«ФИЛОЛОГИЧЕСКИЕ НАУКИ В ОБРАЗОВАТЕЛЬНОМ ПРОСТРАНСТВЕ РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН» 169
Бұл эссе туған шаңырақ, туған ана, туған бауыр туралы көп жазған жазушы
Бексұлтан Нұржеке-ұлының және бір сыр ақтаруы. Бәлкім оқушысымен мұң бөлісуі.
Балама теледидардан Бексұлтан Нұржеке-ұлы туралы хабар жүріп жатқанда: «Бекең мына
кісі», – дегенмін. Ұлым іле-шала: «Нағыз қазақ қой мына адам», – деп қалды. Көбінде
менің тықпалаған дүниелеріме мән бере бермейтін. Көз де салмайтын. Оны Бекең жалт
қаратты. Қуанып кеттім.
Осы нағыз қазақ адам барын халқымен бөлісудің осы заманғы эталоны сияқты
көрінеді. Бұл мадақ өмірге суреткер болып қатысқан, қатысып келе жатқан барлық қазақ
қаламгерлеріне де лайықты шығар.
Бексұлтан Нұржеке-ұлы «Маштанда» бір анадан туған бауыры, інісі Сұлтанбек туралы
сыр ашады. Негізінде оқушы білетін тарих. Бірақ есейген Сұлтанбекті біле бермейтін. Осы
қысқа эсседегі сәт сайын баураған жылу, бауырдың барына шаттану, бауырды жоқтау жан
дірілі, алма-кезек жан күйі, негізінде жазушы Бексұлтан Нұржеке-ұлының ықшам, еркін
жазу төселген тәсілі.
Бексұлтан Нұржеке-ұлының Ешмұхамет атасы мен Батпан апасы қазақ
әдебиетіндегі халықтық тұлға деңгейінде қапысыз сомдалған адамдар. Жалғыз ұлдан
қалған тұяқты адам болып өмір сүруге баулыған ардақтыларын сүюіне жазушы бар
оқушысын ортақтастыра алды. Бұл адамдардың әр сөзінде, әр ісінде мызғымас кісілік
тұғырланып отырар еді.
Құйтымдай Шегенді (Бексұлтанды) жетектеп өсірген осы адамдардың кең пейілі, кісілігі
небір гуманист, Нобель сыйлығы иегерлерінің қалпағын жерге түсірер еді.
«Сұлтанбек – менің туған інім. Ол атам Ешмұхамбеттің атында, мен әкем
Нұржекенің атындамын. Ол да Әзіханнаң туған, мен де Әзіханнаң туғам. Әзіхан –
шешеміз, Байсақал болыстың немересі. Әкесі – Нұрбек.
... Сұлтанбек 1945 жылы туады. Нұржекенің әкесі Ешмұхамбет атам мен шешесі
Батпан апам Сұлтанбекті атасы мен әжесінше қабылдады. Атам: «Осы жалпақбас жақсы
жігіт болады. Бәрі оның атын ұстайсыңдар», – деп отыратын. Ал апам ол келгенде,
«Қарның ашқан жоқ па? Айран ішші, жаңа ғана нан пісіріп едім, жеші!» – деп жік-жапар
болатын. Әкем соғысқа кеткенде жиырма жаста болған. Соғыс топалаң қылған оның
тағдырын жазған екі хатынан екі қарт жан дүниесімен түсінген» (146-бет).
Эсседегі кішкентай Сұлтанбектің Нұржекеден қалған жалғыз тұяққа іні болғанын
қуаныштаған ата мен әже жазушының шығармаларында «көшіп жүретін» тұрақты
кейіпкерлер. Оқушы олар туралы көп нәрсе біледі. Бетіне қарап сөйлеп, жазғырмаған
енесі өлгенде отаны басқа болып кеткенімен, жаны бір келіннің жоқтау айтып жылағаны
есінде. Кішкентай сәбиді алаламай, тағдыр басына тауқымет салған жас әйелді табаламай,
біртуған мәртебесін сақтап жылу бөліскен ата мен ене қазақта ғана болған. Кейінге шейін
Ата - Ене институты салтын сақтап отырды. Кеңдігінен жазбады. Пейілін бұзбады.
Ендігі уақыт – өз алдына. Қазақтың қариялық институты да бірегей ұлттық
құндылық еді. Бексұлтан Нұржеке-ұлының 15-томындағы қысқа деректік әңгімелер
қызық, тез оқылады. Ауыл мінезі, ауыл тұрмысы жалпақ жұртқа жақын, етене қайталанбас
оқшау құндылығында көрініп, сағыныш оятады.
Ауыл адамды қалыптастыратын аса бір оңтайлы орта. «Біргәдір аға және бұғалтыр
Қожа» атты әңгімеде ауылдың ойын баласы бастан кешкен бір жай баяндалады. Осындағы
екінші ғана класты енді бітіретін кезден айтылған бірер эпизодта бүкіл қазақы Ауылдың
өмір дағдысы, кішкентай адамның қалыптасу негіздері көрініс тауыпты. Бурақожырдан
жырып ағызып қойған Әмірарыққа шомылуға әлі ерте болса да суға түсіп, дірдектеп
қайтқан балалар ауданнан кино келгенін біліп, кешке кездеспек болып тараған.
Кішкене кейіпкерді ұзынтұра қырылдауық біргәдір «Сенің үйіңде ешкім колхозда
жұмыс істемейді. Кино колхоз мүшелеріне ғана тегін көрсетіледі», – деп, жетектеп әкеп
сыртқа итеріп жібереді.