Филологическая



Pdf көрінісі
Дата28.01.2017
өлшемі75,34 Kb.
#2864

серия 

ФИЛОЛОГИЧЕСКАЯ

51

Тежеу немесе тұйықтау («свертывание») кезінде бәрі кері ретпен 

орындалады, беткі деңгейден түнкі терең деңгейге өту процесі орындалады, 

мәтіннің мазмұнын түрлі формалар арқылы түсініп-тану жүзеге асады.

Сондықтан аталмыш қос тетік бірімен-бірі қатарласа өмір сүреді және 

бірін-бірі толықтырады.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Кубрякова Е.С.  О связях между лингвистикой текста и 

словообразованием // Лингвистические проблемы текста. - М., 1983.-55.

 2. Мурзин Л.Н. Основные дериватологии. - Пермь, 1984.

3.  Мурзин Л.Н. Текст и его восприятие. - Свердловск.1991.

4. Раушанов Е. Бозаңға біткен боз жуан - Алматы: «Раритет»,2006. 

-382б.

5. Досмұхамедұлы Х. Исатай-Махамбет (Махамбет жырларының 



тұңғыш басылымы. – Тайманұлы Исатайдың туғанына 200 жыл толу 

мерейтойына арналған).



Резюме

В статье обширно рассматривается проблема лингвистической 

деривации.

Resume

The article extensively dwells on the problem of linguistic deriva-

tion.

ƏОЖ 882.151.212.2-141



ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВТЫҢ ТАБИҒАТ 

ЛИРИКАСЫНДАҒЫ ШЕБЕРЛІГІ ЖӘНЕ  

ЛИРИКАЛЫҚ ҚАҺАРМАН

Г.А. Жұмабекова

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті

М. Базарбаев «Көрікті ойдан – көркем сөз» еңбегінде: «Қасым 

Аманжолов поэзиясына дауылды, екпінді, серпінді күш тән. Екпінді болғанда 

көбіне құр айқай, даңғазалық үлгімен жазылған ұран өлеңдер іспетті емес, 

терең сезім мен мазмұнның, отты, уытты сөздердің екпіні, оқушысын баурап 

әкететін әсерлі, құнарлы шумақтар екпіні» [1; 169] – деп, ақын поэзиясына 

баға береді. Қ. Аманжоловтың «Мен – табиғат бөбегі» өлеңінен ақын стилін 


Вестник ПГУ №4, 2010

52

күшті аңғарамыз. Лирикалық қаһарманының өр, өжет мінезді, рухты бейне 

екендігін зерделеу үшін ақынның жырына үңілейік: 

Мен – табиғат бөбегі,

Еркін жанмын еркемін.

Аузымда жастық өлеңі,

Еркелеп күйім шертемін.

Жарқ-жұрқ етіп жүруді

Нажағайдан үйренгем.

Шадыман шат боп күлуді 

Күн мен айдан үйренгем.

Тәккапарлық, ерлікті

Асқар таудан үйренгем.

Мен бір жанмын ерікті,

Жарысып желмен жүгірген.

Ашу, қайғы дегенді

Қара бұлттан үйрендім. 

Өз еркімше сілтемей,

Қашан ғана имендім?! [2; 83-84б]. 

Өлеңдегі «жарқ-жұрқ», «шадыман шат» сөз тіркестері эмоционалды 

мәнге ие болып, лирикалық қаһарманның ерекшелігін ашу қызметіне 

сәулесін түсіріп тұр. «Жарқ-жұрқ» еліктеуіш сөзі дыбыс картинасын жасап, 

дыбыс суретін беруде ақынның шеберлігін танытып тұр. Лирикалық 

қаһарманның «өзіндік мені» бар екендігі, Мағжанның «мені» іспетті рухы 

күшті романтикалық қаһарман десек, «Мен кім» өлеңіндегі «Көкте – бұлт, 

жерде – желмін гулеген, // Жер еркесі желдің жөнін кім сұрар?» деген 

тармақтардан Мағжанның лирикалық қаһарманы көктегі бұлт, жердегі жел 

секілді еркін, ешкімге мойымайтындығы білінсе, Қ.Аманжоловта да «Еркін 

жанмын еркемін», // «Өз еркімше сілтемей, // Қашан ғана имендім?!» өлең 

жолдарынан да ақын лирикалық қаһарманының ешкімге тәуелсіз екендігі 

айқын аңғарылады. Бұл - дәстүр тағылымындағы сабақтастық пен үйлесімді 

көрсетсе керек. Сонымен қатар Қ. Аманжоловтың лирикалық қаһарманы 

өзінің күштілігімен дараланады: нажағайдай жарқ-жұрқ етіп жүруді, желмен 

жарыса жүгіргенді ұнатады, ашу, қайғысы да қара бұлт секілді, асқар таудай 

тәккаппар, ер мінезді. Ақын лирикалық қаһарманының тағы бір ерекшелігі 

– биіктікке, алға ұмтылу. Мәселен, ақын өзін көктегі күн мен айға, бұлтқа, 

асқар тауға теңгерер ме еді, әйтпесе?! Сол биіктікке ұмтылуда келекшекке 

деген зор үміттің болуы десек те қателеспейміз. Екі ақынның да өлеңдері 

жастық кезде жазылған жалынды жырлар. Жалпы, Мағжан мен Қасымның 

өлең мұратын дәйектесек, тереңде жатқандығынан хабардар боламыз. 

Тереңдігі сонда, өздерінің «жеке мені» арқылы бүкіл қазақ халқының ұлттық 

рухын, болмысын, тектілігін, биіктігін асқақтатып, романтикалық қаһарман 



серия 

ФИЛОЛОГИЧЕСКАЯ

53

тудырған. Осы ретте, В. Белинскийдің мына пікіріне зейін қойғымыз келеді: 

«Ұлы ақын өзі туралы, өзінің жеке мені туралы айтса, - жалпы жұрт туралы, 

бүкіл адам баласы туралы айтқаны; өйткені оның тұлғасында жалпы адам 

баласына тән күллі қасиеттің бәрі бар» [3; 320]. 

Ақынның  «Долы  бұлт»  өлеңінде  адамның  кейбір  мінез-құлықтарын,                 

іс-әрекеттерін табиғат көріністері арқылы тануға болады. Бұдан біз табиғатты 

жырлау адам сипатын толыққанды ашып беретін құрал екендігін тағы да 

дәйектей түсеміз.

Суырып көкте қылышын,

Нөсерлі қара төнді бұлт 

Тарылтып жердің тынысын.

Тапа-тал түс болды ымырт

Өрістен қашты төрт түлік,

Асыға үйге енді жұрт.

Салатындай бір бүлік,

Ақырды жерге долы бұлт

Күйзелді келіп, күңіренді,

Аласұрды аспанда.

Шуылдап аймақ тебіренді,

Жалынын жерге шашқанда

Жіберді жылап долы бұлт,

Төгілді жерге көк нөсер.

Өтті де кетті, болды ұмыт,

Жадырап жайнап күлді жер [2; 103].   

Ақын жаңбыр жауар алдындағы табиғаттың бұзылуын «Ақырды жерге 

долы бұлт // Күйзелді келіп, күңіренді, // Аласұрды аспанда», ал, қатты 

нөсердің құюын «Жіберді жылап долы бұлт» деген образды сөздермен келісті 

сурет жасаған. Осы орайда, белгілі ғалым Р. Нұрғалидың «Образ үшін дыбыс, 

сөз, сөз тіркесіндегі бейнелілік, әуезділік, бояу – аз. Білімділік, ділмарлық, көп 

көру – бұл да жеткіліксіз. Дүниеге шығарма әкелетін қуатты күш – көзі ашық 

дүниетанымға сүйенетін суреткер қиялы, қанатты фантазия» [4; 42], – деген 

пікірін ескергіміз келеді. Ақын табиғат пен адам арасындағы байланысты 

жауын-шашын жауар алдындағы болатын көрініс арқылы сипаттаған. Осы 

көрініс негізінде адамның мінез  әрекеттерін, әсіресе адамның ашулы күйін 

«қара бұлт», «долы бұлт», «ақырды жерге долы бұлт» көріктеуіш сөздерінен 

көреміз. Өлеңге «қара» көріктеуіш сөзі экспрессивтілік мәнді күшейтіп, жыр 

мазмұнына әуезділік, бояу дарытып тұр. Жоғарыда талдаған «Мен  - табиғат 

бөбегі» өлеңінде де «қара», «бұлт» сөздері лирикалық қаһарман мінезін 

сомдауға қызмет етіп тұрғандығын «Ашу, қайғы дегенді // Қара бұлттан 

үйрендім» - жолдары айтқанымызға дәлел бола алады. Төртінші шумаққа 

үңілсек, қатты нөсерден кейін жердің жадырап, жайнауын көреміз. Бұл да 



Вестник ПГУ №4, 2010

54

психологиялық тұрғыдан байыптағанда, адам мінезінің бір қырын көрсетеді. 

Яғни, психология ілімінде, әсіресе ер адам ашу үстінде өте күрделі процестен 

өту барысында ішіндегісін жайып салғаннан кейін бірден сабасына түсіп, 

өзін-өзі қолына алып, өзін кінәлі сезінгендей күйде болады екен. Өзін 

кінәлі сезінгенде бәрін ұмытып, қайтадан «жадырап» шығады екен. Көріп 

отырғанымыздай, көркем сөздің құдіреті адам жанының психологиясын 

зерттеп, оның үстіне табиғаттағы лирикалық қаһарманның бой көрсетіп 

отыруы – тақырыбымыздың өзектілігін салмақтай түседі. Мұндағы 

лирикалық қаһарман – сырттай бақылаушы болып көрінгенімен, іштей кірігіп 

кеткен қаһарманды танимыз. Лирикалық қаһарманның мінезін бажайлай 

түсеміз. Сөйтіп, лирикалық қаһарман арқылы ақынның стилін аңғарамыз. 

Мәселен,  «... стиль деп, әр жазушының өзіне тән ерекшеліктерін ұғыну. Стиль 

– жазушының барлық туындыларын түгел қамтиды. Жай қарағанда бір-біріне 

ұқсамайтын сықылды жазушының әр шығармаларын тереңірек зерттесек 

өзара жақындығын, бірліктерін көреміз. Олар, бір жазушының қаламынан 

шыққан туындылар болғандықтан, әрқайсысы-ақ «мен пәленнің қаламынан 

тудым» деп, сыбырлап тұрғандай. Өйткені, стиль – жазушының өзі. Стиль 

ұғымына жазушының тілі, сөйлем құрылысы, мәнері, шығармаларының 

композициясы, оқиға дамыту әдістері, тақырып таңдаулары, жанрлық 

ерекшеліктері, тағы басқа компоненттер кіреді»  [5; 13]. 

Қ. Аманжоловтың «Жаңбырлы кеште, көшеде» өлеңі де назар 

аударарлық. Өлеңді толығымен келтірейік:

Жаңбырлы кеште, көшеде

Жүрді жалғыз жас жігіт.

Дем алады күрсіне

Өңі қашқан сұп-сұрғылт.

Құйып тұр жауын нөсерлеп

Алас ұрып ойнап бұлт

Ұялаған құстардай 

Үйінде отыр барлық жұрт.

Жалғыз ғана жігіт жүр

Жапанда жалғыз батырдай

Онда сірә, бар не сыр

Білер ме еді, япырм-ай! 

Жүр ме әлде, жауыннан

Жан ләззатын табам деп

Ескен желмен тілдесіп

Алыстан хабар алам деп.

Кенеттен ол жанғандай

Жарқ-жұрқ етті нажағай!

О, жоқ! Емес нажағай,



серия 

ФИЛОЛОГИЧЕСКАЯ

55

Жарқ-жұрқ етті ақ маңдай

Жарқ-жұрқ етіп ақ маңдай 

Қыз келді жарқылдап

Қыз магниті тартқандай

Жетті жігіт жақындап

Жас жүрегін қолына ап,

Қызға жігіт ұсынды

Кетті сұлу ғайып боп

Жігіт ауыр күрсінді.

Бұл бір кәміл ақиқат

Мұнда терең бір сыр бар

Кімде күшті махаббат 

Болса, мұны сол ұғар [2; 173-174].  

«Сезім шындығы – Қасым өлеңдері лирикалық кейіпкерінің басты 

қасиеті» [6; 15], - демекші, табиғат пен махаббаттың тоғысуынан туған 

лирика. Сезімнің, сырдың, махаббат әдемілігінің шынайы лирикасы. Жанға 

рахат беретін, нәзік, сыршыл жыр. Р. Нұрғалидың «Қазіргі поэзияның 

мойнындағы жүк ауыр, көз көрген мен қол ұстағанды ғана айтсаң ақын 

емессің, үлкен ой, шамырқанған сезімді астастырып, жұтындырып жазу 

шарт» [7; 303], – дегеніндей Қ. Аманжоловтың бұл туындысы «үлкен ой, 

шамырқанған сезімді астастырып, жұтындырып» жазылған жыр екеніне 

дау жоқ. 

Өлеңде лирикалық қаһарманның ғашығына деген сезімі табиғат 

құбылыстарына сай өрілген. Дәлірек айтқанда, лирикалық қаһарман – жігіттің 

сүйіктісін аңсауы, сағынуы да байқалады. Мұнда лирикалық қаһарманның 

махаббат сезімінің күштілігін беру мақсатында табиғаттың элементтері 

(«жаңбырлы кеш», «нөсерлі жауын», «ескен жел» т.с.с.) қызмет атқарған. 

Сондай-ақ, бұл оқиғаның өзі ашық, жайдарлы күнде емес, жаңбырлы кеште 

болуы да лирикалық қаһарманның көңіл-күйіне сай табиғаттың да құбылуы, 

мәселен жауынның нөсерлеп құюы, бұлттың аласұрып ойнауы, осылардың 

бәрі - лирикалық қаһарманның бейнесін тануға боларлықтай табиғаттың 

келісті суреттері. Өлеңдегі жігіттің мазасыз күй кешуі (күрсініп дем алуы, 

сұп-сұрғылт боп өңі қашуы, ауыр күрсінуі) білінсе, лирикалық қаһарманның 

жүрек лүпілін де сезінгендей боламыз, әрі оған иланамыз. 

Ақын лирикалық қаһарман – жігіт сезімін жалаң баяндаулармен 

беруден аулақ. Жігіттің қызға деген іңкәр сезімін «Жетті жігіт жақындап 

// Жас жүрегін қолына ап, // Қызға жігіт ұсынды», - өлең жолдарынан 

көреміз. Қандай әдемі образ?! Жігіттің ғашығына деген махаббаты сөзбен 

емес, ісімен тәнті етіп, көзімізге елестету арқылы ұқтырады. Лирикалық 

қаһарман үшін қыздың келуі «найзағайдың жарқылынан» кем болмады. 

Ал, жігіттің қызға деген махаббаты найзағайдан да күшті. Өйткені, ол бүкіл 



Вестник ПГУ №4, 2010

56

жұрт үйінде отырғанда жалғыз өзі көшеде жүреді. Жігіттің қызға деген 

сезімі найзағайдан кем болмай тұр. Осы орайда Абайдың «Жарқ етпес 

қара көңілім не қылса да // Аспанда ай мен күн шағылса да», - деген өлең 

жолдарына ұқсатуға болады. Осы өлеңге қатысты Ж. Ысмағұлов «Абай» 

энциклопедиясында былай дейді: «Сүйген жарынан ажырап, алыста қалған 

жігіттің зарығып айтқан сағынышын білдіретін махаббат лирикасы. Біржола 

беріліп, құлай сүйген жігіттің бір жақты сүйіспеншілігі жырланады. Өз 

сезімі қыз жүрегінен үндестік тапсын-таппасын, ол алған бетінен қайтпайды, 

жалындаған ыстық махаббатының құрбандығына көніп, жүрек қалауының 

барлық азабын тартуға әзір» [8; 245]. Біздіңше, Абай өлеңдерінің дені 

идеал махаббатқа құрылған, яғни ақын өлеңдеріндегі лирикалық қаһарман 

- тұрақты, адалдықтың үлгісі ретінде жырланады. Ал, Мағжанда керісінше, 

лирикалық қаһарманы көбінесе махаббатқа тұрақсыз, тайқақ, сезімге 

екіұшты болып келеді. Мысалы: «Әйелдері ұятсыз // Күнде сүйгіш, 

тұрақсыз, // Қылмыңдасар, керілер. // Жүздерінің қаны жоқ, // Көздерінің 

жаны жоқ, // Еркектері - «перілер» деген және т.б. өлең жолдары айғақ. 

Абайда махаббатынан айырылған жігіттің «қара көңілі» болса, ал Қасымда 

махаббатына жолығып тұрған жігіттің сезімі «найзағайдың жарқылынан» 

да күшті болып тұр. Демек, бұл лирикалық қаһармандарға «күннің 

жарқылы» мен «ай мен күннің шағылысуы» да әсер етпейді. Қысқасы, Абай 

мен Қасымның лирикалық қаһармандарының сезім күштілігін көреміз. 

Міне, поэзияның құдіреті дегеніміз осы. Поэзиядағы «айтпай айтудың», 

шарттылықтың бір үлгісі. Келешек үшін зор тәлім аларлықтай жігіт пен 

қыздың сезімі. Осы ретте С. Қирабаевтың «Бүгінгі өмірді жырлау ақынның 

өсуімен, шеберлігінің жетілуімен, байқағыштығы және ойшылдығымен, 

өзіндік сипаттарының молдығымен, яғни ақынның ақыл, талантының 

дәрежесімен өлшенеді... Егер ол жарқын, ақын жанды адам болса, басқаларды 

қайталамай-ақ, өз дәуірі мен замандастары туралы жаза алады [9; 134],  

- дегені құптарлық. Біздің айтпағымыз, Қ. Аманжоловтың бұл жырынан өз 

заманының, дәуірінің махаббатын көреміз. Сондай сезім шынайылығын 

аңсағандай боламыз. Қазіргі күннің махаббаты көбінесе құнсызданып бара 

жатқандығы адамзатты ойлантады. Қазіргі сезім – «тұрмыстың» құлы, 

«қалталының» күңі. Шыны керек, отбасын құру ойыншыққа айналып бара 

жатқандығы қынжылтады. Үйленіп үй болудан ажырасу, ойран көп. Бұл, 

әрине «жалған» сезімнің жемісі екені даусыз.  

Ақын өлеңдерінің ішіндегі лирикалық қаһарманның сезімін ерекше етіп 

көрсеткен «Құз» атты өлеңі не бары үш-ақ шумақтан тұрса да, үлкен жүк 

арқалап тұрған биік пафосты өлең қатарына жатады:

Қабағын түйіп құз тас тұр 

Төңірегіне парық сап.

Шыңында шулап құстар жүр,

Айнала ұшып шарықтап.


серия 

ФИЛОЛОГИЧЕСКАЯ

57

Кеудесі жалын қара бұлт,

Келеді төніп аспаннан.

Алып құз тас сұп-сұрғылт

Жамылып шапан – боз тұман. 

Шық моншақтап, шыпшып тер,

Сорғалайд жасы жүзінде.

Сол құзды көр де – мені көр

Ойға бір шомған кезімде [2; 94-95].   

«Қабағын түйіп құз тас тұр» - дегенде табиғатты бейнелеу – кейіптеу 

көркемдеу құралын шебер пайдаланумен бірге, ерекше құбылысты көрсету 

қызметін де қоса қамтуымен көзге түседі. «Шулап» сөзінен құстардың 

көптігін көрсек, құстардың шарықтап ұшуынан: біріншіден, тау биіктігін, 

екіншіден, Қасымның лирикалық қаһарманы жай ұшқанды қаламайтынын, 

шарықтап ұшқанды жақсы көретінін, демек, лирикалық қаһарман құз 

сияқты ерекше, сондықтан да лирикалық қаһарманның сезімін ерекше етіп 

көрсетуін тамашалаймыз. «Кеудесі жалын қара бұлт» дегендегі кәдімгі 

бұлттың кеудесінде жалын болуы – (көркемдеу құралдың түрі – кейіптеуді 

білдіреді) романтикалық асқақтықпен жасалған суреттеу. «Жамылып шапан-

боз тұман» тармағынан лирикалық қаһарманның жай тұманды емес, шапан 

жамылған боз тұманы бар құзды ұнататыны көрінеді. Ал, «Сол құзды көр де 

– мені көр, // Ойға бір шомған кезімде» - жолдарынан ақынның лирикалық 

қаһарманының өзін құзға теңейтіндігін, құзға ұқсағысы келетіндігін, сайып 

келгенде, ерекше бір жаратылысты, құбылысты, ерекше романтикалық 

сезімді ұнататынын аңғаруға болады. Соңғы шумақтағы «Шық моншақтап, 

шыпшып тер, // Сорғалайд жасы жүзінде» - тармақтарынан ең алдымен, 

құздың жүзіндегі жас» лирикалық қаһарманның «көз жасы» деп айтуға 

болады. Лирикадағы «айтпай айтудың» бір үлгісі. Сондай-ақ, лирикалық 

қаһарманның бойынан бір нәрсеге көңілі толмай қамыққанын, жан 

жалғыздығы мен біраз қайғырудың да бар екендігін аңғарамыз. 

Осы ретте, орыстың әйгілі ақындарының бірі – М.Ю. Лермонтовтың 

1841 жылы жазылған «Утес» өлеңі еске түседі. Мысалы:

Ночевала тучка золотая

На груди утеса-великана;

Утром в путь она умчалась рано,

По лазури весело играя;

Но остался влажный след в морщине

Старого утеса. Одиноко

Он стоит, задумался глубоко

И тихонько плачет он в пустыне [10; 34].   

Қ. Аманжолов пен М. Лермонтов өлеңдерінде ұқсастық бар. Лермонтовта 

да «құз жылайды». Лермонтовта құз - «алтын бұлт» болса, Қ. Аманжоловта 



Вестник ПГУ №4, 2010

58

«Кеудесі жалын қара бұлт» болып суреттеледі. Лермонтовтың «Құз» өлеңіндегі 

лирикалық қаһарманның ерекше махаббаты мен жан жалғыздығының көрінісі 

болғанымен, екі ақында да «Құз» бейнесі – жалғыздықтың, қолдау таппаған 

лирикалық қаһарманның бірер кезіндегі қамығуын, торығуын көреміз.  

Демек, Қ. Аманжоловтың лирикалық қаһарманы ерекше болмыс-

бітімінен ерекшеленеді. Ал, біздің айтпағымыз – табиғатты жырлау – адам 

сезімін ашудың бірден-бір құралы екендігіне, әр ақын өз стиліне сай 

жазатындығына назар аударту. 

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Базарбаев М. Көрікті ойдан – көркем сөз. - А.: «Рауан», 1994. - 367 б.

2. Аманжолов Қ. Дариға, сол қыз. Өлең-жырлар. - А.: «Атамұра», 2003. 

- 212 б. 

3. Қабдолов З. Томдық таңдамалы шығармалар. Т.2. - А., 1983. - 320 б.

4. Нұрғалиев Р. Телағыс. А.: «Жазушы», 1986. - 440 б.

5. Жұмалиев Қ. Стиль – өнер ерекшелігі. А.: «Жазушы», 1966. - 228 б.

6. Қирабаев С. Көп томдық шығармалар жинағы. Т.2. - А.: «Қазығұрт», 

2007. - 416 б.

7. Нұрғали Р. Жеті томдық шығармалар жинағы. Т.3. Қазақ әдебиетінің 

алтын ғасыры. - А.: «Фолиант», 2005. - 652 б.

8. Абай. Энциклопедия. - А.: «Атамұра», 1995. - 720 б. 

9. Қирабаев С. Лирикалық поэзияның кейбір мәселелері. // Жұлдыз. 

1961. №5. - 134-142 б.

10. Лермонтов М.Ю. Стихотворения. Поэмы. Маскарад. Герой нашего 



времени. А.: «Мектеп», 1981. - 367 с.  

Резюме

В данной статье рассматривается лирический герой известного 

казахского поэта К. Аманжолова в пейзажной лирике. А также 

раскрывается образ лирического героя в пейзажной лирике поэта. 

Образ лирического героя рассматривается разносторонне, дается 

сравнительный анализ стилю и поэта. 

Resume 

This article deals with the lyric character of a famous Kazakh poet 

K.Amanzholov in the scenery poetry. The image of the lyric character is 

given from many points of view and analysis of the poet`s style and his 

speech is also given in this article. 


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет