«ФИЛОЛОГИЧЕСКИЕ НАУКИ В ОБРАЗОВАТЕЛЬНОМ ПРОСТРАНСТВЕ РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН» 239
көрсетеді. Ал «Таңғажайып дүниеде» бұл кейіпкерлердің нақтылы тарихи орны мен
өмірдегі бейнесі ашылады.
Автордың ерекшелігі – дәуір шындығын, оның басты оқиғасын жазбай тануы.
Жазушының сол дәуір туралы дүниетанымы, авторлық ой елегінен өткен тілдік қоры,
этнографиялық тіпті фольклорлық түсінік деңгейі, сүйек сіңді не жүре бітті білім-білігі
төрт романнан да білініп тұрады.
Қ.Жұмаділов романдарының қай-қайсысы да әдебиетіміздің ақтаңдақ беттерін
толықтыруға бағытталған. Қазақ халқының басынан өткен оқиғалардың бұрын
зертелмеген тұсына назар аударып, соны тарихи дәлдікпен көркем шындыққа айналдыру
арқылы тарихты зерттеуші ғалымдардың назарын сол тұсқа аударуға тырысады.
1981 жылғы «Соңғы көш» осылай туған» деген мақаласында автор сыншыларға өзі
бағыт-бағдар жасапты. «Соңғы көштегі» образдар жүйесін, адамдар арасындағы ара
қарым-қатынасты талдағанда, оларды үйреншікті тәсіл бойынша бай немесе кедей деп,
біріңғай таптық тұрғыдан жіліктеуге келе бермейтіндігін айта келіп, сол тұстағы Африка,
Азия, Латын Америкасындағы ұлт-азаттық күресі жүріп жатқан елдердегі сияқты, кезінде
Шығыс Түркістанда да «Бірлік сап» деп аталатын майдан құрылғандығын, бұған еңбекші
халықпен бірге көзі ашық байлар да, оқыған зиялы қауым да түгел қатынасқандығын
жазады. Сондықтан да жазушы мұндағы тартыс табиғатын таза таптық тұрғыдан
түсіндірмей, ұлттық мүдде тұрғысынан қарау керек дегенді ашық айта алмаса да, «ұлт
мәселесі түбегейлі шешіліп болмаған, ішінара ерекшелігі бар ел ретінде қараған орынды»
деген емеурін танытады. Шығыс Түркістан туралы не арғы беттен, не бергі беттен
ешқандай мәлімет жоқ, құлаққа ұрған танадай болып тұрған кезінде Қ. Жұмаділовтің бұл
тақырыпты
эпикалық деңгейде алғаш көтеруін бүгінгі ұрпақ ерлік деп бағалау керек [6,
171 б.].
Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдың желтоқсан айына дейін «Соңғы көш»
романы тақырыбы тұрғысынан дара туынды болды. Қытаймен екі арадағы байланыс
түзелгеннен кейін ол өлкедегі тарихи оқиғалар туралы Қазақстан жұртшылығы Шыңжаң
тарихынан сыр шертетін шығармалармен таныса бастады.
1981 жылдың өзінде-ақ Қ.Жұмаділов Шығыс Түркістан тақырыбының қағаз бетіне
түспей қағаберіс жатқаны болмаса, олардың тарихы, азаттық үшін айқасы,
басқыншыларға қарсы ерлікке толы күресі, басқасын былай қойғанда 1945 жылы жеңіске
жеткен ұлт-азаттық төңкерісі, бес жыл бойы дербес мемлекет болып тұрған Шығыс
Түркістан республикасының құлауы, Оспан батыр бастаған халық көтерілісі әлі де талай
романға азық болары сөзсіз екендігін атап көрсетеді [7]. «Соңғы көш» романында осы
тарихты түгел көрсету мақсат етілмеген. Сондықтан да романның басты оқиғасы Шығыс
Түркістан республикасы сахнадан кетіп, Қытай Халық азаттық армиясының Тарбағатай
аймағына кіруінен басталады да, алпысыншы жылдардағы ел басына төнген зобалаңмен
аяқталады. Мұның бірнеше себептері бар. Біріншіден, Шығыс Түркістан халқының
романдағы қамтылған кезеңдегі тартқан жәбір-жапасы бұрын көріп жүрген
әділетсіздіктердің бәрінен де асып түскендігін тарихи еңбектер айғақтайды. Сондықтан да
жазушы роман желісін халық трагедиясының ең шарықтау шегінен бастайды. Екіншіден,
бұл кездегі оқиғалардың көпшілігі қаламгерге бұрыннан мағлұм, мысалы шығармадағы
Қанағат ауылы – жазушының өз ауылы, ақын жігіт Естай жазушының өз прототипі болса,
басқа кейіпкерлердің барлығы да Естайға бала күнінен жақсы таныс, өзі көріп-біліп, естіп
өскен адамдары.
Осы орайда Қ. Жұмаділовтің Шығыс Түркістан тақырыбының ауқымдылығы
туралы сөзінің жанды мысалы ретінде үш аймақ көтерілісін нақтылы сөз ететін Жанат
Ахмадидің «Дүрбелең», «Шырғалаң» дилогиясы, Тұрсынәлі Рыскелдиевтің «Тау тағысы»,
Батырхан Құсбегиннің «Зуха батыр», Қажығұмар Шабданұлының «Пана», Сейітқан
Әбілқасымовтың «Оспан батыр», Жақсылық Сәмитұлының «Сергелдең» атты романдарын
атауға болады.