“Ғылым” баспасы Нұр-Сұлтан 2019


Балалық шақ ҚАСҚЫРЛАРМЕН КЕЗДЕСУ



Pdf көрінісі
бет11/23
Дата22.06.2023
өлшемі0,59 Mb.
#103026
түріБиография
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   23
Байланысты:
Ш.Айтматов-Балалық-шақ

 


51
Балалық шақ
ҚАСҚЫРЛАРМЕН КЕЗДЕСУ
Балалық шақты еске алғанда көз алдыма келе қалатын 
қасқырлардың да менің естеліктерімнен алатын орны 
ерекше. Ол кездегі біз тыңдаған аңыз-әңгімелер мен 
айылдастарымыздың басынан кешкен оқиғаларына зер 
салып отырсақ, қасқырлармен қоян-қолтық араласып 
өмір сүргендей әсерде қалатынымыз анық. Қой қораларға 
түсіп, одан қалса жалғыз-жарым жүрген малды жарып 
жеп кетіп, біздің жақтағы кісілерді, әсіресе бұрынғы 
өткен ата-бабаларымызды жиі мазалаған мақұлықтар 
туралы қариялар айтатын әңгімелердің бәрі бірдей есімде 
қала бермепті. Бірақ сол қасқырлармен өзімнің де екі рет 
кездескенім күні бүгінгідей жадымда жатталып қалыпты.
Шешем аурушаң кісі еді. Тұқым қуалайтын ревматизм 
деген дерті бар . Аяқ-қолының буындары оқтын-оқтын 
шаншып, ылғи да қақсай береді. Бірақ осы кеселіне 
қарамай, төрт баланы жалғыз өзі бағып-қағып, өсіріп 
келеді.
Аудан орталығы боп саналатын Кировка дейтін 
айылдан (қазіргі Қара Бура ауданының орталығы Қызыл-
Адыр айылы) шешеме бір бұғалтырлық жұмыс табылып, 
біз енді сол жаққа қарай көштік. Ол кезде мен, інім 
және бір қарындасым үшеуміз мектепте оқимыз. Соғыс 
басталысымен ел басына ауыр күн туған. Жан бағу 
қиындап, ел ашқұрсақ боп, әйтеуір, өлместің қамын 
жасап, ертең не тауып жейміз деген уайымға батып 
жүрген шақ. Осынау жылдардың ең ащы, өте өзекті 
тақырыбы да, драмасы да өлім туралы болушы еді.
Бір күні шешемді аудан орталығынан басқа бір колхозға 
бұғалтыр етіп ауыстарды. Сөйтіп бізге Кировкадан 


52
Шыңғыс Айтматов
шамамен жиырма шақырымдай қашықтағы Жидеге 
көшіп баруға тура келді.
Жиде айылы Шекерден көп алыс, Жамбылға жақын. 
Біз енді Шекерге Кировкадан да екі есе қашықтамыз.
Сол кездегі жағдайға сәйкес менің шешем де басқалар 
сияқты еңбек ақысына картошка және азын-аулақ дән 
алушы еді. Осы бір болар-болмас, уысымыз толар-толмас 
еңбек ақысын ептеп үлестіріп, бүтін бір шаңырақты 
асырайтын. Бұл кезде төрт баламен бірге Гүлша апам 
да шешемнің қолына қарап қалған. Апалы-сіңлілі боп 
келетін бұл екі жанның тағдырлары да бір-біріне өте 
ұқсас еді. Себебі Гүлша апам да аурушаң және оның 
күйеуі де өкіметтің жұмысын істеп жүріп, 37-ші жылдың 
құрбаны боп кете барған.
Гүлша апам көпке дейін күйеуін тірі деп ойлап, 
күндердің бір күнінде сап етіп келіп қалатындай 
көріп, сарғайып күтіп жүрді. Тірмізік үміт қой, шіркін. 
Бірақ апамның күйеуі қайтып оралмады. Жалғыз ұлы 
Афсандияр Жанышев менен біраз жас үлкен еді. Соғыс 
басталысымен ол да майданға кетті. Кейін соғыстан 
қайтып оралған соң, ол да бізбен бірге бір шаңырақта 
тұрып қалды.
Гүлша апам сондай ақылды, инабатты жан еді. Үй ішіне 
қолғабыс етіп, бізді тәрбиелеп, апама көп көмегін тигізді. 
Отбасында біраз жан болғандықтан, қарнымыз тойып 
тамақ жемейтінбіз. Шекердегі туған-туысқандарымыз 
бізге шамалары келгенінше қарайласып тұрды. Бір жолы 
ұн тарттырып алыңдар деп бес пұт жүгері және бидай 
жинап қойған екен. Оны алып келу үшін апам колхоз 
басқармасынан екі ат жегілген арба сұрап алды.
Дән қаптайтын қаптарды арбаның шанағына салып, 
апам екеуміз жолға шықтық. Таластағы үлкен асудан 


53
Балалық шақ
тезірек өтіп алмақ болып асығып келе жатырмыз. Одан 
өткен соң күнбатысты бетке алып, Шекерге қарай 
тартпақпыз. 
Жидеден таң ата аттанғанбыз. Кировкаға жеткенімізде 
күн сәскеге таянды. Аттарға жем беріп, өзіміз де аздап 
тамақтанып алып, тағы да жолға шықтық.
Бір кезде ымырт үйіріле бастады. Қарқ еткен жалғыз 
қарға да көрінбейтін иен далада кетіп барамыз. Арбаны 
мен айдап келем. Апам арт жақта отыр. Бір мезетте 
жолдың жиегінен жапан далада жалғыз жүрген бір боз 
ит көрінді. Құлақтары тікірейіп, тура біз отырған арбаға 
қарай жүгіріп келе жатыр.
– Апа, апа, қарашы! Бізге бір ит еріп келеді, – дедім 
апама қарап.
Енді ол да бұрылып, әлгі итке көз тоқтатып, абайлап 
қарады да:
Бұл өзі итке ұқсамайды ғой, – деді шошынып.
– Ит емей немене?
– Қасқыр боп жүрмесін, балам!
Бұл сөзді ұққаным болмаса, әлгіге қарап түк те 
қорыққан жоқпын, қайта таңғалып:
– Қасқыр бұл жерде бізді неге күтіп тұрды екен? – деп 
қалдым.
Біз оның жанынан жылдам өтіп кеттік. Қасқыр көзден 
таса болды.
Бірақ бес-алты шақырымдай жүрген соң онымен тағы 
да жолықтық. Жолдың манағы біз көрген жағында тұр 
екен. 
Аттар қасқырдың иісінен секем алып, басқаша ырғаққа 
түсіп, жүрісін жылдамдата жөнелді. Бірақ аздан соң 
демігіп, шаршап қалды. Осы кезде әлгі қасқыр біз күтпеген 
бір қимыл жасап, біресе жолдың ар жағынан, біресе бер 


54
Шыңғыс Айтматов
жағынан көрініп, кенеттен жер жұтып қойғандай көзден 
тасалана беріп, қайта шыға келеді. Оның осыншама жол 
жүріп, бізді аңдып келе жатқанына бір жағы таң қалсам, 
бір жағы сене алмай тұрмын.
Ал апам болса қатты қорқып, денесі қалтырап:
-Ендігі күніміз не болар екен?! Бөрілер топталып, 
үйірімен жүреді. Адамға да шабудан тайынбайды деуші 
еді. Енді не істейміз?! – деп жылап жіберді.
Сол күні менің бойымды қорқыныш буып неге 
сескенбегеніме әлі де аң-таңмын. Бар болғаны, бұл 
қасқыр үйірінен адасып қалған болар деген ой ғана болды 
басымда. Сондықтын ба, әйтеуір, қорықпадым.
Түн ішінде Шекерге жеттік. Бізді күтіп отырған туған-
туысқандарымызға жолда қасқыр көргенімізді айтып 
едік, олар таңғалып, біздің әңгімемізді қызығып тыңдады.
Бидайды диірменге тартып, аттарды бір түн 
тынықтырып алмақ оймен Шекерде түнеп қалдық. Қайтар 
жолда бізді Кировкаға дейін екі кісі жеткізіп салды. 
Міне, мен қасқырға алғаш рет осылай жолыққанмын.
Ал екіншісінде мүлде басқа, бұдан әлдеқайда 
қорқынышты жағдайда кездестім.
Ендігі сөз осы жөнінде болмақ.
Соғыс жылдары колхозға белгілі бір мөлшерде 
өнім өндіру жоспары жүктеліп және оның орындалуы 
жоғарғы жақтан қатаң бақылауға алынатын. Сондықтан 
да жоспарға сәйкес тұқым егіп, ет, картошка, жүгері, қант 
қызылшасы өнімдерін дер кезінде жинап-теріп, өкіметке 
тапсырып отыру керек. Колхозшы байқұстар біреуге 
қарыз боп қалғаннан бес бетер болып, жаны қалмай күні-
түні тырбанып жұмыс істейді.
Басқасы басқа, сол бір жылдары алым-салықтан 
қорыққан қырғыз колхозшылары шошқа бағуға да 


55
Балалық шақ
амалсыз келісетін. Бұл өзі бір жағынан жиіркенішті 
жұмыс болса, екінші жағынан, етін жеуге болмайтын 
лас мақұлық еді. Қала берді, мұсылманшылық шарттары 
да шошқа бағу мен оның етін жеуді мәкүрік, харам деп 
есептейді. Әрине, жер-жердегі басшылар да мұндай 
қолайсыз жағдайдан құтылудың әр түрлі жолдарын 
іздеп жатты. Сөйтіп олар өкімет міндеттеген жоспарды 
орындаумен қатар жергілікті халықтың діни сенімдеріне 
шәк келтірмеу үшін шошқа бағуды Таласта тұратын 
орыстарға тапсырушы еді.
Біз тұратын Жиде айылында да шошқа асырайтын 
біраз үй бар. Диірмен тартатын да солар – Ресейден 
қоныс аударып келген орыстар еді. Олар шошқаға ұнның 
кебегін беріп бағатын.
Жоны күжірейіп семірген кезде оларды етке тапсы- 
ратын мезгіл де келіп жетті. Әдетте бұл мақұлықтарды 
Грозный деген айылға апарып өткізетінбіз. Теміржол 
бекетіне жақын болғандықтан шығар, сірә. Бірде 
шошқаларды Грозныйға жеткізу міндеті маған жүктелді. 
Грозный айылы Шекерге жақын жерде. Басқарма менің 
шекерлік екенімді жақсы біледі.
– Екі арба алып, соларға шошқаны салыңдар да, 
жөнеліңдер! – деп бұйырды.
Мен әрине, Грозныйға баратын жолды бес саусағымдай 
жатқа білемін, сондықтан да бұған қиналмай, қуана-
қуана келістім. Қасыма екі көмекші қосып берді. Мен 
негізінен құжаттарға жауаптымын. Керекті қағаздарды 
шешем басқарманың атынан толтырып, қолын қойғызып 
алған. Енді соларды Грозныйға жеткізуім керек.
Жолға күндіз шықтық. Шошқаларды арбаға салып 
жатқанда шыңғырып, қорқырап әбден қызыққа баттық. 
Олардың аяқтарын байлап, үстін сабанмен жауып 


56
Шыңғыс Айтматов
тастады. Аттар шошқаның бақырғанынан, сасық иісінен 
үркіп, тыпыршып кетті.
Ақылдасып отырып, бәріміз де кіші асу арқылы 
барған жөн болар деген тоқтамға келдік. Жалпы, бізде 
екі асу бар. Оның бірі – Жамбыл мен Талас аймағының 
ортасындағы үлкен асу. Бұл арқылы Шекер, Грозный, 
Аршағұл және Көксай айылдарына баратынбыз. Бірақ 
үлкен асудың жолы Кіші асуға қарағанда ұзағырақ.
Міне, осы екі жол арқылы бұл өлкедегі жұрт күні 
бүгінге дейін сыртқы дүниемен байланыс жасайды. Бұрын 
көбіне көп үлкен асу арқылы жүретінбіз. Кіші асудың 
жолын білетіндер аз еді. Бірақ бұл жол қиын болғанымен 
қысқа, төте жол. Онымен тезірек жетесің. Сондықтан да 
болар, менің қасымдағы екі үлкен кісі де шошқалардан 
тезірек құтылу үшін кіші асу арқылы жүруді жөн көрді...
Қазір де мен машинамен осы кіші асудан асфальт жол 
арқылы өтіп бара жатып, сонау бір кездегі шошқа тасыған 
шағымызды есіме ала беремін.
Кіші асуға шейін жалпақ дала. Біз онда күн батып бара 
жатқан мезгілде жеттік. Жол тар әрі тау аралап өтетін 
болғандықтан әбден қиналдық. Қайсыбір тұсқа келгенде 
бір жіңішке өзенге кезігеді. Бұл өзеннің бойында бір су 
диірмен бар. Соның жанындағы дән сақтайтын қоймасы 
жапсарлас салынған кішкентай үй әлі де көз алдымда.
Кеш боп қалған кез. Диірменге жақындағанда әлгі үйдің 
терезесінен жарық көрінді. Қыстыгүні болғандықтан 
қатты тоңып келе жатқанбыз. Жанымдағы кісілер:
– Бүгін диірменшінікіне қонып, ертеңгісін ерте тұрып 
жолға шығайық, – десті.
Мен олардың мұнысын мақұл көріп, ішімнен қуанып 
қалдым. Өйткені қатты тоңып қалғанмын. Оның 
үстіне жолдың жартысын енді ғана еңсердік. Бірақ біз 


57
Балалық шақ
диірменшінің үйіне жақындағанда іштегі жарық сөніп 
қалды. Жасым кіші болғандықтан жанымдағы қарт 
кісілер мені жұмсап:
– Сен барып есігін қақ. Бір қонып шығайық деп айт! 
– деді.
Арбадан түсіп, айдаладағы жалғыз үйдің есігін 
тарсылдатып қағып-қағып жібердім. Үн жоқ. Сарылдап 
аққан өзеннің даусы жақыннан естіледі. Бәлкім, олар 
естімей қалған болар деген оймен есік-терезесін 
бұрынғыдан да қаттырақ қақтым. Біраздан кейін іштен:
– Кім бұл? – деген еркектің даусы естілді.
Оған қоса бір әйелдің:
– Не керек саған?! – деп шаптыққан үні шықты.
– Біз жолаушымыз. Сіздерден басқа баратын жеріміз 
жоқ. Осында бір қонып, ертеңгісін ертелетіп жолға 
шықсақ деп едік, – дедім оларға жалынғандай болып.
– Сендер кімсіңдер?
Мен Жиде айылынан Грозныйға бара жатқанымызды 
айттым. Іштегілер үндемей қалды. Жарық қайта 
жанғанша шай қайнатым уақыт өтіп, бір кезде барып 
есік те сықырлап ашылды-ау әйтеуір. Бәріміз үйге кірдік. 
Іштегілердің ешқайсысы әлі жатпаған көрінеді. Біз 
кірген бөлмеде екі жігіт отыр екен. Диірменші оларды 
арпа-бидайдан жасаған бозасына әбден тойдырыпты. 
Қыстыгүні ер кісілердің өстіп бір үйге жиналып, жора-
боза жасап, бірге ішіп отыратын әдеті болушы еді. Ішке 
бір бала мен екі қарт кісінің кіргенін көріп, олардың 
жаңағы қаупі сейілгендей болды. Екеуі де маған қадала 
қарап:
– Әй, бала, сен өзің бізге жақсылап түсіндірші! Қай 
жақтан келе жатырсыңдар, қай жаққа бара жатырсыңдар? 
– деп шүйілді.


58
Шыңғыс Айтматов
Менің жауабым дайын еді, бүге-шігесіне дейін 
қалдырмай жай-жапсарымызды түгел жайып салдым. 
Олар біздің шошқа тапсыруға бара жатқанымызды 
білгенде біртүрлі жиіркеніп қалды.
– Немене, арбамен доңыз тасуға ұялмайсыңдар ма?! – 
деп, ауыздарына келген жаман сөздерді айтып, бізді тілдей 
бастады. Менің жанымдағы қарт кісілер жандалбасалап:
– Ой, біз өз еркімізбен тасып жүр дейсіңдер ме? 
Басқарма бар деп тұрса, қайтіп бармай қаламыз?! – деп 
өздерінше ақталған болып жатыр.
Әлгі екеуі осыдан кейін ғана жөнге келіп, біздің 
жағдайымызды түсінгендей болып:
– Жақсы бопты онда! Мына бозадан жұтып алыңдар. 
Бұл жаққа келгендеріңді, бізді бұ жерден көргендеріңді 
ауыздарыңнан шығарушы болмаңдар! Егер біреу-міреуге 
осы үйде бізбен бірге боза ішкендеріңді айтсаңдар, арты 
жаман болады! Түсіндіңдер ме?! – деп доқ көрсетіп 
қойды.
Бұлардың кім екенін ойлап, мен енді секем ала 
бастадым. Демек, тау-тауға жасырынып қашып жүрген 
босқын-дезертирлер осылар екен да... Кеш түсе осында 
жылынып, боза ішу үшін келетін болғаны ғой. Біз бүгін 
олардың үстінен түссек керек. Мен өзімді біртүрлі жаман 
сезіне бастадым. Үй иесі мен әйелі бізге екі-үш кесе 
бозаны дем алдырмай дембіл-дембіл ұсынып ішкізді де, 
тезірек бұл жерден кетуімізді қалады.
Сөйтіп, диірменшінікіне қона алмай, көзге түртсе 
көргісіз тас түнекке сүңгіп, ұзап кете бардық. Дала 
бұрынғыдан бес бетер суық әрі қараңғы. Бірақ біздің 
бойымызға жаңағы ішкен бозаның уыты жайылып, 
денемізді қыздырып келе жатқан сияқты.


59
Балалық шақ
Кіші асудан әупірімдеп өттік. Одан кейін иен дала. 
Жанымдағы кісілер де бұл жолды менен артық білмесе 
керек. Ал мен болсам, үңіліп жолдың арнасын қарап 
келемін. Оны тапсақ, Грозныйға тез-ақ жетеміз. Біраздан 
соң бұрылып, өзіміз іздеген арнаға түстік.
Бақытымызға қарай ай жарық. Кенет бір бүйірден 
сықыр-сықыр еткен дыбыстар естіле бастады. Аздан 
соң бір топ қасқырдың арбаға жақындап қалғанын 
білдік. Аттар кісінеп, үркіп, бізді ала қашты. Арбадағы 
шошқалар кеңірдегі жыртылғанша шыңғырып жатыр. 
Қанды ауыз қасқырлардың соңымыздан қуып келе 
жатқанын аттардың қалай сезіп қойғанын білмеймін. 
Әйтеуір, айналаны жаңғырта кісінеп, жанұшырып шауып 
келеді. Шошқалардың шыңғырғанын естіген қасқырлар 
шұбырып, жақындай түсті ...
Бір кезде қасқырлар бізге таяп келіп, арбамен жанаса 
жүгірді. Олардан шошынған аттар жанын салып құйғыта 
жөнелді. Тірі жан болған соң өзімізше айқай-сүрен 
салып, олардың ауыздығын тарта алмасақ та, тізгінді 
қармап келеміз. Арба аударылып қалмаса екен деп зәрем 
ұшады. Бір уақта қолыма бір таяқты алдым да, барлық 
ашу-ызамды мақұлық шошқалардан алмақ болғандай бар 
күшімді аямай сабай бердім. Ал олар болса, мен ұрған 
сайын шыңғырып, айнала-төңіректі одан бетер азан-
қазан қылды.
Бөрілермен жарыс – өмір мен өлім арасындағы айқас 
ұзаққа созылды. Таң сібірлеп атып келе жатты. Құдай 
бізге мейрім-шапағатын төкті ме, әлде бұл тіршіліктегі 
тататын дәм-тұзымыз әлі таусылмаған ба немесе басқа 
бір себеп болды ма, білмеймін, қасқырлар бізге бас 
салып тіке шабуға батпады. Ақыры біртіндеп-біртіндеп 


60
Шыңғыс Айтматов
қала беріп, қала беріп, ең соңында қараларын үзді. Екі 
арба адамдарымен бірге аман қалды...
Таң елең-алаңда Грозныйға жетіп келдік. Көше бойлап 
өтіп бара жатқан біздің қуанышымызды бөлісетін де, 
қорқынышымызды басатын да тірі жан кезікпеді. Қан 
майданнан жеңіспен оралғандай қуанышымызда шек жоқ 
еді. Ал аттар арбаларды әрең сүйреп келе жатты. Жаңағы 
бір мезгілде әбден жынымызға тиген доңыздардың да үні 
шықпай, жым-жырт бола қалыпты...
Мен: «Бәрінен бұрын осы шошқалардан құтылу керек. 
Туған-туысқандардың бірі болмаса бірі көре қалса, мені 
шошқа бағып жүр екен деп, бүкіл Шекерге шерменде 
қылып айтып бармасын,» деп өзімше қуыстанып келемін.
Сөйтіп, шошқаларды Грозныйға өткізген соң менімен 
бірге келген екі кісі арбаларды айдап Жидеге қайтты. Ал 
мен болсам, түп қазығым, алтын бесігім – Шекерге қарай 
бет алдым.


61
Балалық шақ


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   23




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет