ЖӘМИЛА МЕН ДАНИЯР
Мәскеудегі М.Горький атындағы әлем әдебиеті
институтында оқып жүрген кезімде «Жәмиланы»
жаздым. Бұл повесті қалай, қай жерде отырып жазғаным
да анық есімде. Ол Тверь саябағына жақын маңдағы
пәтерде тұрған кезімде ақ қағаздың бетіне түсіп еді. Әлгі
үйдің жанынан өтіп бара жатып терезесіне көз салсам
болды-ақ, ойыма 1956-58 жылдардағы екінші студенттік
шағымның ең бір қызықты күндері оралады.
Повестің ә дегендегі аты «Әуен» болатын. Әлбетте,
бұл Жәмила мен Даниярдың жол үстінде арбада кетіп
бара жатып ішкі сезімдерін толғап, кенеттен шырқай
жөнелетін сүйікті әндерінің әуені еді.
Бүгінде радиосы, магнитофоны бар машиналарға
отыра қалғанымызда қазіргі тіршілігімізді сонау бір
Жәмилалардың өмір сүрген уақытымен салыстырып
көрем. Шіркін, адам баласы жолда келе жатып өзінің
көңілі қалаған әуенін тыңдай алса қандай ғанибет!
Бірақ қазір қай шаһарға барсаң да ары-бері жүйткіген
машиналардан ышқына шыңғырған рок, поп, не болмаса
эстрада дегендердің ырғағын естисің. Егер менің сүйікті
Даниярым осы кезде өмір сүрген болса мынау қаптаған
рок-поптың у-шуынан басы айналып, машиналардың
ішіндегі сүйісіп-күйіскендерді көріп қабағын түйіп,
жүрегі сыздап кетер еді-ау деймін.
Иә, техникалық жаңалықтардың пайдасыз жақтары да
толып жатыр. Дайын музыка, кассета, дискілер адамның
ішіндегі қылдай нәзік сезімдерін тұншықтырып, өзінің
жан дүниесінен шығатын әуендерді шектеп, бірте-бірте
ұмыттырып жібереді. Тегі, дап-дайын радио шырқап бара
жатқан шақта жолаушының өзінің ән салып, әуен созуға
124
Шыңғыс Айтматов
құлқы бола қояр ма екен?.. Ал бұрынғы кезде жол үстінде
келе жатқан адамдар өздері үшін ән салатын. Сағыныш,
сүйіспеншілік сезімдеріне толы пәлсапалық жырларды
олар өз жүрегінен, өз тілі мен ділінен шығарушы еді.
Мұндайда қаншама жаңа әуен, қаншама ыстық сезім
қозғалып, жан дүниеңді тербете жөнелерін кім санап, кім
өлшеп көріпті дейсіз. Бір анығы, адам баласының ішкі
сезімдерінде әр қилы өзгерістер, жаңарулар болып өтіп,
рухани рақатқа кенелетіні ғой...
Әр нәрсенің өз реті, өз уақтысы болады. Данияр үшін
жол – жырдың бұлағы, тұнық та таза махаббат шерін
төгіп-төгіп алатын әннің арнасы...
Әлбетте, бұл шығармамды да мен өзім көрген тұрмыс-
тіршіліктің қазанынан сүзіп алғам. Шығарма жазып
отырған шақта әрдайым екінші дүние жүзілік соғыс
кезіндегі оқиғалар көз алдыма елестейді. Бұл соғыс тек
біз үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін азапты, ешқашан
да естен шықпайтындай алапат болып өтті емес пе. Ол
адамзат баласына ажал мен ашаршылық қана алып келді
десек, онда оның кесір-кесапатын азайтып айтқан болар
едік. Бұл соғыс осы қоғамда өмір сүрген адамдардың
әдет-ғұрпын ойрандап, ықылым замандардан бергі келе
жатқан салт-санасын, рәсім-дәстүрін де талқандап кетті.
Соғыстан бұрын тұрмысқа шыққан жас келіндер
күйеулері майданға кеткеннен кейін де тұл болып,
жалғызсырап қалған жоқ еді. Әрине, қыз тұрмысқа
шыққаннан кейін барған жеріне тастай батып, судай
сіңуі қажет. Егер күйеуі майданда өліп, жесір қалса,
оған әмеңгерлік жолмен қайындарының бірі қосылуға
тиіс болатын. Ал балалы болса, келіннің өзінің де аяғы
тұсалып, ешқайда кете алмайтын.
125
Балалық шақ
Иә, ол кезде әрбір әулеттің, қоғамның жазылмаған
заңы осындай болып келетін. Бірақ кесапат соғыс мұны да
бұзып, қиратып кетті. Әне, сөйтіп, осындай оқиғалардың
бірі «Жәмиланы» жазуға себепші болды.
Алысырақтан қосылатын ағайындарымыздың екі
ұлы бірдей майданға аттанған. Олардың үлкені соғыс
басталардың алдында ғана үйленген еді. Әйтсе де
жасының толған-толмағанына қарамай әскерге алынды.
Міне, шығармадағы Жәмиланың күйеуінің прототипі
негізінен осы жігіт десек болады. Кейін бұл ағалы-інілі
екі жігіт те соғыстан қайтпай қалды.
Ал Жәмиланың өзінің прототипі өте пысық, еті тірі
жас келін еді. Ол Шекерден емес, көрші айыл Көксайдан
болатын. Бұл енді, соншалықты маңызды нәрсе болмаса
керек. Өйткені, біздің ел көрші айыл түгілі қоңсы
отырған Қазақстанмен де қыз алысып, қыз берісе береді.
Сондықтан да болар, Жәмиланың қай үйдің келіні екені
анық есімде жоқ. Соғыс жылдарында жас келін жаман
атты болып қалмауы үшін жұмысқа қайындарымен бірге
шығатын және күйеуінің көзіне шөп салмай, барлық
әдет-ғұрыпты сақтап күте білуге тиісті еді.
Келін деген сөздің өзі де, аты айтып тұрғандай, «кел»,
«біздің үйдің адамы бол» дегенді білдіреді ғой. Және ол
бұл әулетке кейін келген, жаңадан қосылған адам болып
есептеледі. Яғни, басқа әулеттен шығып, жаңа әулеттің
жігітімен бас қосқан ұрғашы осы үйге, осы ауылға
келін атанады. Сөйтіп, өзі келін боп түскен жердің
салт-санасына лайық мәміле жасайды, жүріс-тұрысына
ықтият болады, үлкендерден именеді, сыйлайды, бара-
бара үйренісіп, ел ішіне сіңіп кетеді.
Сол жылы біздің айылдарға майданнан жараланып
қайтқандардың алды келе бастады. Онымен қоса немістер
126
Шыңғыс Айтматов
басып алған жерлердегі жұртты да эвакуациялап, осында
жөнелтіп жатты.
1942-43 жылдары көп ел Кавказдан біздің жаққа
жер аударылды. Олардың басым бөлігі шешендер,
қарашайлар, шеркестер, тағы басқалар еді. Бұл жұрттың
бір бөлігін Сібірге, бір бөлігін Орта Азияға күштеп
қоныстандырды ғой. Оларға көрсеткен мұндай азабы
мен қиянатын Кеңес билігі: «Олардың түпкі ата жұртына
қайтарылуы,» деп атап, өзінше бүркемелеп бақты.
Шекерге де топ-топ болып жараланған солдаттар
келіп жатты. Көксай, Кировка, Грозный айылдарында да
мұндай жігіттер көптеп кездесуші еді. Олардың ішінде
балалар үйінде тәрбиеленгендер де бар болатын.
Даниярдың прототипі міне, осындай эвакуацияға
ұшырағандардың бірі еді. Жаңылмасам, Қазақстанда
туған, балалар үйінде өскен азамат. Өзі ұзын бойлы,
иықты, көп сөйлемейтін, тұйық жігіт-тұғын. Бір топ
жарадар солдаттармен бірге Шекерге жіберіліпті. Оладың
соғыстан алған жарақаттары жеңіл болмағанымен
ептеп жұмыс істеуге жарайды. Даниярды жұрт «өкімет
асыраған бала» дейтін. Сол аяғын сылтып басушы еді.
Бір күні ол біздің бір көрікті, күмістей жарқылдаған
жас келінімізге жолығып қалады. Сөйтіп Данияр менен
Жәмиланың арасында бір үлкен махаббат оты тұтанады.
Бір-біріне деген ыстық сезімдеріне мас боп жүрген ол
екеуі мен сияқты бір жасөспірімнің соңдарынан қалмай,
өздерінің әрбір іс-әрекетін бағып, айтқан сөздерін тыңдап
жүргенін қайдан білсін. Әрине, ол кезде мен де әлі көзге
ілініп, қаперге алына қоймаған кішкентай бала едім де...
Бірақ өзім әдейілеп іздеріне түспегеніммен, екеуінің
арасындағы сүйіспеншіліктің куәсі болып қалғаным
анық. Иә, кейде Данияр Жәмиланы, Жәмила болса
127
Балалық шақ
Даниярды күтіп отыратын. Содан соң екеуі жеке-жеке
жүк таситын арбаға отырып, кең даланы бетке алатын.
Сөйтіп, құба түзде оңаша кездесетін-ді.
Бір күні ауылдағылардың бәрі у-шу боп, сапырылысты
да қалды. Бақсақ, жұрттың айтуынша, біздің келін
майдандағы күйеуін күтуден бас тартып, қайындарына
қарамай, «ақсақ Даниярмен» түнделетіп қашып кетіпті...
Мұны мен Қарақыз апамнан естідім. Ол қатты
ашуланып, ұрсып жатыр екен.
– Бұрыннан бері ерлі-зайыпты құсап бірге жүрген
көрінеді ғой?! – дейді басын шайқап.
– Немене, соны енді білдіңіздер ме? – дедім мен де
қарап тұрмай.
Апам енді маған айқай салды.
– Не деген сұмдық бұл?! Ері майданда жанын
шүберекке түйіп соғысып жүрсе, қатыны оның аман-
есен оралуын тілеп, күтіп отырудың орнына қай-қайдағы
бір қаңғыбасқа еріп қашып кетеді! Біздің әулеттің бетіне
жағылған күйе ғой бұл! О шерменде!
Сөйтіп ұрсып жүріп, маған жақындап келді де:
– Сен немене, олардың ым-жымын бұрыннан білуші
ме ең?! Мүмкін екеуіне ішіңнен тілекші боп, жаның
ашып жүрген боларсың?! – деп шүйлікті.
Мен жауап бере алмай қалдым.
Жәмила мен Данияр далада астық тасушы еді. Кей-
кейде үшеуміздің бірге жұмыс істеп қалатынымыз бар.
– Бұдан біраз бұрын Даниярды жұрт базардан көріпті!
Қазір олар дәу де болса теміржол бекетіне қарай кетіп бара
жатқан шығар. Тұр орныңнан, жаның барында Жәмиланы
тап! Оларға бұл істің ақыры жаман болатынын айт, білдің
бе! Жәмила айылға қайтсын де. Біз оны кешіреміз! – деді
маған апам.
128
Шыңғыс Айтматов
Содан соң мен олардың артынан қуып теміржол
бекетіне дейін бардым. Екеуін сол жерден таптым да.
Қол ұстасып кетіп бара жатыр екен. Арттарынан қуып
келгеніме қатты ұялдым. Тіпті оларға не деп айтарымды
да білмедім.
Жәмила мені байқап қалды. Өздерінен қатты ұялып
тұрғанымды да сезді.
– Не болды? Сені біздің арқамыздан жіберді ме? – деп
сұрады.
– Иә, саған қайтсын деп жатыр, – дедім мен жерге
қарап.
– Босқа әуре болма. Сендерді де түсінем... Бірақ мен
енді қайтпаймын. Осы кісімен бірге кетемін. Ол қайда
барса, мен де сол жаққа барамын...
Ол өстіп жауап берді. Иә... сөйтті.
Мен оның сөзін апама айтып келдім. Ол ашуы терісіне
симай, Жәмиланы қарғап-сілеп жатты...
Апамның сол қарғысы кейін менің де алдымнан
шықты...
«Жәмила» повесі жарық көргенде өзіміздің бір үлкен
жазушымыз оны қатты сынға алды. Повесімді партия
жиналысында көпшілік қауымның талқысына салды. Ол
әдеби шығармалардың мәні мен мазмұны коммунистік
партия саясатына ыңғайластырылуы керек екендігін,
соцреализм бағытынан айнымай, идеологияның басты
нысанасын негізге ала отырып жазылуы қажет екендігін
айта келіп, ақырында повестегі ерлі-зайыптылардың
ажырасуы партия тарапынан қатаң сынға алынуы
тиіс екендігін ескертті. Партия, негізінен, үй-ішінің
ынтымағын сақтайтындығын баса көрсетіп, ал менің
повесімде мұндай идеалдарға сай келмейтін сюжеттің
орын алғандығына қадалып өтті.
129
Балалық шақ
Ол кезде әйелімен ажырасқандарға сөгіс берілетін-ді.
Партиядан шығарылып, қызметінен алынып та жататын.
Әдеби шығармаларда мұндай кісілер жағымсыз кейіпкер
ретінде көрсетілуге тиіс еді. Ал менікі болса, керісінше.
Бұл повесті жазған кезде мен мұндай жағдайлар туралы
ойланбаппын да. Бірақ «Жәмила» жарық көрісімен өз
елімде де, шет мемлекеттерде де үлкен қызығушылық
туғызды. Барлық жерде менің жаңа повесім туралы
талқылаулар болып жатты. Кейбір дос-замандастарым
мұндай күтпеген табысымды көре алмай, көпке дейін
қызғанып жүрді. Шығармам туралы ешқандай пікір
айтқан жоқ, тек әйтеуір, «классик» жазушыларымыз ғана
маған шүйлігіп жүрді...
Жазушылар одағында жиі-жиі партиялық жиындар
өтіп тұратын. Партияның рұқсатынсыз бұл одаққа
ешкім де мүше бола алмаушы еді. Сондықтан да қолына
қалам ұстағанның бәрі алдымен партияға мүшелікке
өтіп барып, соның жолдамасымен Жазушылар одағына
алынатын. Ол кезде жазушылардың партиялық
жиналысына ірі-ірі мемлекет қайраткерлері келетін. Олар
еңбекші елді социалистік рухта қалай тәрбиелеу керек,
оларға арнап қандай шығарма жазу керек, социалистік
реализм тұрғысында қалай сын айту керек деген сияқты
мәселелерді талқыға салатын. Осындай бір жиналыс өтіп
жатқан кезде жаңағы айтқан «классиктеріміздің» бірі
мінбеге көтерілді. Мен де осы жиналыста отырғанмын.
– Манадан бері жас жазушыларды еңбекшілер
рухында тәрбиелеу жөнінде пікір алыстық қой. Бірақ
олар теріс жолға түсіп алып, өздеріне содан пайда көздеп,
әдебиетті уландырып жатса қайтіп тәрбиелемекпіз?
Өткенде Ыстық көл жаққа іс-сапарға бара қалдым. Бір
колхозға бұрылып, еңбекші елдің далада қалай еңбек етіп
130
Шыңғыс Айтматов
жатқанын көріп, пікір алысып, жақынырақ танысқым
келген. Сөйтіп, жолда келе жатқанымда арқамнан бір
ат арбалы кісі қуып жетті. Мен оған жол бердім. Соған
қарамай ол ат тізгінін тартты. Арбаға жарамды аттар
жегілген екен. Бұл колхоздың құрметті адамдарының
бірі-ау деп топшыладым. Ол менен: «Оу, байеке, қайда
барасың?» деп сұрады. Мен болсам: «Колхозшылардың
тіршілігімен жақынырақ танысу үшін дала қосына бара
жатырмын,» дедім. «А-а, мен сізді енді таныдым. Сіз
баяғы бәленше деген атақты жазушы боласыз ба?» Ал
мен: «Иә, соның дәл өзімін,» деймін. «Келіңіз, арбаға
отырыңыз! Қайда барамын десеңіз де жеткізіп салам.
Айтқан жеріңіздің бәрін көрсетем,» дегеннен кейін әлгі
арбакештің жанына отырдым. Бір кезде ол маған қарап:
«Сіз жазушысыз ғой, Айтматовты танисыз ба?» деп қалды.
«Әлбетте, танимын,» дедім мен. «Олай болса, қолыма
түскен жерде оны бір аямай төмпештеп алатынымды
айтып қойыңызшы!» дейді. «Неге?» десем, ол айтады:
«Жәмила жөнінде бірдемелерді тантыпты. Күйеуі
майданда жүрген келіншек басқа біреумен қашып кетеді-
міш. Осындай кітапты дәті барып қалай жазған?!» дейді.
Міне, елдің пікірі осындай, – деп жосылтты «классик»
жазушымыз. Содан соң: – Мен елден естігенімді айтып
тұрмын. Қазір осы жазушы біздің арамызда отыр. Әттең,
қолымда қамшы жоқ. Әйтпесе оның «Жәмила» үшін
алатын сыбағасын қазір-ақ берер ем!» деп әңгімесін
тәмамдады.
Жан дүниемді өртеп өткен мұндай сөздерді амалсыз
тыңдап, не істерімді білмей отыра бердім. Үлкен-кішінің
бәрі маған қарап, келеке қылып күліп жатыр. Кейбіреулері
тіпті түрткілеп, шымшылап та жіберді. Ал енді біреулері:
131
Балалық шақ
– Дұрыс! Мұндайларды төмпештеу керек! Елді
бұзатын осылар! Буржуазияның қалдығы! Тап дұшпаны
боп бас көтереді! – деп айқайлайды.
Мен оларға жауап қатпай, үнсіз күліп қана құтылдым.
Бірақ, шындығында, мұндай оқиғалар менің көңілімде
өмір бойы өшпестей дық боп қалды...
Сөйтсе де, жарыққа шыққаннан кейін «Жәмиланың»
бақыты халықаралық дәрежеде жарқырап көрінді.
Повесть алғаш орыс тілінде, Мәскеудегі «Новый мир»
журналында басылды. Ол кезде бұл журналдың бас
редакторы Александр Твардовский болатын. Сөйтіп, ХХ
ғасырдағы орыс әдебиетінің ұлы өкілімен арамыздағы көп
жылға созылған үлкен достығымыз осы «Жәмиладан»
басталды. Көзі тірісінде-ақ қоғамға қадірлі, сыйлы кісі
еді ол. Кеңес зиялыларының ортасында демократияны
түсіндіруге тырысып, КСРО-ның тоталитарлық билігінен
құтылу керек деген идеяны пір тұтты. Қандай бағыт,
қандай да бір әдеби шығарманың шынайы бағасын беріп,
оның кейінгі тағдырын шешуге себеп болып отыратын.
Әрине, ол кездегі парадокс – қандай саяси өзгерістерге
болса да өз пікіріңді білдірмей, үнсіз мақұлдап,
қабылдай беру еді. Ал егер шығарма жаза қалсаң, әр
түрлі тосқауылдарға тап болатынсың. Бірақ жазушының
жоғарыда қолдап отыратын адамы бола қалған жағдайда,
не жазса да шығара беретін. Міне, осындай кезеңдерде
жазушылар тоталитарлық-әміршіл биліктің құрбаны
болып кетпеуі үшін Твардовский сияқты беделді, сыйлы
тұлғалар көп септігін тигізгенін естен шығармауымыз
керек.
Жалпы, «Жәмиладан» бұрын да мұндай партиялық
талқылауларға түсіп, сын-пікірлер естіп, тәп-тәуір
тәжірибе жинақтағандай болғанмын. Менің естуімше,
132
Шыңғыс Айтматов
«Бетпе-бет» повесімнің соншалықты тосқауылға
ұшырамай, жалпы көпшілік тарапынан жақсы
қабылдануы оның Мәскеудегі «Октябрь» журналында
орысша жарияланып кетуімен тікелей байланысты.
Бұл журналдың ол кездегі бас редакторы Парфенов еді.
Көркем шығарма Мәскеуде жариялана қалса оған ешкім
сын тақпастан, бәрі жақсы деп, үн-түнсіз келісетін заман
еді ғой ол.
Бірақ, бұл шығармадағы дезертир Ысмайыл мен оның
әйелі Сейденің трагедиялы тағдырына да әрқилы сын
айтқан өзімнің жерлес қаламдастарым, «өз ортамыздан
шыққан жат бауырларым» болғанына таң қаламын.
Әйткенмен, оның бәрін жүрегіме жақын қабылдап,
жанымды жабырқатқан жоқпын.
Өткенде айтқандай, «Бетпе-бет» қырғыз драма
театрында сахналанып, өнердің басқа саласында
көрінген кезде де қырғыз сыншылары оны өзара тепкіге
салды. «Біздің типтік қаһармандарымыз, соғыста жеңіске
жеткен батырларымыз қайда? Дезертирлерді ол кезде тез
ұстап әкетіп, атып тастамаушы ма еді? Ал бұл Айтматов
дегенің қайдағы бір қашқынды трагедиялық тұлға етіп
көрсетті. Жаңылыспасақ, оның ісін бізге дұрыс деп
түсіндіріп, жағымды қаһарман етіп көрсеткісі келеді.
Егер жазушының іші осындай идеялармен уланып қалған
болса, мұндай антисоветтік ой-пікірлеріменен бізді
қайда алып барғысы келетінін осы бастан-ақ жақсылап
ойланғанымыз абзал!» десті.
Әйткенмен, повестің тағдыры соншалықты мүшкіл
емес еді, өйткені, құдай оңдап, ол Мәскеуде жарыққа
шығып қалған. Ал бұл біздің жазушыларға басқаша әсер
етеді.
133
Балалық шақ
«Жәмилам» да өз сапарында көптеген оқиғаларды,
қиыншылықтарды бастан кешті. Жаңа ғана біз әңгімелеп
өткен «Новый мир» журналының бас редакторы мені
өз кабинетінде қабылдады. Бұл қабылдау мен үшін
жақын танысу, сырласу, ой-пікір жарасымы болып
алдағы күндерге ұласты. Өмір бойы ұмытылмайтын ұлы
достық болып өрілді. Және осы кездесуде А.Твардовский
маған повестің әуелгі «Әуен» деген атын өзгертіп, бас
кейіпкердің есімімен «Жәмила» деп атауды ұсынды. Оны
не үшін солай атау керек екенін де айтқан болуы керек,
әлде... соны айтпады ма екен, әйтеуір, ол жағы есімде
қалмапты, бірақ «Жәмила» деген атауды жан-діліммен
ұнатып, бірден қабыл алғаным анық.
Сол кезде А.Твардовский компартия мен әдебиеттің
маңайында жүрген шенеуніктердің тоталитарлық ой-
пікірлеріне қарсы екенін білдіріп, оларды сынай отырып,
жалпы, қандай стратегияда жазу керек екендігін маған
жақсылап түсіндіріп еді. Бұдан былайғы уақта жаңа
шығармаларымды әрдайым екі тілде, орыс және қырғыз
тілдерінде жазып, әуелі Мәскеуде орысшасын бастырып,
біздің қоғамға осы тілде таныстырып, таратуым керек
екендігін де айтқан болатын. Ал Мәскеуден басқа жердегі
партократтардың шаш ал десе, бас алатынын да алғаш
ұқтырып еді...
Кейін «Қош, Гүлсары» повесімді жазғанда мен
А.Твардовский сөздерінің ақиқатына күмәнсіз сеніп, жон
теріммен сезініп отырдым. Міне, осындай стратегиямен
еңбек етпесем, менің сүйікті жануарым – Гүлсарым
бәлкім, тумай жатып өлер ме еді, кім білсін...
Достарыңызбен бөлісу: |