Филология ғылымдарының докторы, профессор Т. С


Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар



бет45/155
Дата05.02.2023
өлшемі1,06 Mb.
#65297
түріОқулық
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   ...   155
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар



  1. Корей поэзиясының тақырыптық аясы.

  2. Жапон поэзиясының ұлттық антологиясы «Манъесюге» тоқталыңыз.

  3. Ли-Чан дәуіріндегі вьетнам әдебиеті.

  4. Жапон прозасындағы «моногатари» жанры.

Таяу Шығыс пен Орта Азияның ортағасырлық әдебиеті

YI ғ. соңы мен YII ғ. басында Арабия жарты аралын мекен­деген бәдәуи тайпалары эко­но­ми­ка­лық дағдарысқа ұшырайды. Су­дың жетіспеушілігі оты­рық­­­шылыққа, егін шаруа­шы­лы­ғымен айна­лысуға мүмкіндік бермейді. Оның үстіне жайылым, жер, су аздығынан бір тай­па, екінші тайпамен қақты­ғысып, оқтын-оқтын жауласып та отырған. Мекке Араб жарты ара­лын­дағы кішігірім шаһары арқылы сол кез­де­гі өте ірі керуен жолы өтетін. Ислам діні әуелі Мекке қаласынан тарады.
YІІІ ғ. соңына қарай араб шапқыншылығы нәтижесінде Орта Азия, Солтүстік Африка мен Оңтүстік-Батыс Еуропаның алып территориясы араб­тарға тиесілі болады. Бұл үлкен та­ри­хи маңыз­ды оқиға болатын. Көп бөлігі алғашқы қауымдық құрылыста өмір сүріп жатқан араб тайпа­ла­­рының бірігуі ислам дінінің негізінде жүреді. Жаулап алынған елдерде ислам дінін күштеп енгізу болмаса да, халықтар­дың көбі өз еріктерімен мұсылман болып жатты.
Құран – араб тілінде «көп оқылатын кітап» деген мағынаны білдіреді. Құран – Ұлы Жарату­шы­ның ақыретке дейін келіп- кетер барша адамзатқа тура жол көрсету үшін соңғы пайғамбар Мұхаммедке с.ғ.с. уахи арқылы түсірілген, оқылуының өзі ғибадат саналатын мәңгілік иләһи кітап. Аллаһтың Елшісі с.а.с. - сол кітаптың түсіндірушісі. Құран – қоғамдық әрі әлемдік барлық проблемаларға шешім беретін, адамның санасы жете бермейтін көмескі әлемді суреттеп, беймәлім сырларды аша­тын, екі дүниенің бақытын көрсетіп, ақ пен қараның ара-жігін ажыратып, тылсым ғаламның мән-мағынасын ашып, адамзатқа жүктел­ген төл міндетін түсіндіретін, өзіне сеніп, шырақ тұтқан жандарды рухани кемелдікке тәрбиелейтін Ұлы Жаратушы тарапынан жіберілген соңғы қасиетті кітап.
Құран Кәрімнің айат және сүрелер­ден тұратыны белгілі. Ал айат сөздікте - ишарат, анық белгі, дәлел, мұғжиза, нышан, ғибрат мағыналарын қамтиды. Негізінде Аллаһ тағала­ның бар екенін танытатын әрбір зат айат болып саналады. Құран айаттарының саны шамамен 6200, Құран сөздерінің саны 77934 екендігі анық.
Айаттардан құралған Құранның бөлімдері «сүре» деп аталады. «Сүре» - сөздікте жо­ғары мәртебе, абырой, биік ғимарат, яки ғима­рат­тың қабаттары, қамал деген мағынаға саяды. Термин­дік мағына­сына келсек, «айаттардан тұратын басы мен ақыры бар жеке Құран бөлімі». Өйткені Құран қаланған кірпіштердей бір-бірін сүйеген айаттардан тұратын қала­ның биік қамалына ұқсайды. Құранда 114 сүре бар. Ең қысқасы - үш айаттан тұратын «Кәу­сар» сүресі. Ал ең ұзағы - 286 айаттан тұратын «Бақара» сүресі. Сонымен қатар Қасиетті Құран сүрелері мекке­лік және мәдиналық болып екіге бөлінеді. Өйткені алғашқы айаттар Мекке­де түскендіктен меккелік сүрелер деген атау берілген. Меккелік айаттар мен мәдина­лық айат­тар арасындағы айыр­­ма­шы­лық­тарды мынадан байқауға бола­ды. Арабтар Исламнан бұрын азды-көпті 300-ден астам пұтқа табын­ған. Құран оларды тәухидке, Аллаһ Тағаланың барлығы мен бір­лі­гіне шақы­рып, пұтқа табынушылықтың жалғандығын дәлел­деп берді. Құран Кәрімде қамтылған мәселелерді төмендегідей топтап түсіндіруге болады.
1. әл-Улуһия - Тәухид мәселесі, яғни Аллаһтың бірлігі мен барлығы және Оның құдіреті туралы баяндар.
2. ан-Нубууа - Пайғамбарлық жайлы және жалпы пайғамбарлар өмірлерінен өнеге бере отырып, олардың негізгі міндеттерін білдірген баяндар.
3. әл-Адала уә-л-ғибада - Ислам дінінің негізгі ұстанымдары болып табылатын әділдік және ғибадат /құлшылық/ хақында. Қоғамдық өмір сүру заңдылығы, сауда-саттық, азаматтық құқық пен жазалау т.б. мәселелер.
4. әл-Ахира- Ақырет күні жайлы, барша жан иелерінің бір жерге жиналып, есеп беретін күнгі жағдайаттар мен өлімнен кейінгі өмір туралы ашық баяндар.
Құранда Библия мен Інжілде айтылатын түрлі оқиғалар да көп кездеседі. Мысалы, Адам ата мен Хауа ананың құдай алдында күнәһар болуы, иудалық­тардың Египет перғауындарына тұт­қын­­­ға түсіп, одан құтылуы мен Лұқман әкім туралы, Худ пен Салих секілді пайғамбар­ларды тың­да­май Аллаһ қаһарына ұшыраған Ад, Самуд секілді тайпалар жайы да қызықты әңгімеленеді.
И.М. Фильштинский зерттеулеріне қарағанда, Мұхаммед с.ғ.с. қайтыс болғаннан кейін (632 ж.) Құран мәтіні жиналып та­рау­ларға бөлініп, редакция­ланған. Әуелгі халифалар Абу Бакр мен Омар Қасиетті Кітап сөзін жинап, хатқа түсіруді пайғамбардың ізбасары Заид ибн Сабитке тапсыр­ған. Өйткені ол «Мұхаммед с.а.с. айтып еді» делінген әңгімелердің бәрін жатқа білген. Сөйтіп, Құран­ның бір ізге түсіп, жүйеленген нұсқасы канонға айналды­рыл­ған.
Құран араб тілінің сақталып қалуы мен өзге елдерге тарауы, араб тілінің грамматика­сының қалыпта­суына барынша әсер етті. Кейінгі ғасырларда өмір сүрген шығыс­тың көпте­ген ақын, жазушылары, шежіреші, тарихшы, географ­тары Құраннан көп дәйектемелер алып, оны өз шығармаларында пайда­лан­ған. Құранның пайда болуы әр түрлі араб диалектілерінің алшақтығын жойып, біртұтас араб әдеби тілінің қалыптасуына игі ықпалын тигізген.
Мұхаммед с.а.с. қайтыс болған соң оның өмірін баян ететін сандаған шығармалар - хадистер пайда болады. Хадистерге сүйеніп Құранға түсіндір­мелер (тафсир) жазылды. Мұхаммед с.а.с. өмір жолын мазмұндайтын әңгі­мелер (сира) туды. Хадистер жинағы мен Мұхаммед с.а.с. игі істері туралы баяндайтын әдебиет сунна деп аталды. Осылайша, Құран мен Сунна Ислам дінің екі қайнар бұлағы болды.
Кіші және Орта Азия мен Солтүстік Үндістандағы (қазіргі Пакистан) ислам дінін ұста­натын халықтардың мәдени дәстүр­ле­рі­нің ұқсастығы Құран­ның кең таралуы мен теок­ратия­лық мемле­кет халифаттың қалыптасуына әкеледі. Осының негізінде, шартты түрде «мұсыл­ман мәдениеті» деп аталатын мәдениеттің негіздері пайда болады. Тек умаййалар дәуірінде (661-750) ғана қысқа уақытқа жергілікті дәстүрлер алдыңғы шепке шықса, ІХ-Х ғ., аббас­тықтар билік басына келген тұстан бастап Иран мен Орта Азияда мәдениет қайта жанданып, араб мәдениетіне әсер ете бастады. Жергілікті әдеби және діни дәстүрлер исламдағы түрлі оппозициялық секталар мен философиялық ағым­дар­дың негізі болады.
«Ортағасырлық араб мәдениеті» мен «мұсылман мәдениеті» деген ұғымдарды қолдан­ғанда аса сақ болу қажет және бұл екі ұғым бір-бірімен теңдестірілмейді. Араб мәдениетінің қалыптасып, дамуына тек қана арабтар емес, сонымен қатар сирия­лықтар, коптар, парсылар мен тәжіктер, гректер мен еврейлер, испандықтар да өз үлестерін қосады.
Араб тілі әдебиетке қарағанда, ғылым салаларында кең қолда­нысқа ие болады. Мысалы, «араб әдебиеті» ұғымына қарағанда, «араб философиясы» термині ауқымды географиялық аймақты қам­тиды. Осындай үлкен аумақты қамтыған ортағасырлық араб әдебиетін дұрыс түсіну үшін жоғарыда айтылған ескертулерді естен шығар­мау қажет.
Бұл аймақтағы ортағасырлық мәдениеттің гүлденуі Батысқа қарағанда ерте басталып, арабтар мен парсылар ежелгі дәуірдің мәдени құндылықтарын ерте бағалап, олардың Батыс­қа таралуына әсер етеді. Х-ХІІ ғ. араб және парсы әдебиетінде еркін ойлау мен адамгершілік құндылықтар жоғары бағаланады. Осы сипаты жағы­нан аталған әдебиет батыс еуропалық Ренессанстан әлдеқайда жоғары тұрады.
Алғашқы кезеңдерде ислам тақуалары тіпті исламда схоласти­каның да­муы­­на қарсы тұрады. Бірақ схоластика YІІІ ғ. бастап дами бастады да, кейін грек философиясына қарсы­лық көрсеткен мұсыл­ман ғалымдарының арасынан (мутазилиттер) «еркін ойлаушылар» пай­да болады. Олар адам еркіндігі мен бостандығын алға тартады. Индетерминизм мен окказио­на­­лизмге қарай үлкен талпыныс бол­ған әл-Ашари (Х) іліміндегі мұсылман ортодоксы мен рацио­­на­лизмін қолда­нудың алғашқы қадамдары исламның ресми догмасы ретінде қабылданады.
Келесі қадамды Х ғ. басралық мектеп жасайды. Олар ислам схоласти­касын мистикалық неоплатонизммен, неопифагоризммен және Аристотель ілімінің кейбір элементтерімен бай­ла­­­ныс­тыруға тырысқан. Ортағасырлық Таяу Шығыстағы кейбір философтар астро­ло­гия мен алхи­мияға қызыға оты­рып, математика, жаратылыс­тану мен медицина салаларында да үлкен жетіс­тік­терге жеткен. Филосо­фияны діннің күңі деп есептеген батыс схоластарына қара­ған­да, мұнда теңдік тұжырымдамасы қа­лып­тасты. Араб философиялық мек­теп­теріне әл-Кинди, ибн Баджжа (Авемпас), ибн Туфейль (Абубацер), Башшар ибн Рушд (Аверроэс) сияқты араб ойшылда­ры­мен қатар әл-Фараби мен Ибн Сина (Авиценна), Омар Хайям сияқты түрік, тәжік және парсы философ­тары, бен Габироль (Авицеброн) мен Маймонид сияқты еврей фило­соф­тары да жатады. Араб философтары Батыс Еуропада антикалық философияға деген қызығу­шылықтың қайта пайда болуына әсер етіп, антикалық философия мен еуропа­лық аристо­те­лизм­ді байла­ныс­­ты­ра­тын негіз болады. Араб тілінен латын тіліне жасалған алғашқы аудар­ма­лар ХІІ ғ. пай­да болып, ХІІІ ғ. бастап араб философ­тарының, әсіресе Ибн Рушдтың еңбек­тері Батыс Еуропада кең таны­мал бола бастайды.
IX ғ. тарих ғылымы да кең етек алады. Оның көрнекті өкілдері деп араб жорықнамасын жазған Балазуриді (IX), Бағдаттың тарихын құрастырған Ибн Абу Тахар Тайфурды (IX), жалпы тарихтың авторлары әл-Йакуби (IX) мен ат-Табариді (IX) және әл-Масудиді (X) айтамыз.
Аббастық халифалар дәуірінде исламда мистикалы-аскеттік ағым - суфизм қалыпта­сады. Аскет-сопылар немесе дәруіш деп атал­ған­дар ислам әлемінде христиан монахтары секілді рөл атқар­ған. Сопылар байлықтан безініп, жер бетінің ләззат қызығынан бас тартуға, жоқшылық өмірді және Жаратушымен о дүниеде табысуға шақырған.
Араб философиясы мен ғылыми прозасында да ортағасырлық мәде­ниетке тән болған стилис­ти­калық шеберлік пен көркем әде­биет элементтері қолданылады. Дегенмен көркем гегемонияға поэзия, әсіресе лирикалық поэзия жатады. Алдыңғы, Ортаңғы, тіпті Оңтүстік Азиядағы лирика­ның дамуына арабтардың қосқан үлесі зор. Әсіресе, исламға дейінгі дәуірге жататын араб дәстүрі (Х ғ. дейінгі қасыдалар) үлкен маңыздылыққа ие болады.
Ү-ҮІІ ғ. бәдәуи поэзиясын «Жаһилия» («қараңғылық») ғасыры­ның поэзиясы дейді. Қай­сы­бір халықтың болмасын қараңғылық кезеңді басынан өткергендігі даусыз. Бірақ оларда ауыз әде­биеті болған жоқ еді деген қате пікір. Өйткені кез келген әдебиет өзінің бастауын ерте кезең­дердегі ауыз әдебиеті үлгілерінен іздейді.
Көшпелі бәдәуилер арасында өлең шығару өнері батырлықтан кем саналмаған. Өз тайпа­сының, руының даңқын шығаратын ақын­дар болғандық­тан, өлең өнерін білетіндерге қоғамы өз төрінен үлкен орын берген. Бәдәуи дүниесінде жазба әдебиеті болмаған­дықтан ақындарының шығармалары тек қана ауыздан-ауызға көшу арқылы сақталып қалды. Мыса­лы, Қурайш тайпа­сында сан мыңда­ған өлең жолдарын жатқа айтатын Махрама ибн Нуфл, Хубайтаб ибн Абд әл-Азза секілді, Хаммад ар-Рауиа (YIII), Халаф әл-Ахмар (YIII), Абу Саид әл-Хассан ас-Суккари (IX), Абу Бакр Мұхаммед ибн әл-Қасым әл-Әнуари (X) сынды үлкен дарын иелері болған.
Шындығында, бәдәуи ақындарының шығармалары ұшан-теңіз десек те, қазіргі күні бәдәуи ақындарының бізге жеткен бірнеше ірілі-уақты жинақтары жеткен. Олар Хаммад ар-Рауиа (694-772) құрастырған «әл-Муаллақат» антоло­гиясы; Муфаддал ад-Дауи (780-867) құрастырған «әл-Муфаддалиат» атты өлеңдер жинағы; Абу-л-Фараж әл-Исфаһанидің (897-967) «Китаб әл-ағани» («Ән кітабы») антологиясы; Ибн Қутайбаның (828-889) «Поэзия және ақындар» («аш-Шиир уа-ш-шуара») еңбегі; Абу Таммамның (805-886) «Китаб әл-Хамаса» («Батырлар жы­ры») антологиясы.
Араб өлең өлшемі (аруд) латын, грек өлеңі секілді квантита­тивті (созылыңқылары әрқи­лы буындардың ауысып келуі). Қысқа және созылыңқы буындар жиылып бунақ құраса, екі және үш бунақ жарты өлеңді, ал екі жарты - өлең міндетті түрде үзілістік арақаты­наспен бөлініп - бәйітті /төрт жол/ құрайды.
Классикалық араб өлеңдері, негізінен, моноримді. Сондықтан да олар көбінесе ұйқас­тың атымен (мысалы, барлық өлең жолдары: дауыссыз «ләм»-ге бітсе «ләмийа») аталатын болған. Күні бүгінге дейін қолданылып жүрген қасыданың (көлемі кішігірім поэма) ірге тасы исламға дейінгі кезеңде қаланған. Қасыда, әдетте, елу не жүз бәйіттен тұрған. Сондай-ақ бір тақырыпты сөз ететін жеті-он өлеңнен ғана құралған қыта'а өлеңі де болған.
Бәдәуи бәйіттері әдетте атты не түйелі екі жолаушының ұшы-қиыры жоқ кең далада кетіп бара жатып бір жерге түстенуінен, не көшкен бәдәуи жұрты­ның ізін көруі, өткен өмірді еске алып күрсінуінен, не қуануынан басталады. Жантақты күрт-күрт шайнап жатқан түйенің қасында отырып, ақын бақытты күндерін еске алады. Сүйіктісімен қайта кездескендей сезім­де болады. Ақын өзінің сүйген жары жайлы, сондай-ақ, араб даласы тіршілігінің алуан сыры туралы толғанып, сыр шертеді. Сүйгенінің мінезін, кескін-келбетін суреттеп өтеді. Сонан кейін ол әңгі­ме­сін кілт өзгер­тіп түйесін не тұлпарын мақтауға көшеді. Тұлпарының жүйрік­ті­гін, шыдамды­лығын, сұлулығын айтады. Мұнан соң бірден өз руының батырларын, жау­ла­ры­ның әлсіздігін айтып, бәдәуи өмірін баян­дауға көшеді. Тайпа бірлігін қорғаған, жаулармен арпалыста ерлік көрсеткен баһадүрлерді суреттейді.
Бәдәуи поэзиясында хиджа («сатира»), ғазал («махаббат жыры»), уасф («табиғатты су­рет­­теу»), мадх («мадақ»), фахр («өзін-өзі мақтау»), риса («элегия»), хамрийат («шарап жы­ры»), тардийат («аңшылық суреттері»), зухд («діни сарындағы жыр­лар»), нақаид («мыс­қыл»), насиб («әйел сұлулығын жырлау») секілді т. б. жанрлар болды. Әрине, поэзияның осы аталған жанрла­ры­ның өсіп-өркендеуіне, кең тарауына, ең алдымен, көшпелі бәдәуи өмірі ба­рын­ша әсер етті. Мысалы, әйгілі ан-Набиға өзінің дұшпаны Әмірге: «Әмірдің сөзінен ақыл­сыз­дықтың исі шығып тұрса, оған таңданудың реті жоқ, өйткені ол - надан. Әмір, сен әкеңе ұқсашы, сонда ғана ес біліп, қара айырар біреуге тартарсың. Әй қайдам, сен адам болам деген­ше шашың да ағарар. Қара қарға аппақ болар»,- дейді. Бұл өлең жолдарын поэзияның «хиджа» жанрына жатқызуға болады.
Риса жанрының шығу тегі де әріде. Жауымен арпалыста мерт болған ер жүрек бәдәуиді әйелі, туысқаны дауыстап жоқтайды. Бәдәуи ақыны батырдың ерлігін, мәрттігін, мінезін, кіші­пейіл­­ділігін айтып мадақтайды. Өздерінің қатарында оның жоқтығына қабырғасы қайыса қайғы­рады. Мәселен, бәдәуи поэзиясының тағы бір талантты өкілі әл-Ханса май­дан­да қаза болған ер жүрек ағасы Әбу Хасан Сахарды: «Жоқ, сенің ардақты атыңды ұмытпаспын! Абу Хасан Сахар қаза тапқан күннен бері мен барлық қуаныштан айрылып, бақытыммен біржола қоштастым. О, залым тажал! Қалай ғана біздің ыстық құшағы­мыздан Абу Сахарды алып кеттің» деп жоқтайды.
Бәдәуи поэзиясының көп, әрі тез өріс алған жанрының бірі - ғазал. Сүйіктісі әрқашан батыр бәдәуидің қорғанышына зәру, неме­се оның көңіліне қызғаныш уын себуші. Бәдәуи ақыны өзінің махаббатын, сүйіспеншілігін жырына арқау етеді. Мұндай лирика­лық өлең шы­ғару­шылар ішінен «поэзия падишасы» аталған Имру-л-Қайс және ибн Шаддадты атауға болады.
Поэзияның өзге жанрларымен қатар «фахр» жанры да өмір сүрді. Мұнда ақын өзінің ерлігін, руының шығу тегін, тайпа өкілде­рінің көптігін айтып мақтанады. Мысалы, Әмір ибн Кулсум өз тайпасы жайлы: «Жер жиһанды түгел жайлағандықтан бізге енді жер үсті тар­лық қыла бастады. Теңіз бетін де кемелерімізге қаптаттық. Бұл дүниедегі күнге қыздыры­на­тындардың бәрі де бізге бағыныш­ты. Біз шабуыл жасасақ, жауларымызбен арыстанша алысамыз» - деп мақтанады.
Бәдәуи ғұмырында дүниеге келген осы жанрларда бертін келе белгілі араб шайырлары Абу Нууас, Хассан ибн Сабит, Абу-л-Атаһиа өз өлеңдерімен араб әдебиетінің тарихында есімдерін қал­дырса, Андалусия, Парсы, Үнді, Орта Азия халықтарының әдебиет­те­рінде де осы жанрларда жазып, поэзия аспанында жарқыраған ақын­дар толып жатыр.
Көрнекті ақындар аш-Шанфара, Имру-л-Қайс, Әмір ибн Кул­сум, Антара ибн Шаддад шығармашылықтары бәдәуи өмірі мен тұрмысымен тығыз байланысты болса, YI ғ. екінші жартысында өмір сүрген ан-Набиға аз-Зубиани, әл-Ааша секілді шайыр жырла­ры­нан сарай өмірі мен өзге ел мәдениетінің әсер-ықпалы байқа­лады. Алайда сарай ақындары бәдәуи ша­йыр­ла­рының ежелгі дәстү­рін әлі де жадында ұстаған. Сарай ақындары шығармашылық­та­рын­да тек мадх жанрына жататын өлеңдер басым болған. Сөйтіп, бірте-бірте бәдәуи өмірін жыр еткен ақындардың орнына, сый-сияпаттарды алу мақсатында түрлі әмірлерді жырлаған ақындар көбейе бастайды.
Бәдәуи поэзиясында лирикалық өлеңдер, әдетте, қасыда кіріс­пе­сінің қызметін атқарып, өзінің жеке дара мазмұны болмайтын. Ал умаййалар тұсында лирикалық шығармалар жеке жанрға айналады, ақындар лирикалық өлеңдерге қасыданың жеке формасы ретінде қараған лирикаға көптеген жаңа эле­мент­тер қосылған, шайырлар махаббатты, ғашықтықты, махаб­баттың адам көкіре­гінде тудыра­тын қайғы-мұңын, үміт, төзім секілді сезімдерін жырлайды.
Арабияның махаббат лирикасын қалалық (умарлық) және дала­лық көшпелі бәдәуилік (узрлық) деп екіге бөлуге болады. Бәдәуи лирикасында қаймағы бұзылмаған, адал да таза махаб­бат жырланған. Оның көрнекті өкілдері деп Бусайна сұлуды жыр еткен Жамил ибн Маамар, Тауба ибн Хумайир­дың сүйіктісі Ләйлә әл-Ахийалия, екінші бір Ләйлә есімді аруға ғашық болып Мәжнун атанған әл Амирилерді айтамыз.
Жалпы, аббасилер әулеті билеген ғасырлар әдебиеті шартты түрде «Жаңару», «Ежелгі дәстүрге қайта оралу», «Әдеби синтез дәуірі» деген үш кезеңге бөлінеді.
Жаңа қоғам келуіне байланысты әдебиетте де жаңа тақырып туады. Музы­канттар мен әнші, бишілер ерткен сарайлардағы­лар­дың түрлі қабылдаулары, отырыс, ойын-сауықтары т.б. поэзия­дан кең көрініс таба бастайды. Шарап тақырыбы шарықтау шегіне жетеді.
Атақты төрт жолды өлең жанры - рубаи таза ирандық болып табылады. Бұл жанрдағы өлең­дердің біразын ұлы парсы ақыны әрі философ Омар Хайямның шығармашылығына жатқызады. Бұл тамаша филосо­фиялық лирика исмаилизм сияқты еретикалық идеологиядан, философиялық еркін ойлау мен сопылықтан нәр алады. Атақты сопы ақындардың төрт жолды өлеңдерінде сопылық мистицизм (құдайға деген махаббат, даналық бұлағынан су ішу және т.б.) бойынша түсіндірілетін эротика мен шарапты мадақтау үлкен маңызға ие болған.
Исламға дейінгі кезеңде арабтар батырлар жырын білмеген. Сондықтан да ежелгі араб ақындары Антара мен Мәжнүн туралы аңыздар эпостың кейінгі даму кезеңіне жатады.
«Сират Антара»27 («Антараның өмір жолы») атты шығарма араб әдебие­тіндегі керемет үлгіде жазылған батырлық-романдық эпос болып табылады. Ол - тарихи оқиғаларға негізде­ліп өлеңмен жазыл­ған шығарма. Сираттың бас кейіпкері - атақты бәдәуи ақыны Антара ибн Шаддад әл-Абси. Бұл ескерткіш жанры жағынан неміс және француз эпостарын еске түсіреді.
Прозаикалық эпос жағынан арабтар шығыс, әсіресе, үнді халық ертегілері мен үлгі-өнегеге толы повестерді («Калила мен Димна», «Варлаам мен Иоасаф» пен ирандық «Тоты­құс ерте­гілері») жеткізуші ретінде үлкен маңыз­дылыққа ие болды. Бұл дәстүрмен «Мың бір түнде» келті­рілген ертегілер де байла­нысты. Орта ғасыр­ларда туған прозалық шығармалар қатарына жатып, ертегі, әңгіме, новеллалар жинағы әлем әдебиетінің классикасына айналған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   ...   155




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет