақ,
Биі саспақ,
Әулекі аспақ сыпыра қу.
Синкретті сөз мағынасы аксиологиялық ағымда қолданылып, мәтінде нақты бағалаудың градуальдық парадигмасы жасалады. Лексемалардың қолданысы шапшаңдықты, ішкі жинақылықты қажет етіп тұрады. Бір ой екінші ойдың астарымен өрбіп, әрекеттің қызу өтіп жатқанынан хабар беретіндей. Сөз мәтіндегі қолданысында ерекше семаға ие болып, кейде өзінің бағалау белгісін өзгерте жұмсалады.
Адам аулап,
Сыпыра саулап,
Байды жаулап жетісер.
Адам аулау, сыпыра саулау тіркестерінің мағыналары ерекше зерделеуді қажет етеді. Жағымсыз мінез бен жағымсыз әрекетті бағалаудың градуальды шегі. Жеке сөздердің мағынасы мен мәтіндегі мән ерекше. Лексикалық бірліктердің мағыналары метафоралық мәнге ауысып, контекстік мағынаға ие болады да, автор бағалаған дерттің шытырманын таңбалауда өзіндік үлес қосады. Адамның ішкі мінезі мен болмысын қалыптастыруға қатысы осындай жағымсыз әрекеттерді төпеп көрсете отырып, шындық өмірде кездесетін деректер негізінде кісінің көзін жеткізумен де бағалау сәтті шығады. Қулығына құрық бойламайтын, сөздің майын ішкен, асты-үстіңе түсіп, мақтап отырып, алды-артыңды шырмап, бермесіңді алатын осындай жандарды дөп танып, тап басып айтқан ақын:
Су жұғар ма,
Сөз ұғар ма
Сыпыра жылмаң желбуаз?
Айтты - көндім,
Алды - бердім,
Енді өкіндім - өзіме аз, - деп аяқтайды.
Көркем мәтіндегі орталық негізгі әрекет антропоорталық мәселені талдайды, бағалайды, оқушының көзін ашады. Мәтінді оқып болып, оқушы бей-жай қала алмайды, ойланады, бәлкім, тағы да қайта оқиды, қайталай оқиды... Автордың мәтіндегі кейіпкерге берген мінездемесі мен оның шындық өмірде кездесетін жаныңда жүргендермен арасындағы ұқсастықты салмақтап, сабырмен ойланып, ой түю мақұл. Абай жазған жағдайда субъективті бояу бар, оны автордың өзі де бірінші жақпен айтып, жазып отыр: етістік тұлғалары бірінші жақпен баяндалған. Ал жалпы өлең мәтінінде шындық өмірдегі әрекет пен эмотивті мән, автор санасында жетілген ой арқылы берілген эмотивті-модальды мән гармониялылықпен біріге тоғысып, мәтін мәнінің негізгі ядросын құрайды.
Шын сын айтылды.
Естілді.
Естідік пе?
Кешегі кісінің мінезі мен бүгінгі кісінің мінезінің арасында айырма жоқ. Қалып - ортақ, мән – бір, мінез – ұқсас, ал айырма тек кісінің сыртқы тұлғасында. Кешегі мен бүгінгі мінездің, адами болмыстың үндестігін танимыз. Өзгерген адамның ішкі жан дүниесі, рухани болмысы бар ма? Әлде өзгерген «сыртқы» форма ма? Ішкі өзекмән өзгерген бе?
Осы орайда М.М. Бахтин былай деп жазады: "Автор - носитель напряженно-активного единства завершенного целого, целого героя и целого произведения... Сознание героя, его чувства и желания - предметная эмоционально-волевая установка - со всех сторон, как кольцом, охвачены завершающим сознанием автора о нем и его мире" [Бахтин, 1979, с. 14-15;]. Айтпағымыз, данышпан Абай қаламынан шыққан бұл өлең жазылайын деп жазылмаған, осылай жазғысы келгеннен емес, жазбауға болмайтын әрекеттерді көргенде шыққан туынды болар.
Тегінде Абай өлеңдерінің негізгі ерекшелігі: мәтіннің негізгі мазмұнында кейіпкер есімі аталып, нақтыланбағанымен (нақтыланатын тұстары да жоқ емес қой) әмбебап «ол» үнемі өлеңде жүреді. Біз оны танимыз, білеміз, көреміз, араласамыз, жақсы көреміз, жек көреміз т.б. Классикалық өлеңнің құдіреті де осында болар. Кез келген көркем туындысын оқып шыққанда, «бұл Абай заманында болған ғой, қазіргі заманда мұндай мінезді кісі жоқ» дей алмайсыз. Демек, Абай бағалауы – әмбебап, сонысымен құнды, бағалы. Бұл – классикалық өнер туындысы, суреткер қолымен өндіріліп (өн-өнер-өндір-өнім) жасалған өнер үлгісі. Авторлық интенцияның мәтін мазмұнында анық көрінуі Абай өлеңдеріндегі тағы бір басты ерекшелікті танытады. Өлең мазмұны, түптеп келгенде, автордың кейіпкер келбетіне, мінезіне көзқарасы болғандықтан, интенциялық мәнді зерттеу көркем шығармадағы автор бейнесін тануға көмектеседі.
Сөз семантикасы көп деңгейлі, терең мәнді. Мәтіндегі сөз мағынасының түсінігі әр қилы болуы да ықтимал. Абай өлеңіндегі сөздердің қолданысына назар аударалық. Әр сөзде күрделі мән:
Бойы бұлғаң,
Сөзі жылмаң
Кімді көрсем, мен сонан.
Бетті бастым,
Қатты састым,
Тұра қаштым жалма-жан
Бір ғана шумақты бірнеше рет жазып, қайта қарастырып отыр деп сынай көрмеңіз. Осы шумақтың мәнін түсініп алайықшы: бір шумақта он бес сөз берілген, әрі барлығы да толық мағыналы атау сөздер. Бір де бір шылау, көмекші сөз кездеспейді. Ақын атау сөздердің нақты атауыштық мағыналарын ұтымды пайдаланып, ойдың нақты көрінісін таңбалау үшін, «құрылыс кірпіштеріндей» етіп құрайды. Тиянақты ойдың таңбалануында да тиянақты мағыналы атауыш сөздерді қолдану арқылы автор өз ойының толық та, анық жетуіне «барын» салғандай. Бірінші, екінші жолдың предикаты еліктеуіш сөздің бейнелеуіш түрімен берілген, бейнелеуіш нысанды нақты бейнелеп, көз алдымызға әкеледі: бойы – бұлғаң (бұлғақтаған), сөзі жылмаң (жылмаңдаған). Үшінші жолда сілтеу есімдігі – сонан («сол», «содан» есімдігі) қолданылып, нысанды нақты таңбалайды, ол – сол (бұл, мынау емес); бетті бастым, қатты састым – предикаттар бірінші жақпен беріледі, ал «бет» – зат есімге тәуелдік жалғауының бірінші жағы жалғанбайды, яғни жалпылық мәнде жұмсалған. Егер «бетімді бастым» деп тәуелдік жалғауды жалғай қолданса, контекстік мән өзгерер еді, онда «бет» жеке субъектіге қатысты сияқты болар еді. Ғажайып қолданыс! Классик ақын әр сөзге ғана емес, әр грамматикалық форманың қолданысында беретін мағынасы мен оқушы түсінуге тиіс ішкі мәнге терең мән берген. Негізгі ой желісін белгілейтін атауыш сөздің құдіретін, мазмұн тиянақтылығын жеткізудегі маңызын ақын терең түсінеді, байыппен салмақтап, қажетіне қарай қолданғанда, сөз мәйегі үйіріліп, мақсатқа сай іріктеле жұптасып, өзекмәндегі өзек ойды жетелей, жаңаша өрнек құрайды.
Қазақ сөзінің бағасын көтеріп, есейтіп, СӨЗТАНУ ілімінің де іргесін бекітіп, тез жетілуіне үлесін қосқан Абай шығармалары арқылы адам болмысының ішкі және сыртқы бейнесі танылады.
Қазақтың бағалы сөздері - адамгершілік, мейірім, кеңдік, кісілік, адалдық Абай өлеңдерінде оппозициялық қайшылық арқылы танылып, жақсы мен жаманды оқушының өзі айырып, бағалау үшін, ойлану үшін арналған деп бағалауға болады. Абайдың «қашқаны» - қулық, арамдық, алдау, арбау, залымдық. Заман өзгергенмен, адами рухани әлем қалыптастырған бағалы, қасиетті ұғымдарды таңбалайтын киелі сөздердің мәні мен олардың қабылдануы өзгермек емес. Жақсылық пен жамандық, адамдық пен надандық қатар жүреді, формасын әрқилы өзгертеді, алайда қатар өмір сүреді. Өмір солай...
PS.

Университет студенттерімен жүргізілген сауалнаманың нәтижелері көрсеткендей, қазіргі жас ұрпақ үшін басты бағалы құндылық – прагматизм. Дәстүрлі негіз сақталып, иерархиялық сатылық сипаты өзгерген. Мәселен, демократия, өзін-өзі тану, өзін бағалау сияқты құндылықтар алдыңғы орынға көтерілген. Мұның да ішкі заңдылығы, заманауи мәні мен ерекшелігі бар.








Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет