“Ғылым” баспасы Нұр-Сұлтан 2019


ӘКЕ БЕЙНЕСІН ЕСКЕ АЛҒАНДА



Pdf көрінісі
бет10/23
Дата22.06.2023
өлшемі0,59 Mb.
#103026
түріБиография
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   23
Байланысты:
Ш.Айтматов-Балалық-шақ

ӘКЕ БЕЙНЕСІН ЕСКЕ АЛҒАНДА
Әке келбеті менің көз алдыма былай елестейді: қап-
қара қою шашы және сол қара шаштың бір жеріндегі 
қасқайған тұсы, көшеге шыққанда киетін көйлегі, 
қонышы ұзын былғары етік...
Әкем көбіне қос ат жегілген арбамен жүретін. Ол 
арбаға кісі отыруға ылайықталған орындық бекітіліп, 
үсті былғарымен қапталған. Әкем әрдайым арбаның арт 
жағында, ал алдыңғы жағында – арбакеш.
Әке елесімен бірге еріп Ферғана жақтағы үйлер де көз 
алдыма келеді. Олардың барлығы да айналасы бозарған 
пақса дуалдармен қоршалған, шатыры жайпақ қоржын 
тамдар.
Ферғананың тұрмыс-тіршілігі өзгеше. Мұндағы ел 
бір-бірімен қоян-қолтық араласып, қолындағы барын 
бөлісіп, ұйымшылдықпен күн кешеді. Қыстақтағылардың 
ынтымағы берік, әйел болсын, еркек болсын, үлкендердің 
айтқан сөзін жерге тастамайды. Жамандық-жақсылықтың 
бәрін бірге көреді. Мұндай ұйымшылдық Өзбекстанда 
күні бүгінге дейін сақталған.
1934 жылдың басы. Менің алты жастағы бала кезім. 
Әкем Төреқұл өз заманындағы айтулы азаматтардың бірі. 
Хат-сауаты ерте ашылған. Жамбылдағы Әулие Ата деп 
аталатын орыс мектебін бітірген, жасы отызға жетпей 
атқа қонып, ірі мемлекеттік қызметтер атқарып жүрген 
кісі. 
Заман өзгеріп, шоң өлкеде колхоздастыру атты 
бір үлкен саяси науқанның белең алып жатқан кезі. 
Елдің дені осы саясаттың дегеніне көніп, ертеден келе 
жатқан тұрмыс-тіршілігін, көзқарасын өзгертіп, сөйтіп, 
жаңа өкіметтің пәрменімен сауатсыздықты жойып, 


41
Балалық шақ
қараңғылықтан арылып, өздерін осындай күйге жеткізген 
бай-манаптарды түп-тамырымен жоқ қыламыз деген 
ниетпен келешекке көп үміт артып, алға қарай ұмтылып 
жатыр.
Оңтүстіктегі Араван ауданында – Ферғана өңірінде 
мақта өседі емес пе. Ол қара тер мен қажырлы бейнеттің 
арқасында ғана ағаратын өте бағалы өсімдік. Жер 
жырту, тұқым себу, суғару, теріп алу секілді жыл бойына 
созылатын жұмыстарды бір күн тоқтатпай, ертелі-кеш 
соңында жүрген жамағаттың еңбегі әйтеуір, түптің-
түбінде бір ақталады. Менің де әкем міне, осындай 
машақаты мол жұмыстарды ұйымдастыру ісін қолға алып, 
ертелі-кеш басы-қасында жүруші еді. Күндіз-түні тыным 
таппай арбасын зырылдатып, шаршадым-шалдықтым 
демей, дала кезіп жүргені жүрген. Ол әрдайым елдің 
ортасында. 
Балалық шағымыз ашаршылық жылдарына тұспа-тұс 
келді. Көз алдыма сол кездегі қайыршы-тіленшілер қазір 
де суретке басылғандай ап-анық боп елестейді. Солардың 
бірі, кішкентай ғана аш бала біздің үйге жиі келуші 
еді. Жас шамасы он-он бірде болса керек, сірә. Ептеп-
септеп тамақ тауып, тіленшілікпен жан бағып жүрген 
бейшара, өмірдің өзі ысылтқан епшіл неме еді. Ашық 
тұрған дарбазадан, иә болмаса, терезеден басын сұғып, 
аянышты үнмен қайыр сұрайтын. Орысша, қырғызша 
араластырып: 
– Мамочка, мамочка! Құрсақ пропал! Мамочка! – деп 
тұратын.
Оның даусы соншалықты жалынышты еді және оған 
мейірімі түскен апам маған бір кесім нан мен тамақ беріп, 
«бар, ана балаға апарып бер» деп жұмсап жіберетін. Ол 
біздікінен құр кетпейтінін біліп, жиі-жиі келеді. Екеуміз 


42
Шыңғыс Айтматов
тіпті, достасып та қалғандай едік, кей күндері бірге ойнап 
кететінбіз. Бір күні әкем соны байқап қалды да, менен 
оның кім екенін сұрады. Содан соң қайыршы-тіленші 
байғұстарға берерсің деп маған ылғи да қалтасындағы 
майда ақшаларды беріп тұратын болды. Ал жаңағы балаға 
сол ақшаларды әкеліп бергенімде ол қатты қуанушы еді. 
Ол үнемі бір боз қоржын арқалап жүретін. Әлі көз 
алдымда, бір күні сол боз қоржыны дал-дал болып сөгіліп 
қалыпты. Оның ішінде консервінің бір бос қалбыры 
болатын. Кейде екеуміз қураған бұта-шыршаларды 
жинап, от жағатынбыз. Ол жаңағы қалбырға тамақ 
пісіретін. 
Бірде әкеммен бірге Әндіжанға бардық. Мен үшін бұл 
сапар өмірімдегі бір ұмытылмас оқиға боп қалды. Әндіжан 
ол кезде Ферғана өңіріндегі ең ірі шаһарлардың бірі еді. 
Жол сондай ұзақ. Біз ара-тұра демалып, сапарымызды 
жалғастыра бердік. Жол бойында көп адамдар әкеммен 
сөйлесіп, ақыл-кеңес сұрап жатты. Ел жағдайы өте ауыр, 
қиыншылыққа толы мезгіл. Қандай сұраулар берілсе 
де әкем бәріне үміттендіре жауап қатып, ақыл-кеңес 
айтып отырды. Халықтың көбі ол кезде жаңа заманның 
түпкі мән-маңызын түсіне алмай, жолайрықта, арасат 
жолында тұрғандай толқулы еді. Колхоздастыру ісі міне, 
осы мәселені шешпек. Ендігі үміт ұжымға кіру жағында 
болғанымен, ауыр тұрмыс елдің белін қайыстырып, 
еңсесін басып тұр. Қазір осы қиыншылықтан шығудың 
жолы бір адамға – ақылды, белсенді, шаршап-шалдығу 
дегенді білмейтін әкеме ғана жүктелгендей көрінеді...
Арада біраз уақыт өткенде әкемді Мәскеуге жіберді. 
Неге өйткенін білмеймін. Бірақ бір нәрсе анық – біз 
Фрунзеге (қазіргі Бішкекке) қайтып көшіп келгенімізбен, 
әкемнің көпке дейін үйге оралмайтыны. Өйткені ол кісі 


43
Балалық шақ
Мәскеуге оқуға кетіпті. Кеңес билігі сол кезде жер-жердегі 
барлық танымал, белгілі мемлекеттік қызметкерлерді 
марксистік саясаттың ең жоғарғы деңгейіне жеткізу 
үшін Қызыл профессорлар институтына оқуға шақырып 
жатыр екен. Олардың ішінде менің әкем де бар. Осыдан 
бастап, бір жарым жылға дейін біз әкемізді көрмедік. 
Үйде үш бала бар. Мен, қарындасым және інім. Сөйтіп, 
бір күні анамның бізді әкемізге – Мәскеуге алып баратын 
мезгілі де келіп жетті. Бұл күндер менің есімде кәдімгідей 
жақсы сақталып қалыпты. Туған-туысқандарымыз бізді 
Фрунзеден шығарып салды. Пойыз Жамбылға келіп 
тоқтағанда бізбен көрісіп, қайыр-қош айтысып қалуға 
келген Таластағы ағайындарымыз ішке абыр-сабыр боп 
еніп келе жатты. Олар біздің жол азығымызды да қамдап 
ала шығыпты. 
Пойызбен тұп-тура бес күн жол жүрдік. 
Жолаушылардың барлығы өз жағдайын ойлап, қам-
қарекетін жасауда. Олардың ішінде біз де бармыз. 
Қолымыздағы ыдысымызға бір жерден қайнаған су құйып 
аламыз. Әркім өз жанын бағуға тырысады. Бұл ұзақ сапар 
мен үшін өмірімдегі ең бір ұмытылмас романтикалық 
сапар болды. Мәскеуге бара жатырмыз ғой! Өмірімізде 
алғаш рет Мәскеуге – әкеме келе жатырмыз! Бұдан былай 
сол жақта тұрып, сол жақта оқитынымызды анам бізге 
алдын ала айтып жүрген. Әкем жетекшілеріне Мәскеуге 
өзінің жалғыз келгенін білдіріп, шешеммен бірге үй-ішін 
де көшіріп алуға рұқсат сұраған екен. 
Осы сапарымыздың ең бір естен кетпес елестері 
Арал теңізінің жағасында қалды. Ол кезде бұл теңіз 
ұшы-қиырына көз жетпейтін кең даланың ортасында, 
көк айдыны күнге шағылысып шалқып жатушы еді. 
Менің өмірімдегі алғаш көрген теңізім де осы – Арал. 


44
Шыңғыс Айтматов
Ақбас толқындары ытырылып келіп, теміржолды шайып 
жатқаны әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. 
Пойыз сан мәрте тоқтап, анаммен бірге ілесіп сыртқа 
шығып келіп жүрдік. Байғұс анам бізді бірнәрсеге ұшырап 
қала ма деп, ары жүрсе ары, бері жүрсе бері жетектейді. 
Біз болсақ, айналамыздағының бәрін көріп қалуға 
тырысамыз. Әсіресе, пойыздың терезесінен теңізге 
қарау біз үшін тілмен айтып жеткізе алмайтындай рақат. 
Ал теңіз бен пойыздың арасында ары-бері шұбырған 
адамдар. Олар қазақтың балық сатып жүрген қыздары 
мен ұлдары. Бәрінен бұрын мені теңіздің айдын шалқар 
кеңдігі мен суының молдығы қатты таң қалдырды. Қазір 
болса, сол тұстан өткенде оның бұрынғыдай шалқыған 
ұлылығын да, көз сүйсіндіретін керемет сұлулығын да 
көре алмай дал боламын. Суы тартылып, өлімсіреп бара 
жатқан бір өксік теңіз... Мына дүниенің қазіргі кездегі 
экологияға байланысты ең алғашқы міндеттерінің бірі – 
осыдан миллиондаған жылдар бұрын Арал қандай болса, 
дәл сондай қалпына қайта келтіру деп білемін. 
Біз Арал теңізінен соң ұлы дария Еділді көрдік. Содан 
кейін көкжиегіне көз жетпейтін жазық даладан өтіп,
шеті-шегі көрінбейтін көкжасыл ормандардың ішімен 
Ресейдің қойнауына қарай сүңги түстік. Ақыры 
Мәскеудегі Қазан теміржол бекетіне келіп тоқтадық. Ол 
жерде де ығы-жығы жұрт. Одан кейінгісі есімде қалмапты. 
Бізге берілген үйге қалай жеткенімізді де ұмытыппын. 
Бірақ Воровский көшесінен қалай бұрылғанымызды 
жақсы білемін. 
Мәскеудің көне, әрі орталық көшелерінің бірі болып 
саналатын Воровский көшесі әлі де бар. Мұнда маған 
жақсы таныс болып кеткен Жазушылар үйі орналасқан. 
Біз сол маңайдағы 5-ші үйде тұрдық. Бала кезімізде 


45
Балалық шақ
Жазушылар үйінің бағында көп ойнадық. Оның қасында 
бүкіл елге әйгілі Киноактерлар одағы бар еді. 
Егер жаңылмасам, 1936 жылы Максим Горький 
өлгенде Жазушылар үйіне мен де барғанмын. Әкеммен 
бірге Горькийді ақырғы сапарға шығарып салу жиынына 
қатыстым. Қазіргі кезде бұл көшеде көптеген елшіліктер, 
консулдықтар, банктер және Ресей Жоғарғы сотының 
ғимараты орналасқан. Жазушылар үйі жанындағы 
Актерлер үйі де сол бұрынғы орнында. 
Мәскеуге келген соң бұл жердің тұрмыс-тіршілігіне де 
үйренісе бастадық. 1-2 сыныпты мен Мәскеуде оқыдым. 
Бірақ сол мектебіміздің қай тұста болғаны, неге екені, 
есімде қалмапты. Біз бұл қалаға 1935 жылдың наурыз 
не сәуір айында келдік те, 1937 жылдың тамыз айының 
соңына дейін тұрдық. Әкем менің жақсы оқуым үшін 
қолынан келген көмегінің бәрін жасап бақты. 
Бес кісіден тұратын біздің отбасымызға бір бөлме 
берілген. Ал асханамыз осы қабаттағы басқа үйлермен 
бірге еді. Бұл үй маған өте үлкен сияқты көрінетін. Бірақ, 
соның өзінде де адамдар сыймай, қысылып-қымтырылып 
тұрып жататын. 
Мәскеуде біз бұрынғыдан мүлде басқаша тіршілік 
кештік. Менің бала кезімдегі ең үлкен оқиғалардың бірі 
– әкеммен бірге Кино үйіне барып, сол кездегі әйгілі 
фильмдердің бірі «Соловей - Соловушканы» көріп 
қайтқаным. Бұл кинода сұлу қыз бен жігіттің арасындағы 
махаббат хикаясы баяндалады. Олар бір байдың малайы 
болып жүреді. Ол бойжеткен қызды сыртынан басқа 
біреуге сатып жібереді. Қыздың сұлулығына тіл жетпейді 
енді. Оны тек әнге қосып, жырлауға ғана болады. 
Сондықтан да бұл туынды «Соловей - Соловушка» деп 
аталса керек. Кинодағы қыз бен жігіттің трагедиясы, 


46
Шыңғыс Айтматов
бойжеткеннің жылағаны, оның әрбір іс-қимылы, басқа 
біреуге сатылуы менің жан-дүниеме қатты әсер етті. Ол 
кездегі фильмдер спектакльге ұқсайтын. Жалпы, кино 
өнері кейін дамыды емес пе.
Киноның маған қатты әсер еткені соншалықты, бір 
кезде кинотеатрдың ішінде отырғанымды да ұмытып, 
ботадай боздап жылай бастадым. Әкем мені жұбата 
алмай, амалы таусылып, сыртқа жетектеп шығып кетейін 
десе, бұл хикаяның ақыры немен бітер екен деп өзі де 
қызығып, соңына дейін көргісі келеді. Шықпайын десе, 
мен боздап отырмын. Ол маған:
– Балам, бұл жерде жылауға болмайды! Қой енді, – 
дейді қайта-қайта қайталап.
Сөйтіп, әке мен бала әлгі киноны ақырына дейін көріп 
шықтық-ау, әйтеуір. Жылап-жылап менің көзім ісіп кетті. 
Үйге келдік. Әкем қатты кейіп, анама қарап:
– Бұл бала неге мұншама сезімтал болған, а?! Осы 
біздің бәрімізге де кино қатты әсер етті. Бірақ ешкім дәл 
бұлай боздап жылаған жоқ, – деп арыз айтқандай болды. 
Әкемнің бұл сөздерінен кейін мен қатты қысылсам да, 
іштей кино көріп келгеніме риза болып жүрмін...
1936 жылдың жазы да келіп жетті. Мәскеуліктер жаз 
айларын саяжайда өткізеді екен. Біздің де Парфеновка 
деген жерде бір саяжайымыз болды. Оған Ленинград 
теміржолы арқылы баратынбыз.
Жазда пойызға мінетін жұрт көп болады. Локомотивтер 
қаладағыларды айыл-қыстақтарға, ал ондағыларды қалаға 
тасып, тыным таппайды. Біз бір кісінің саяжайының екі 
бөлмесін жалға алып тұрдық. Бұл кезде отбасымыздың 
саны алтауға жетіп, көбейгенбіз. Төрт айлық кенже 
қарындасым бар.


47
Балалық шақ
Жаз бойы жағам жайлауда, айналадағының бәрі де 
маған таң-тамаша болып көрінеді. Айыл балаларымен 
бірге ойнаймын. Кей-кейде шекісіп, ұрысып қалатын 
кездеріміз де болады. Өзенге шомыламыз. Күні бойы 
судан шықпаймыз. Күн сайын жаңа сауылған сүт ішіп, 
қарнымыз қозының қарнындай боп томпайып барады. 
Біз сөйтіп, орыс айылының да өмірін көріп, бірте-бірте 
үйренісе бастадық. Әкем мен шешем қоңсыларымызбен 
тез тіл табысып, олардың әр түрлі мереке-тойларына, 
туған күн кештеріне үнемі барып қатысып жүрді. Ал біз 
болсақ, ол кісілердің балаларымен бірге ойнайтынбыз.
Күндердің бір күнінде бізбен көрші тұратын екі орыс 
төбелесіп қалды. Төбелескенде де бөтен емес, бөгде 
емес, әкесі мен баласы. Бірін бірі аямай ұрып-соғып, 
тепкілеп жатыр. Оларды көріп менің үрейім ұшты. 
Шыңғырып жылап, үйге қарай қаша жөнелдім. Құп-қу 
боп кеткен реңімді көріп әкем шыдай алмай әлгілерге 
қарай тұра жүгірді. Шамасы олар мені ұрып жіберген 
болар деп ойласа керек. Болған оқиғаны өз көзімен көріп, 
жай-жапсарын түсінгеннен кейін үйге тағы да ашуланып 
келді. Келе сала шешеме қарап:
– Бұл балаң адам болмайды! Анау екеуі мас болып, өзді-
өзі қырқысып жатса, айдалада жүрген бұл жылап, үйге 
қарай қашыпты. Өстіп жүріп бұл қайдан адам болсын?! 
Неғып соншама боркемік, сезімтал болды екен? – деп 
жаңағы оқиғаны бастан-аяқ айтып түсіндіре бастады.
Ал анам байғұс мені барынша ақтап сөйлеуге 
тырысуда. Баяғы кинодағы жағдай тағы да қайталанды. 
Екі адамның бірін-бірі аямай ұрып-соғып, тепкілегені 
жан дүниемді осып өтіп, терең із қалдырып кетті...
Үлкен қаланың шетіндегі Парфионовкада бір айға 
жақын уақыт мектепке барып, оқуымды жалғастырған 


48
Шыңғыс Айтматов
кезім де болды. Теміржолдың бойындағы бір орыс 
баринінің үйін олар мектеп қылып алған екен. Әке-
шешем осындағы өзі қатарлы жұрттың бірі болып 
көрінгенімен, тү-у сонау шалғайдағы өлкеден сол кездегі 
алып одақтың астанасына келіп, жаңа тіршілікті көріп, 
көп нәрсені түсініп, үйренуге ұмтылып жүргендері 
анық байқалатын-ды. Әрине, олар көптеген жаңа 
тәжірибелерді байқап, көңілдеріне тоқып алуға тырысты. 
Бірақ, біздің Мәскеудегі өміріміздің ақыр-соңы трагедия 
болып аяқталды.
1937 жыл. Саяси қуғын-сүргіннің бір шеңгелі менің 
әкемнің де жағасына жармасып, қылғындыра бастаған 
кезі. 
Тамыз айында саяжайдан қалаға келдік. Әкем бір 
жамандықтың боларын алдын-ала сезіп, бізді елге 
қайтарудың қамын ойлай бастады. Өз тағдырындағы 
тар жол, тайғақ кешуден бұдан былай қашып құтыла 
алмасына көзі анық жетіп, енді сол азаптан бізді 
алыстатып, құтқарып қалудың қамын іздеді. Ол үшін 
елге қайтарғанды жөн көрді. Бұл жақта, бөтен жерде 
қалдырғысы келмеді.
Бірақ біз енді қайда бармақпыз? Фрунзеге қайтып 
оралуға болмайды. Ол жақта да бізге тырнағын батырайын 
деп аңдып отырған бір құбыжықтың бар екені кәміл. 
Сөйтіп, қай жаққа барарымызды білмей басымыз қатып, 
амалымыз құрып тұрған шақ. Міне, осындай тағдыр 
тәлкегіне түскен кезде алдымыздан, алыстан жылтыраған 
үміт оты сияқты болып көрінген жалғыз ғана Маймақ 
станциясы еді.
Теміржол да осы Маймақтан өтеді. Дала да сол жерден 
бітіп, ары қарай аласа дөңдер көрініп, бірте-бірте биік 
тауларға ұласады. Шекер, Көксай, Аршалы айылдарына 


49
Балалық шақ
баратын жол да осы Маймақтан басталады. Бұл станцияға 
пойыз үлкен туннель арқылы өтіп барады.
Оның өзі атақты туннель. Атам Айтмат та, әкем 
Төреқұл да осы бір жер асты жолын салуға көп еңбек 
сіңірген. Екеуі де жан аямай жұмыс істеген. Әкем елі 
үшін көп нәрсе жасап, тынбай қызмет етті. Міне, енді сол 
үшін өкіметтен жазасын да алған сияқты. Және алғанда 
да, өзгенің емес, өз өмірін айырбастап алды...
Біз ол кезде кімнен қашып, кімнен пана іздеп бара 
жатқанымызды білген жоқпыз. Бірақ жүрегім әлденені 
сезеді. Шым-шымдап көңіліме түйеді. Оны-пұны 
бұйымдарымызды жинап, буып-түйіп жатқан әкем мен 
анамның қайғы торлаған жүзі, қорқыныш ұялаған көзі 
беймәлім бір жаманшылықтың келе жатқанын айқын 
аңғартқан. Қайткен күнде де әкемнің бізбен бірге кете 
алмайтыны анық. Оған жұмысындағы бастықтар рұқсат 
бермей қойғанын білемін. Осы тұста әкем өзінің нағыз 
қайратты, ерік-жігері мол жан екендігін байқатты. Ол 
бізді елге, өзінің інісі Рысқұлбектікіне жіберетін болып 
шешті. Құдайға шүкір, ол кезде інісі әлі тірі болатын...
1936 жылдың тамыз айының ақырғы күндерінің бірінде 
заттарымыздың көбісін сатып, өзімізге керектілерін ғана 
алып, шешем бар, алты айлық қарындасым бар, бір үйдің 
төрт кісісі жолға шықтық.
Әкем бізді Қазан вокзалынан шығарып салды. Ол 
кезде пойыз жүріп бара жатса да есіктері біраз уақытқа 
дейін ашық тұратыны есімде. Біз мінген вагон тәп-тәуір 
екен. Купеде екі қабатты сөре. Әкем әдейі осындай жақсы 
вагонды таңдаса керек. Ол бізбен қоштаса бастады. 
Шешемнің сондағы көз жасы, әкемнің өзін өзі тежеп, әрең 
ұстап тұрған қайғылы жүзі әлі күнге дейін көз алдымда...


50
Шыңғыс Айтматов
Вагонға мініп жатқан ел көп еді. Бірін бірі итеріп, 
қысылысып, өз купелеріне жете алмай жатқан 
жолаушылар.
Әкем орнынан баяу қозғалып бара жатқан пойызбен 
қапталдаса жүріп бізге қарап қолын бұлғай берді, бұлғай 
берді...
Мен купедегі сөренің екінші қабатына шығып 
алғанмын. Бәрін көріп, біліп, түсініп жатырмын. Бұдан 
кейін бір-бірімізді көрмейтінімізді де сездім. Сондықтан 
да болар өзімді өзім тоқтата алмай егіліп жылай бердім, 
жылай бердім. Көзге түртсе көргісіз қараңғы түнді 
өксумен өткіздім. Шешем орнынан қайта-қайта тұрып 
келіп:
– Біз жалғыз емеспіз, ұлым, қарашы, айналамызда ел 
бар, жұрт бар, біз жалғыз емеспіз, – деп жұбатады мені.
Әне сөйтіп, әкеммен қоштасып, алыстап кете бардық.
Қазақстанға келіп жеткенде пойызға қазақтар міне 
бастады. Олар біздің жағдайымызды сұрап біліп, маған 
жылы-жылы сөздерін айтып, жұбатуға тырысты.
Тағы да Арал теңізінің жағасынан өттік. Туған елге, 
қиын тұрмысқа қайта оралып келе жатқанымызды 
жүрегім сезеді...
1937 жылдың 1 қыркүйегін мен ешқашан да 
ұмытпаймын.
Бес күннен соң түнгі сағат екінің шамасында өзіміз 
көздеп келе жатқан Маймақ станциясына жеттік. Мұнда 
бізді туған-туысқандарымыз күтіп жатыр екен. Алдын 
ала дайындап қойған арбаларына отырғызып, Шекерге 
қарай бет алды.
Сөйтіп, біз елге оралдық...


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   23




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет