11. Ауызша тарих «тарих ғылымының жаңа саласы» ретінде Қазақ халқының дәстүрлі тарихи жады оның шежірелері мен ауыз әдебиетіндегі ақын жыраулардың толғауларында, киелі аңыздары мен діни дастандарында сақталып бүгінгі күнге жетті. Этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбек: «Қазақтың шежірешілдігін, дәлірек айтсақ, қазақтың тарихшылдығын ұлттық қасиет деуге болады. Бұл, әрине, ерекше жаралғандықтан немесе артта қалғандықтан емес. Қазақ халқының шежірешілдігін, тарихи санасының сергектігімен, ең алдымен, оның ұзақ ғасырлар аясында көшпелі өмір салты болуымен салыстырған жөн» – деп жазады. XX ғасырдың 20-жылдарына дейін көшпелі өмір салтына бағынған қазақ халқы, халықтың тарихи жады міндетін атқарған шежірелер мен аңыздарды, батырлық жырлар мен діни дастандарды көзінің қарашығындай сақтады. Онда өзгелер сезіне бермейтін халықтың рухани әлемі жинақталды. Ол турасында Шоқан Уәлиханов: «Қазақ өзінің көне аңыздары мен сенім нанымдарын қайран қаларлықтай тазалықта сақтай білген. Одан да өткен ғажабы сол, байтақ даланың әр шалғайындағы, әсіресе, өлең-жырлар еш өзгеріссіз, бір қолдан шыққандай қайталанатынын қайтерсіз. Көшпелі, сауатсыз ордадағы ауызша тараған үлгілердің бір-бірінен қылдай ауытқымайтыны адам айтса нанғысыз қасиет, алайда күмән келтіруге болмайтын шындық» десе, ағылшын зерттеушісі Пол Томсон ауызша тарихтың маңызы жөнінде былай дейді: «Ауызша тарих түбегейлі өзгерістердің құралы болмауы мүмкін, алайда бәрі оның қолданылуына байланысты. Соған қарамастан, ауызша тарих тарихтың мәні мен маңызын, сонымен бірге мақсатын да өзгертуі мүмкін» – деп жазады. Қазақ қоғамында кеңестік билік орнағанға дейін ауызша тарих айту дәстүрі білімдік мәнге ие болып, өткен дәуір кезеңдерінен мәлімет беретін топонимикалық, этноәлеуметтік және танымдық (көрнекті тұлғалар мен маңызды оқиғалар туралы) дереккөзі міндетін атқарды. Оның жазба деректерден өзгешелігі сонда – күнделікті өмірдегі болған істі көзімен көрген адамдардың баяндауы.
Ауызша тарих, тарихнамалық және методологиялық тұрғыдан қазіргі қазақ тарихнамасына 1990 жылдардан ене бастады. Алайда ауызша тарих айту оның теориясы мен методологиясы мәселесі біздің елде кенже қалып келеді. Ресей мемлекетінде 1989 жылы Д.П. Урсудың ауызша тарихтың методологиялық мәселелеріне арналған мақаласы жарияланғаннан бергі кезеңде шетел ғалымдарының аудармалары, күнделікті өмірге байланысты теориялық жұмыстар батыс еуропалық, ресейлiк зерттеушiлер еңбектері, конференция материалдары мен ғылыми мақалалар жарияланды.
Ауызша тарих айту – дәуір оқиғалары туралы әркімнің жеке танымын, басынан өткізген оқиға туралы түсінігін береді. Сондықтан оның субъективтілігі ескерілуі тиіс. Ауызша тарихты алуда қолданылатын сұхбаттасу әдісі, яғни «тарихи сұхбат» - жекелеген адамдардың өмірде көрген-білген білімдерінің субъективті жиынтығы, объективтіліктің болмауы ауызша деректің бөлінбейтін бөлшегі, оның өзіне тән ерекшелігі болып табылады. Мынаны айта кеткен орынды кеңестік кезеңде жасалған жазба деректердің өзіне де сын көзімен қараған дұрыс, онда мемлекеттік басқару аппаратында отырған белгілі бір топтың мүддесі ескеріліп жасалған деректер де баршылық. Осы кезеңді қамтитын ауызша деректердің бір артықшылығы адамдардың өз тарихын, күнделікті өмірін, менталитетін баяндай отырып тарих ақтаңдақтарының орынын толықтыруға мүмкіндік беретінінде, яғни «тарих теориясының биігінен ... жерге түсу, оның (тарих теориясының) негізі қарапайым адамдар өміріне оралу».
ХХ ғасырдың 80-жылдарының соңы мен 90-жылдардың басында ауызша тарих айту КСРО-да болған саяси қуғын-сүргін, аштық, еңбекпен түзету лагерлері тарихын зерттеуде қажет бола бастады. Кеңестік жүйе тарихының ақтаңдақ беттерін ашатын деректер жабық болған кезеңде ауызша деректер күйрей бастаған тоталитарлық жүйенің қылмыстарын ашуға, ақиқатты қалпына келтіруге үлес қосты. Аталған кезеңде тарихты білуге, жазуға құлшыныс ерекше болғаны белгілі. Тарихи ақпаратты жинауға кәсіби тарихшылармен қатар басқа да гуманитарлық сала мамандары ерекше белсене кірісті. «Кеңестік тоталитарлық жүйе», «КСРО-дағы еңбекпен түзету лагерлер жүйесі», «саяси қуғынсүргін» мәселесінің өзі жүйелі зерттеу нысаны бола қоймаған бұл кезеңде мәселенің мақсат-міндеттерін нақты қою, зерттеуді неден бастау керек мұның бәрі бұлыңғыр еді. Жоғарыда айқанымыздай зерттеу нысаны, мақсат-міндеттері айқындалмай тұрғанда жиналған ауызша деректер бүгінгі күні нақты бір мәселені зерттеуде толымсыз болып жататыны бар. Сондықтан ауызша дерек жинағанда, зерттеу нысанының мақсат міндеттеріне сәйкес, тақырыпты мүмкіндігінше толық ашатындай деректер алуды ойластыру керек.
Ауызша тарих екі адамның зерттеу нысаны етіп алған мәселе жайлы сұхбаттасып әңгімелесуі. Сұхбат - өзіндік ерекшелігі бар, дербес адамның әңгімесі болып табылады. Оны қағаз бетіне немесе арнайы таспаға түсіру арқылы тарихи оқиғаның немесе күнделікті өмір тарихының ауызша тарихи дерегі жасалады. Сұхбат алушы оқиғаны еске түсіру мақсатында нақты, жүйелі сауалдар қойып, әңгімені өрбіте отырып, ұсақ нәрселерге де мән бергені жөн. Сұхбат берушінің көңіл-күйіне мұқият әрі кейбір жан тебіренісіне түсіністікпен қарай отырып, болған оқиғаның ақиқатын іздеуге, сол кезеңге талдау жасауға да мүмкіндік беретін сауалдар қоюға ұмтылуы тиіс. Сұхбат алушы әңгіме барысында өткен тарихи оқиғаны интерпретациялауға, қарапайым адамдардың әлеуметтік тарихын білуге, ділін ұғынуға, ресми тарихта айтылмайтын мәселелерге көз жеткізуге мүмкіндік туатындай сұхбат берушіден күнделікті өмір (медицина, баспана, киім-кишек, азық-түлікпен қамтамасыз етілу, балалар үйіндегі сәбилер өмірі, бір-біріне жазған хаттары, көңіл-күйлері мен отбасы ахуалы) жайлы да сауалдар бергені дұрыс. Сұхбаттың мазмұнды, құнды дерек көзін ала алатындай болуы сұхбат берушіге де байланысты болады. Мысалы: жауапты мемлекеттік қызметте болғандар, мәдени-рухани салада қызмет жасағандар, ғалымдар саяси мәселелер жайлы сөз қозғап, өте құнды, мазмұнды мәселе айтуы мүмкін. Зерттеуші өзі зерттеп отырған кезеңді басынан өткерген әр түрлі әлеуметтік топтағы респонденттерден дерек алуға ұмтылғаны жөн. Мәселен, өткен ғасырдың 20-30 жылдары қазақ қоғамында орын алған оқиғаларды, осы аласапыран кезеңді көзі көрген, қазақ жерінде еңбек еткен, өмір сүрген немесе түрмеде отырған адамдардың берген деректері арасында отбасылық тарихи жинақ (нарратив), ән жанры, фольклор, «тиым салынған әндер», мақал-мәтелдер т.т. болуы мүмкін. Саяси қуғынсүргінді, ашаршылықты көзі көргендердің айтқандары бір-біріне ұқсас болып келетін кездері жиі болады. Ол қайталаулар осы кезеңнің келбетін ашуға, ашаршылықтың немесе саяси қуғын-сүргіндердің себебі мен билік саясатын айқындауға жол ашады. Мысалы: 1990 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «О чем не говорили» деген деректі әңгімелер мен очерктер жинағындағы жазушы Жайық Бектұровтың Сәкен Сейфуллиннің жары Гүлбахрам Батырбековадан жазып алған естелігі, осы жинақтағы Виктор Диктің «Карлаг» туралы жазғандары, 1993 жылы «Өнер» баспасынан шыққан «Қызылдар қырғыны» (Құрастырғандар: Захардин Қыстаубаев, Балжан Хабдина) деген кітаптағы ашаршылық туралы естеліктер бірін-бірі толықтыра отырып 1920-1930 жылдардағы ел келбетін көз алдымызға әкеледі.
Ауызша тарихты дерек көзі ретінде сақтаудың да өзіндік ерекшелігі бар. Әр аудиокасета нөмірленіп, тақырыбы жазылып, мүмкіндік болса сандық түрге түсіріп алған жөн. Аудиожазбаны қағазға түсіргенде ондағы тыныс белгілер, көңіл-күй ескерілуі тиіс.
Бір мақаланың көлемінде ауызша тарих айтудың кейбір мүмкін болған методологиялық мәселелеріне тоқталдық. Тарихшының міндеті – ұлт тарихына қатысты ауызша деректерді талдап қоюмен шектелмек емес, ұлттың бай тарихына қатысты жазба деректерін халықтың тарихи жадында сақталған деректермен байытып, қазақ тарихының ақтаңдақ беттерін шынайы тарихи тұжырыммен толықтыру, тарих сабақтарынан тағылым алу болып табылады.