.
24
Шыңғыс Айтматов
МЕНІҢ ӘЖЕМ
Балалық шағымның бастауын Айымқан әжемнің
жарқын бейнесі арқылы елестетемін. Ол кісінің
адамгершілік қасиеті ерекше еді. Сондықтан да айылдағы
абыройы зор, ақыл-парасаты биік, Құдай өзі жарылқаған,
туабітті білімді адам болатын. Әкем одан көп нәрсені
үйреніпті және өзінің анасының осындай жан екендігін
әрдайым мақтанышпен айтып отыратын-ды.
Әжемнің басынан ақ кимешегі түскен емес. Біздің
елдің салтында мұндай кимешекті бір үйдің басалқалы
бәйбішесі ғана кие алады. Бұл кимешек әжеме сондай
жарасып, бет-әлпетіне бірден үйлесе кетіп, бұрынғыдан
бетер сүйкімді, ажарлы етіп көрсетуші еді.
Әжем үш қыз, екі ұл тауып, бес балаға ана болған.
Үш қыздың бірі – Қарақыз апамның мен үшін орны
тіпті өлшеусіз зор болды. Әрине, ол жөнінде алдағы
әңгімелерімізде кеңірек тоқталармыз.
Айымқан әжемнің ең үлкен қызының есімі Айымгүл.
Ол кісіні де көзі тірісінде көру нәсібі маған бұйырған
екен. Тұрмыс-тіршіліктің ауыртпалығын көп тартқан
қарапайым кісі болатын.
Жас шамасы бойынша айтсақ, олардан кейін менің әкем
– Төреқұл, Гүлайым апам және ең кенжесі – Рысқұлбек
көкем. Міне, осы Рысқұлбек көкем әбден зейінді және
білімді кісі еді. Мына маған Шыңғыс деген есімнің
қойылуына да осы кісінің ықпалы күшті болыпты. Оның
өткен тарихты жақсы білгенін осыдан-ақ пайымдай
беруге болады және ол өз балаларына да тарихта аты
қалған ұлы адамдардың есімін қойып отыруды әдетке
айналдырған-ды.
25
Балалық шақ
Рысқұлбек көкемнің тағдыр-талайы менің әкемнің
тағдыр-талайына ұқсас. Әкем өлтірілетін жылы Шекерге
қайтып келгенімізде бізді бағып-қағып, қамқор болған
да осы Рысқұлбек көкем. Ол кезде 25 жаста. Тапқан-
таянғанының бәрін бөлісіп, қолынан келген көмегін
бізден аяған жоқ. Неге екені, аймақтағы басшылар оны
қайта-қайта шақыртып, тергеуге ала беретін. Жұмысқа
орналаса алмай, ақыр аяғында барлық істен шеттеп
қалуына да сол себеп болды. 1937 жылдың соңына таман
– күз айларының бірінде милициядан үш кісі түнделетіп
келіп, алып кетті. Сол түні мен Рысқұлбек көкемнің
қасында жатқанмын. Дембіл-дембіл ұйқымнан шошып
оянатын болсам керек, әлденеге елегізіп, қалтырап-
дірілдеп жатқан маған ес болып:
– Қорықпа, ұйықтай ғой, – деп, үстімді қымтап, жауып
қояды.
Сол түні көкемнің маған қайрат-жігер беріп,
жұбатқанына қарамай, керосин шырақтың өлеусіреген
жарығымен милициялардың қатулы, сұсты өң-әлпетінен
шошып жылағаным да әлі есімде. Содан кейін Рысқұлбек
көкемді қайтып көре алмадық. Кейін оның Бурятиядағы
бір лагерьде қаза тапқанын естідік.
Иә, сөйтіп, Айымқан әжемнің бес баласы бар еді
демедім бе. Жаңағыдай жалалы, қаралы оқиғадан бір күн
бұрын ол кісі бақилық сапарға аттанып еді...
Хат-сауаты ашылмаған, қаріп танымайтын кісі болса
да, әжем ел ішіндегі жырларды, халық әндерін және
ертегі, аңыз әңгімелерді өте көп білетін. Менің балалық
шағымның ең бір тәтті күндері осы Айымқан әжемнің
мейірім-шуағына бөленіп өтті.
Бірде, мезгіл жаз айы болатын. Мен онда бес, не алты
жастамын. Әжем бізді өзімен бірге жайлауға ала жөнелді.
26
Шыңғыс Айтматов
Шұбатылған көш бірте-бірте биіктеп, тауға қарай бет
алып барады. Бұл сірә, байырғы салт-дәстүрлерді
сақтаған ең соңғы көштердің бірі болса керек. Өйткені,
сол кездегі колхоздастыру саясаты бұрыннан көшіп-
қонуға үйренген елді отырықшы қалыпқа салып бітіп
қалған-ды. Жаз шығысымен біраз жұрт аз да болса малын,
бала-шағасын алып, бұрынғыдай жайлауға көшеді. Бала
кездегі осындай қызықты та қиын шақтар менің жан
дүниеме ерекше із қалдырып өтіпті.
Бізді, кішкентай балаларды төр жайлау өзінің небір
сұлу, небір кереметтерімен қызықтырып, ұшқыр
қиялымызды байытып, ынтықтыра түсетін. Киіз үйлерді
түйелерге, аттар мен өгіздерге артып, үйір-үйір жылқы,
қора-қора қойды айдап, кең даланы дүбірлетіп, қысы-
жазы қар жамылып жататын биік шыңдары аспан тіреген
аппақ тауларға қарай жылжимыз. Сөйтіп, жүре-жүре келе
биік-биік асулардан асып, ақырында салқын-сабат, жанға
жайлы бір қонысқа жетіп, сол жерге үй тігеміз.
Көш-керуен алдын ала ойластырылған ата салтымызға
бас иіп, жол бойы басшылыққа алып отырады. Әрбір
адамға сенімді көлік бөлініп, алдағы асулардан өтудің
амал-шарғылары
қарастырылады,
қиын-қысталаң
сәттерде не істеу керектігі күні бұрын келісіліп, қысқасы,
көш қамына ерте бастан дайындық жасайды.
Жайлаудағы жаңа қоныс бұрын басқалар қонбаған,
тың жер болуға тиісті. Мамыр айының ақырына таман
күн жылынып, жол ашылған кезде көш қозғалады. Оған
дейін биік шоқылар асу бермейді. Сегіз ай бойы сірескен
мұз бен қалыңдығы бір метрден асатын күртік қардың
құрсауындағы таулы аймаққа қай кезде қадам басуға
болатынын алдын ала білген абзал.
27
Балалық шақ
Қыркүйектің аяғы, қазанның басында қайтадан суық
түсіп, жайлауда бұдан ары қарай қалуға болмайтынын
аңғартады. Адам түгілі түз жыртқышының өзі де бұл
мезгілде таудан тауаны қайтып, өз басына пана, ық жер
іздей бастайды. Теңіз деңгейінен үш-төрт мың метр
биікте орналасқан бұл аймақтың ауа райы аса қатал.
Тау қаһарына мініп, алай-дүлей қар бораған кезде оған
қарсы шыдап тұруға адамдардың ақыл-айласы да, күш-
қайраты да жетпей, амалы құриды. Міне, сондықтан да,
жаз айларында аз да болса рақаттанып, сергіп қалсын
дегендей, жасыл жайлау оларды қызықтырып, өзіне
қарай тартады. Сол үшін де адамдар жастық шағының
жылт етіп өте шығар ең бір шат-шадыман, таң-тамаша
кездерін жайлаудағы күндерімен салыстырады.
Шіркін, жайлау – пейіштің қақ төріндей ғой. Биік-
биік таулардың бөктеріндегі көк майса шалғын, түрлі-
түсті гүлдер, бәрі-бәрі енді қайтып қайталанбайтындай
керемет көріністер. Мәңгілік мұзарттардан ескен қоңыр
салқын самал, саф таза ауа. Тастан тасқа секіріп, сарқырап
аққан мөп-мөлдір тау өзені. Әр түрлі хайуанаттардың
үні, сайраған құстардың әні, отқа жағамыз деп жинаған
отынның сондай көптігі... Оның енді, қайсыбірін айтып
тауысарсың. Қысқасы, жайлау адамға ең бір естен кетпес,
тамаша күндерін тарту етеді.
Иә-ә, қырғыздар жазда биік тауларға қарай өрлеп, боз
үйлерін тігеді. Ал күз түскенде жайлаудан көтеріліп,
қайтадан қыстауға келеді. Әлбетте, асу жабылып қалмай
тұрғанда үлгеріп, көшіп алған абзал.
Сондықтан да, олар қыс ерте түссе, қалың қардың
астында қалып қоямыз ба деп қауіптеніп, қам жасай
бастайды. Кейде сол алапат қар көшкіндері тек адамдарды
ғана емес, үйір-үйірімен жортып жүретін қасқыр екеш
28
Шыңғыс Айтматов
қасқырларды да басып қалып, жан тапсырып жатады.
Сондықтан жайлаудағы сарқыраған өзеннің жиегіне
қаймақтанып мұз қата бастаған кезде тез жиналып, көше
жөнелу керек.
Бірде мен де Айымқан әжеммен бірге көшке
қосылдым. Ол кісі мені бір тайға мінгізіп қойды. Сол
тайды, шынымды айтсам, күні бүгінге дейін ұмыта
алмаймын. Бес-алты жасар кішкентай баланың өз
бетінше жеке атқа мініп жүргені қызық қой, шіркін!..
Мені сірә, ауып кетіп, құлап қалмасын дегендері болар,
ердің екі шетіне ағаш таяныш қойыпты. Үлкен кісілер
отыратын ерлермен салыстырғанда, балалар үшін арнайы
жасалатын сол бір айырмаш ер қалалық балалардың
орындығына ұқсайтын-ды. Мен өзіме еншілеп берген
тайыма, арнайы жасалған ер-тоқымыма қуанып, теріме
сыймай тасып-толып келемін. Көшке ілесем деп атымды
дедектете жөнелемін. Тәңір берген ырысым ба, әйтеуір,
менің тайым өте жуас болып шықты. Әжем мен туған-
туысқандардың ортасында емін-еркін ойнақтап келемін.
Үйір-үйір жылқы, қора-қора қой айдағандар өз алдына.
Ал түйелердің үстіндегі жүк ары-бері шайқалып, біз бет
алған жайлауға қарай тартып барады.
Жаз жайлауға екі ай уақытқа барып, кері қайтатын
осынау ұлы көш өз сапарында қандай азап пен тозаққа
кезіксе де алған бетінен қайтпайтын. Барар-келер жолда
сан түрлі қиыншылықтарға тап болатын. Ол аз дегендей,
табиғат та қатал мінез көрсетіп, жол-жөнекей боран
соғып, қар жауып кетеді. Ондай кезде жүк артқан түйелер
тайып жығылып, тас құлап, жайлауға қарай айдап келе
жатқан малдарды басып қалып жатады. Бала-шағасы,
қатын-қалашы, дүние-мүлкімен бірге көшкін астында
қалған үйлерді де көрдік. Сондықтан жайлауға көшер
29
Балалық шақ
алдында әр түрлі рухани әзірліктер, ырым-тыйымдар да
ұмытылмайды.
Асуға бір күн қалғанда көш бір жерге жиналып, бата
жасайды. Мұндай түнді «шықама түн» дейді. Біздің керуен
де бір күні осындай «шықамаға» жиналды. Шағындау
киіз үйлер тігіліп, оның айналасында адамдар жылынып
отыру үшін от жағылды. Мұз, қар басып жатқан көрікті
де кербез таулардың ұшы-қиыры көрінбей, ұзарғаннан
ұзарып кете береді екен. Ондай кезде адамның басында:
«Ертең бұл асудан қайтіп асып өтер екенбіз» деген бір
ой ғана болады. Үйір-үйір мал да осы ойдың желісіне
байланғандай күтір-күтір күйсеп, түн қараңғылығын
жамылып, өте сақ боп жатады. Әдетте, оларға біреулер
бас-көз боп қарап тұрмаса, жайылатын от іздеп, тұс-тұсқа
тарап кете баруы да мүмкін. Сондай-ақ, айналасы құз-
жартас боп келетін қауіпті тұстарға жеткенде адаммен
бірге мал да абайлап, бірін бірі ес тұтып, үйіріліп тұрады.
Қариялар, мейлі, ол бәйбіше болсын, мейлі, ақсақал
болсын, ортадағы отты төңіректей отырып, әрқилы жыр
айтып, дұға оқып, аңыз-әңгіме шертеді.
– Міне, асуға да кеп қалдық. Бәріміз – мал-жан, қатын-
қалаш түгел осындамыз. Күн нұрын көру үшін жайлауға
шығып барамыз. Мына асудан өткеннен кейін жасыл
желек, тұнық бұлақ күтіп тұрады бізді. Ендеше сондай
тамаша жерді жайлағымыз келеді, – дегендей тілек-
қалауларын айтады.
Сонсоң осы асулардың иесі мен киесіне арнап:
– Бізге тосқауыл бола көрмеңдер! Үстімізден жаңбыр
құйып, дауыл соқпасын! Қалың тұман, қара бұлт көзімізді
тұмшаламасын! Біз бұл тауларды, жасыл жайлауды
жанымыздан артық жақсы көреміз! Ұрпағымызға
бақ бере гөр! Мал-жанымыз жайлауға аман-сау, түгел
30
Шыңғыс Айтматов
жетсін! Кейін қайтқан жолымызда да әр түрлі бәлекет
пен қырсықтан сақтай гөр! Барлық қиыншылық осы
жерде қалсын! Малға көк майса шүйгініңнен ауыз тигізе
гөр! Біз құстардың үнін тыңдап, жайлаудағы боз үйдің
түңдігінен күннің нұрын көргіміз келеді! Тәңірім, саған
шүкіршілік етеміз, мына асудан аман-есен өткізе гөр! –
деп жалынып-жалбарынады.
Қандай керемет сөздер десеңізші! Мен кейін де
жайлауға сан мәрте бардым. Бірақ мұндай керемет
сөздерді қайтып естіген емеспін.
Қалай десек те, бәз-баяғы жайлау өзінің саф таза
ауасымен қарсы алады. Иә-ә, менің балалық шағымның
ешқашан естен шықпайтын ерекше бір оқиғалары да осы
жайлауда өтті.
Бірде тісім қатты ауырды.
Жайлаудамыз. Барлық боз үйлер тігіліп болған. Әрбір
жұртта жиырма-отыз үй. Әдетте жайлауға үй тіккенде ру-
ру, ата-ата боп іргелес отырады.
Тісім қақсап, шыдатпай барады. Әр үйге жылап кіріп,
не қыларымды білмей, шырқырап жүрмін. Бір де бір
туысқанымыз, иә болмаса, көршіміз маған жәрдем бере
алған жоқ. Ал енді, жайлауда тіс дәрігері деген қайдан
болсын?!
Тісім күндіз де, түнде де ауырады. Әйткенмен,
таңсәріден бастап балалармен ойнап кетіп, кешке ғана
тісімнің ауырғанын сезіп, ыңырсып жата қаламын.
Балалар жайлауда жалаңаяқ асыр салып жүреді. Үлкендер
бұған ырза. Өйткені, балаларының таза ауада демалып,
емін-еркін ойнағанын жақсы көреді. Ешкім бізге тыйым
салмайды. Көк аспан мөп-мөлдір әйнектің ар жағынан
күлімсіреп қарайтын секілді. Айнала тап-таза, мөлдіреп
аққан су, көк майса шөп. Әй, бірақ, мына тісімнің
жанымды көзіме көрсетіп ауырғаны болмаса...
31
Балалық шақ
Әбден амалы таусылған Айымқан әжем әр түрлі
шөптерден дәрі жасайды. Болмайды. Тісімнің ауырған
жеріне тас қыздырып басады. Одан да қайран жоқ.
Әжем қолынан келген шипасының бәрін жасап бақты.
Бірақ тісімнің зырқырағаны зырқыраған. Ақыры емі
табылмаған соң, әжем бір жылқышы ағайынымызды
тәуіпке жұмсады. Оның қайда тұратынын білмеймін,
шамасы, бізге қоңсы жатқан қоныстардың бірінен болса
керек. Жылқышы бір атты жетегіне алып, жолға шықты.
Қазір болса, мұндай шаруаға машина жібереді ғой. Бірақ
біздің жайлауларда күні бүгінге шейін машина түгілі,
көлік жүретін жол жоқ.
Тісім тағы да сырқырай бастады. Шырқырап жылап,
жер тепкілеп, жаным мұрнымның ұшына келгендей
болады. Ақыры біз күткен тәуіп те келіп жетті.
Қартайыңқырап қалса да еті тірі, тың кісі екен. Әжем
оның қарасын алыстан көріп:
– Әне, келе жатыр! – деп қуанып, маған қарады. –
Құдай сені қолдайды екен!
Ал мен болсам, аунап жатқан жерімнен ыршып тұрып,
киіз үйден сыртқа атып шықтым. Жылқышы туысымыз
өзі жетектеп кеткен атқа тәуіпті мінгізіп алыпты. Тәуіп
аттан түскеннен кейін маған қарап:
– Қай жерің ауырады? – деді.
Мен ыңылдап, жыламсырап тісімді көрсеттім.
– Жылама, қазір қойып қалады, – деп тәуіп мені жұбата
сөйледі.
Содан соң ол менің ауырған тісімді көріп, әжеме қарап
былай деді:
– Боз үйде баладан басқа ешкім қалмасын. Мен бұны
көрпеге орап қояйын!
32
Шыңғыс Айтматов
Сөйтіп, айтқанын істеді. Мен жерге шөкелеп отырып,
басымды төмен салдым. Алдыма шам жағылған бір ыдыс
әкеліп қойды. Жылтыраған оттың қызуы бетімді күйдіріп
барады.
– Аузыңды ашып, шамға тақа, – деді тәуіп.
Мен оның айтқанын істедім. Содан соң үстіме көрпе
жауып қойды. Қараңғы қапаста қалғандай болдым.
Шам ғана жылтырап тұр. Тәуіптің үстіндегі бау-жібі
салбыраған киімдері әр түрлі аңның терісінен тігіліпті.
Бас киімі де басқа жұрттыкіне ұқсамайды. Көрпенің
астында, шам жарығына қарап аузымды ашып, көпке
дейін отырдым. Ал тәуіп болса, маған түсініксіз бір тілде
сөйлеп, әлдеқандай бір тосын үндер шығарып жатты.
Әрине, ол кезде мен оның шаман екенін қайдан білейін.
Ислам дінін көп жылдар бұрын қабылдасақ та, шаманизм
дағдысы ел арасында әлі сақталып келеді. Тәуіп кісі
Тәңірге жалбарынып, айқайға басты. Бәлкім, менің қазіргі
айтып отырғаным сіздерге сенімсіздеу болып та көрінуі
мүмкін, бірақ бір кезде тісімнің ауруы сап басылғаны рас.
Көп күннен бері тұз да, әр түрлі дәрі-дәрмек те, ыстық
тас та шипа бола қоймаған тісім аяқ астынан сен көр, мен
көр демей-ақ табан астында жазылды да кетті.
– Әлі ауыра ма? – деп сұрады тәуіп.
Мен басымды шайқадым. Ол маған тағы да біраз
шыдап, отыра тұр дегендей болды. Қарсылық танытқан
жоқпын. Кейін ол төсекті ашқанда алдымда майда-майда
тастардың шашылып жатқанын көрдім.
– Көрдің бе мынау кішкентай құрттарды? – деді ол
менен сүйінші сұрағандай қуанып. Шынында да, мен
енді жыбырлаған шаш сияқты жіп-жіңішке құрттарды
байқадым. Тәуіп өстіп, тісімді емдеп жазды. Бұл оқиғаны
өмір бойы ұмытпаймын...
33
Балалық шақ
Кейін арада көп жылдар өткенде тіс дәрігерлерінен
адамның тісінде шаш сияқты жіңішке құрт бола ма деп
сұрап көргенім де есімде. Олар маған ондай нәрсенің
болмайтынын айтты. Ал жайлауда ондай құрттарды өз
көзіммен көргенімді әліге дейін ұмытпаймын.
Сол күні шаман тәуіп маған:
– Қара, сап-сау боп, жазылып кеттің! Енді тісің
ауырмайды! – деді.
Тәуіп кісінің сиқыры ма, әлде шынында да, өз көзіммен
көрдім бе, соны осы күнге дейін түсіне алмаймын.
Әрине, тісімнің ауырғаны қоя салысымен мен өзімнің
достарыммен бірге шапқылап ойнай жөнелдім. Тәуіпке
ырза болған әжем түйіншек-түйіншек сыбаға беріп, оны
алып келген атпен қайта жеткізіп салды.
Ал мен болсам, көп ұзамай бұл оқиғаны ұмытып та
кеттім. Өйткені, тісім енді ауырмайды. Шынында да,
рақат емес пе?!
34
Шыңғыс Айтматов
Достарыңызбен бөлісу: |