Абай поэзиясында да синекдоха көптеп кездеседі.
Соның ішіндегі бір шамасы мыналар:
“Айттым сәлем қалам қас,
Саған құрбан мал мен бас ”, (малдар, бастар).
... “Малыңды жауға, (малдар, жаулар, бастар, даулар).
Басыңды дауға
Қор қылма, қорға, татулас...”.
“ Ендігі жұрттың сөзі - ұрлық , қарлық, (жұрттар, жандар ).
Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық... ”.
(Абай ).
Ескеретін бір мәселе синекдоха мен метонимияның арасына үзілді-кесілді шек қою қиын.
Мысалы : Тиеді ер пайдасы сасқан жерде,
Етегін ер жаңылып басқан жерде.
Осы үзіндідегі “етегін басқан ” деген сөз бір жерде синекдоха болса, екінші жерде метонимия болуы мүмкін. Қалай ажырату керек ?!
Егер бұл сөз ерлердің ісінің қате, теріс болғаны туралы айтса, онда метонимия болады, ал қолданылуы мақсатына қарай киімнің бөлшегін білдірсе, онда синекдоха болады.
Сонымен, бүтіннің орнына бөлшекті, бөлшектің орнына бүтінді қолданған сықылды, көпшенің орнына жекешені, жекешенің орнына көпшені қолдану
с и н е к д о х а деп аталады.
СИМВОЛ ( грекше- sуmbolon-нысана, бейне, белгі ).
Символ - бейнелеу. Айтайын дегенін ашып айтпай астарлап, басқа бір нәрсенің бейнесінде суреттеу. Жазушы жасаған сөз образы тура өз мағынасында емес, бейнелеу мағынасында айтылса, символдық образ немесе символ деп аталады.
Символдың ауыз әдебиетіндегі озық үлгілерінің қатарына Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің мына сөзін жатқызуға болады.
Төле би: Алар ма еді мына көлдің қазын атып,
Қазыбек би: Оғың шығын болмасын жазым атып.
Әйтеке би: Арылмастай пәлеге қап жүрмейік,
Қаз екен деп перінің қызын атып.
Осылайша тілдескен соң өзара ұғынысып, келген елдің елшісін ортадан аман-есен қайтарған екен. Сырттай қарағанда айтылған сөздерде келген елші , оның не мақсатпен келгені, оның әрекеті туралы ештеңе айтылмағанымен астарлай айтылған сөздердің мағынасы оның тағдырына тікелей қатысты екенін бірден ұғуға болады.
Сондай –ақ ертеде қайтыс болған адам туралы хабарлағанда да символ қолданылған. Мысалы : Аққу ұшып көлге кетті,
Сұңқар ұшып шөлге кетті.
Олар адасып кеткен жоқ,
Бәріміз баратұғын жерге кетті,- делінеді.
Мұндағы “аққу, сұңқар” деген сөздерден дүниеден озған адам туралы екенін бірден түсінуге болады.
Абайдың “ Сегіз аяқ ” өлеңіндегі мына шумақты толық мәніндегі символ қатарына жатқызуға болады:
Жартасқа бардым, Естіп үнін,
Күнде айғай салдым. Білсем деп жөнін,
Онан да шықты жаңғырық. Көп іздедім қаңғырып,
Баяғы жартас- бір жартас,
Қаңқ етер, түкті байқамас,- дейді Абай.
Мұндағы “жартас” сөзі “өзі ермеген, ерік бермеген ”, ғылым мен өнерден кенде қалған “ұстарасыз мұрты аузына түскен, қалың елі, қазағы, қайран жұртының” нақты бейнесін береді.
Сондай-ақ Абайдың, “Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап” деген өлеңі түгелдей (символмен) бейнелеумен жазылған:
Қыран бүркіт на алмайды, салса баптап
Жұрт жүр ғой күйкентай мен қарға сақтап,
Қыран шықса , қияға жібереді,
Олар да екі құсын екі жақтап.
“ Қарқылдап қарға қалмас арт жағынан,
Күйкентайы үстінде шықылықтап.
Өзі алмайды, қыранға алғызбайды,
Күні бойы шабады бос салақтап.
Тиіп-қашып, ыза қып ұстатпаса,
Қуанар иелері сонда ыржақтап.
“ Не таптық, мұныменен деген жан жоқ.
Түні бой күпілдер құсын мақтап,
Басқа сая, жанға олжа дәнеме жоқ,
Қайран ел осынымен жүр далақтап...”
Мұнда Абай айтайын деген пікірін ашып айтпай, бүркеп, әр нәрсенің бейнесінде астарлап айтады және осыны аяғына шейін берік сақтайды. Сонымен с и м в о л да ауыстыру мағынасында қолданылады.
Айтылмақ ойдың көркемдігі мен образдылығын арттыруға қызмет атқарады.
Достарыңызбен бөлісу: |