ҚАРА ҚАҒАЗДАР
Біздің Шекер биік шыңдары көк тіреген Манас
тауларының етегіндегі жазыққа орналасқан. Айылымызды
мәңгілік ақ қар, көк мұз басқан таулар алқасы қоршап
жатады.Менің әкемнің бауырларының бәрі де осы
Шекерде туып, осы Шекерде тіршілік етіп, өмірден
озған. Ағайын-туғандарымыз көп болатын. Олармен
бірге біз де жақсылы-жаманды ырыс-несібемізді теріп
жеп, тату-тәтті тұрып жаттық. Жекжат-жұрағаттардың
көмегіне сүйеніп, Жаратқан иеміздің рақымшылығымен
өз күнімізді өзіміз көріп жүрдік.Соғыс жылдарында
да сол ағайындарымыздың ортасында болдық. Мен
Шекердің мектебінде оқыдым. Әкемнің туған әпкесі
Карақыз апамның үйінде тұрдық.
1942-43 жылдардың қысы соғыспен бірге қаһарын
төгіп, елдің зықысын шығарып, қатты қыспаққа алды.
Бұл мезгілдің азабын бізбен жасты балалар айрықша
тартты. Айылдағы іске жарамды, күш-қуаты бар еркектің
бәрі майданға кеткен. Қарақыз апамның күйеуі Досалы
жездемізді де майданға алынғанымен, соғысқа жібермей,
еңбек колониясындағы қара жұмысқа салып қойыпты.
Аз да болса еңбек етуге шамасы келетін еркек кіндіктінің
барлығын әскерге шақырып, қару-жарақ шығаратын
зауыттарда немесе басқа бір өндіріс салаларындағы
жұмысқа жегіп, иә болмаса, окоп қаздырып жатқан кез
ғой. Олардың Магнитогорск шаһарына тас, топырақ
тасып жүргені болмаса, хал-ахуалдары өте ауыр екен.
Күнұзаққа нәр татпай, кешке қарай ептеп бір нәрсе ішіп,
жүрек жалғайтын көрінеді. Жататын жерлері де нашар...
Әйтсе де мен сөзді көп ұзартпай, өзімнің колхозға
қалайша салық жинаушы-финагент болғаным туралы
70
Шыңғыс Айтматов
баяндайын. Жалпы, осы салықшы болардан бұрын
да колхозда алты ай бойы хатшылық қызмет атқарған
жайым бар. Бұл жастайымнан ешкімге салмақ салмай,
өз бетімше болуға талпынған алғашқы тәжірибем болса
керек.
Иә, сөйтіп, мені колхозға қалай хатшы қылып қойды?
Енді соған келейін.
Ол кезде колхоз бастық бұдан бұрын шопан болып,
қой баққан Тұрдыбаев Қабылбек деген кісі еді. Бүгінде
ол дүниеден өтіп кетті...
Со кездің өзінде жасы алпыстан асып қалған болатын.
Өте еңбекқор, қолынан барлық іс келетін Қабекеңді бір
күні күтпеген жерден, қой қайтарып жүрген жерінен
шақырып алып, басқармаға бастық қылып отырғыза
салыпты. Ол өз атасының атының алғашқы «Тұрд..»
деген төрт әрпін ғана жаза алатын. Қол қойса да осы
төрт әріппен қоя салатын. Сондықтан да оған орыс тілін
білетін, сауатты бір жәрдемші керек еді.
Ал мен болсам, кішкентай кезімде Фрунзеде, одан
кейін Мәскеуде оқып, сауатым ашылған, орыс тілін
жақсы білетін баламын. Мұның өзі ол кездегі өлшеммен
қарағанда мені кәдімгідей көзі ашық, білімді кісілердің
қатарына қосатын-ды.
Қабылбек әкей басқалармен ақылдасып, кеңесіп
отырмай-ақ, мені бірден өзінің қасына шақыртты. Әуелі
үйге келді ме, әлде мектептен алып кетті ме, ол жағы
казір есімде жоқ, әйтеуір, мені атына мінгестіріп алған
бір шабарман:
– Сені басқарма шақырып жатыр, – деп, кеңсеге қарай
ала жөнелді.
Ал бастық болса, бір сәтке маған сынай қарап отырып:
– Қане, айта ғойшы, жасың нешеде?! – деп сұрады.
71
Балалық шақ
Ол кезде жасым он төртте болатын, бірақ мен:
– Он бесте, – деп бір жасты қосып жібердім.
– Әп бәрекелде-е, он бес жасымда мен бір қора қой
баққанмын. Хат танисың ба?
– Иә, хат танимын.
– Болды онда! Қалқозға бір хат танитын, иманды,
әдепті біреу керек болып отыр еді. Енді сенен басқа
ыңғайы келетін ешкім жоқ. Бәрі фронтқа кеткен. Ал
бізге өңшең іске жарамайтын кәрі-құртаңдар мен бала-
шағалар ғана қалған. Енді міне, құдайға шүкір, сен бар
екенсің. Оқуыңды тастап, айылға хатшы боласың. Мақұл
ма?
Ол кезде мұндай ұсыныстарға қарсы тұруға болмайды.
Айтылған сөзді тыңдамай, айтысып-тартысып, иә
болмаса, «Жауабын ертең берейін,» деп кетіп қала
алмайсың. Өйткені біз үшін Қабылбек әкей секілді
үлкендердің айтқаны заң, олар қашанда дұрыс сөйлейді,
турасын айтады деп өскенбіз.
– Жарайды, істеп көрейін. Бәлкім, қолымнан келіп
қалар, – дедім мен.
Үйге келсем, Қарақыз апам да бұл жәйттен хабардар
болып қалса керек, ә дегеннен:
– Иә, балам, басшылар не деді? –деп қарсы алды.
– Айылға секретарь бол дейт, мен мақұл дедім.
– Олай болса іске кіріс, – деді апам. Ішінен мені мақтан
тұтып, риза болып тұрған сияқты.
Апамның туған інісі – менің әкем репрессияда
атылып, сол кездегі солақай саясаттың құрбаны болып
кетті емес пе. Сондықтан да, бізді «халық дұшпанының»
үйі деп, көз алартып қарайтындар көп еді ол уақытта.
Міне, осындай ауыр күндердің бірінде он төрт жастағы
жасөспірім баласы колхоздағы белді бір қызметтердің
72
Шыңғыс Айтматов
біріне тағайындалып жатса қалай қуанбасын. Оның
үстіне біздің сол кездегі тұрмыс-тіршілігіміз, жалпы,
барлық жағдайымыз да осындай бір шешуші әрекетті
қажет етіп тұрды емес пе!..
Колхоздағы хатшылық қызметім менің өмірімді мүлде
басқа бағытқа бұрып жіберді. Жалпы, бұрын мұндай
қызметтерді атқаруға деген талабым да, дайындығым да,
тәжірибем де жоқ еді. Бірақ, тағдыр басқа салса, амал
қанша. Мен енді, мынау ащы да қатал өмірмен бетпе-
бет келгендей болдым. Ел тұрмысына байланысты әр
түрлі мәліметтерді жинап, жазып, жылдық есептерді,
хаттамаларды толтырамын. Өйткені бұл өңірдегі
малшылық, егіншілік жұмыстардың барлығына есеп-
қисап жүргізіп, басшылық жасау ісі айылдық кеңес
арқылы басқарылады. Сондықтан басқармадағы ең
бір даулы мәселелерді, ауыл-елден түскен талаптарды
орындауды өз жауапкершілігіме алуға міндетті едім.
Бұдан кейін салық жинауды да маған тапсырып қойды.
Тамыздың аяғы, не қыркүйектің басында колхоздың
бұрынғы салық жинаушысы әскерге алынып, майданға
кеткен. Кейін ол қайтып оралмады. Майданда қаза
тапты...
Содан соң айылға бір жаралы әскер келді. Ол балдақпен
жүруші еді. Енді сол хатшы болды. Аяғы ақсақ болса да,
бәрібір, қан майданды көріп келген, хат танитын азамат
қой. Ол кісіге хатшылықты беріп, маған салық жинауды
міндет етіп тапсырды.
Мен айтып отырған бұл салық, сол кездегі ең маңызды
да міндетті соғыс салығы болатын. Міне, осы арқылы
мемлекетке қаржы жиналатын. Әрбір түтін өлсе де,
тірілсе де бұл салықты төлеуге міндетті еді, одан басқа
73
Балалық шақ
жол жоқ. Кейбір бейшара, қаріп-міскін кісілер хал-
ахуалын айтып, жалынып-жалбарынғанымен де бәрібір
бұдан босатылмайтын.
Салық мөлшері жоғарғы жақтан ресми түрде бекітіледі.
Біз оны елден жинап, басқармаға тапсыруымыз керек.
Және салыққа байланысты құжаттардың барлығын
растап, ақша алғанымды көрсетіп, салық төлеген кісіге
қол қойдырып, екі дана етіп тілхат жазуым қажет. Сонсоң
оның түпнұсқасын салық жинайтын жерге өткізіп,
көшірмесін өзімдегі журналға тігіп қоямын.
Бұл іске біразға дейін көндіге алмай жүрдім. Өйткені
барған жеріңнен үнемі ақша талап етіп, «әкел», «бер» деп
тұрасың...
Оның үстіне дәл осы мезгілде мемлекеттегі қаржы
мәселесі құлдырап, ақшаның құны кеткен кез. Түйіншек-
түйіншек қағаз ақшаларды қапқа сыйғыза алмай, амалың
таусылады кейде. Бір пұт жүгерінің бағасы 3000 сом. Ал
колхозда істейтін бір қызметкердің айлығы бар болғаны
50 сом.
Ел тапқан-таянғанын, қолына іліккеннің бәрін базарға
апарып, пұлдап жатады. Қолында қалған, бұл болмаса
күнімді қайтіп көремін деп отырған ең соңғы малына
шейін сатады. Соғыс салығынан құтылу үшін картобын,
жүгерісін базарға шығарып, одан түскен аз-маз ақшасын
маған әкеліп өткізеді. Біздің аймақтан апаратын
нәрсенің барлығы да Жамбылдағы Әулие-ата базарында
сатылады...
Қазір ойлап отырсам, ол кездегі елдің сабыры, төзім-
шыдамы соншалықты зор екен ғой. Бүгінгі адамдар ондай
қиын-қысталаң шақта өмір сүретін болса, сол заматта-ақ
көтеріліске шығып, талаптарын ашық айтып, билікке
қарсылық білдіріп, қоғамда бірден дүрбелең туар еді-ау.
74
Шыңғыс Айтматов
Ал ол кезде ел ашығып, тісінің суын сорып отырса да,
жаңағыдай міндетті салықты төлемей қоюды ешқашан
ойына да алған емес. Жо-жоқ, бұл күнде ешкім де мұндай
қиыншылыққа шыдамайды...
Бұл қызмет мен үшін үлкен сабақ болды.
Жұмыс жағдайына қарай, әрбір үйдің қиыншылығын,
адамдарының сабырлылығы мен шыдамдылығын өз
көзіммен көріп, бәріне куә болып жүрдім және өзім де
дәл сондай жағдайда өмір сүрдім. Олар төлеген ақшаның
орны да мен үшін бөлек еді. Жо-жоқ, мен оны ақша деп,
материалдық байлық деп ойлаған емеспін. Бірақ соның
қара тер, таза көңіл, ақ ниеттің арқасында табылған дүние
екенін сезіп, соншалықты бір құтты, аяулы қазынадай
көретінмін. Тіпті азаннан кешке дейін салық жинаудың
машақатымен жүріп, үйге келіп, шырағданды жаққанда
ғана түн ортасы болып қалғанын бір-ақ білетінмін.
Қарақыз апам маған сондай жақсы қараушы еді. Шекер
мен Аршалыда ол кезде жеті жүздей түтін тұратын.
Ал қазір мыңнан асып жығылса керек. Сондықтан да,
қап-қап ақшалар мен олардың құжаттары бір төбе боп
жиналып қалатын. Олардың бәрін санап, қаттап, реттеп,
тізімге алып, түгелдеп, орын-орнына қоюым керек. Содан
соң осы жинағандарымды кешіктірмей, тиынына дейін
есептеп, банкке апарып өткіземін. Ал банк болса, аудан
орталығында. Оған тек ақшаны ғана емес, құжаттарды
да реттеп өткізуге міндеттімін. Олар да маған салықтың
төленгендігі туралы түбіртек-квитанция жазып береді.
Ауданда қаржы бөлімі деген бар. Мен осы бөлімге
тікелей бағыныштымын. Бірнеше бөлмеден басқа
ештеңесі жоқ жалғыз там. Транспорттың тапшылығынан
бұл бөлімнің қызметкерлері бір айылдан екінші айылға
75
Балалық шақ
атпен қатынайды. Колхоз аттары соғыс жылдары қатты
арықтап, көтерем боп қалған. Байқұс жануарлар да
мынандай ауыр заманға тап болып, жем-шөпке жарымай
өтті...
Өстіп жүріп мен де өзімнің ісіме икемделіп, бірте-
бірте көндіге бастадым. Ақшалар мен құжаттарды
кешкісін санап, жинап, ертеңгі жолға алып шығуға
дайындап қоямын. Сонсоң таңсәріден тұрып, сапарға
шығамын. Аузы-мұрнынан шыққанша ақша толтырып
қойған қаптарды ердің үстіне теңдеп артып аламын.
Сонсоң түске дейін аудан орталығына жетіп алайын
деп асығамын. Өйтпесем, алып барған ақшаларымды
растап өткізіп, кері қайтқанымша кеш боп қалады. Кей
күндері үйге жете алмай, жолда түнеп шығатын кездерім
де болып тұрады. Мұндайда Шекерге ертеңіне бір-ақ
жетемін. Әйткенмен, ең бастысы, ақшаны өз уағында
банкке өткізу ғой.
Бір жолы әдеттегідей аудан орталығына қарай бет
алдым. Қарақыз апам мені үйден ұзатып шығарып,
қапшығыма жарты таба нан салып берді. Қыстың қысқа
күндерінің бірі. Дала онша суық емес. Үстімде етек-жеңі
сүйретілген әскери пальто. Оның ұзын шалғайы аттың
ерін жауып, жеңінің ішінен қолым көрінбей қалады.
Аяғымда етік, басымда тері малақай. Ал қанжығамда
аузы буылған, ақша толы қапшықтар...
Ауданға баратын жолды жақсы білем. Астыңда атың
болса, айналма жолмен жүрмей-ақ, ескі сүрлеумен тіке
тартуыңа болады. Мен осыны құп көрдім. Грозныйдан
кейін Кировкаға баратын күре жолға шықпақпын. Ол
кезде біз тұратын жерлердің бәрі орысша аталушы еді.
Банк әрине, Кировкада.
76
Шыңғыс Айтматов
Шекерден шығып, тау бөктерлей жүріп отырып,
біраздан кейін жазыққа түстім. Күн сәскеге тырмысып
қалған. Айналада үрей шақыра қоятындай ештеңе жоқ.
Ат тізгінін бос тастап, жайбарақат кетіп барам.
Қазіргі кезде болса ғой, мұншама көп ақшаны алып,
жалғыз-жарым жолға шығуға ешкімнің де жүрегі
дауаламас еді. Өйткені ақша деген нәрсе әбден сақтықты
талап етеді ғой. Бұл күнде мұндай мол ақшаны арнайы
оқ өтпейтін машиналармен тасиды. Және қолдарынан
келгенше қауіпсіздік шараларын сақтап, ұры-қарылар
шабуыл жасай қалғанда қолданатын іс-әрекеттерін
алдын ала жоспарлап отырады. Ал баяғыда мен сияқты
мұрнының суы кеппеген жас балаға бір қауым елдің
мемлекет үшін, онда да майдан үшін деп жинаған
ақшасын қапшыққа салып беріп, шабан атқа мінгізіп,
аудан орталығына қарай жалғыз өзін жіберіп, жайбарақат
қарап отыра беретін. Иә, ол кездегі елдің пейілі, ниеті
соншалықты таза, соншалықты пәк екен-ау. Ал қазір
адамдар ақша үшін бірін бірі өлтіріп, неше түрлі қылмыс
жасап, қантөгіске барып жатады емес пе. Ал біздің бала
кезімізде мұндай нәрсе ешкімнің ойына келмейтін...
Сөйтіп, өзім бұрын да талай мәрте жүріп жүрген төте
жолмен тартып келем. Ішімнен ыңылдап әндетіп қоям.
Кенет күтпеген жерден бір адам көрінді алдымнан.
Қайдан шыға келді екен? Жаңа ешнәрсе байқаған жоқ ем
ғой. Қай қалтарыста тұрды екен? Бәлкім, менің артымнан
біраздан бері еріп келе жатқан болса да, өзіммен өзім боп,
оны аңдамай қалсам керек. Түр-сипаты да қызық өзінің:
үстінде жырым-жырым ескі шапан, басында малақай,
аяғына шүберектен шарық орап алыпты. Жағы қушиып,
көзі шүңірейіп қалған ап-арық біреу. Бұл сірә, соғысқа
77
Балалық шақ
бармай бой тасалап жүрген, не болмаса, түрмеден
қашып шыққан пақыр болса керек. Мен оған бірте-бірте
жақындап келе жаттым. Дәл тұсынан байқамағансып өте
шықпақпын. Егер ол айқайлап тоқтатпаса... Кенет:
– Әй, балақай! Қапшығыңда не бар? Менің қарным
аш, жейтін бірдеңе табыла ма? – деді әлгі кісі.
Менің оның сөзін естіген бойда аттың басын тарттым.
Жүрегім дүрсілдеп барады. Бұл өзі шынында да, әбден
ашығып, менің қапшығымда тамақ бар екен деп тұрса
керек. Ойланып қалдым. Қапшығымда не бар екенін
айтсам ба екен?..
– Әй, неге үндемейсің? Не бар деймін анау қапшы-
ғыңда? Кәртөшке ме, әлде жүгері ме? Айт деп тұрмын
ғой саған! Наның бар ма? – деді ол енді ақырып.
Мен үндеген жоқпын. Не деймін? Жоқ! Қанжығамдағы
қапшықтарда басқа бір нәрсе болса, жөнімді айтып, жүре
бермес пе ем. Оның үстіне бұлардың ішінде картоп та,
жүгері де жоқ екені өзінен өзі-ақ көрініп тұрған жоқ па.
Жоқ, мен оған ешнәрсе айта алмаймын.
Қызық жағдайда қалдым сөйтіп...
Бір жағынан күлкілі, екінші жағынан қорқынышты
да...
Не де болса, тізгінді қаттырақ ұстап, атты тебініп,
оның жанынан шоқырақтап өте шықтым.
Әлгі кісі енді иен даланың тыныштығын бұзып:
– Сен немене, менің сөзімді ұққан жоқсың ба?! Тоқта!
Қапшықтарыңды жерге таста! – деп айқайлады.
Айналада ешкім жоқ. Ұшы-қиырына көз жетпейтін
кең далада арт жағымыздан да, алдымыздан да тірі жан
көрінбейді. Мұндай жерде бейтаныс кісі жас балаға
аузына келген сөзді айтып, мазақ етіп, қорқытып,
қолындағысын тартып алып кете алады. Мен енді атқа
78
Шыңғыс Айтматов
үсті-үстіне қамшы бастым. Ол болса менің артымнан
қуып келеді. Астымдағы ат әлі келгенше шоқырақтап,
алыстап барамын. Әлгі кісі тамағы жыртылғанша
айқайлайды соңымнан. Бір кезде маған қарата тас лақтыра
бастады. Егер ол әбден арып-ашқан, ауру адам болмаса
бұл оқиғаның қалай аяқталғанын қазір сірә, айта алмас
едім. Иә, сөйтіп, ол менің артымнан тас атып, айқайлап
келе жатты да, кенет тынысы бітіп, дем ала алмай жерге
жалп етіп құлап түсті. Сонсоң арада бірнеше минут
өткеннен кейін маған жалына бастады.
– Әй, қарағым, менің аш екенімді көрмей тұрсың ба?!
Алыстан келе жатқан бір мүсәпір жолаушы едім...
Мен үн-түнсіз қараймын. Мұндай шарасыз жағдайда
қалуымның себебі, ақша толтырылған қапшықтарға
байланысты болып тұр емес пе. Не жоқ, не бар дей
алмай, шарасыз бір күйге түстім. Кенет әлгі кісі қайтадан
ашуланып, бар даусымен мені сөгіп, қарғай бастады.
Тағы да маған қарай тас атып, қуаламақ болды. Бірақ,
мен алыстаған сайын оның дәрмені құрып, аяғын әзер
басып, теңселіп, қыбырлап келе жатты.
Енді мені қуып жете алмасына көзі жеткен соң:
– Ержетпей жатып, қазірден мұндай тасбауыр болсаң,
кейін қандай адам боласың?! Ешкімге қайырың жоқ
ішмерез боп өсесің де!.. – деді айқайлап.
Сөйтіп, даусы қырылдап, қарғап-сілеп қала берді.
Одан жасым кіші болғандықтан ізет көрсетіп, неге
қашқанымды айтып, түсіндіруім керек еді, бірақ...
Біраздан соң менің астымдағы атым да шапқыламақ
тұрмақ, аяғын баса алмай қалды. Енді оның үстінен
түсіп, белін босаттым. Колхоз атарының бәрі тыриған
арық, әлсіз. Жем-шөп жетпейді, тұздың өзін анда-санда
бір көреді. Соған қарамай, ел соларды жұмысқа жегіп,
79
Балалық шақ
жан сақтайды. Қазір мынау ат та қалт-құлт етіп, менің
артымнан әрең ілесіп келеді. Оны біраз тыңайтып алған
соң, қайтадан жолға шықтым...
Міне, бұл оқиға осылай аяқталды.
Бірақ осыдан кейін арада қаншама жылдар жылжып
өтсе де сол бір аш-арық адамның елесі көз алдымнан
кетпей, есіме түскен сайын жанымды жаралайды...
Бұл жолы банкке ақшаны тапсырған соң, көрші
айылдағы бір танысымыздыкіне қонып қалдым. Сол
күні қайтып кетуге қорықтым. Бірақ оларға бұл оқиғаны
айтпадым. Ертең Шекерге бара жатқанымда жаңағы кісі
алдымнан шыға келе ме деп үрейленемін. Бір шетінен,
оған тағы да бір рет жолыққым келетін сияқты. Өйткені
енді қапшықтарым бос болады ғой. Сондықтан да, оған
тамақ беріп, кеше неге қашып кеткенімнің себебін айтып,
қапшықтарымды көрсетпекпін. Және де сол қапшықтарға
салып, ел-жұрттың қаны мен терін сығып жүріп тапқан
ақшасын банкке таситынымды түсіндірмекпін. Әрі бұл
ақшалардан өзім үшін бір тиын алуға, жаратуға хақым
жоқ екендігін ұқтырғым келеді.
Шынында да, онымен тағы бір рет жолығып қалсам
қайтер ем? Айталық, Жамбыл базарына келгенімде
кенеттен алдымнан шыға келсе не істеймін? Міне,
осындай ойлар кейде менің мазамды алатын...
Бұл оқиға жасөспірім шағымның бір белесіндей
болып, өмір бойы жадымда қалды. Иен далада жолыққан
сол бір кісіге қайырымдылық жасай алмағаныма іштей
өкінемін, бір жағынан, жауапкершілікті ойласам, бәлкім,
солай қайырылмай кете бергенім дұрыс та болған шығар
деймін...
Бір анығы, ол біздің жақтың адамы емес еді. Сірә,
жоғарыда айтқанымдай, қашып-пысып, ашығып, өлім
алдында жандалбасалап жүрген бір қашқын болса керек.
80
Шыңғыс Айтматов
Кейініректе Фрунзеде, қазіргі Бішкектегі Ауыл
шаруашылығы институтында оқып жүргенімде сол
кісі Жамбыл базарында оқыста алдымнан шыға келсе
қайтемін деп жиі ойланатынмын. Құдай жарылқап, ондай
күн туа қалса, бәрін де түсіндіріп айтып, кешірім сұрағым
келетін. Өйткені ол менің әдебиет әлеміне қадам басып,
қалам тербеуіме себепкер болған жандардың бірі еді ғой.
Иә, сол бір бастан өткен ауыр күндерді еске алып,
басқаларға айтып беру үшін де әдебиет деген бір
дүниеге араласуға тура келді. Кейде өзімнің жазған
шығармаларымның ішінде әлгі кісі туралы ойларымды
да білдіріп өткен болармын деген бір ой мені жұбатып,
азаматтық парызымды орындағандай сезінетін кездерім
болады...
Осынау қатал жылдарда қан майданда қаза
тапқандардың хабарын жеткізген «қара қағаздарды» да
үйді-үйге апарып тапсыру менің мойныма жүктелгенін
айттым ғой жоғарыда. Мен бұл жұмыстан қатты қиналып,
әбден зәрезап болдым...
Әрине, колхоздың хатшысы әрі салық жинаушысы
болып істеген жылдарым мені үлкен өмір тәжірибесінен
өткізді. Кейін сондағы көрген-білгендерімнің әсерімен
алғашқы повестерімді жаздым. «Жәмила», «Бетпе-бет»,
«Құс жолы», «Ерте келген тырналар», «Қош, Гүлсары»
атты шығармаларым сол кездегі алған сабақтарымның
арқасында дүниеге келді. Олардың барлығы да балалық
шағымда көрген ауыр күндердің елесі. Сол бір шақтың
көркем бейнесі...
Соғыс уағындағы оқиғалар үнемі жаныңды сыздатып,
үрей шақырып тұрады. Бала болсам да мен осы бір
қайнаған өмірдің – ауыр тіршіліктің, адам шыдамас
81
Балалық шақ
азаптың, еңсемізді езген зілбатпан қайғының нақ
ортасында жүрдім.
Арада көп жылдар өткенде Қабылбек әкей екеуміз
бірге отырып, Шекердегі күндерімізді еске алдық. Ол
кісі, құдайға тәуба, ұзақ жасады, немере-шөбере сүйді.
Қабылбек әкей маған ешқашан да басқарма ретінде
қараған жоқ, өз ұлындай көріп, ақылдасып, мәміле қылып
отырды. Ол мені жастайымнан баулып, тәрбиеледі. Өмір
тәжірибесі мол, көңілі таза, данышпан адам еді жарықтық.
Сол жылдары мен өзімнің құрдастарымнан
қалыңқырап, бойым өспей, жасым он төрт-он бесте болса
да кішкентай болып көрінетінмін. Кейін, он алты, он жеті
жасымнан бастап бой тарта бастадым. Сондықтан да,
атқа секіріп міне алмаушы едім. Ол үшін әуелі қолыммен
үзеңгіге асылып, одан соң аттың жалынан тартып, ерге
әрең жететінмін. Дәлірек айтқанда, сол аяғымды үзеңгіге
іліндіріп алған соң барып, оң аяғымды ерге салып, атқа
қонуды үйрендім. Сондықтан ба, атқа міну дегенің мен
үшін бір азап болатын. Елде жоқ, ештеңеге ұқсамайтын,
далбақтаған ұзын пальтом да бөгет болып жүрді. Соның
кесірінен басқалардың көзінше атқа мінуге ұялып
тұратынмын. Лажы болса, атты бір сай-шұңқыр жерге
алып барып, өзім биіктеу тұстан секіріп мінетінмін.
Қабылбек әкей мұнымды бірде байқап қалыпты. Содан
кейін ол үндемей келіп, қайратты қолымен мені көтеріп,
ерге отырғызатын болды да:
– Қане, отырдың ба? Е-е, бопты онда, жұмысыңа кіріс!
– деп қоятын.
Көп жылдардан кейін екеуміз оның мені өстіп атқа
мінгізіп жүретін кезін де күліп отырып еске алдық...
Суық хабар әкелген қарғыс атқыр қара қағаздарды
да жұртқа апарып тапсыруды маған осы Қабылбек
82
Шыңғыс Айтматов
әкей тапсырған болатын. Бұл құжаттың аты да, заты да
шынымен «Қара қағаз» еді. Біздің айылға аптасына жоқ
дегенде екі қара қағаз келіп тұратын...
Ол кезде шаһардан жетісіне екі рет пошта аламыз.
Майданнан хаттар келеді. Оларды әкеліп тапсырғанымда
жұрт қатты қуанады. Ал енді, өлім хабары жеткенде...
Соғыста талай адам шейіт болды. Көбі хабарсыз
кетті...
Қабылбек әкей болса, қара қағаздарды өте маңызды
құжат деп ойлайтын да, оларды хат танитын біреу –
басқарманың ресми өкілі арнайы апарып тапсырып,
елге оқып беруі керек деп есептейтін. Сол үшін де бұл
міндетті әрдайым маған сеніп жүктеп отыратын.
Айылдағы бір үйге қара қағаз келсе, алдымен
ақсақалдарға барып істің мән-жайын түсіндіреміз. Содан
соң олар қаза тапқан кісінің жақын ағайындарын жинап
алып, кеңесіп-келісіп, менімен бірге марқұмның үйіне
барады. Содан соң, мен оларға қара қағазды оқып беремін.
Көрші-қолаң, туған-туысқандардың бәрі жиналып, улап-
шулап, еңіреп жылай бастайды. Сол кезде менің құлағым
зарға толып қалады...
Қатын-қалаш тегіс дауыс салып жоқтап, ал еркектер
«ой, бауырым-айлап» өкіргенде аза бойың қаза болады.
Мен осы у-шудың арасында тағдырдың жазғанына көніп,
аңырайып тұрамын. Ішімнен: «Не үшін қара қағаздарды
үнемі маған тапсыртады? Не үшін елге күнде жаманат
хабар әкелемін? Оны оқып бергенім аздай, мынандай
азапқа не үшін куә болып, қарап тұруым керек?» деп
ойлайтынмын.
Айылдағылардың бәрі мені түгел таниды. Көшеде
кездескенде жылы қабақ танытып өткенімен, іштерінен
қара қағаз тапсыру, өлім хабарын естірту де менің
83
Балалық шақ
жұмысым екендігін сезіп, секем алып тұрады. Сондықтан,
да мен кімнің үйіне жақындап келе жатсам, әуелі сол
үйдің әйелдері үрейлене бастайды да, ақыры шыдай
алмай:
– Біздікіне келме! Жоғал! Кет ары! Кетші ары!.. – деп
алыстан айқай салады.
Бірақ менде не амал бар? Бар болғаны, өз міндетімді
атқарып жүрмін де... Ал олар болса, маған ашуланып,
айқайға басып:
– Келсең ылғи жамандық алып келесің! Жұртқа қара
жамылдырасың!.. – дейді.
Әне, сөйтіп, өз заманымыздың маған жүктеген –
хатшылық және салық жинаушы деген қызметтері
жастайымнан мойныма зор жауапкершілік артып, онсыз
да ауыр тіршілік кешіп жатқан адамдардың азабын одан
сайын ауырлата түсетін қайғылы да азапты міндетті
амалсыз атқаруға мәжбүрлеп қойып еді...
84
Шыңғыс Айтматов
Достарыңызбен бөлісу: |