Ғылым таппай мақтанба, Орын таппай баптанба, Құмарланып шаттанба, Ойнап босқа күлуге. Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз ...
Бірнеше буын ұрпақтың аузында ұрандай жатталып, ғылым табуға жетелеген, өмірден орнын табуға талаптандырған, кішкене кезімізден байыбына барып түсінбесек те, жалпы сыртқы перифериялық мәнін ұққанымызға риза болып жаттап, жадымызға тоқып, түсінуге талаптанып бағып, мектепте оқыған қазақ баласының аузында құрандай хатталған өлең бұл. Өлеңнің эмоциялық қабылдануы, эмоционалды жағдайы, бағалануы, идеялық-адамгершілік позициясы – тағы да кез келген мекеншақтағы оқырманға жақын, өзіне тартып баурап алады. «Адам болам десеңіз» деу арқылы-ақ, данышпан Абай көп жағдайдың басын ашып, мәселені кеңінен және дөп қояды. Мәселе жеке кісінің басына, ұлтына, тегіне қатысты айтылмайды, Адам болудың шарты терістеу арқылы талданып, дәлелденіп, жол нұсқалады. Бірақ, байқаңыз, бұл - құрғақ дидактика емес, нақты өмірден алынған, дерекке құрылған, тіршіліктегі адамның рухани болмысы.
Ғылым таппай мақтанба, Орын таппай баптанба, Құмарланып шаттанба, -
Мәтіннің ішкі мәні анық, мазмұн тиянақты, мұнда қылт-сылт, жарқ-жұрқ жоқ, әрекетті нақты белгілеу бар. Әр сөз өзінің негізгі мағынасын сақтап, байсалды қалпын сақтап, берік тұр. Байқайсыз ба, әр сөз өзінің орнында, өзінің негізгі мағынасында, күзеттегі солдаттай, кірпік қақпайды, сонысымен оқырманды селт еткізеді. Күзеттегі солдат өзі еш қимылдамаса да, жанынан өтіп бара жатқан жүргінші, бір қарамай, аялдамай, өз тоқтатып қарамай өтпейді ғой. Кісінің психологиясы солай. Өзгеге ұқсамай тұрған нәрсеге қарап, қызығып, бағалауға ұмтылады. Мұнда да тап солай! Өлеңді оқыған кісі, ойланбай, мәніне назар аудармай кетуі мүмкін емес. Алдыңғы осы бөлік ерекше мәнді, автор оқырманның зейінін аудару үшін, мәселені нақты да айқын қояды. Келесі шумақтар осы бастапқы ойдың логикалық жалғасы болып еселене түседі. Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол... Ал керек болса, Адам болғыңыз келе ме, онда бес нәрсеге жақын бол да, бесеуінен қашық бол. Бұл не? Адам болудың талабы ма! Қалай десеңіз де тықыршып ары қарай оқисыз. Қай жаста болса да, қай кезде де кез келген пенденің ішкі даусы жақсылыққа, игілікке, адамгершілікке – Адам болуға ұмтылады емес пе? Ойланып көрсек, кім өзіне немесе өзінің баласына жаман болса екен деп тілейді. Жоқ. Ең жаман адам дегеннің өзі ішкі ойында, жан жүрегінде тек жақсылық, тек мейірім, тек түсіністік, ізгілік іздейді. Өзіне, баласына мейірімі түсіп, жан жүрегі езіледі.
Мәтіннің келесі бөлігінде автордың жеке стилі, үні айқын танылады, осы арқылы өлеңнің идеялық-танымдық-эстетикалық концепциясы көрініс табады. Бес нәрседен қашық болу, бес нәрседен асық болу концепциясындағы терістеу жеке атаулардың мағынасы арқылы беріледі. Қашық – асық сөздері жекелей алғанда бір-біріне қарама-қарсылық мән туғызатын тұлғалар емес. Ал Абай қолданысында терістеу мәнін танытады. Авторға бұл тұлғаларды қолдану не үшін керек болды деп ойланасыз ба? Екі сөздің айтылуы, естілуі жақын. Жақын бол демей, асық бол деудің ішкі мәні тереңде сияқты болып көрінеді. Қашық-асық сөздерінің айтылуындағы аздаған үндестік қана емес, шындап келгенде, асық болар бес нәрсе мен қашық болар бес нәрсенің ауылдары алыс емес қой. Бір-бірін терістейтін екі оппозицияда тұратын ұғымдар тірліктегі қарым-қатынаста соншалықты жақын, араласып жатыр. Мәселенің ұшы тек таңдауда ғана! Таңдау – мақсатты түрде орындалатын қажеттілік.
Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ – Бес дұшпаның, білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым, ойлап қой – Бес асыл іс, көнсеңіз. Бұл жолдарды оқып шыққан кезде, оқырман сәл мүдіріп, ойланып қалады, тоқтайды, қайта оқып шығады. Мүмкін түсінбейді. Аздан соң ары қарай оқуды жалғастырады. Мектептегі әр бөліктегі сыныптардан жақсы оқитын балаларды жинап алып, өлеңді оқытқанда, кіші жастағы балалар тоқтап, мүдіріп, түсінбеген сөздерін анықтауға ұмтылып сұрап жатады. Ал бұрыннан таныс болған жасы үлкендеу балалар бұл жерде де ойланбастан, оқып, асығып, соңына жеткенше дем алмауы мүмкін. Яғни, оқырман санасындағы алғашқы ақпарат қашан да маңызды. Мұғалім алғаш осы өлеңді балаға үйреткенде есіне нені салып, қай сөзге басты назар аудартса, сол есінде қалады, мектеп мұғалімі немесе ата-ана алғаш қай сөзге мән беріп, көңіліне қандай ақпаратты салса, сол маңызды да мәнді. Баланың болашақ таңдауының бастапқы алғышарты болуы да бек мүмкін.
Қалай болғанда да, өлең оқырманға әсер етті, сұрады, ойланды, бағалады, мақұлдады, қабылдады. Оның деңгейі әртүрлі болуы ықтимал. Бастысы әсер бар, ойлану бар. Сірә, Абай өлеңдерін жоғары сыныптарда қайта оқытуды қолға алар кез келген сыңайлы. Сөзге мән беріп, ақыл тоқтатқан жастарға Абай өлеңдерінің берері көп болар еді...
Өлең мәтінін дауыстап оқу барысында оқырман сезімі, ойы, көңіл-күйі, жағдайы, сенімділігі, бір сөзбен айтқанда, - күрделі эмоциялық-психологиялық ішкі әлемі бірте-бірте ашылады. Өлең бір қарағанда оңай қабылдана салатын болып көрінгенімен, қабылдау, сезіну өте күрделі. Бала өз деңгейінде, ересек өз деңгейінде ойлануы керек. Оның үстіне мынадай сыртқы факторларды да ескеру мақұл:
• оқырманның (тыңдаушының) зияткерлік-біліктілігі;
• әлеуметтік жағдайы;
• эмоциялық-психологиялық өрімі;
• оқу немесе тыңдау сәтіндегі жағдайы, зейін қоюы.
Оқырманның көңілінің сенуі, Абай айтқан бес нәрсені таңдауы, ұмтылуы немесе оған қарсы болуы, күлуі т.б. мәтін оқылған сәттегі көңіл күйге, ортаның психологиялық жағдайына, тыңдаушыларды ұйыта алатын, түсіндіре алатын тұлғаның әрекетіне, білім-білігіне тікелей байланысты деп пайымдаймыз. Өлең диалогқа құрылмаса да, айтушы да бар, тыңдаушы да қатысады. Тыңдаушы белсенді емес, әрине, бірақ ол бар, қатысып отырады, өлең екінші жақпен айтылып, бұйрық мәні арқылы қабылдау әрекетін жеңілдете түседі.