«ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ БЕРУ КЕҢІСТІГІНДЕГІ ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫ» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік (онлайн) конференция материалдары 266
жүздің ханы - Әбілқайырға Бөкенбай батыр нағашы-жиенді. Әкесі Абдолла сұлтан қара
найза қара батырға Құттыбикені беріп қолын ұзартқан. Құттыбикеден Бөкенбай туған.
Әкесінің жолын қуып, жау қайырған алып батырдан батырлығын еншілеген сол Бөкенбай
қазір ызғындай, сен шап, мен атайын, «кілең алмас қылыштай жалаңдаған» Жеті рудың
тізгінін мығым ұстап отыр. Батырлығының үстіне қара тілге де, ақыл-парасат, ел билігіне
де өресі мен өрісі олқылық танытпаған ел ағасы. Сұңғыла Әбілқайыр басқадан кетсе де,
Бөкенбайдан, Мәтіден екі елі ажыраспасы хақ. Қуанышта денесін еркін жазса-басына
жастық, қасіретте тоңдырмайтын қойны мамық-осылар. Мұндайда қалай «жоғарғы
адамгершілік қасиет», есепсіз сияпат елжіреген жүректен туып жатпауға тиіс?.. Демек,
жеке адамдар арасындағы сыйластық, құрмет өз кезегінде олар тізгінін ұстаған руға,
тайпа, халыққа жасалғаны деп ұққан жөн. В.Шкловский де Л.Толстойдың адамгершілік
шарапатының нұрынанан «жаратылған» әдебиет жайлы әйгілі түсінігін: «Искусство – это
попытка понять, анализировать изменяющуюся нравственность» [3, 105], - деп кеңіте
түседі. Ә.Кекілбаев та басқаға көп жанаса, сырын аша бермейтін болат езу, сұсты ханның
Мәті, Бөкенбай десе шілденің күніндей атпапты екенін характерлік бояуын келістіре
жағып, шүбәсіз талдап жеткізеді.
Адами сезім арпалысымен біраз уақыт өтеді. Бөкенбай қалмақтармен қидаласқан
көп жорықтардың бірінен мол олжамен оралып келе жатқанда, тау-тау шағылдың
арасынан алба-жұлба біреу төбе көрсетіп, ақтанау тұлпарының жалына жабысады:
«Бөкенбай батыр, жаудан алып келе жатқан олжаңды мойнымдағы мына дорбама
айырбастайсың ба? – деп жолын кес-кестейді. Мына ойда жоқта тап болған қайыршыға,
оның төбеден түскендей қитұрқы сөздеріне, қалауына, оның үстіне айырбасқа ұсынатын
затының «татымсыздығына» ақылы айран болған Бөкенбайдың абыржыған кейпін аңдап,
жұмбақ бейтаныстың тілегін де құлағы шалып қалған күйеу баласы, жорықтас серігі,
батыр Есет:
- Бөке, қайда қалмай жатқан дүние. Жауға кеткенше мына пақырға кетсін.
Патихасы тиер. Аузына құдай салып тұрған шығар», - дейді. Бөкенбай Есеттің ақылына
жығылып, жаудан олжалап келе жатқан малдан өзіне тиесілісін қайыршыға сабақ жібін
қалдырмай алдына салғызып береді. Қалағаны қылшығы құрамай тиген пақыр алғанын
місе тұтпай, жомарт батырға қайырыла тіл қатып: «Ау, батыр, мен сенен садақа сұрап
тұрған жоқпын, саудаласып тұрмын. Алдыма жылқы салсаң, астыма ат мінгіз. Қанжығама
қоржын іл. Қолыма қару бер. Әйтпесе, ол жылқыңды жал асқасын бір қарақшы қуып кетсе
қайтем?! Ат мінгізгенде де, астындағы ақ танауды түсіп бересің, қоржын ілгенде де
мынау қанжығаңдағы қоржынды ілесің. Қару бергенде де де беліңдегі бес қаруды түгел
сыпырып бересің», - дейді. Батыр айтқан бетінен қайтқан ба, қайыршының сұрағанын
сөзге келмей қолына ұстатады. Бірақ пақырың анау айтқандай өлермен дүниеқоңыз,
қызыл сөзден қуырдақ қуырған сұйық болмай шықты. «Елге барғанда ұлан-асыр той
жасайсың соның байғазысы деп батырдың берген жылқысын тастап кетеді. Қайыршы
дорбасын Бөкенбайдың әйеліне ұсынып тұрып: «Қызырдың бергеніне тіл өтпейді,
қайыршының ұстағанына көз тимейді. Бірақ бұл сырды ешкімге айтпа. Тіпті, төсектес
күйеуіңе де айтпа» [1, 155], - дейді құпиялап. Сол «қайыршы» дорбасындағы «құпия» -
қызылшақа күйіндегі қазіргі 4 жасар Тіленші. Қызыр сыйлаған Тіленшінің дүниеге
келгенінен жұрт бейхабар, Бөкенбайдың өз белінен жоралған жаны үстіндегі «мырзасы».
Міне, қазақ ғұрпында елге еңбегі сіңген біртуар ұлына тілеген жалғызды осылай
табыстырған. Бөкенбайдың бары – халықтікі, халықтың ниет, пиғылы Бөкенбайда,
ханынан бастап қарашысына дейін құдайдан бір, қызырдан екі тілеп сұрап алған
Тіленшіні «төбелерінде ойнатыуының» осындай аңыздық сипаты бар.