Көбік – қайнап жатқан құрттың қалқып алған беті: майлы, кенеулі ас. Көбікті жас балалар мен қарияларға қалқып беретін болған.
Ыстық құрт – қайнап жатқан құртқа май қосып сапырып ішетін кенеулі ас. Өкпе ауруына, суық тигенде ем саналған.
Сықпа құрт – қапқа құйылған ашыған айраннан жасалған құрт; сүзілген айран тұздалып, әр түрлі формаға келтіріп, тақшаға кептіріледі.
Малта – езілген құрттың түййіршіктері; әрі жұмсақ, әрі дәмді ас саналады. Ұзақ жолда ауызға салып, суын сорса, әрі сусын, әрі қорек.
Езген құрт – астауға ұнталған, келіге түйілген немесе диірменге тартылған құрт; сорпаға, тұздыққа, көжеге және басқа тағамдарға қосу немесе сұйық күйінде ішу үшін кепкен құрт езіледі.
Ақ малта – езген құрттың ең соңғы шайындысы, сұйық күйінде ішеді; өте жұғымды және тез сіңетін тағам.
Ұнтақ құрт – арнайы түйіп ұсатқан немесе қап түбінен жинап алған үгінді. Оны сүттің піскен қаймағына салып жейді.
Құрт-май – сары майға батырылған кепкен сықпа жалпақ құрт. Асығыс уақытта дастарқанға дәм таттыруға қояды. Құрт, ірімшік, май тағамдарының қосындысы да құрт-май деп аталған.
Құрт-көже – көжеге қосылған езілген құрт; кенеулі, күшті, қадірлі ас. Қазақ арасында сорпаға, көжеге құрт езіп ішу кең тараған.