“Ғылым” баспасы Нұр-Сұлтан 2019



Pdf көрінісі
бет9/23
Дата22.06.2023
өлшемі0,59 Mb.
#103026
түріБиография
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   23
Байланысты:
Ш.Айтматов-Балалық-шақ

АЛҒАШҚЫ ЕҢБЕКАҚЫМ
Өз өмірімдегі ең алғашқы еңбекақымды да жайлауда 
жүргенде алған жайым бар.
Ол кезде ел ұжымдасып, колхоз боп бірігіп, шоғырланып 
қалған уақыт. Бірақ соның өзінде біздің жақтағылар үйір-
үйір жылқыларын айдап, жайлауға шығып кететін. Неге 
екені, мен үшін адамдар ғана емес, жылқылар да жайлауда 
өткізген мезгілін өз өмірінің пейішіндей сезінетін сияқты 
еді. Содан болар, Жаратқан иеміз осы жануарларға ақыл-
еспен қатар жүйрік қиял да берген болса, олар сөз жоқ, 
қыстың қақаған күндерінде жаз-жайлаудағы асыр салған 
тәтті шақтарын сағынатын шығар деп ойлаймын... Былай 
қарасаң, жылқы деген жануарға бәрібір сияқты, қыс 
мезгіліндегі қатты борандарға шыдап, жаз айларында 
шелектеп жауған жаңбырға арқасын тосып, түнге қарай 
сансыз жұлдыздар көз қысып жымыңдаған ашық аспан 
астында жайылып жүре береді.
Күндердің бір күнінде жайлаудағы ел аяқ астынан 
дүрлікті де қалды. Содан бәрі жиналып, ақыл-кеңес 
сұрау үшін әжем отыратын боз үйдің алдына келді. 
Көпшілігі жылқышылар. Сөйтсек, таудағы үйірді бастап 
жүретін бір үлкен айғыр бар еді, сол өліп қалыпты. Ол 
кезде малды қалай өргізіп, қалай бағу керек екендігі 
туралы кеңестерді жұрт елдегі қариялардан сұрап-біліп 
тұратын. Сонымен бірге колхоздастыру шаралары да 
қойнау-қойнаудағы шаруашылықтарды ұйымдастыру 
ісіне кеңінен араласып жатқан. Басқасы басқа, мұндай 
экономикалық өзгерістерден жылқы шаруашылығының 
шет қалмасы анық. Мұның мәнісін мен кейін ер жетіп, 
Ауыл шаруашылығы институтының малдәрігерлік 
және зоотехникалық факультетінде оқып жүрген кезде 
тереңірек түсіндім.


35
Балалық шақ
Әдетте, асыл тұқымды, бағалы жылқыларды көбейтуді 
ойлағандар біраз жылдар бойы әр түрлі тәжірибелер 
жүргізіп, сынақтан өткізіп және олардың нәтижесін күтіп, 
сабыр сақтап, соңына дейін шыдауға тиісті ғой. Біз айтып 
отырған әлгі колхоздастыру кезеңінде де асыл тұқымды 
қойды, текті жылқыны, етті-мүйізді ірі қараны көбейтіп, 
олардың тұқымын асылдандыру үшін қошқарларды, 
бұқаларды, айғырларды алыстағы елдерден қаншама 
қаражат жұмсап әкелетін. Мәселен, Австриядан алып 
келген қошқарлардан туған жергілікті қойдың қозысы 
мүлде басқаша. Міне, осындай тәжірибелер жылқы 
шаруашылығында да қолданылып жатты.
Ал жайлауда өлген жаңағы ат «Дон айғыры» деп 
аталатын, колхоз жылқысының ішіндегі бағалы, өте 
құнды, асыл жануар екен. Біз оның қашаннан бері тауда 
жайылып жүргенін қайдан білейік.
Сөйтіп, оқыста Дон айғыры өліп қалыпты. Сол жылы 
жұрт ежелден «улы өзек» деп атайтын Усаз қойнауында 
отырғанбыз. Бұл жерлерде улы шөп көп өседі. Біздің 
жылқылар оны біледі, сондықтан, ондай шөп өскен жерге 
жақындамай, айналып өтіп, ары қарай жайыла береді. Ал 
жаңағы Дон айғыры мұндай зәһар шөптің кәдімгі шөптен 
қандай айырмашылығы бар екенін қайдан білсін? Сол 
себепті ол улы шөпті байқамай жеп қойып, сеспей қатқан 
ғой.
Біз, балалар, бұл хабарды ести сала әлгі Дон айғыры 
өлген жерге қарай шұрқырап жүгіре жөнелдік. Өйткені, 
жайлаудағы болған-біткен істің жайын енді өз көзімізбен 
көруіміз керек емес пе. Сөйтіп ентігіп жетіп келдік те, 
состиып тұрып қалдық. Айтса айтқандай, дөңкиген 
Дон айғыры ұп-ұзын, етті, семіз аяқтарын созып, қарны 
шермиіп, өліп жатыр. Аузы ашылып, тістері көрініп, 


36
Шыңғыс Айтматов
көзі әйнектей боп жылтырап, басы теріс қарай бұрылып 
қапты.
Жылқышылар айғырдың ар жақ-бер жағына кезек 
шығып, үңіліп қарап, бастарын шайқап, күрсініп, 
қабақтары түксиіп, шоң айғырдың бір демде қалай 
өле қалғанын біле алмай, дал болып жүр. Өйтпегенде 
қайтсін? Жаңа ғана үйірді бастап, құландай ойнақтап 
жүрген сап-сау жылқының өлі денесі көз алдарында 
теңкиіп жатқан жоқ па. Бірақ олардың айғыр үшін емес, 
жоғарғы жақтағыларға қайтіп жауап беретіндерін ойлап, 
айла-амалдары құрып, қайғырып жүргендерін мен кейін 
ұқтым. Біле білген кісіге мұндай асыл тұқымды малдың 
өлімі колхоз бастықтарының алдағы тағдырын шешіп 
жіберетіндей қатерлі нәрсе екен.
Дегенмен, болар іс болған соң, жылқышыларға енді 
бір ғана амал қалыпты, ол – асыл текті айғырдың неден, 
қалай өлгендігін түсіндіретіндей бір актының хатқа түсуі.
Сол үшін айылға шабарман жіберіпті. Ертеңіне ол 
өзімен бірге жайлауға сарғылт шашты бір орыс кісіні - 
малдәрігерді ерте келеді. Жылқышылар оған айғырдың 
неден өлгенін түсіндіре алмай көп әлектенген. Ал орыс 
болса, жан-жақтан жамырап, жалбақтап жатқан оларға 
бір қарап, денесінде еш жарақаты жоқ, бірақ теңкиіп өліп 
жатқан жылқыға бір қарап, ештеңе түсіне алмай аң-таң. 
Айғырдың аузын ашып көріп, денесіне үңіліп қарап, не 
бір аурудың, не бір тыртықтың ізін таппайды. 
Ал біздің жылқышылар орысша білмейді, сондықтан 
да, оған болған оқиғаның мән-жайын айтып түсіндіруге 
тілдері жетпей, өйтіп-бүйтіп қолдарын сермеп, аузы-
бастарын қисаңдатып, түк ұқтыра алмайды. Тегі, орыс кісі 
бір ауыз қырғызша, ал біздікілер бір ауыз орысша білсе 
бұйырмасын. Ол уақытта бұл екі тілді қатар білетіндер 
өте сирек ұшырасушы еді ғой...


37
Балалық шақ
Содан бір кезде жылқышылардың біреуінің есіне 
Айымқан бәйбішенің немересінің орысша білетіні түседі 
де, осылай қарай тұра жүгіреді. Сөйтіп әжеме келіп, әлгі 
орысқа менің жылқының неден өлгенін айтып түсіндіріп, 
тілмаш болуымды сұрайды.
Ал мен болсам, күндегідей балалармен бірге далада 
ойнап жүргенмін. Әжем мені өзінің қасына шақырып 
алып:
– Жүр, үлкен кісілерге тілмаш боласың, – деп 
қолымнан ұстап, жетелей жөнелді. Ә дегенде, ойынды 
қимай, тартыншақтағандай боламын. Бірақ әжем оған 
көнбейді.
– Жүр бері, құдай атқан! Сен орысша білесің ғой. 
Бүгін тілмаш болмасаң, бүкіл туған-туысқандарымыз 
сенен безіп кетеді. Бір өзіңді ғана емес, әке-шешеңді де 
жақтырмай қалады. Бас аяғыңды! – деп дедектетіп, жұрт 
жиналып тұрған жаққа қарай сүйреп әкелгендей болды. 
Ол жердегілер өлген айғырды төңіректеп тұр екен. Нақ 
орталарында– әлгі орыс кісі. Ол маған қарап:
– Әй, бала! Амансың ба? – деді орысшалап. 
Жұрт тым-тырыс. Мен содан шошып, көткеншектей 
бердім. Ол болса, тағы да сәлемдесті. Енді мен де оған 
орысшалап:
– Здравствуйте! – дедім.
– Сен маған жәрдем беруге келдің бе? Өзің бір өте 
ақылды бала екенсің. Қарашы, мына дәу аттың өліп 
жатқанын! Бұның неден өлгенін түсіндірші, – деді ол 
күлімсіреп.
Топ арасынан бір ақсақал маған жақындап келіп, 
басымнан еркелете сипап, айғырдың неден өлгенін айта 
бастады. 


38
Шыңғыс Айтматов
– Балам, сен бұл орысқа біздің тауларда улы шөп 
өсетінін, мынау айғырдың соны жеп қойып, уланып 
өлгенін жеткіз. Біздің жылқылар ол улы шөптерді біледі, 
сондықтан жемейді. Ал мынау айғыр болса, жайлауға 
бірінші рет келгендіктен, сол шөптерді жеп қойып, 
уланып өлді. Иә, сен енді, оған өстіп айтып, түсіндіре ғой.
Мен мұны бірден айта алмай, шегіншектей бердім. 
Жұрттың бәрі маған қарап:
– Бол енді, айт! – деп орысқа қарай итермелеп қояды.
Ол да шыдай алмай:
– Не бопты өзі, немене деп жатыр? – дейді 
дегбірсізденіп.
– Байке, айғыр улы шөп жеп қойыпты, – дедім мен 
әрең тіл қатып.
– Немене?! Қайдағы улы шөп?! – деп таңғалды орыс.
– Біздің бұл тауларда улы шөптер көп өседі. Жергілікті 
жылқылар оны біледі де, алыстан айналып өтеді. Ал 
мынау ат соны білмей, жеп қойыпты, – дедім енді мен 
нақпа-нақ аударма жасап.
Жылқышы қария тағы да маған бұрылып:
– Қарашы, улы шөп жегендіктен іші кеуіп кеткен. 
Қарны қампиып жатқанынан-ақ біле берсе болады, – деді.
Мен бұл сөздерді орыс кісіге бір деммен аударып 
бердім.
Ол маған:
– Азамат! Енді бәрін түсіндім. Актыда сөйтіп жазамын, 
– деп, әлгі айғырдың қалай уланып өлгені туралы бір 
парақ қағаз жазуға кірісті.
Жылқышылар сол актыны түгел растап қол қойды да, 
әлгі орысты біздің боз үйге қарай ала жөнелді. Сөйтіп, 
бір сырбаз қозы сойылып, қонақ сыйлау кәдесі басталып 
кетті.


39
Балалық шақ
Мен болсам, бұл уақытта балалармен бірге шапқылап 
ойнап кеткенмін. Бір кезде қонақтар мені ішке шақырып 
жатыр десті. Әжем төрде марқайып, немересінің бүгінгі 
еңбегіне мақтанып отыр екен. Іштегі үлкен кісілердің бірі 
маған майлы жілік ұзатып:
– Қарағым, өте зейінді бала екенсің. Сен болмағанда 
мына орысқа біз ештеңе түсіндіре алмас едік. Міне, ала 
ғой, бұл біздің қолымыздан саған ұстатқанымыз болсын! 
– деді. 
Жасы үлкен кісінің ыстық ықылас танытқанына 
қуанып, жілікті ұстай алдым.
Міне, менің алғашқы еңбекақым. Жілікті қолыма 
қысып, есікке қарай ұмтылдым. Сыртқа шыққан соң оны 
достарыммен бірге бөлісіп жеп алдым.
Сөйтіп, алғаш рет орысшадан қырғызшаға, 
қырғызшадан орысшаға сөз аударып, тілмаш болғаным 
бар...
Содан бастап күні бүгінге дейін осы екі мәдениетке 
қатар қызмет етіп келемін. Ал жаңағы оқиға менің 
өмірімдегі ең алғашқы тәжірибем болды. Және де осы 
тәжірибеден басталған іс өмір бойы жалғасып келеді. 
Тағдыр маған бұл дүниеде екі тілді бірдей білуді нәсіп 
еткен екен. Оның бірі – ана тілім болса, екіншісі – он 
сегізінші ғасырдан бері, екі жүз жылға жуық уақыт 
бізбен бірге жасап, тағдыр-талайымызға ортақтасып келе 
жатқан орыс тілі. Бұл тіл біздің, Түркістанның тарихи, 
мәдени дамуына үлкен үлес қосқаны анық. Орыс тілін 
білу – өміріміздегі ең қажетті, негізгі шарттардың бірі 
болды.
Мен оны бала кезімде өз басымнан өткізіп, жан 
дүниеммен сезінгенімді жаңа ғана айттым ғой.


40
Шыңғыс Айтматов


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   23




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет