Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі: автордың педагогикалық зерттеуінің ғылыми негізімен, зерттеу тақырыбына сәйкес өзара байланыстағы әдіс-тәсілдердің нақты қолданылуымен, эксперимент бағдарламасының педагогикалық мақсатқа сәйкестілігімен, бастапқы және соңғы нәтижелердің қорытылуымен, олардың тиімділігінің жалпы бiлiм беретiн мектептердiң тұтас педагогикалық процесінде тексерілуімен қамтамасыз етіледі.
Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және енгізу эксперимент жүргізу барысында жүзеге асты және халықаралық, аймақтық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалды, басылым көрген мақалаларда көрініс тапты.
Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар: 1. Бастауыш сынып оқушыларына өз этносының мәдениеті, тарихы, тілі және географиялық аймағы туралы алғашқы түсінік беру, ана тілін меңгерту, олардың ұлттық сана-сезімі мен дүниетанымын қалыптастыру, өзін-өзі тану және өзін-өзі жетілдіруге деген талпыныстарын дамытуға ынтасын арттыру халықтық педагогикаға негізделеді.
2. Бастауыш сынып оқушысының даму деңгейіне сәйкес ұлттық тәрбие беруде оқыту мен тәрбие берудің психологиялық және педагогикалық негіздері есепке алынып, оқушылардың санаткерлік және этностық-мәдени сәйкестілігін, толеранттық мінез-құлқын және жан-жақты мәдениеттілігін қалыптастыруға бағытталуы тиіс.
3. Бастауыш сынып оқушыларына ұлттық тәрбие берудің үлгісі негізінде педагогикалық шарттар жүйесі анықталды:
- этнос субъектісін қалыптастыруға бағытталған халықтық педагогика құралдарының мол мүмкіндіктері мен әлеуетін бастауыш сынып оқушыларының ұлттық тәрбиесінде мақсатқа бағыттап пайдалану;
- ұлттық тәрбие беру процесінде әрбір оқушыға жеке тұрғыдан қатынас жасауды жүзеге асыру;
- бастауыш сынып оқушыларына халықтық педагогика құралдары арқылы оқу және оқудан тыс уақытта ұлттық тәрбие беру бағдарламасын іске асыру; айқындалған өлшемдер мен көрсеткіштер негізінде оқушылардың ұлттық тәрбиелілігінің қалыптасу деңгейін жүйелі түрде есепке алып отыру.
Зерттеудің негізгі базасы:Қарағанды қаласының №39, 57, 66, 81, 83, 100 жалпы білім беретін орта мектептері.