Қорытындыда теориялық және эксперименттік жұмыстың нәтижелеріне негізделген тұжырымдар мен ғылыми тұрғыдан ұсыныстар беріледі.
Негізгі бөлім
Қазіргі кезде білім беру ісінде, жеке тұлғаны жан-жақты жетілдіріп, танымдық іс-әрекеті мен ой-санасын дамытып, қалыптастыру барысында білім берудің ұлттық, педагогикалық, психологиялық негізін айқындау керек. Елімізде болып жатқан әлеуметтік, экономикалық, саяси, мәдени өзгерістерге байланысты оқу-тәрбие процесін ұлттық сипатта ұйымдастыру - өмір талабы. Әр халықтың ұлттық-тарихи дәстүрі, оның азаматтық білім берудегі мәдениеті мен дидактикалық білімі осы оқу-тәрбие процесіне тікелей байланысты. Сондықтан біздің көтеріп отырған мәселесіміз біріншіден – ұлт, екіншіден – тәрбие мәселесі.
«Алтау ала болса, ауыздағы кетедi» - деген екен бабаларымыз. Этностың өз iшiндегi ала-құлалық ұлттың, мемлекеттiлiктiң болашағына қатер туғызбай қоймайды. Алғашқыда ұлттық тұтастықтан, сонсоң мемлекетiнен айрылудың әкелер қасiретiн — бек ұлдардың құл болатынын, пәк қыздардың күң болатынын осыдан 13 ғасыр бұрын Күлтегiн тасына қашап жазған байырғы түркiлердiң даналығынан көруге болады. Кеңестiк жылдары Күлтегiндей дананың айтқаны басымыздан өткенi рас қой. Ендеше Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазақтың сана-сезiмi өткендегi, қазiргi және болашақтағы — тарихтың толқынында өзiнiң ұлттық «МЕН» дегiзерлiк қасиетiн түсiнуге тұңғыш рет ендi ғана мүмкiндiк алып отыр... Бiрақ бұл мүмкiндiк қана: ол шындыққа, тек қазақтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан фактiге айналуы қажет», - деп жазуында өмiрлiк мәнi бар шындық жатыр». Ұлттық «МЕНДІ» қалыптастырудың жолдары мен әдіс-тәсілдері сан алуан екендігі белгілі. Соның ішінде жетекші орынды тәрбие алатынына ешкім күмән тудырмайды. Себебі, тәрбие - халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жеке тұлғаның бойына сіңіру, оның қоршаған ортаға қарым-қатынасын, дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын және соған сәйкес мінез-құлқын қалыптастыру болып табылып, дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да ізгі қасиеттер қалыптасқан адамды тәрбиелеу мақсатын көздейді. Қазіргі мектептерде ұлттық тәрбие беру мәселесі өз шешімін таппаса, білім беру саласында жүргізіліп жатқан реформалар түпкі нәтижеге қол жеткізуі мүмкін емес. Ол үшін ұлттық тәрбие беру барысында басшылыққа алынатын талаптарды анықтап алудың да маңызы зор:
- біріншіден, ұлттық тәрбие беру Ата Заңымызға, «Білім туралы» Заңыңа қайшы келмеуі керек, яғни нәсілдік, ұлттық, діни, жыныстық кемсіту немесе дәріптеуден алыс тұрған абзал;
- екіншіден, ұлттық тәрбие бір ұлттың мұратын ұлықтаумен қоса, басқа ұлттардың тарихын, дәстүрiн, этникалық ерекшеліктерін есепке ала отырып, оларға қуат беретiн факторға айналуын қамтамасыз ету қажет;
- үшiншiден, ұлттық тәрбие үздіксіз болу керек. Елдiң iшiндегi, жер-жаhандағы нақты ахуалға байланысты оның көздегенi өзгерiп, нақтыланып отыратыны айтпаса да түсiнiктi жайт. Мәселен, қазiрдiң өзiнде тарихи отанында отырған қазақтар мен диаспора санатында шетте жүрген қазақтардың ұлттық мұраты бiрдей дей алмаймыз. Бiрiншiлерi үшiн қазақстанның бүгiнi мен ертеңi басты мәселе болса, екiншiлерi жүрген ортасында қазақ болып қалу қамын көбiрек ойлайды. Уақыт өткен сайын ұлт мұратындағы осынау айырмашылық ұлғаймаса, қабыспайтыны ақиқат.
Қазақстан Респубилкасы өз алдына дербес мемлекет ретінде егемендігін алғаннан кейін елімізде ұлттық рухани мұраларымызға бет бұрып, соның негізінде тәрбие беруге көңіл қойыла бастады. Осы тұрғыдан ұлттық тәрбие атауын өздерiнiң докторлық диссертацияларында Қ.Бөлеев пен К.Оразбекова пайдаланып, жеке тұлға ұлттық тәрбиесінің ғылыми-педагогикалық негіздері мен оқушыларға ұлттық тәрбие беруге мұғалімдерді дайындаудың теориясы мен тәжірибесін зерттеді.
Қ.Бөлеевтің айтуынша: «.. ұлттық тәрбие терминiн ендiру педагогика ғылымында өз шешiмiн тапқан жоқ. Ол этнопедагогика ғылымында ендiрiлуi тиiс. Өйткенi этнопедагогика ұлттық тәлiм-тәрбиенi жинақтайтын, оны қорытындылап, жүйелейтiн теориясымен сипатталатын ғылым саласы. Ұлттық тәрбие – жеке тұлғаның ұлттық сана-сезiмi мен мiнез-құлқының, ана тiлiн, ата тарихын, төл мәдениетiн және ұлттық салт-дәстүрiн меңгеруi негiзiнде қалыптасқан этнопедагогиканың саласы..», - деп, анықталады.
Ғалымның ойынша, ұлттық тәлiм-тәрбиенiң мектептегi оқу-тәрбие жұмыстарында жүзеге асырудың тиiмдiлiгi – болашақ мұғалiмдердi, бiлiктi тәрбиешiлердi даярлау және қайта даярлау мен жетiлдiру жұмыстарына арналған арнайы бағдарламалар мен нақты шараларды қолға алу арқылы іске асырылады.
К.Оразбекованың пайымдауынша, ұлттық тәрбие – болашақ қоғамымыздың құрылысшыларын дайындайтын дарынды, парасатты, жоғары мәдениеттi, жан-жақты дамыған жеке тұлғаларды қалыптастырудың негiзi болуы шарт деп санайды. Ол: «..ұлттық тәрбиенiң тәлiмдiк негiздерi Адам атадан бастау алып, бүкiл өмiрi-өлеңге, өлеңi-өмiрге айналған жыраулар арқылы жалғасын тауып, ұрпақтан-ұрпаққа жетiп отырды..»,-деп, ұлттық тәрбиенiң бүгiнгi таңда ұлттыј идеологияны қалыптастыруда шешушi рөл атқаратынын атап өтедi.
К.Ж.Қожахметова ұлттық тәрбиені этникалық тәрбиеге қарағанда кең ұғым деп қарастыра отырып, мынадай анықтама береді: ұлттық тәрбие-жалпыхалықтықты ұлттық сипаттармен біріктіре алатын ұлттың азаматтарын, мүшелерін қалыптастыру: олар тілді, мәдениетті білумен қатар қазіргі заманға сай білімді де игеруі қажет.
Әр халықтың тәлiм-тәрбиелiк мұрасының түпнамасы – оның ұлттық құндылықтармен мыңғасырлық байланыстығының тұтастығында екенi анық. Халық педагогикасындағы ұрпақтың жан-жақты дамып-өсуiне, таным кеңiстiгiнiң ұлғаюына зор ықпал жасап келгенiн педагогика ғылымы жоққа шығармайды.
Қазақ халқы - елін, жерін, оның табиғи, мәдени байлығын, өнері мен тілін, тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын сақтап, қорғап, рухани-адамгершілік тағлымдарын ұрпағына мұра етіп қалдырған. Сондықтан, оқу-тәрбие процесінде қолданылатын бағдарламалар, оқулықтар, дидактикалық материалдардың ұлттық психологиялық ерекшеліктерге сай жасалуын өмірдің өзі талап етеді.
Қазіргі кезде мектептің тұтас педагогикалық процесінде халық педагогикасын пайдалану бойынша мол тәжірибе қалыптасқан. Негізгі мақсат – жас ұрпаққа қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-санасын, ұлттық өнерін, дәстүрлерін меңгерте отырып, оларды оқушылардың бойына дарыту, ұлттық мінез-құлық, қадір-қасиетін қалыптастыру. Өйткені еліміз үшін жас ұрпақтың өнерлі, іскер, жігерлі, намысты өсуі айрықша маңызды болып табылады.
Халықтық педагогика мыңдаған жылдар бұрын пайда болып, қазіргі кезеңнің өзінде педагогика ғылымының басты мәселелерінің бірі болып табылады. Халық педагогикасындағы озық идеялар қай халықтың болсын тіршілік тынысымен, ұлттық тәрбие дәстүрімен тығыз байланысты туып, өсіп-өркендеп, дамып және ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жетіп отырған. Бірде-бір адамзат қоғамы өзінен бұрынғы аға буынның ақыл-ойын, тәрбиелік тәжірибесін пайдаланбай өмір сүрген емес.
Ғасырлар бойы әдет-ғұрып дәстүрге айналып, ұрпаққа ақыл-сана беретін, атадан–балаға тұрмыс-тіршілігіне өнеге болып, ауызша жалғасып келе жатқан қазақтың қанына сіңген тәрбиелік қағидасын халықтық педагогика дейміз. Халықтық педагогика жас ұрпаққа өмір тәжірибесінен халықтың сенім, наным-танымынан жинақтап, әдеп пен өнеге беру үшін атадан-балаға ауызша жалғасып келе жатқан қағида, оны жасаушы – халық. Қазақ халқының тәлімдік мәні зор ой-толғаныстары бесік жыры мен батырлық эпостарда, ертегілер мен мақал-мәтелдерде, аңыздарда, шешендік сөздер мен айтыс термелерде көптеп кездеседі. Мұндағы ұрпақ тәрбиесінің негізгі түйіні – адамгершілік – имандылық, ақыл-ой, еңбек, эстетика, дене, отбасы тәрбиесіне байланысты мәселелерге келіп тіреледі.
Халық мұрасының танымдық мәні – ұлан-ғайыр дүние. Ол тұтастай алғанда жас ұрпақ үшін ғана емес, адам өмірінің барлық кезеңінде мәнді, адамзаттың рухани – эстетикалық қуатының қайнары. Оның ішінде тікелей бала тәрбиесіне байланысты, баланың жан-дүниесінің қалыптасуына негіз болатын дәстүрлер көп-ақ. Халық өз бойындағы ең жақсы қасиеттерін жеткіншек ұрпаққа күнделікті тұрмыста үйретіп, бала бойына сіңіріп отырған. Халықтың тілін, салтын, дәстүрін бойына дарытқан ұрпақ тәрбиелеу үшін халық педагогикасын оқу-тәрбие жұмысына негіз етіп алуға болады. Халық педагогикасын келер ұрпаққа айтар ақылы, ұсынар үлгісі, берер тәлім-тәрбиесі сол елдің күй, би, музыкасы, фольклорлық шығармалар арқылы ежелгі ойын-той думанында салт-саналық дәстүрлерінде насихатталған. Яғни, әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіне тән дәстүрі ұлттық мұра арқылы көрініс береді.
лттық тәрбиеге ықпал жасайтын әлеуметтік факторлар сан қырлы. Оған ұлт тарихы, ұлттық материалдық және рухани мәдениет, халық фольклоры, дәстүрлер мен салт-жоралғылар, ұлттық психологияның элементтері, саясат пен қоғам идеологиясы әсер етеді. Осы тұрғыдан ұлттық тәрбиені қалыптастыратын мәселелердің өрісі жайлы айтылып жүр. Мұның арасынан тек мектеп оқушылары ғана емес, жоғары білімді мұғалімдерді ұлттық тәрбие беруге дайындаудың теориясы мен практикасының қолға алынуы құптарлык нәрсе. Дегенмен, осы кешенді құбылыстардың арасынан ұлттық тәрбие процесінде ұлттық психология үлесінің қомақты екендігі дау тудырмаса керек. Мұның өзі — қазіргі егеменді тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-саяси және экономикалық жағдайында ерекшеленіп отыр. Оған нарықтық қатынастар дәуірінің өмір салтының психологиялык, дәстүрлік өзіндік қасиеттері қосылады. Соған орай көптеген тарихи-дәстүрлік белгілер жаңа рухымызға. ұлттық тәрбиге үйлесімді жүзеге асуы қажет.
Ұлттық тәрбие мен ұлттық психологияның арақатынасында біздің пікірімізше мынадай әдіснамалық талаптар орын алғаны дұрыс сияқты. Ұлттық тәрбие жалпыазаматтық өнегенің құрамдас бөлігі ретінде өрбуі тиіс. Ұлттық тәрбие өз ерекшелігін шешумен қатар ұлттық шектеушілік пен басқа да тар өрісті белгілерден аулақ болғаны жөн. Ұлттық психологияның ұлттық тәрбиеге ықпалынын барысында ескі мен жаңа қасиеттер үйлесімділікті қажет етеді. Ескінің барлығы қазіргі заманға толық сіңісе алмайды.
Тарихи мәдениет, оның өрістері ұлттық рухтың көзі болғандықтан тәрбие процесіне әсері жүйелі әрбір әлеуметтік топтың жас ерекшеліктеріне қарай жүргізілгені дұрыс. Сондықтан бала бақшалардағы, мектептің әрбір сыныптарындағы ұлттық тәрбиенің барысы ерекшеленіп тұруы қажет. Мұндағы ескерілетін жағдай — еліміздің көп ұлттылығында. Әсіресе, мектептердегі қазақ және орыс сыныптарына арналған міндетті оқу құралдарының ұлттық тәрбиеге байланысы мен мазмұны негізгі жатса пайдалы болар еді. Осы мәселенің ара жігін дәл анықтап тәрбиенің құралына айналдыра білу де әдіснамалық міндеттердің бірінен саналады. Басты бағдар — барлық ұлт балаларының елімізге деген ортақ сүйіспеншілік сезімін, мүдделерін қалыптастыру. Тек оқу процесі емес, мәдени-көпшілік шаралары да оқушыларға ұлттык тәрбие беруде түрлі тәсілдердің шебер әрі ұтымды пайдаланылуын іздестіруді талап етеді.
Зерттеу барысында бастауыш сынып оқушыларының ұлттық тұлғасын қалыптастыруда алдымызға мынадай міндеттер қойдық. Олар:
- бастауыш сынып оқушысының ұлттық тұлғасын қалыптастыруға арналған педагогикалық, психологиялық және әдістемелік әдебиеттерге талдау жасау, теориялық білімдерін тәжірибеде пайдалана білу шеберлігін меңгеру;
- бастауыш сынып оқушысының ұлттық тұлғасын қалыптастырудың маңызы мен мәнін анықтау;
- халық педагогикасының мазмұны мен әдістемесі туралы білімдерін жетілдіру;
- бастауыш сынып оқушысының ұлттық тұлғасын қалыптастыруға бағытталған тиімді әдіс-тәсілдер жүйесін айқындап алу;
- бастауыш сынып оқушысының ұлттық тұлғасын қалыптастыруда диагностика жасай білу іскерлігін меңгеру.
Зерттеу барысында бұл міндеттерді жүзеге асыруда жоғарыда айтылған «ұлттық тұлға» туралы анықтамаға сүйеніп, бастауыш сынып оқушысының ұлттық психологиялық ерекшеліктерін басшылыққа ала отырып, олардың тәрбиелілігінің қалыптасу өлшемдері, көрсеткіштері мен деңгейлері белгіленді.
Бастауыш сынып тұлғасының ұлттық психологиялық ерекшелігі ұлттық психикалық құрылымға байланысты. Ұлттық психикалық құрылым үш компоненттен тұрады: ол ұлттық сезім, ұлттық салт-дәстүрлер және ұлттық мінез-құлық. Осы үш бірлестік ұлттық мәдени ерекшеліктің шартты белгілері болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |