Әуезе етіп айтар сөз иесін тапқан ән айдарлы


Салиқалы ойды сабақты пікірмен өрбіткен



Pdf көрінісі
бет5/10
Дата24.03.2017
өлшемі0,81 Mb.
#10300
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Салиқалы ойды сабақты пікірмен өрбіткен 
 
Ел  тәуелсіздігімен  қоса  қоғамдық  ой-сана  үрдісінде  де  түбегейлі 
өзгерістер  болып,  болмысқа  баға  беруде  жаңашылдық  көзқарастар 
үстемдік  ала  бастағаны  мәлім.  Ілгерідегі  сартап  моноидеологияның 
шеңбері сетінеп, ендігі жерде төңіректегі болып жатқан құбылысқа тың 
көзқарас қалыптастыру қажеттігін уакыттың өзі ұсына бастады. 
Соны  байламдар  жасап,  егемендік  идеологиясының  сарқылмас 
қуатына  орай  тиянақты  қорытындылар  мен  дәйектемелер  ұсыну 
қоғамтанушы ғалымдар алдына айырықша міндет жүктеді. 
Осы  ауқымды  міндеттің  ең  бір  салмақты  тұсы  жаңа  қоғамдық 
құрылыспен еншілесе келген қазақстандық саясаттану ғылымының туу, 
өсу, өркендеу үрдісіне тікелей байланысты болғаны даусыз. 
Несін  жасырайық,  еліміз  тәуелсіздік  алғаннан  кейін  күні  бүгінге 
дейінгі он жеті жыл ішінде сан қатпарлы саяси ғылымның құпия сырын 
меңгеріп, саяси технологияның майын езіп ішкен дейтін тұлғалар некен 
саяқ.  Рас,  қайраткерлер  бар.  Бұл  тұрғыдан  келгенде  аузымызды  құр 
шөппен сүрткіміз келмейді. Ал бірақ қайраткерлердің бәрі саясаткерлер 
емес қой. 
Өркениет  саясаткерлеріне,  саясаттанушыларына  қойылар  міндет 
қандай?  Азаматтық  позицияның  нарқы  немен  өлшенеді?  Бағамдау  мен 
бағалаудың,  талдау  мен  таразылаудың  түп  атасы  неден  бастау  алады? 
Саясат  пен  парасат  үндес  болуы  үшін  не  істеу  керек?  Міне,  осынау 
шексіз де шетсіз сауалдарға жауап қайтару оңай шаруа емес, әрине. 
Осы  тұрғыдан  келгенде  Абай  атындағы  Қазақ  ұлттық 
педагогикалық  университетінің  саясаттану  және  әлеуметтану 
кафедрасының  меңгерушісі,  философия  ғылымдарының  докторы, 
профессор, Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ шетелдерде де кең танымал 
саясаттанушы-ғалым  Раушанбек  Әбсаттаровтың  қаламынан  туған 
«
Саясаттану және оның проблемалары» /Алматы, 2007 ж. 464 б./ деген 

 
 
оқу  құралы  жоғарыда  біз  тізбектеген  сауалға  жауап  іздеуді  мұрат 
қылған. 
Бірден  басын  ашып  айту  керек,  оқулык  ғалымның  талай  жылғы 
қажырлы еңбегінің, зерделі зерттеуінің нәтижесі, ғылыми педагогикалық 
тәжірибесінің  жемісі  екені  сөзсіз.  Қазақстан  Республикасының 
«
Мемлекеттік  білім  беру  стандарттарына»  сай  оқырман  қауымға  жол 
тапқан бүл еңбекте саясаттанудың негізгі ұғымдары мен әдістер жүйесі, 
саяси  технологияның  қыры  мен  сыры  байыпталған.  Кітапта  еліміздің 
және  шетел  ғылыми  әлеуетінің  кұнды  материалдары  негізге  алынып, 
Қазақстан  мен  әлемдік  қауымдастықтағы  саяси  үрдістің  өзекті 
мәселелері талданған. 
Өн  бойында  саяси  ғылым  мен  саясаттанудың  ең  қзекті  деген  он 
алты  тақырыбы  бойынша  сарап  тама  жасаған  автордың  өзіндік 
байламын,  нақты  проблемаларды  шешу  жолындағы  білімі  мен  білігін 
оқырман  қауым  бірден  аңғарары  сөзсіз.  Профессор  Раушанбек 
Әбсаттаровтың  «Саясаттану  –  ғылым»,  «Саяси  ғылым  тарихы», 
«Салыстырмалы  саясаттану»,  «Саяси  режимдер»,  «Қоғамның  саяси 
жүйесі»,  т.б.  пәндік  дәріснамалық  зерттеулеріндегі  соны  пікірлерді 
былай  қойғанда,  оның  «Саяси  сана»,  «Саяси  мәдениет»,  «Саяси  элита 
және саяси көшбасшылық», «Саяси технологиялар» тақырыптарындағы 
пайымдаулары  тың  көзқарастарымен  қызықтырады.  Ол  сонымен  бірге 
саясаттанудың  жете  зерттелмеген  проблемалары  мен  дискуссиялық 
мәселелеріне де айтарлықтай көңіл бөлуімен назар аудартады. 
Неге? 
Негесі сол, ғалымның талдамаларындағы ой жосығына өзек болған 
толғаулы мәселелермен біз екі күннің бірінде бетпе-бет келіп жүрміз. Ал 
жиырмасыншы  ғасырдың  тоқсаныншы  жылдарындағы  демократиялық 
жаңғырулардың  сабақтары  күні  кешегідей  әлі  жадымызда.  Ол 
жылдардағы  үрдістерге  «көше  митингішілдігі»,  «аула  аттаншылдығы», 
«айқайшылдық» деп ат қойылып, айдар тағылды. 
Алайда,  қалай  болғанда  да  мұның  бәрі  жылдар  бойы  сірескен 
сартап  идеологияның  сетінеген  тұсындағы  еркіндікті,  бостандықты 
аңсаған  халық  көңіл  ауанының  көрінісі  еді.  Ал  қазір  ше?  Қазіргі  қазақ 
қоғамы ол жылдармен салыстырғанда көш ілгері алға кеткен. 
Қазіргі қазақ қоғамы кімнің кім екенін, ненің не екенін айтқызбай 
біледі.  Өйткені,  ақпараттык  басымдық  әрбір  шаңыраққа  өз  өктемдігін 
жүргізіп отырған шақта екінші, үшінші ауыздан естіген әңгімемен өзгені 
иландыруыңыз  неғайбыл.  Сондықтан  да  міне,  келелі  мәселелер 
төңірегіңде  пікір  алысқанда,  не  болмаса  көгілдір  экраннан  мәлімдеме 
жасаушылар  туралы  ой  тастағанда  «саяси  мәдениеті  жоғары  екен»,  иә 
болмаса  «саяси  санасы  саяз  екен»  деген  пікірлердің  естіліп  қалып 
жататыны тегін емес. 
Автор,  өз  туындысында  міне,  осындай  пікірлердің  астарына 
үңіледі, ой қорытады, тұжырым жасайды. 
Бұл  ретте  оның:  «Саяси  сананың  құрылымы  қоғамдық  қызметтің 
әр түрлі салаларын кеңінен қамтиды және жеке саяси процеске қатынасу 
варианттарын  қалыптастырады.  Осылайша  саяси  сана  құрылымының, 

 
 
менің  көзқарасымша,  келесі  негізгі  компоненттерін  геносеологиялық, 
аксиологиялық және әлеуметтанулық деп бөліп көрсетуге болады» (312-
бет)  деуін  қош  көреміз.  Мұнан  соң  автор  осы  негізгі  үш  компонентті 
бұтарлап талдап, таратып береді. 
Кітапта  саяси  сана  мәселесіне  айырықша  мән  бермеудің,  нақты 
жағдай мен мүмкіндікті ескермеудің, иә болмаса оны асыра бағалаудың 
салдарынан  бүтіндей  қоғам  қаншалықты  зардап  шегетіндігі  нақты 
мысалдармен  дәлелденген.  Айталық,  горбачевтық  «қайта  құру»  кезінде 
реформаның  утопиялық  бағдарламасы  жасалып,  оны  жүзеге  асыру 
арқылы  500  күнде  елді  дағдарыстан  шығару  жөніндегі  демагогиялық 
бастаманың қалай күлкіге айналғаны әсерлі қиюластырылған. 
Қазақстан  –  ішкі  саясатта  кеп  реңкті:  түрлі  институттардың  – 
ағымдар  мен  қозғалыстардың,  саяси  партиялардың  қызметімен 
ерекшеленетін  демократиялық,  ізгілікті  қоғам  орнатуға  ұмтылған  ел. 
Сондықтан да автордың саяси сананың маңызды бір формасы саналатын 
саяси психология мәселесіне айырықша назар аударуы өте құптарлық. 
Р.Әбсаттаров  «Саяси  мәдениет»,  «Саяси  элита  және  саяси 
көшбасшылық»  тақырыптарында  өзі  тілге  тиек  етіп  отырған 
мәселелердің  түп  тамырын  тереңінен  толғап,  олардың  дәл  қазіргі 
Қазақстан  жағдайындағы  тұрқына  талдау  жасайды.  Осы  тұста,  әсіресе, 
«Саяси  элиталардың  қалыптасу,  ауысу  процестері  және  олардың 
функциялары»  деп  аталатын  мәселелер  қарастырылған  кезде  автордың 
ғылыми  саралау  әдістерімен  қоса  оның  азаматтык  позициясы  айқын 
аңғарылып отырады. 
Ол  күні  бүгін  қоғамдық  ортада  болып  жатқан  теріс 
тенденцияларға, құбылыстарға бейжай қарай алмайтындығын білдіреді. 
Қазіргі  Қазақстан  элитасының  қатарында  жүрмін  дегендердің  түсін 
түстейді:  ұятсыздар  мен  мансапқорлардың,  жемқорлар  мен 
жарамсақтардың,  халық  үшін  көк  тиын  шығармайтын  қайырымсыз 
адамдардың пайда болуының түп тамырына үңіледі. Бұл ретте автордың: 
«Саяси элита қызметінің тұрақсыздығы, әлсіздігі және тиімсіздігі көбіне 
көп  оның  кәсібилігінің  жеткіліксіздігінен,  моральдық-этикалық 
көрсеткіштерінің  төмендігінен,  артық  тұйықталудан,  қоғамның  өзге 
бөліктерінен  алыстауға  тырмысуынан,  ұлттық  мемлекеттік  мүдделерді 
түсінбеуден  немесе  жоққа  шығарудан  туындайды.  Ерте  ме,  кеш  пе 
мүндай  элита  өзінің  орнын  әлдеқайда  жоғары  сапаларын  көрсетіп 
жүрген  контр  элитаға  береді» (362-бет)  деген  тұжырыммен  келіспеске 
болмайды. 
Бұл  оқулық,  жоғарыда  айтылған  ой-толғамдарымен  қоса  несімен 
құнды деген сұрақ туғанда мына мәселелерді айырықша атап өту қажет. 
Біріншіден,  бұл  күндері  тәуелсіз  Қазақстанның  саясаткерлері  мен 
саясаттанушыларының  жаңа  толқынын  әзірлеп  шығару  елеулі  міндет 
болып  отырғаны  сөзсіз.  Осы  тұрғыдан  келгенде    еліміздің  саясат 
өнерімен  айналысатын  жастарды  дайындайтын  жоғары  және  арнаулы 
оқу орындары үшін бұл оқулық ауадай қажет деп есептейміз. 
Екіншіден,  көптеген  партиялар  мен  қоғамдық  қозғалыстардың 
жергілікті  буындарының  қызметкерлері  өздерінің  кәсіптік  білімін 

 
 
жетілдіру  мақсатында  осы  оқулықты  үзбей  пайдаланса  артықтық 
етпейді.  Үшіншіден,  қазір  бүкіл  ел  көлемінде  ана  тіліміздің  мәртебесін 
өсіру жолында ұмтылыс жүріп жатқанымен ол бірқатар жерлерде түрлі 
кедергілерге тап болып отырғаны жасырын емес. Осы тұрғыдан келгенде 
профессор  Раушанбек  Әбсаттаровтың  «Саясаттану  және  оның 
проблемалары»  деп  аталатын  оқу  құралының  қазақ  тілінде  жазылып, 
мемлекеттік  тіл  бағдарламасын  орындау  жолындағы  нақты  бір 
құлшыныстың  мысалына  айналып  отырғандығы  қуантады.  Сонымен 
қатар  осы  оқу  құралы  ЖОО-ның  студенттері  мен  магистрлеріне, 
аспиранттар 
мен 
оқытушыларына, 
сондай-ақ 
саясаттанудың 
проблемаларына  қызығушылық  танытатындардың  барлығына  да  саяси 
мөселелерді дұрыс түсінуіне барынша жәрдемін тигізеді деп сенеміз. 
 
 
3.
  
ҚОҒАМ ӨМІРІНІҢ ӨЛШЕМІН АЙҚЫНДАҒАН
 
  
      
Қазақстанның саяси ғылымының көкжиегін кеңіту бағытында тағы 
бір  нақты  қадам  жасалды.  Еліміздің  көрнекті  саясаттанушысы,  Абай 
атындағы  Қазақ  ұлттық  педагогикалық  университетінің  кафедра 
меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Раушанбек 
Әбсаттаров «Саясаттану негіздері» деп аталатын қос томдық туындысын 
оқырман қауымға ұсынды. Есімі кең байтақ республикамыздан тысқары 
жерлерге де кеңінен мәлім ғалымның бұл еңбегі шын мәнінде отандық 
саясаттану  ғылымы  үшін елеулі табыс болды.  
Жарты  ғасырдан  астам  уақыттан  бері    ғылыми-педагогикалық 
жұмыспен  айналысып    келе  жатқан  ұстаздың    «Қарасай»  баспасынан 
шыққан  жаңа  кітабы,  негізінен,  сүбелі  зерттеудің,  жылдар  бойғы  
қажырлы  ізденіс  пен  тиянақты  еңбектің  жемісі  деу  орынды.  Сондай-ақ 
оның  шәкірттер  алдында  оқыған    дәрістерінің,халықаралық  және 
республикалық  конференцияларда  жасаған    баяндамаларының,  саяси 
пікірталас  алаңдарында  сөйлеген  сөздерінің  ,  бұқаралық  ақпарат 
құралдарында  жарияланған    мақалаларының    желісінде  әзірленген 
материалдардың  да  кітап  мазмұнын  арттыра  түскенін    баса  айту  ләзім 
болмақ.Олардың  бәрі  қайта  бір  сүзгіден  өткізіліп,    ғылыми  танымдық 
тұрғыдан қорытылып, бүгінгі оқырман қауымының талғам- таразысына 
сай даярланып жазылған. 
Еліміздегі  саясаттану  ғылымының  қаз  тұрып,  қадам  басуына 
айрықша  үлес  қосып  келе  жатқан  ғалымның  қаламынан      отыз  төрт 
монография, оқу құралдары бес жүзден астам мақала туса, солардың бәрі 
дерлік қазіргі таңда ғылыми айналымда жүрген еңбектер деп атап айтуға 
болады.Сондықтан  да  болар  әріптестері  мен  тұстастары  ,  шәкірттері 
Раушанбек  Боранбайұлын  тәуелсіз  еліміздің  саяси  ғылымдарының 
негізін  салушылардың  бірі,  сонымен  қатар    этносаясаттанудың, 
салыстырмалы  саясаттанудың  іргетасын  қалаушы  деп  әділ  бағалайды. 
Өйткені, оның  қаламынан  туған  ғылыми  еңбектердің  бірсыпырасы  шет 
ел ғалымдарына етене таныс. Республикадан тыс жерлерде жарияланып 

 
 
жатқан    еңбектеріне  ,сүйекті  мақалаларына  ілтипат  білдірген  өзге  ел 
оқымыстыларының  лебіздері  назар  аудартарлық.    Олардың  ішінде 
Қазақстан  саяси  ғылымының  игі  тәжірибесі  мысалында  профессор   
Р.Әбсаттаров    еңбектеріне  сілтеме  жасаған  ғалымдар  қатары  көптеп 
саналады. 
Ал  оның  тікелей  басшылығымен,  өзінің  авторлығымен  жасалған 
еліміздегі  саясаттану пәні бойынша жасалған типтік бағдарламасының 
орны өз алдына бір бөлек.Бұл типтік бағдарлама еліміздегі арнаулы және 
жоғары оқу орындарында тиімді пайдаланылып  жүргені  баршаға аян. 
Баршаға  мәлім  бір  ақиқат  бар:  қоғамдық  ой-санадағы    жаңа 
көзқарастардың  үстемдігінен болар бәлкім, екінің бірі қазір саясатпен,  
саясаттанумен  айналысқысы  келеді.  Ниет,  әрине,  дұрыс.  Ал  бірақ  ол  
үшін  сол  кісінің  өзінің  іштей    дайындығы  ,  білімі  мен  білігі,  бұл 
саладағы    тәжірибесі  керек  қой.  Саясаткерлік,  саясаттанушылық    адам  
бойында  жылдар бойына  қалыптасатын қасиет. 
Қолымыздағы  қос  томдық  туындыда  автор    мәселеге  осы    өлшем 
тұрғысынан  келіп,  көне  замандардан  бастау  алған  ғаламдық  саяси  ой 
тарихнамасын  сүзгіден  өткізеді.  Әр  кезеңнің  өзіндік    сипатына, 
ерекшеліктері  мен  мән-  маңызын    талдайды.    Ғалым    ғаламдық  саяси 
ілім-білімнің  қайнар  көзінің  басында  болып,  өркениеттің  дамуына  зор 
үлес  қосқан  білімпаздардың,  әсіресе,  Шығыс  ғұламаларының 
еңбектеріне  жан-жақты  талдау  жасайды.  Олардан  тағылым  аларлық 
мәселелерге  айрықша  назар  аударып,  өзіндік  ой  қорытады,  
топшылайды. Сөйтіп, ол саясаттанушының да, саясаткердің де әп сәтте 
бірден пайда бола қалмайтындығын байыпты пікірімен қорытады, нақты 
тұжырым жасайды. 
Ілкідегі  осы  мазмұндас  оқулықтарда  әлемдік,  еуропалық 
ғалымдардың  еңбектеріне  көбіне-көп  сілтеме  жасалып,  ежелгі  қазақ 
топырағында  туып  өскен  оқымыстылардың  шығармашылығы  ұмыт 
қалып  жататыны  шындық  еді.    Профессор  Раушанбек  Әбсаттаровтың 
бұл туындысында осыбір кемшіліктердің орнын толтыруға  қыруар күш-
жігер  жұмсалған.  Қазақ  елінің  саяси  ойын  дамытуға  үлес  қосып,  сол 
бағытта  өмірін  сарп  еткен  Ахмет  Байтұрсынов,  Міржақып  Дулатов, 
Тұрар  Рысқұлов  секілді  қоғам  қайраткерлерінің  роліне  лайықты  баға 
беріледі.  Сонымен  қоса,  жаңарған  Қазақстанның  саяси-әлеуметтік 
құрылысына үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегі сарапталады.    
 
Автор  кітапқа  жазылған  алғысөзінде:  «Саясаттану  қазіргі 
әлеуметтік-гуманитарлық  білім  беру  жүйесінде  көрнекті  орын  алады. 
Алайда,  саясаттанудың  көптеген  проблемалары  әлі  де  кең  ауқымды 
зерттелмегенін  атап  өткен  жөн»  [1]  дейді.  Осы  олқылықтың    орнын  
толтыру  бағытында    профессор  Раушанбек  Әбсаттаровтың  тікелей  өз 
басы  қарымды еңбек  етіп,  Қазақстан  саяси  ғылымының жаңа биіктерге 
көтерілуіне зор үлес қосып отырғанын атап айтуымыз керек.  
Қазақстан  Республикасының  Президенті  Н.Ә.Назарбаев  Қазақстан 
халқына  2012  жылғы  Жолдауында    оқыту  үдерісінің  тәрбиелік 
құрамдасын  күшейту  керектігіне  тоқтала  келіп:  «Олар  –  патриотизм, 
мораль  мен  парасаттылық  нормалары,  ұлтаралық  келісім  мен 

 
 
толеранттылық, 
тәннің 
де, 
жанның 
да 
 
дамуы, 
заңға 
мойынұсынушылық»  [2]    деп  атап  көрсетті.    Мәселеге    осы  тұрғыдан 
келгенде    «Саясаттану  негіздері»    еңбегін  жазу  барысында    автор, 
әсіресе,  саясаттану  курсын  оқып  үйренуші  азаматқа    қойылатын  
өлшемдер  тұрғысынан      пайымдайды.  Оның  ойынша,  саясаттану  оқу 
курсының  міндеті  студентке  саяси  ғылымының  теориялық  негіздерін 
беруден  және  дискуссиялық  проблемаларын  көрсетуден,  негізгі 
категориялар мен ұғымдарды ғылыми жағынан ашудан және оны саяси 
тәжірибеден  дұрыс  хабардар  етуге  үйретуден,  сол  арқылы  оны  саяси 
өмірге белсенді араласуға даярлаудан тұрмақ.   
Халық  даналығы  «Шайнап  берген  ас  болмас»  дейді.  Сондықтан 
болуы  керек,    қазақ  оқымыстысы  Раушанбек  Әбсаттаров  та  саясаттану 
ғылымының көптеген өзекжарды мәселелерін түбегейлі зерттей отырып, 
жас  саясаттанушыларға немесе осы бағытқа бет алған азаматтарға саяси 
ғылымды  меңгерудің  негізгі  жолы  әрбір  адамның  өзіндік  жұмыс 
жасауымен  айқындалмақ  дегенге  ерекше  екпін  бере  айтады.    Кітапты 
дендеп  оқып  қараған  адамға  мұнда  саяси  ғылымның  сан  тарау 
мәселелері  біліктілікпен  сарапталғаны  айқын  байқалады.  Айталық, 
алғашқы  томда    ғалымның  өзі  түбегейлі  зерттеген  мәселелері  он  төрт 
тақырыпқа  жүйеленіп  бөлініп,  оның  әрқайсысы  жеке-жеке 
тақырыпшалар арқылы және талданған.  
Бір  қарағанда,  жалпыға  таныс  тақырыптар  болғанменен  зерделеп 
келіп,  оқыған  жанға  әр  тақырыптың  бүгінгі  Қазақстан  қоғамындағы 
мәселелермен тікелей үндесетіні анық. Айталық, «Саяси партиялар және 
қоғамдық  ұйымдар,  қозғалыстар»  ,  «Саяси  элита  және  саяси 
көсбасшылық», 
«Тұлғаның 
саяси 
әлеуметтендірілуі», 
«Саяси 
технологиялар»  деген  тақырыптар  бойынша  берілген  материалдар  кім-
кімнің  де  болса  қызығушылығын  тудырары  сөзсіз.  Тақырыптарынан-ақ 
байқалып  тұрғанындай,  Қазақстан  қоғамындағы  өзекті  мәселелермен 
ұштастырыла  зерттелген    проблемалар  енді  бірде  әлемдік    деңгейдегі 
мәселелер қойылысымен салыстырыла қарастырылатыны  сәтті шыққан.  
Бұл  ретте    автордың    саяси    типология    жасаудағы  біліктілігі 
мәселенің мәнін терең зерттей білетін қабілет-қарымы айқын байқалады. 
Осы қасиет қаламгер зерттеуінің құндылығын арттырып отыр.  
Қос томдық еңбектің екінші томының  көтерер жүгі де осал еместігі 
байқалады.  Осы томда  бүгінде  еліміздің  қоғамдық – саяси өміріндегі 
ең өзекжарды болып отырған  және  оның күн құрғатпай талдап шешуін 
қажетсінетін  тақырыптар    топтастырылған.  Айталық,  «Әлеуметтік  – 
этникалық  қауымдастықтыр  және  ұлт  саясаты»,  «Саяси  оппозиция», 
«Саяси  жанжалдар  және  оларды  шешу  жолдары»,  «Саяси  тұрақтылық 
және  ұлттық  қауіпсіздік»,  «Саяси  маркетинг»,  «Саяси  басқару»  деген 
тақырыптардағы    ой-орамдары  автордың  мәселені  егжей-тегжейлі  
қарастыра білетін қолтаңбасының айқын дәлелі болса керек.  
Мәселен,  «Саяси  оппозиция»  тақырыбы  бойынша    берілген  
зерттеуінде автор оппозицияның шығу тегі мен оның табиғатына терең 
үңіледі.  Сөйтіп,  оның  түр-түрін  жіліктеп  шағып,  қоғам  өмірінің 
прогрессивті  дамуына  қаншалықты  ықпал  ететіндігін,  я  болмаса  оны 

 
 
тоқырауға  әкелетіндігін  салыстырмалы  түрде  талдайды.  Бұл,  міне, 
ғалымның    өзіндік  қолтаңбасын  айқындайтын  ерекшелігі.  Осы  стиль 
автордың    «Саяси  жанжалдар  және  оларды  шешу  жолдары»  деп 
аталатын тақырыптағы  зерттеуіне де тән. Немесе оның саяси мәдениет 
туралы толғамдарын тұщынып   оқырыңыз хақ.   
         
Біздің қоғамға не жетіспейді? Бұл – үлкен сұрақ. Бір қарағанда төрт 
құбыламыз  түгел  сияқты.  Іргеміз  бүтін.    Шаруашылығымыз  орайласа 
жүріп  жатыр.    Бай  елміз,  бағлан  елміз    деп  бөркімізді  аспанға  атудан  
кенде  емеспіз.  Ал  бірақ  бүгінімізден  ертеңімізді  нұрлы  етуге  кедергі 
келтіріп  тұрған  жәйттер  бар.    Ол  –  елді  індеттей  жайлаған  сыбайлас 
жемқорлық.  Соның дені іс басында отырған портфель иелерінен   болып 
отыр.    Соңғы  бірер  жылдағы  газет-журнал  беттерін  қарап  отырсаңыз 
қазына  қаржысына  қол  сұққан  ыңғай  ығай  мен  сығайлар.  Осы  тұста 
өзіміз  әңгімеге  тиек  етіп  отырған    саясат  пен  адамгершілік  болмыстың 
мәселелері  бой  көрсетеді.  Саяси  мәдениеттің  жекелеген  тұлғалар 
жұмырында қалай-қалай  жұтылатынын   осы жерден  аңғаруға болады.  
Профессор Р.Әбсаттаровтың бұл тақырыптың  тініне  бойлауы біздің осы  
ойымызбен үндес шыққаны қуантады.  
       
Осы екінші томда автордың  бұқаралық ақпарат құралдарына берген 
сұхбаттары  мен  ой-толғамдары орын алған. Сондай-ақ саясаттану пәні 
бойынша  қосымша  тесттердің  сұрақтары  мен  жауаптары  да 
топтастырылған.  
Қорыта    айтқанда, Қазақстан  Республикасы  мен  Еуразия  елдерінің 
мемлекеттік  білім  беру  стандартына  сәйкес  әзірленген  бұл  еңбек  қай 
жағынан алып қарағанда да  еліміздің саясаттану ғылымының сүбелі бір 
табысы  болып  есептеледі.  Өзінің  бүкіл  саналы  өмірін    білім,  ғылым 
саласына  арнап,  жас  ұрпақты  жоғары  адамгершілік  рухта  тәрбиелеуге 
зор  үлес  қосып  келе  жатқан    белгілі  саясаттанушы  ғалым  Раушанбек 
Әбсаттаровтың    бұл  төл-  тумасы  қай  өлшеммен  алып  қарасаңыз  да  өз 
биігінен көрінетін еңбек болып қала бермек. 
2008- 2012 
 
 
                          
Пайдаланылған әдебиеттер: 
1.
 
Әбсаттаров Р. Саясаттану негіздері. А.,Қарасай 2011,4-б. 
2.
 
Қазақстан  Республикасының  Президенті  –  Ұлт  Көшбасшысы 
Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 
Әлеуметтік  –  экономикалық  жаңғырту  –  Қазақстан  дамуының 
басты                         бағыты. //Ана тілі. №6, 2-8 ақпан,2012ж.  
 
 
 
 
 
 
 
                                

 
 
                                          
ҚҰРЫШТАН ҚҰЙҒАН 
 
«Ерлік  өнегелері  тарихты  нұрландыра  түседі  және  ол  өнегелер  –  ада-дарды  алға 
жетелейтін жарығы мол шамшырақтардың бірі 
в. Гюго. 
1.«ҚҰДІРЕТІ ЗОР  ҚАЗАҚ БАУЫРЫМ». 
 
Онда  май  айының  мамыражай  күндерінің  бірі  еді.  Хенрик  қарт 
әдеттегідей  кемпірінің  оны-мұны  шаруасына  көмек  етпек  болып,  үй 
айналасын жиыстырып жүрген. Бір заматта Хильданың даусы шықты: 
«Не  деген  таусылмайтын  шаруа  дерсің  бұл,  ә?  Күндегіміз  осы  ғой, 
осы...» Қарт бәрін де түсініп тұр. Соңғы рет осыдан бір ай бұрын жаңа 
үйге  қоныс  аудару  туралы  әңгіме  қозғалғанда  да  өз  дегенінен  қайтпай 
отырып  алған.  Осы  баспанасының  әр  қадасы  жүрегіне  тым  ыстық, 
тым  жақын.  Осы  үйдің  албарында  мұның  балдәурен  —  балалық  шағы 
өтті.  Бозбала  күніне,  онан  есейіп  ер  жеткен  жылдарының  ең  уыз 
сәттеріне  де,  міне,  осы  шаңырақ  куә.  Дүниені  теңселткен  кешегі  от-
кешу  жылдарының  халықты  қан  жылатқан  көздеріне  де,  міне,  осы 
шаңырақ куә. 
Бұл  үй  сол  уақытта  талайларға  баспана  болды.  Бір  қараған  жанға 
осы  үйдің  қаусап  тұрғаны  да  шамалы.  Тек  ептеп  ара-кідік  жөндеп 
қою  керек.  Ал  кемпірі  өз  ойын  шалына  тура  айтпағанымен,  істің, 
сөздің сыңайында түспалдап аңғартып-ак, қалуга тырысады: иә, өзгелер 
құсап бұл да қолын жылы суға малып отырмас па? Хильда шешей ара-
тұра осылайша ойлағанымен, бұл райынаи тез қайтатын да кездері бар. 
Шалы  кешегі  от  кешу  жылдарында  жан  алыс,  жан  берісте  қатысқан 
майдангер.  Оның  ерлігін  бүкіл  Климанчевница  аңыз  ғып  айтса,  ал 
оның  өз  аузынан  айтылар  әңгімені  тыңдаудан  ешкім  жалыққан  емес. 
Әсіресе  деревнядағы  мектеп  оқушылары  Хенрик  қартқа  үйірсек-ақ. 
Апта  сайын  келіп  қос  қарияның  қолын  ұзартып,  отындарын  жарып, 
суын  тасып  едә-уір  қолғабыстарын  тигізеді.  Үйдің  іші  сыртын 
мұнтаздай  таза  етіп,  қиюы  келмей  тұрған  істі  көптөп  көлемдеп  істей 
салады.  Міне,  сондай  сәттері  Хенрик  пен  Хильда  бір  марқайып,  бір 
шалқып  балаларымен  бірге  шүпірлесе  асқа  бас  қойып,  мәртебелері 
өсіп қалатын. 
Мектеп оқушыларының Хенрик қартқа үйірсектігінің тағы бір сыры 
бар. Қарт осы өңірдің жай-жапсарын, әр нәрсенің қадір қасиетін жетік 
білетін жан. Былайша айтқанда, деревняның шежіресі десе де болады. 
Балалар  көбіне  өздеріне  беймәлім  дүниенің  сырына  Хенрик  қарттан 
қанықса,  ал  деревня  мектебіне  қатысты  әңгіме  бола  қалса  қарттың 
есімін  мақтанышпен  ауызға  алады.  Бір  ғажабы  бұл  әңгімені  олар 
Хенриктің өз аузынан емес, басқалардан естіген. 
Жұрт  деревнядағы  мектепке  қазақ  азаматы  Бекқожа  Кәкімжанов 
есімінің  берілуіне  осы  Хенрик  қарт  себепкер  деседі.  Мұның,  әрине, 
мынадай сыры бар-ды. Ана бір жылдары деревняға жаңа мектеп салу 
қолға  алынды  да,  орталық  көшедегі  бірнеше  үй  бұзыла  бастады. 
Мұндайда ескі үй қабырғаларынан түрлі қару-жарақтарды тауып алу 

 
 
жергілікті  құрылысшылардың  үйреншікті  әдетіне  айналган.  Олар 
табылған  заттарды  дереу  тиісті  орындарға  хабарлап  отырады,  сонда 
тапсырады. 
Бір жолы экскаваторшы жігіт Войцех әдеттегіден де ерекше затқа тап 
болды. Түс әлеті еді. Жолдастарының асықтырғанына қарамастаи, ағаш 
үйдің  соңғы  қабырғасын  қаусатып,  машинага  тиеп  жібермекші 
болған.  Бір  сәт  эксковаторының  шөміші  қабырғаның  іргесін  қауып, 
түйдек-түйдек  топырақты  көтере  бергені  сол  еді,  сопаң  етіп  қара 
портфельдің  шыға  келгені.  Жалма-жан  кабинадан  секіріп  түскен 
Войцех портфельді ашып қарады — бірнеше мәрте  қатталып оралган 
документтер. 
Сол  заматта-ақ  осы  оқиға  деревня  тұрғындарына  мәлім  болды. 
«Кеңес  офицерлерінің  документтері  табылыпты»  деген  хабар 
Хенриктің  құлағына  тиісімен  бұл  да  байыз  тауьып  отыра  алмады. 
«Мүмкін…  Иә,  иә,  сол  баяғы  боздақтардың  документтері  емес  пе 
екен? Солай болуы да әбден мүмкін ғой… Меніңше, солардың бірінің 
фамилиясы  азиялық  болуы  тиіс…  Кәкім…  Кәкімқұлов…  жоқ-жоқ 
Кәкімжанов…  Қайран  Юлиан…  Юлиан…  документтерді  фашистер 
таппас  жерге  тығам  деп  еді-ау…  Егер  бұл  документтер  сол  есіл 
ерлердікі  болса,  рухыңа  нұр  жаусын  мың  мәрте  бауырым!  Бір 
парызыңды өтегенің…» 
Осынау  ой  жетегінде  кеңсеге  қалай  жеткенін  білмей  қалған  Хенрик 
келе  табылған  документтердің  кімнің  қолында  екенін  сұрастырды.  Ал 
мұндағылар  оны  Граеводағылар  сұратып  алдырды  дегенді  айтты. 
Климанчевинцадан  бірден  Граевоға  тартқан  Хенрик  тура  ПОРП  ау-
дандық  комитетнің  бірінші  секретары  Ян  Янушкевичтің  кабинетіне 
кірген. Кірген беті сол екен, Янущкевич те жанындағы бірнеше адаммен 
Климапчевницадаи табылған документтерді қарап отыр екен. 
Бірінші  секретарьдың  столына  жақындай  бергенде  көзіне  оттай 
басылды  —  сол!  Қырық  төртінші  жылы  өз  қолымен  Юлианға  берген 
документтер! 
Сол  сәт  жанарына  жас  үйріліп,  жан  дүниесі  астап-кестен  болған 
Хенрик қарт тілі байланған адамдай бір орында тапжылмай қатқан да 
қалған.  Әлден  уақытта  барып,  өз-өзіне  келген  қарт  отырғандарға  істің 
мән-жайын түсіндіріп берген. 
Ал Климапчевницада жаңа мектеп салынып біткенде осы  мектепке 
қазақ жігіті Бекқожа Кәкімжанов есімін беру жөнінде мәселе көтерген 
де  осы  Хенрик  қарт.  Кейін  ол  деревняның  азаттығы үшін  мерт болған 
батырлар  жөніндегі  әңгімені  қайта-қайта  қозғап,  тіпті,  Белостокқа 
дейін  барған.  Ақыры,  қоярда-қоймай  жүріп  деревнядағы  мектепке  кіші 
лейтенант  Бекқожа  Кәкімжановтың  есімін  бергізіпті.  Бұл  шаруаны  ол 
есіл  боздақтардың  рухы  алдындағы  борьшым  деп  түсінген.  Содан  бері 
мектеп оқушылары мен қарт майдангер арасындағы байланыс бір сәтке 
де үзілгені емес. Дәстүрлі кездесу кештерінің қақ төрінде Хенрик қарт 
отырар еді, әңгімеден әңгіме сабақтап. Сол сұхбат кештерінде балалар 
өздерінің  мектебі  есімімен  аталатын  Бекқожа  Кәкімжанов  туралы, 
оның өскен ортасы, ел-жұрты жайлы жаңа бір деректерге қаныға түсер 

 
 
еді.  Қазақ  деген  батыр  халық,  қаһарман  халық.  Ол  меймандос  ел, 
берекелі,  берері  мол  ел.  Оның  Шоқан,  Ыбырай,  Абай  сынды  біртуар 
ұлдары,  Аманкелді,  Әліби,  Бауыржан  тұрпатты  хас  батырлары  бар. 
Бекқожа міне, осындай ерлерді өсірген елден шыққан… Хенрик қарт өзі 
біліп, көкірегіне түйгенін осылайша суыртпақтай берер еді. 
Хенрик үйдің шаруасы бір ретке келді-ау деген шақта газет қарамақ 
боп  күншуаққа  бет  алган.  Албардың  есігін  жаба  бергені  сол  еді,  көше 
басынан  балалардың  шуылдасқаи  даусы  естілді.  Қарт:  «Оу,  бұлары  несі, 
бүгін  келмейтін  күндері  емес  пе  еді,  өткен  жолы  сенбіде  деп  уәделесіп 
едік қой. Ал бүгін осы сәрсембі емес пе еді, ә?» деп өз өзінен күбір еткен. 
Сөйткенше болғаны жоқ, әлгі дабырласқан топ Хенрик қарттың ауласына 
баса-көктеп  кіре  берген.  Бәрінің  де  эй-шайга  қарайтын  түрі  жоқ, 
әлденеге елеңдеулі. Жүздері балбұл жанады. 
-
Атай, 
қуанышты 
хабар, 
Кеңес 
Одағынан 
қонақтар 
келеді екен бізге! 
-
Қазақстаннан дейді. 
-
Есімі 
біздің 
мектебімізге 
берілген 
батырдың 
жұба- 
йы келмек дейді. 
-
Кәкімжановтың ба? 
-
Иә, иә. 
-
Ерлігін        талай  рет  өзімізге        айтып  берген  батыр- 
дың жұбайы дейді. 
Хенрик  қарт  осының  бәрі  өңім  бе,  түсім  бе  дегендей.  Не  істерін 
білмей,  бір  сәт  тұрған  орнында  қатқан  да  қалған.  Аз-кемнен  соң ғана 
жүрегі алабұртып, айналасындағы балалардың бірінің кекілінен сипап, 
бірінің  арқасынан  қағып  айтуға  сөз  таппай  қиналған.  Бар  болғаны, 
үйден жүгіре шыққан кемпіріне: «Хильда, киімдерімді әзірле!» деді. 
«Шіркін,  сол  есіл  ердің  ең  болмаса  туған-туыстарының  бірін 
көрсем-ау» деген арманы бартын мұның. Енді, міне, соның сәті түскелі 
тұр. Бекқожаның батырлығын, өзі көрген жайды айтып бермек. Соңғы 
жылдары  соғыс  салған жара  меңдеп, қыңқыл-сыңқылы көбейе берген. 
Сондайда,  батырлардың  ерлігін  туған  топырағына,  оның  өскен 
ортасына қайтып жеткізе алам деген ой меңдейтін. 
Балалар  бұған  жеткізген  хабарға  іле  бүкіл  деревня  құлақтанып 
үлгеріпті. Үлкені бар, кішісі бар, әйтеуір, осы төңіректегі жұмыр басты 
пенденің  бәрі  ауданнан  хабар  алынғалы  бері  байыз  табар  емес.  Ал 
Хенрик  қарттың  толқуы  да  тебіренуі  де  тым  бөлек,  тым  ерекше  еді. 
Өйткелі  сол  бір  оқиғаны  көзімен  көріп,  көкірегі  қарс  айырыла  қан 
жылаған санаулы адамдардың бірі ғой бұл. 
Климанчевницалықтар  тықырши  тосқан  сәт  те  келді.  Келісілген 
уақытта  деревняға  бір  топ  адам  сау  ете  қалды.  Қарсы  алушылармен 
аз-кем қауышудан соң ПОРП Граево аудандық комитетінің секретары 
Ян  Янушкевич  бастаған  қонақтар  тура  совет  офицері  Бекқожа 
Кәкімжанов атындағы мектепке ат басын тіреді. 
Балалардың  айтқаны  рас  болып  шықты.  Кездесу  қо-нақтарының 
ішінде  осы  деревня  үшін  айқаста  мерт  болған  Бекқожа 
Кәкімжановтың жұбайы Жамал да бар екен. 

 
 
Хенрик қарт  сол бір сұрапылда өзінің  көрген білгенін айтқысы кеп 
қанша оқталғанымен, Жамалды оңашалап әңгімеге тартудың қисынын 
келтіре  алмады.  Ал  мынадай  алқалы  топта  өз  ойын,  көкейіндегісін 
жеткізе алмасын біледі ол. Ана    бір жолғыдай толқып тұрып құлап 
қалам  ба  деген  де  қаупі  жок,  емес  еді.  Жұрт  айтып  жатыр,  айтып 
жатыр…  Мектептің  қазіргі  жайынан  сөз  қозғалды.  Балалар  Кеңес 
Одағындағы  Қазақстанның  сонау  бір  түкпіріндегі  Ақмола  облысы 
Алексеев ауданы оқушыларымен хат алысып тұрады екен. О да дұрыс, 
әрине. Ал бірақ, Жамал естуінше, ең басты әңгіме айтылмай барады. Ал 
оны осы отырғандардың ішінен тек қана Хенрик біледі. 
Кездесу  кеші  аяқтала  бере  Хенрик  орнына  тұрып  сөз  сұрады. 
Манадан  бері  Климанчевницаның  қадірменді  қарты  Хенриктің  сөз 
алуын  тьқырши  күтіп  отырған  дүйім  жұрт  күбір-сыбырды  күрт  тиып 
тыныштала қалған. Олар аз-кемнен соң-ақ сол бір сұрапыл дүниенің от-
кешу  сәттерін  саналарында  жаңғыртса,  ал  осынау  Даңқ  сабағына 
жиналған  жас  өрендер  қазақ,  батырының  қаһармандық  ерлігіне  қаныға 
түскен. 
 
 
3.
 
ТӨРТЕУДІҢ ТЕГЕУРНІ 
...1944  жылдың  т а м ы з   айы.  Командованиеден  шұғыл  тапсырма 
алған  төртеу  іңір  қараңғысында  Климанчевница  деревнясына  келіп 
кірді. 
Үй-үйді 
бұқпантайлаған 
барлаушылар 
фашистердің 
казармасына жақындады. 
-
Жолдас 
кіші 
лейтенант, 
мыналардың 
қарасыны 
көп 
көрінеді.  Екі  жүзге  жуық-ау  деймін.  Өздері  алаңсыз  ду- 
манға көшкен секілді ғой,- деп Михаил күбір етті. 
-
Иә,  оңай  жаңғақ  емес  екен,-  деп  Виктор  топ  ко- 
мандиріне сұраулы пішінмен қарады. 
-
Жігіттер, 
қалай 
болғанда 
да 
бір 
амалын 
табуымыз 
керек.  Әйтпесе  ертең  бозала  таңнан  үй-үйді  тінтуге  кірі- 
седі.  Соңғы  мәлімет  бойынша,  бұлар  деревнядан  150  адам- 
ды  Берлинге  аттандырмақ.  Ал  одан  арғысын  өздерің  біле- 
сіңдер  ғой.  Міндетіміз  ертеңгі  сағат  7  мен  9-дың  арасын- 
да бұлардың осы жоспарының күлін көкке ұшыру. 
Істің  мәнісін  бірінің  бірі  қас-қабағынан  түсінетін  жігіттер  әңгімені 
бұдан  әрі  созып  жатпады.  Әрқайсысы-ақ  алдағы  айқастың  оңайға 
түспейтінін іштей сезетін сияқты. Сондықтан да бұлардың әр қимылы 
барынша жай, барынша нық. Мұндайда уақыт өтіп болған ба? Бір сәтке 
көз іліндірмек болғандарынан да түк шықпады. Көз жұмулы болғанмен, 
көңіл  ояу.  Қиял  шіркін  әрқайсысын  әр  қиянға  ала  қашқандай.  Бірі 
сонау  Ақмоланың  Ақкөл  деп  аталатын  жеріндегі  елін,  жан-жарын, 
ойласа, бірі  Рязаньда қалған қос құлыншағын сағынып, қамығады. Бірі 
«Күтем  сені,  Витя»  деген  үмітке  толы  үнді  іштей  қайталаса,  ал  бірі 
ананың әжімді алақанын аңсағандай… 

Команда берілісімен фашистер сапқа тұру алаңына қарай жүгірісе 
жөнелді.  Іле  бергі  есіктен  месқарын  офицер  шықты.  Ол  қазір 

 
 
бағыныштыларына 
бүгін 
атқарылар 
жұмысты 
түсіндірмек; 
хабарландыру  айтпақ.  Арада  екі  минуттай  өткенде  жанында 
жандайшап  деревня  старостасы  бар  төртпақ  офицер  алаңға  беттеді. 
Манадан осының бәрін  бақылап  жатқан  барлаушылардың  да  күткені 
дәл  осы  сәт  еді.  Әуелі  дымын  білдірмей,  қарауыл-фрицтің  көзін 
жойды. Сөйтті де, төртеуі алаңның төрт бұрышына шұғыл жетті. Сосын 
ортаға  фашистердің  тағы  да  үйлыға  түсуін  тосты.  Аз-кемнен  соң  осы 
оңтайлы  сәтті  пайдаланып  қалуға  тырысқан  барлаушылар  қос-қос 
автоматпен  оқты  себелей  жөнелді.  Қапелімде  не  істерін  білмей  сасып 
қалған фашистер өлгені өліп, өзгелері бас сауғалап қаша жөнелді. 
Азан-қазан айқай шудан деревня аяғынан тік тұрды. Оңын оң, солын 
сол  баудай  түсірген  төртеудің  жойқын  қимылы  тым  ерен  еді.  Кеңес 
барлаушыларының  мына  ерлігіне  іштей  сүйсінген  деревня 
тұрғындарының тілеулестіктен басқа қолдан келер қайласы да жоқ еді. 
Мылтықтың  үні  естілісімен  көше-көшеге  өре  шыққан  итаршы 
полицейлер қаруларын кезеніп, казармаға қарай ешкімді де беттетпей 
қойған. 
Фашистер  көптігін  істеді.  Қым-қиғаш  атыстан  сытылып  шыққан 
біреуі  дереу  іргелес  мекендегілеріне  хабарлап  үлгерген  болуы  керек, 
машиналы,  мотоциклді  жау  лезде  барлаушылар  бекінген  жерді 
қоршап алды. 
Әуелі барлаушылар командирі Бекқожа Кәкімжанов жараланды. Есі 
кіресілі-шығасылы сәтте: 

Құтылып шығыңдар, орманға…- деп өзгелеріне команда берді. 
Командирді жау қолына тастап кету өліммен пара-пар. Бекқожаны 
сүйеп,  демеген  қалпы  қалған  үшеуі  соңғы  патрондары  қалғанша 
атысып бақты. 
Арада  жарты  сағат  өткенде  атыс  сап  тиылып,  басын  қатерге  тіккен 
қаһармандар 
ерлікпен 
қаза 
тапты. 
Міне, 
осының 
бәрі 
Климанчевицаның  тұрғыны  Хенриктің  де  көз  алдында  болған  оқиға 
еді.  Артынша-ақ  құтырынған  фашистер  деревня  тұрғындарын 
мылтықтың  дүмбісімен  ұрып-соғып,  әлгі  алаңға  алып  келді.  Ақырып, 
тұлданған неміс офицерлері не істерін білмей қалш-қалш етеді. Әлден 
уақытта  төрт  жүк  машинасы  келтірілді.  Бұл  кешегі  жоспар  бойынша 
деревня  адамдарын  Германияға  жөнелтуге  тиісті  машиналар  еді. 
Офицер  екі  езуі  көбіктене,  екілене  әлденені  айқайлай  айтып,  қолын 
өліктер жатқан жерге қарай шолтаң-шолтаң еткізеді. 

Тиеңдер,  тиеңдер  деп      тұр  ғой  офицер  мырза.  Кә- 
не, тез-тез… 
Деревня старостасы қолындағы мылтығын бұларға безей түсіп, өлікті 
мегзей  берді.  Хенрик  қас-қағым  сәтте  бүкіл  казарма  маңын  шолып 
өтті: жүз қаралы фашист елігі жайрап жатыр екен. 
Өліктер  тиелген  төрт  машина  Граевоға  қарай  бет  алысымен фашист 
офицері  кеңес  жауынгерлерінің  денесін  деревняның  маңындағы  сайға 
апарып тастауға бұйырды… 
Ымырт  жабылып  қас  қарайысымен  Хенрик  жанына  көршісі 
Юлианды  ертіп  алып  күндізгі  сайға  қайта  оралды.  Төңіректе  тірі  жан 

 
 
жоқ екеніне көз жеткізген бұлар жалма-жан қимылға көшті. Төрт қабір 
қазылды да жас поляктар совет жауынгерлерін арулап қойды. 

Міне,      мынау  есіл        ерлердің  документтері.        Сенде 
болғаны  дұрыс-ау,  Юлиан.  Сен  қағаз-қаламға  жақын  едің 
ғой,-  деп    Хенрик    жауынгерлердің  документтерін  досы- 
на ұсынды. 
Күні бойы жанкешті әрекет кешкен Хенрикке совет жауынгерлерінің 
аты-жөнін  білу  керектігі  сол  сәтте  ғана  санасына  сақ  ете  қалған.  Ол 
шарқ-шұрқ  оқ  тескен  документтерді  апыл-ғұпыл  парақтап  шықты  да, 
Юлианнан бұларды немістер қолға түсіре алмас жерге тығуын өтінді. 
Сол  жолы  ол  жауды  жайратып,  жастықтарын  ала  жығылған  ержүрек 
төртеудің  кіші  лейтенант  Бекқожа  Кәкімжанов,  аға  сержант  Михаил 
Абрамович,  ииженер  Виктор  Кобылев  және  лейтенант  Ф.  Валивкин 
екенін білген. 
Соғыстың  аты  соғыс.  Арада  көп  ұзамай  Юлиан  да  мерт  болды-
дағы, бұл документтердің қайда тығылғанынан Хенрик бейхабар болып 
қалған.  Бірақ,  мұның  көкейінде  түптің  түбінде  сол  документтер 
табылуға тиіс деген ой қонақтап қалған-ды. 
Жау  бұл  өңірден  тазартылып,  ел  есін  жиған  шақта  деревня 
түрғындары  өздерін  қатерден  алып  қалып,  бастарын  өлімге  тіккен 
жауынгерлерді бауырластар қабіріне жерледі. Олар туралы әңгіме аңыз 
болып айтылып, климанчевницалықтардың жүрегіне мәңгіге жатталып 
қалды. 
 
4.
 
¥РПАҚТАРҒА ҰЛАҒАТ 
 
...Жүрдек  поезд  заулап  келеді.  Вагон  терезесінен  тысқа  ойлана 
қараған  бидай  өңді  әйелдің  жүзінен  терең  тебіреніс  пен  толқу  табын 
байқау  қиын  емес.  Бірде  сәл  күлімсіреп,  әлденеге  разылықтың 
нышанын  танытқандай  дидары,  енді  бірде  қуқыл  тартып  әп  сәтте 
өзгеріп сала береді. Аптаға жуық Польша жерінде өткен күндердің әр 
сәті  алма-кезек  санасында  сансыз  рет  қайталанып,  өз  иірімдеріне 
жетелей  түскендей.  Ал  қолындағы  фотосуреттер  мұның  жан-жары 
Бекқожаға  деген  поляк  халқының  айрықша  ілтипатын,  тілмен  айтып 
жеткізгісіз  махаббатын  өрнектеп  жатқандай.  Міне,  мына  бір  суретте 
ержүрек  совет  жауынгерлері  басына  орнатылған  ескерткіш 
бейнеленіпті. Құлпытасқа былай деп жазылыпты: 
«Абрамович Михаил, аға сержант 
Көбеев Виктор инженер 
Какимжанов Бекқожа, кіші лейтенант 
Валивкин Ф., лейтенант 
Опарин А., аға лейтенант 
Гаршарин Василий, 
Парадоса Иван, 
Шулик Николай, 
Семенов Виктор 
Токарев Иван 
және 
62 белгісіз солдат». 

 
 
Ал мына бір суретте жақында ғана өзі мектеп оқушыларымен кездесу 
өткізген  мектеп  бейнеленген.  Бұл  –  Бекқожа  атындағы  білім  ұясы. 
Суретке  үңіле  қараған  жан  мектеп  жанындағы  ескерткіш  белгіні 
анық  байқар  еді.  Ол  –  мектептің  совет  офицері  Бекқожа  Кәкімжанов 
атында екендігін білдіретін ескерткіш. 
Ойды  ой  жетелейді.  Өзінің  және  бүкіл  ауылдастарының  Бекқожа 
атында  Польшада  мектеп  барын  білуінің  өзі  бір  ұзақ  әңгіме.  Ал 
бәріне  Бекқожаның  туған  інісі,  мұның  қайнысы  Әнуарбектің 
Польшаға  сапары  түрткі  болған  еді.  Сол  сапарын  сүйсіне  есіне  алар 
Әнекең әңгіменің былайша сабақтайтын әр кез. 

Әлі  есімде,-  деп  бастайтын  сонда  ол.-  1970  жылы  болуы  керек, 
Қазақстаннан  бір  топ  адам,  шаруашылықтың  сан-саласында  істейтін 
қызметкерлер  арнаулы  делегация  құрамында  Болгарияға,  Польшаға 
бардық.  Сол сапарда Варшавада болған соғыс ардагерлерімен кездесу 
кешіндегі  бір  әңгіме  елең  еткізген  мені.  Бекқожадан  1944  жылы  қара 
қағаз келгенімен, оның қайда жерленгенін білу бір    арман болатын. 
Соғыстан        кейін,  ел  есін  жиған  шақта  сұрау  салдырып  жан-жаққа 
хабар  бергенбіз.  Одан  пәлендей  көңіл  көншігерлік  деректер  болмаған. 
Енді  мынаны  қараңыз.  Сол  кеште  баяндама  жасаған  кісі  Граево 
қаласында  ерлік  көрсетіп,  бауырластар  зиратына  жерленгендердің 
қатарында  Бекқожа  Кәкімжановтың  да  атын  атады.  Осы  хабарды  өз 
құлағыммен естігеніне сенбей әлгі кісіден қайталап тағы сұрадым. Енді 
не істеу керек. Кездесу кеші делегация сапарының соңғы күнінде өтіп 
отыр.  Ал  Граевоға  барып  қайту  –  едәуір  жер.  Қалай  болғанда  да, 
Польшаға  келіп  тұрып  ағаның  басына  бармай  кету  күнәмен  тең. 
Пікірімді  осылайша  түйген  мен  сол  сәтте  делегация  басшысымен 
келісіп, жағдайдың бәрін  түсіндірдім.  Көп  кідірмей  Граевоға  тартып 
та  кеттім.  Мұнда  мені  Граево  аудандық  партия  комитетінің 
нұсқаушылары  Юмян  Мосейко,  Мачкелав  Шесны  қарсы  алды. 
Сапардың мән-жайын ұғысқан соң бірден азаттық үшін арпалыста жан 
пида  еткен  жерге  келіп,  есіл  ерлердің  рухына  тағызым  еттік.  Сөйтіп, 
міне,  жиырма  бес  жылдан  соң  Поляк  жерінде  мәңгі  ұйқыда  жатқан 
бауы
рымның дерегін осылайша білдім. 
Сонау  бір  қиырдағы  Польша  жерінен  жүрек 
тебірен
терлік  хабар 
жеткізген    Әнуарбектің 
осы 
әңгімесі 
Ақкөлдегі  ағайын-бауырдың 
өлгенін  тірілтіп,  өшкенін  жаңғыртқандай  болған-ды.  «Кәкімжан 
атындағы  мектеп  бар 
екен 
Польшада»  деген  сүйінішті  хабар  бұл 
төңіректің әр жерінен дүңк-дүңк естіліп жатты. Ауылдың ақсақалдары 
бас қоса қалса, Бекқожадай арда азаматтың өнеге тұтар қасиеттерін еске 
алысты.  Ал  «О-о,  Кәкімжан  партячейканың  хатшысы  болып 
тұрғанда…» деп басталатын әңгімелер ұзағынан қайырылатын. Қарттар 
осындай  бір  әңгімелерден  айрықша  ләззәт  алып,  өздерінің  бұла 
дәуренімен  қайта  қауышқандай  болар  еді.  Ойлап  қараса,  ол  мұз 
жастанып,  қар  жамылған  кезең  екен  гой.  Сондықтан  да  болар  оның 
жүрекжарды  қуанышы  да,  қасірет  таңбасын  салған  қайғысы  да  алма-
кезектесіп отырған. 

 
 
Шынында  да,  жалынды  жастығы,  бұла  дәурені  отызьншы 
жылдардың  қиын-қысталаң  кезеңімен  тұспа-тұс  келген  Бекқожа  мен 
Жамалдың тұстастары тым ерте есейген еді. 

Қына ауылынан бір тон жас үдере комсомолға өтті. Әрқайсымызда 
бір-бір таудай арман, іңкәр тілек: оқу оқысаң дейміз. Сол топтың ішінен 
Бекқожа жанының елгезектігімен, қоғамшылдығымен өзгемізді қай іске 
болсын еліктіріп әкететін. 
Жамал апайдың әңгімесінен Бекқожаның өз ордасының  ғана емес, 
бүкіл  Ақкөл  еліне  сыйлы  азамат  болғанын  аңғарамыз.  Жастайынан 
көнтерлі  еңбектің  ащы-тұщысын  бірдей  көтере  білген  ол  «Мамай» 
совхозында  бақташы  болып,  1932  жылы  партия  қатарына 
қабылданды. 
Бертін  оған  ауыл  коммунистері  үлкен  сенім  көрсетіп,  Омбыдағы 
партия-совет мектебіне жолдама береді. Оны ойдағыдай бітірген соң сол 
«Мамай» совхозына қайыра келіп партия ұйымының хатшысы болады. 
Ал  1937  жылдан  майданға  аттанғанға  дейін  аудандық  партия  коми-
тетінде жауапты қызметтер атқарған. 
Кішкентайынан қай мәселеге болсын көзі қанықты, білікті жан әскер 
қатарына  алынысымен  бірден  Томскідегі  әскери  училищеге  жіберілді. 
Қысқа  мерзімде  оны  бітірісімен  Бекқожа  майданның  алғы  шебіне 
аттанады. 

Майданға  аттанып  бара  жатқандағы  ең  алғашқы  және  ең  соңғы 
үшбу сәлемі мынау ғана болды,- деп Әнуарбек сарғайған солдат хатын 
ұсына  берді.  Маржандай  тізілген  хат  жолдары  қалам  иесінің  ақыл-
парасатынан, ой-зердесінен көп сыр аңғартқандай. 
«Бауырым  Әнуарбек,-  деп  басталады  хат,-  бұл  хатты  саған 
Новосибирскіден  жазып  отырмын.  Фотосуретімді  жолдадым  – 
офицерлік  мектепті  бітірдік,  майданға  кетіп  барамыз.  Ойымызда 
қорқыныш жоқ. Бір нәрсені білемін: ерлік өлім – бұл парыз. 
Әнуарбек,  қазақтар  «Жаман  айтпай  жақсы  жоқ»  дейді  ғой. 
Балалық күндерімізде саған үлкендік көрсетіп, қол көтергенім де бар. 
Кешір, жаным менің. 
Сенің Бекқожаң. 7 июль. 19 44   жыл. 
Туған Алексеевкада кездескенше». 
 
Өз тағдырын болжап білгендей ме, сірә, осы хат жөнелтілісімен тура 
екі айдан соң Бекқожа жауынгер достарымен бірге неміс-фашистерімен 
көскілескен  ұрыста  жантәсілім  етті.  Сөйтіп  Жамал  1944  жылдың 
сентябрінде Польшадан қара қағаз алады. 

Майданнан  қара  қағаз  алғанымен,  Бекқожа  өлді  дегенге  көңіл 
сенбеді, әйтеуір ең болмаса жатқан жерін барып көру бір арман болды,- 
дейді әңгімесін сабақтай түсіп Жамал. 
Жылжып    жылдар соңынан жыл өтіп жатты, бірақ үміт жібі үзілмеді. 
Ойлап отырса содан бері қырық жылдан аса уақыт Жамал өмірінде де өз 
белгісімен,  өз  беделімен  есте  қалады  екен.  Бастапқыда  Жеңістің  10 
жылдығы,  20  жылдығы,  25  жылдығы,  30,  40  жылдықтары  дүбірлі 

 
 
тойланып  жатты.  Ал  бұл  кезде  ақиқатына  келсе,  Жамал  үшін 
Бекқожаның рухына есеп беру кезеңдері болыпты. 
Толарсақтан  саз  кешіп,  тылдағы  тірліктің  қай-қайсысын  да 
ойланбастан кіріскен Жамалдың жүрегінде иненің жасуындай үлесім ел 
игілігіне  асса  деген  арман  жүретін.  Бұл  араласпаған  шаруашылық 
саласы жоқ десе де болады. Ал қарынды еңбек қашанда қайтарымды. 
Соның белгісіндей бүгінде оның омырауында «Германияның жеңгені 
үшін»,  «Тың  және  тыңайған  жерді  игергені  үшін»,  «В.  И.  Лениннің 
туғанына  100  жылдығы»  медальдары  жарқырайды.  Әлденеше  рет 
ауылдастарының  сенім,  құрметіне  ие  болып,  ауылдық,  аудандық 
Советтердің де-путаттығына сайланды. 
Бертін  еңбек  демалысына  шыққан  Жамал  Кәкімжанова  бүгінде 
мектеп  оқушыларының  әрдайым  асыға  күтер  қонағы.  Оның  әңгімелері 
сонау  бір  жылдар  тасасында  жылыстап  қалған  сұрапыл  күндер 
көрінісін  қайта  жаң-ғыртса,  ал  жас  өрендер  сол  қан  кешу  уақытта 
ғаламат  ерлік  үлгісін  көрсеткен  қазақ  офицерінің  болмысына  бойлап 
түскендей. 
Осы игі дәстүр, тамаша өнеге Поляк Халық Республикасының сонау 
бір 
түкпіріндегі 
Белосток 
воеводствосының 
Климанчевница 
деревнясында да лайықты жалғасын тауып келеді. Деревнядағы орта 
мектеп  қазақ  офицері  Бекқожа  Кәкімжановтың  есімімен  аталады. 
Оқушылар  оздерінің  бақытты  болашағы  үшін  мерт  болғап  батырдың 
семьясымен,  туған-туысқандарымен  хат  жазысып  хабарласып  тұрады. 
Ал  Бекқожаның  жұбайы  Жамал  ара-кідік  өзінің  жары  мәңгі  ұйқыда 
жатқан  поляк  жеріне  келіп  кездесу  кештеріне,  Даңқ  сабақтарына 
қатысады. Өйткені  мұнда  жыл  сайын  Жеңіс  мерекесі  қарсаңында  Б. 
Кәкімжановтың  және  оның  майдандас  достарының  рухы  құрметіне 
Даңқ сабағын өткізу дәстүрге айналған. 
Дүниені  дүмпумен  теңселтіп,  шайқалтқан  екінші  дүние  жүзілік 
соғыс  өртінің  өшкеніне  де  қырык  жылдан  асты.  Отан  соғысы  елдің    
елдігіне,  ердің  мәрттігіне  сын  болды.  Сол  ерлердің  тұлғасын 
асқақтата  түсетін  де  уақыт  деген  сарапшы  екен.  Әр  көрінісі 
жылдардан  жылдарға  жаңғырығыш,  ұрпақтар  өнегесіне  айналған  от 
кешу күндердің орны өзгеше. Ал олардың бәрі дәуір сабағының, даңқ 
сабағының алтын діңгегі. 
                                                                                                                  
1991 
 
 
 
  
 
 
 
 

 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет