Ақыл сенбей сенбеңіз,
Бір іске кез келсеңіз.
Ақсақал айтты, бай айтты,
Кім болса, мейлі, сол айтты –
Ақылменен жеңсеңіз.
Немесе:
Жақынның сөзі тәтті деп,
Жақыным айтты дей көрме.
Надандықпен кім айтса,
Ондай түпсіз сөзге ерме.
Әркімнің өз пікірі, өз жеке ойы, өз көзқарасы болуы, кез келген жайтты ақылмен шешу – ақын үшін аса маңызды. Автор ішкі ойының мәні сенбеңіз, дей көрме, сөзге ерме тұлғалары арқылы таңбаланып, терістеу мәнін тиянақтайды. Кім болса, сол айтты деп сенбей, ақылға салу, ойлану, түпсіз сөзге ере бермеу, жақыным, досым т.б. айтты деп сенбеу – жағдайды нақтылау үшін қайталай айтылған. Бұл тұлғалардың ішкі семантикасы мен мазмұндық мәні толықтай сәйкес келіп, ойдың анық та ашық айтылуына, тыңдаушыда нақтылай ақпараттық түсінік қалыптасуына ықпал етеді. Өзге таңбалармен, символдармен салыстырғанда СӨЗ-ТАҢБА ықпалының күштілігін, тиянақтылығын, нәтижелілігін, эмоциялық қабылдану сипатының ерекше әсерлілігін еске алсақ, қазақ дүниетанымын жаңаша қалыпта, заманауи сипатта тәрбиелеуде өлеңнің феномендік қасиеті мен мәнділігі асқақтай түседі.
Елдің құлағына тиіп, жүрегіне жету үшін мәтіннің қандай семантикалық-құрылымдық модельде келгені маңызды болмаса керек. Маңыздысы мәтін ішінде айтылған ойдың туралығына, дұрыстығына, әлем болмысы ұсынған шындықпен сәйкестігіне, күнделікті тірлікте ұшырасатын деректермен дәл келіп, соның ақ-қарасың айыруда септігін тиерліктей болатынына көзін жеткізу, көңілін сендіру, ең бастысы, тұлғаның өмірлік позициясын айқындауда басты қағидатқа айналып, мұрат пен мүддені таңдауда жетекші болу, жол көрсету, жақсылық пен жамандықтың, әділдік пен әбілеттің арасын парықтауда жолбасшы болу. Талданып отырған «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде осының бәрі бар, демек мұндай өлеңнің мәнін бағалау да күрделі.
Абайдың Қара сөздері сияқты, өлеңдерінде де ғақлия, үлгі, насихат, жол көрсету қызметі бар, оның мақсатты (перлокутивтік) тиімділігі – сенімділігінде, нақтылығында, тиянақтылығында, сөз орамдарының түйінділігі мен мәтіннің ішкі мәнінің бүтіндігінде. Ең бастысы, логикалық және психологиялық дәлелдермен дәлелдей отырып, ақиқатты айтуы мен шындықты көрсетуі, уәжінің шын өмірден, күнделікті тіршіліктегі көз көріп, құлақ естіп жүрген жағдайлардан алынуы дер едік.
Абай өлеңдерінің тұлғалық сипаты, мәтіннің терең семантикасындағы ішкі мәні, сөздердің мәтін құраудағы қызметі мен мағыналық құрылымы өзінің сонылығымен, қайталанбауымен, шешендігімен ерекшеленеді. Ақын шешендігінің маңызды жағы – субъективтілігі, яғни талғамды ойдың нақты тыңдарманы бар; ол «жаздым үлгі жастарға бермек үшін», «бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар, көңілінің көзі ашық, сергек үшін», «көкірегінде оты бар, құлағын ойлы ер салсын», «онан дағы бір есті, «ішкі сырын аңғарсын» т.б. сияқты қарата айтылған сөздерден анық аңғарылады.
Субъективтілік, ақынның ішкі жан дүниесі, қоғамдағы жағдайды бағалау, даралау – барлығы қазақ тілінің сөз байлығына дарыған мәнмен беріліп, оны тағы да мағынамен байытып, өзі де қазақ патша сөзінің биігіне көтерілді, көтерілді де ұлттық тілдің болмысын анықтаушы басты факторға айналды, ұлттық мақтаныш саналатын ана тілінің құндылығы болып қайта жаңғырды, болашақта да асқақтай бермек.
Көркем мәтіннің негізі де, сөлі де, нәрі де - мән. Мәнсіз мәтін оқылмайды, жылдардың желімен ұшып, жоққа айналады. Мәтін ғұмырын ғасырларға ұзартатын, бар етіп ел жүрегін елжірететін мән мен мағына. Көркем шығармадағы мән заманына қарай туған адамы қалай түсінсе де, түсіндірсе де жаңылдырмайтын, түнгі шамшырақтай жарқыраған темірқазық сынды адастырмайтын, болмысы бөлек, адами құндылықтардың жиынтығын паш ететін уақыт шаңын жұқтырмайтын көркем өнерде ғана болады. «Өнер» сөзі «өн», «өну», «өндіру», «өнім» сөздерімен түбірлес болғандықтан, мағынасы да осы негізден өрбиді, уәжі – «өндіру» ұғымымен жақын. «Өнер» – кісі қолымен жасалатын нәрселерге ғана тән. Демек, ол – өнім, сананың, ақылдың, жүректің дегенімен жасалатын өнім. Оның құралы әр өнер түрінде әр түрлі, мәтін құралы, әрине, - сөз!
Суреткер туғызған көркем дүние заманаларға қызмет етіп, өзінің өзектілігін жоғалтпайтыны, әр кезеңдегі танымдық өзгермелі қабылдауға сәйкес келе алатыны анық. Мүмкін мұның себебі адами болмыстағы негізгі базалық қасиеттер мен олар туралы ұғымдардың өзгермейтіндігімен байланысты болар. Жақсылық пен жамандық, әділдік пен әділетсіздік, ізгілік пен надандық, ақ пен қара арасындағы күрес мәңгілік. Базалық ұғымдар өзгермейді. Сондықтан жақсылық, әділдік, ізгілік, махаббат қай заманда да адамгершіліктің биік те бағалы қасиеті ретінде қастерленіп, бағаланып қана қоймайды, сонымен бірге оның қабылдануы да қаншама уақыт өтсе де өзгермейді, сол бағалы қалпында сақтала бермек. Суреткердің жасаған көркем дүниесінің негізгі құндылығы осы адами болмыстың базалық ұғымдарын саралай, талдай, бағалай алғандығымен ерекшеленсе керек.
Достарыңызбен бөлісу: |