Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге. Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге. Өлең жолдарындағы ой мазмұны сабақтас құрмалас сөйлемге сыйғызылып, баяндауыш барыс септігімен аяқталып отырады. Барыс септігімен буын аяқтау өлеңнің соңына дейін сақталып, өзіндік ішкі жүйе мен өлеңнің басты композициялық бірлігін құрайды. Абай стиліне тән басты ерекшелік деп өлеңдегі сөздердің қолданысындағы нақтылықты, айқындылықты айтар едік. Мұнда, негізінен, сөздер негізгі және өзек мағыналарын сақтай жұмсалып, авторлық интенцияны барынша айқын жеткізуге қызмет етеді. Мәтіндегі мәннің айқын болып, халыққа жеңіл жетуі – басты мақсат болған деп пайымдаймыз. Ел өмірінің шындығы – ащы, ащы шындық кімге ұнайды, кімге ұнамайды. Бастысы, шындыққа қатысты ой ашық айтылды, әсер етті, ой салды. Әсер етті, ой салды, эмоция туды...
Айта кету керек, тегінде, кейбір әдебиет зерттеушілері еңбектерінде кездесетін «Абай өз заманының ғұламасы», «Абай өз заманының шындығын жазды», «Абай өз заманының ...» осы «өз заманының... » деген анықтамалармен келісу қиын. Кеңестік кезеңнің қадамды аңдыған қиындығында кеңесте ғана кеңдікке жеткен қазақ қоғамын көрсету маңызды болып, сол уақыттағы ғалымдардың жазғандарын түсінуге толық болады. Өйткені, бастысы Абайдай дананың Сөздерін кеңестік «пешке» салып жіберуден сақтау, оның дана сөздерін халыққа жеткізу – басты мақсат болған еді.
Біздіңше, әркім-ақ, өз заманының жыршысы, жаршысы бола алады. Заманында көргенін, білгенін түйіндеп жазу жай тарихшының да қолынан келмек іс. Ал Абай жазған ақиық ой, ақиқат шындық тек сол замандікі ғана ма? Тек кешегі ХІХ ғасыр ортасы мен ХХ ғасыр басында өмір сүрген біз бен сіздің ата-бабаларымыздың уағында «Ар ойлайтын адам азайып, пайда ойлайтын сабырсыз, арсыз, көрсеқызар, жалмауыз жандар шықты. Сырттансымақ, қусынбақ, өршілденбек бұлардың ажарын ашатын көрікке айналды. Алашқа сыртынан күліп, ішінде жаулық сақтады, жақынын тіріде аңдып, өлсе өкіріп жылайтын әдет тапты. Терін сатпай, телміріп көзін сатып, теп-тегіс аларман болды. Ұрлықпен мал табатын, егессе ауыл шабатын құдай атқандар, бойы бұлғаң, сөзі жылмаңдар, басында ми жоқ, өзінде ой жоқ, күлкішіл кердең надандар қатар түзеді ...» ме? («Абай Адам мен заман туралы», 23 ақпан, 2012 жыл, Абай институты сайтынан). Осыншама «жамандық» тараған ел арасынан Абай мен Шаһкәрім, Мәшһүр Жүсіп пен Дулат, Бөлтірік пен Сүйінбай, солардың ізін баса Әуезовтер мен Жамбыл бабалар қалай шықты екен? Абай өз заманының ғана жыршысы болса, «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген үн-ұранды айтар ма еді? Пайда ойламай, ар ойлау сол заман үшін ғана қажет болды ма? Немесе «ғылым таппай мақтанба» қазір керек емес пе? Бұл тек қазақ қоғамы үшін ғана орындалатын ақиқат па?
Әсте де ОЛАЙ ЕМЕС!
Абай өз заманының ғана емес, заманалардан асып туған, бір елдің емес, адамзаттың Абайы болған ғұлама. Абай айтқан әлгіндегі ғалымдар санамалаған надандық қай елдің баласында жоқ екен? Немесе қай елдің баласы надандықтан арылып, барлығы толық адам деңгейіне жетіпті. Ел болған соң, оның ішінде еркесі де, серкесі де, тоғышары да, ақылдысы да, наданы да болатыны тіршіліктің өз заңдылығы емес пе? Яғни, Абай данышпан тек қазақ қоғамын айтып отыр деу бекершілік. Ия, негізгі дереккөз қазақ ортасы, қазақ болмысы екені анық. Алайда бұл қасиет адам баласына түгел ортақ қасиет десек қателесеміз бе? Адамзаттық мәселені көтерген ұлы Абайдай данышпанды өз көкжиегінен көру, өз деңгейінде бағалау қажет. Ол жүрек бірді емес, миллиондарды сүйіп, «мыңмен жалғыз алысты», «адамзаттың бәрін сүюге» шақырды.
«Распенен таласпа мү'мин болсаң, Ойла, айттым, адамдық, атын жойма!» - дейді ғой Абай.
Адамзатқа сөз арнаған Абайдай данышпан бір рудың немесе бір елдің жоғын жоқтап, өзгелердің бәрін қаралап сөз арнады деу – надандық болар еді. Абай заманында сыналған жандар, қазір жоқ деуге келмес, олар қай заманаларда да болған, бар, бола бермек. Бұл қарама-қарсылықтың бірлігі мен күресі дейтұғын диалектика заңдылығына сыятын, адам баласының пешенесіне жазылған тіршілік-ғұмырдағы тағдыры. Адамдық пен надандықтың тартысы әлмисақтан бері келе жатыр, тартыс жүре бермек. Қызғаныш, бәсекелесу Адам атаның бел баласынан бастап, бүкіл ұрпағына мирас етілді, бұл да даму үшін болатын қажеттілік, бәлкім ...
Коммуникативтік қызмет атқарушы кез келген мәтін сияқты, өзіндік эмотивтік, аппелятивтік, прагматикалық қызмет атқара отырып, терістеу идеясы үнемі алдыңғы сапта қолданылып, жалпы ішкі мазмұн бірлігінің үндестігін, гармониясын құрайды.
Мәселен, атақты «Ғылым таппай, мақтанба» өлеңін алыңыз.