Философия және мәдениеттану: Оқу құралы


\ 4 ҚАЗАҚ ӨРКЕНИЕТІНДЕГІ ТӨЛТУМАЛЫҚ ТӨЛТУМАЛЫҚ ПЕН ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ



бет17/22
Дата22.09.2022
өлшемі1,7 Mb.
#39867
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22
\


4 ҚАЗАҚ ӨРКЕНИЕТІНДЕГІ ТӨЛТУМАЛЫҚ ТӨЛТУМАЛЫҚ ПЕН ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ


4.1 Қазақ өркениеті болмысының төлтумалығы
Қазіргі уақытта, әр ұлт өз бірегейлігін жоғалтқысы келмейді. Бұл – әр ұлттың жан қалауы және табиғи құқығы. Бұндай жан қалауының себебі – қазіргі кезде алдыңғы қатарлы әлем империяларының (мемлекеттердің) индустриалды өндіріс салаларының қарқындылығы әлеуметтік, техно-логиялық, инновациялық бөлініске ұшырауына, ұнамдылық-моралдық құндылықтардың дағдарысқа түсуіне, өркениеттік өмірдің күйзеліс күйінің қалыптасуына, идеологиялық, әскери, экологиялық «катаклизмдердің» болуына ықпал етіп отыр. Осы факторлардың барлығы берік болып табылатын адамзаттың дәстүрлі сенімдерін, адами құндылықтарын және ұнамдылық нормаларын іштей күйзеліске, барша адамзатты дағдарысқа ұшыратып отыр.
Демократияландыру процесінің эволюциясы қоғамдық құрылымның көптүрлілігін және шынайы күрделілігін тікелей анықтады. Сонымен қатар, плюрализм мен мультимәдениеттік идеалдарының көрсеткіштері өз-өздерін ақтаған және, тіпті, кері процесті-әсерді туғызды. Бұл жағдайларда қайта туған Қазақ елі үшін ұлтты сақтау, қоғамның тұрақтылығын, ұлт бірлігі және қоғам келісімділігін орнату үшін қазақтың бай тарихи және мәдени мұраны басты бағыт етіп алуы қажет. Және жаһандану процесінің қарқын алып жатқан үрдісінің өзі этникалық ерекшелік пен өзіндік қайталанбас дүниені сақтайтын әмбебапты модельді қалыптастыру керектігіне мақсат-міндет етіп қойып отыр.
Мәдениеттану саласында қайталанбас концепциялар, идеялар, жаңалықтар қалдырып кеткен мәдениеттанушы-ғалымдар О. Шпенглер, Н. Данилевский, А. Тойнби, Ф. Бродель, С. Хантингтон және тағы басқалары бірқатар өркениеттерді (мысырлық, еуропалық, антикалық, үнді, қытай, араб, батыстық, мексикалық, жапон, ислам, православалық, латын америкалық, африкалық, т.с.с.) көрсетіп кеткен болатын, өкінішке орай, олардың ішінде өзіндік ерекшелігімен айрықшаланатын және Әлем мәдениетінің, өркениетінің қатарында абыройлы орын алатын, Дала (көшпенділер) мәдениеті де, өркениеті де жоқ.
Ал қазіргі Қазақстан Республикасы аумағында мекендеген дала (көшпенді) мәдениеті болса, ол да бір ерекше мәдениет және өркениет. Отандық тарихшылардың (Ә. Х. Марғұлан, К. А. Акишев, К. М. Байпаков және тағы басқалары) зерттеу нәтижесінде қалыптасқан пікірлері бойынша, «Қазақстан территориясындағы көне өркениеттер қола дәуірінен өз бастауын алады». Тамғалыдағы, Қаратаудағы табылған петроглифтер б.з.д. екінші мыңжылдықта дүниеге келген болатын. Қола дәуірінде андроновтық мәдениеттің өкілдері Тасмола мәдениет ошағын (б.з.д. VII-VI ғасырларда) қалыптастырды.
Қазақстан аумағындағы шынайы өркениеттік өркендеу кезеңі номадалық кезеңге тұспа-тұс келеді. Осы кезеңде шынайы қайталанбас ерекшелікке ие «шедеврді» – Дала (көшпенді) мәдениетін қалыптастыруы – бұл ерекше мәдениеттер мен өркениеттердің құндылықтар қатарын толықтырды. Көшпенділер мәдениетінде әлі де толықтай зерттелінбеген құпия-сырға толы мағлұматтар беттері бар. Және осы мағлұматтардың бетін аша отырып, олардың мәдени алғы шарттары терең зерттелініп, қарастырылуы қажет [151, 7-12 бб.].
Әрбір халықтың халық болып қалыптасуының өз тарихы бар. Халық, ұлт болып қалыптасу процесі аз уақыт ішінде қалыптаспайды.
Қазақ ұлттық мәдениетінің құрамдас элементтері – халық ауыз әдебиеті, күйлер, материалдық мәдениет туындылары және т.с.с. – уақыт заман талаптарына немесе сыртқы шет елдік ықпалдарға сай өзгеріп отырды және де мұндай жағдай қазіргі таңда да қайталанып отыр. Бірақ ұлт мәдениеті өзгеріске ұшыраса да, ол түбегейлі өзгермейді. Яғни әр уақытта әрбір ұлт мәдениеті үлкен Әлемдік аренада басқа да ұлт мәдениеттерімен бәсекелесіп отырады және бұндай жағдай ұлт мәдениетінің иммунитетін қалыптастырады, бәсекелесу қабілетін арттырады, ұлт мәдениеті кемшіліктерін позитивке айналдыра отырып дамытады.
Қазақ мәдениеті, Еуропа мен Азияның арасында орналасқан Еуразия қалыптасқан мистикалық дүние мен шынайы дүниені шебер тоғыстырған құрылымы дәйекті жүйе болып табылады.
Қазіргі Қазақ елінің (Қазақстан Республикасы) территориясында бірнеше ру-тайпа және мемлекеттер өмір сүрген болатын. Ал бұл болса қазақ ұлтының мәдениетінің тек ірге тасын қалап қана қоймай, сонымен қатар басқа Әлемдік ұлттық мәдениеттер сияқты өзіндік ерекшелігі бар мәдениет ретінде қалыптастырды. Қазақ ұлттық мәдениетінің құрамдас элементтері – халық ауыз әдебиеті, күйлер, материалдық мәдениет туындылары және т.с.с. – уақыт заман талаптарына немесе сыртқы шет елдік ықпалдарға сай өзгеріп отырды және де мұндай жағдай қазіргі таңда да қайталанып отыр. Бірақ ұлт мәдениеті өзгеріске ұшыраса да, ол түбегейлі өзгерген жоқ. Яғни әр уақытта ұлт мәдениеті үлкен Әлемдік аренада басқа да ұлт мәдениеттерімен бәсекелесіп отырады.
Қазақ мәдениеті, түптеп қарағанда, бірнеше ру-тайпалар мен этностардың мәдениетінен қалыптасқан тарихи асыл мұра болып табылады. Яғни, құрмында сонау сақ дәуірінен келе жатқан уақыт даналығы, заман заңы, өмірлік рухани және материалды қазыналар жатыр.
Ұлттың институт болып қалыптасуына халық зор еңбек етеді, ықпал жасайды. Ұлттық ерекшеліктер халықтың мінез-құлқына, тарихына (шежіресіне), өмір сүру салтына, дүниетанымына, дәстүр жүйесіне, тіліне, діліне, наным-сеніміне, өнеріне негізделеді.
Қандай да бір халықтың, ұлттың мәдениеті Әлемдік мәдени кеңістіктің бір ғана бөлігі болып табылатыны белгілі. Ал осы Әлемдік мәдениет шеңберінде, өзіндік ерекшеліктері бар кез келген этностың, ұлттың рухани және материалды болмысының қайнар көзі және негізі ретінде әр түрлі мәдениеттер арасындағы сұхбаттың құндылығы мен маңыздылығын мойындайтын, ұнамдылық-этикалық және эстетикалық негіздерге негізделген әртүрлі этнос мәдениеттері арасында байланыстар мен қарым-қатынастар қалыптасады.
Қазақ көне замандардан байтақ даламызда, алып аймағымызда қоныстанған этникалық тарихы аса күрделі байырғы тайпалық бірлестіктер қауымдасуының: сонау Сақ, Үйсін, Ғұн мемлекеттері, Түрік, Түркеш, Қарлық дәулеттерінің, Қыпшақ ұлысы, кейінгі Алтын Орда, Көк Орда, Ноғай Ордаларының құрамына кірген түркі тілдес елдер мен жұрттардың топтасқан одағының ортақ атауы.
Қазақ мәдениетінің төл тамырын іздеу, оның қазіргі кездегі жағдайын түсіну және оны болашақта қандай болмақ туралы мәселе – бұл қазіргі уақытта қазақ ғалымдарын толғандырып жүрген маңызды мәселелердің бірі. Қазақ мәдениеті еуразиялық Ұлы дала көшпеліліерінің мұрагері болып табылады.
Әрбір ұлт сияқты қазақ ұлтының алдында кем дегенде екі міндет тұр:

  1. Жаһандану процесі салдарынан бөтен ұлтқа сіңіп кетпеу;

  2. Әлемдік төре халықтардың табанында тапталмау.

Жаһандану кеңістігінде ұлтаралық, халықаралық және мемлекетаралық өзара әсер ету процесі жүріп жатқан кезеңде қазақ мәдениетінің жағдайы не болмақ деген көкейтесті мәселе барлығымызды толғандырып жүргені – бұл шындық дүние. Қазақ халқы бірнеше ғасыр бойы өзге ұлт, халық, мемлекет бодандығынан арылып, енді өз Тәуелсіздігін алып, есін енді жинап келе жатқан шақта, бұрынғы бодандықтан күшті экспансиялық кеңістік, уақыт, процесс ареалында екенімізді түсіндік. Енді не істейміз?
«Тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетті» деп көңілімізді, еңсемізді түсірмей, жауға шапқан нағыз ер мінезді, бойына көрегендік, даналық қасиеттерді шоғырлатқан Батыр Бабаларымыздай «Аруақ!» деп Үлкен Әлемдік майданға еш қорқыныш-үрейсіз, белді бекем буып, қатысуымыз қажет. Өйткені Біз – Қазақпыз, бойымызда, қанымызда, сүйегімізге біткен Ата-Бабалардан қалған асыл Мұра – Көрегендік, Даналық, Шешендік, Батырлық, Әділеттілікті сүю және т.б. қасиеттер бар. Осы қасиеттерді өзгеге таптатпай, қайтадан жаңғыртып, өсуіміз және дамуымыз қажет – бұл Біздің Қасиетті Парызымыз.
Жылдан-жылға ақпарат ағымдары мен қорларының қарыштап өсуі адамзат баласын табиғаттан алшақтатып, “өлі табиғатпен” қатынасын нығайта түсті десе де болады. Репродуктивті-педагогикалық өркениет шеңберінде білім беру өлшемдері мен оның мазмұнына қойылатын талаптарды, шарттарды өзгерту туралы сөз қозғалды. Ғалымдар адамның космо-био-әлеуметтік феномен ретіндегі қасиеттерінің сақталуына, оқыту мен тәрбиелеу міндеттеріне көңіл аудару қажеттігіне тоқталады.
Дегенмен, табиғи, әсіресе, космостық бастаулардың кейінгі жоспарға қалдырылуы, білім беру мазмұнының тереңдігінен адамда қорғаныш механизмдерінің пайда болуы көрініс берді. Бұл репродуктивті-педагогикалық өркениеттің ішкі ресурстары таусылып, алға қарай креативті-педагогикалық өркениетке қадам жасау қажеттілігін көрсетеді. Демек, «Адам-Космос» жүйесіндегі біртұтас ақпараттық-энергетикалық механизмдерді игеру қажеттілігіне орай, рефлексивті мәдениеттің дамитындығын болжауға болады. Мұның нәтижесінде «Адам-Адам» жүйесіндегі түрлі деңгейдегі қайшылықтар шешіліп, «Адам-Табиғат» жүйесінің экологиялық жайлы формалары түзіледі.
Креативті-педагогикалық өркениет кезінде субъект-объект бірлігіндегі адамзат тәрбиесінің біртұтастығы, инновациялық тәжірибені бағалау мен талдау арқылы әр индивидті табиғи педагогикалық іс-әрекетке әкеледі. Іс-шаралар педагогикасы тұрмыстық падагогикасына орын береді. Философиялық түсініктегі “шығармашылық мектеп” кезеңі басталады.
Дәстүрлі педагогикалық білім мазмұны негізінен танымдық сипатта беріліп келді. Оның дидактикалық-әдістемелік бөлігін құрайтын жаттығулар, сұрау-тапсырмалар сол танымдық материалды меңгеруге қызмет ететін мақсатта құрылатын. Ендігі жерде жаңа ХХІ ғасыр педагогикасының философиясы мүлде өзгеше парадигманы қажет етуде. Мұнда білім беру процесінің объектісі бұрынғыдай тек білім, яғни оқу материалы ғана деп қаралмайды. Білім беру процесі, ең алдымен жеке тұлғаға бағытталып, мынадай міндеттерден түзіледі: оқушының интеллектуалдық-танымдық, психологиялық, шығармашылық іскерлік сапаларын, өз бетінше оқу әрекетшілдігін, коммуникативтілігін, әлеуметтенуге бейімділігін, эстетикалық, рухани-адамгершілік, экологиялық, дене мәдениетін т.б. қалыптастыру. Білім мазмұнын құрайтын оқу материалдары тұлға дамытушы мүддені түзуге тікелей қызмет ететіндей етіп құрылуы керек.
Күн тәртібіне қойылып отырған күрделі мәселелердің ішінде жас ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеуді жаңа сатыға көтеріп, жан-жақты жетілген шығармашыл жеке тұлға қалыптастыру өзектілігі артуда.
Кейінгі уақыттарда бұл қарқындылық баяулап, білім беру жүйесіндегі динамизм бойынша Батыс елдерінің алдыңғы қатарлы және Шығыстың дамушы елдерінен ерекшеленуі тоқталды. Елдегі әлеуметтік-экономикалық қарама-қайшылықтар өсті, ал білім беру жүйесі сапалық өзгеріссіз немесе білім беру реформалары жүйесіз сипат алды.
Әлеуметтік жағдайды, жаңашылдық өзгерістер мен әлемдік педагогикалық тәжірибені қазіргі ғылыми тұрғыдан талдау білім беруді дамытудың жаңа бағдары – жаңару стратегиясын таңдауға себепші болды.
Алдымен білім беру мақсаттарының өзгерісіне, ізінше оның тиімділігі өлшемдері келді. Білім беру жүйесі әлі де болса соңғы нәтиже ретіндегі білім, білік және дағдыға бағдарланған. Білім деңгейі мектеп бітірудегі, жоғары оқу орындарына түсуде т.б. негізгі өлшемдер ретінде қарастырылады. Ежелден белгілі: «көп білім ақылдылыққа үйретпейді». Сондықтан оқыту жеке тұлғаны қалыптастыруға, дара мүмкіндіктерін, шығармашылығын дамытуға бағытталуы тиіс. Оқыту - міндетті түрде тәрбиелік қызметпен сабақтастықта өтуі қажет.
Осы тұрғыдан білім беру мақсаттары әлеуметтік-жекетұлғалық құндылықтарға, сонымен қатар жекетұлғалық-даралық сипатта болу қажеттігі туындады.
Әлемдегі алдыңғы қатарлы мектептер тәжірибелерін жалпылап, құнды бағыттары мен идеяларын ұлттық психологиямызға сәйкес пайдалана отырып, еліміздегі білім беру мәселесін жаңа жолға қою өзекті мәселе. Мемлекеттік білім беру жүйесі негізінде әлемдік білім кеңістігіне ену – оқушының күнделікті оқу жүктемесін азайту арқылы денсаулығын сақтау, бос уақытын жеке мүмкіндіктері мен қабілеттерін жетілдіруге жұмсауға жағдай жасап қана қоймай, оқыту сатылары бойынша оқу материалын тиімді түрде игеруге, оны өмірде қолдану және болашақ мамандықтарына қажетті дағдыларды жинақтауына мүмкіндік береді. Сондай-ақ мемлекетаралық білім сайыстарына, бағдарламаларға, білім жобаларына қатысуына мүмкіндіктер туындайды, нәтижесінде отандық аттестаттардың шетелдерге танылуын қамтамасыз етеді [152, 70 б.].
Сондықтан білім беру жүйесіндегі реформа кезеңдерге бөлініп, эволюциялық жолмен, жаңа әдіс-тәсілдерді, құралдарды пайдалану арқылы жетілдіру, оқыту мен тәрбиелеудің мазмұнын жаңарту, білім беру процесінің жаңа моделін сынақтан өткізу және мектепті бірте-бірте жаңа шығармашылық іс-әрекет ұстамына көшіру түрінде жүзеге асырылуы тиіс.
Ақпараттандыру, жаһандану жағдайындағы қазіргі білім беруді дамыту мен жетілдіруді түрлі инновацияларды енгізусіз, жаңаша оқытуға қатысты принципті бағыттар қатарын қайта қарамайынша елестету мүмкін емес. Солармен бірге, қазіргі мектептің педагогикалық процесін бүгінде қарқынды даму үстіндегі инновациялық білім беру жүйелерімен, бірінші кезекте, шығармашылық қабілетке, шығармашылық рефлексияға, шығармашылық өзін-өзі дамытуға, шығармашылық дербестікке, креативтілікке қойылып жатқан талаптарға сәйкес келуі мәселесінің қарастырылуына да үлкен мән берілуі керек.
Жеке тұлғаның шығармашылық әлеуетін дамыту тетіктерін зерттеуге деген әлеуметтік тапсырыс креативтік проблемасының ерекше өзектілігін ескертіп отыр. Шығармашылық қызығушылықтың динамикалық даралық сипаты креативтілікте және оның негізгі көрсеткіштерінде көрінеді. Бірақ, мәселе мынада: креативтік педагогикалық, психологиялық ғылымдарда тұрақталған категориялар болып табылса да, «креативтілік» түсінігі өз пайымдауын тапқан жоқ және шығармашылық психологиясынан жеткілікті талдауын талап етеді. Креативтілік проблемасы қазіргі кезеңде зерттеліп жатқанымен, бірқатар ғылыми-зерттеу жұмысы белгілі бір дәрежеде шығармашылықтың түрлі аспектісін қарастырғанымен, бүгінге дейін проблеманың өзіне де, оған қатысы бар түрлі қолданбалы сипаттағы сұрақтарға байланысты да бірыңғай пікір қалыптаспай отыр.
Қоғамды гуманизациялау – ХХІ ғасыр басындағы ғылыми мәселе десек те болады. Қазірдің өзінде, оның дамуының бүгінгі кезеңінде бұл тенденция адамдық фактордың анықтаушы ролімен көрсетіліп отыр. Осы фактор феноменологиясында шығармашылық қызығушылық басым және оның негізгі құраушысы болып табылады.
Жаһандану процесі белгілі бір ықпалдармен қарқынды адым алып отырған табиғи процесс болып табылады. Бұл процестен тыс қала алмаймыз, өйткені бұл процеске белгілі бір деңгейде барлық адамзат қатысып отыр. Және ұлттың басты мақсаты өзгенің құрамына сіңіп кетпей, өз мүддесін өзгеге таптатпау болып табылады. Адамзат баласының түбірі бір болғандықтан бір-бірін танып, (ортақтылығы) ортақтастықтары бар мега-қоғамды қалыптастыруға талпынуы ғажап құбылыс емес. Жоғарыда айтып кеткендей, алғашқы адамзат қауымдастығынан кейін бірнеше мың ғасыр өтті, адамзат Әлемнің әр түкпіріне таралып, сол жер климатына бейімделіп нәсілдік, бет әлпеттік, физиологиялық, тілдік, ділдік және т.б. өзгерістерге ұшырап, өзіндік бір ерекшеліктерге ие болды. Яғни әр этнос, әр халық өзіндік жеке-дара қоғамдық институттар жүйесін құрап, эволюцияға ұшырады. Әрине, ескерілетін бір жағдай – халық, этнос, ұлт мәдениеттері бір-бірінен ерекшеленседе, олардың арасында айтарлықтай ортақ принциптер, мәдениет белгілері бар.
Педагогика ғылымдарының докторы С.Қалиев өзінің «Көне тарихқа көз жіберсек» атты деген мақаласында қазақ мәдениеті туралы мынадай құнды мағлұмат келтіреді: «Ежелден Қазақстан жерінің байлығына қызыға қарап көз тіккен және оны мұхитқа шығар қақпа деп есептеген орыс, батыс мемлекеттері бұдан әлденеше ғасыр бұрын саяхатшы, елшілер жіберіп, жер-суы мен шаруашылық кәсібін, қазба байлығын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын зерттеуді көздеген. Өйткені, қазақ өлкесі ежелгі ерте дәуірден-ақ Шығыс пен Батыстың экономикалық және мәдени қарым-қатынасынан елеулі орын алып, Еуропа мен Азияны жалғастыратын көпір сияқты жер еді» [153, 237 б.].
Батыс ғалымдарының ішінде бұдан жеті ғасыр бұрын қазақтар туралы ең алғаш қалам тартып, жылы лебіз білдіргендердің бірі жазушы, әрі саяхатшы Италия ғалымы Марко Поло (1254-1324) болды. Ол өзінің «О разнообразии мира» деген кітабында дүние жүзіндегі әр түрлі халықтардың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін әңгімелей келе, қазақтардың бие сүтінен қымыз ашытатынын, ұзақ жолға жарақты ат мініп, жол азық алмай, ет асын жейтін шөңкесі мен баспана шатырын алып, «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деген тәуекелмен жүре беретінін, атына және өзіне қажетті азықты жол-жөнекей тауып жейтінін айта келе, «Қазақтардың қарулары – садақ, семсер және шоқпар, олар садақ тартудың шебері болғандықтан оны жиірек қолданады. Өте тамаша және ерлікпен соғысады. Соғыста ар-намысы күшті» [154, 124 б.], – деп олардың мергендігін, қайтпас жауынгерлігін сүйсіне сөз етеді.
Неміс саяхатшысы И.Шильтбергер де өзінің «Ұлы Татария туралы» деген мақаласында Сібір даласын жайлаған татар, башқұрт, қазақ, қалмақтардың тұрмыс-тіршілігін сөз ете келе, қазақтардың киіз үйде жерге отырып, тамақ ішетінін, көшіп-қонуға, ыстық-суыққа көнбістігін, хан сайлау, оған арғымақ ат, алтын қылыш сыйлау рәсімдерін баяндайды. «Қазақтардың Ұлы Татария даласында бүкіл түз халықтарының ішіндегі ең ержүрек ел екенін айрықша айту қажет» дейді.
Ал Э. С. Вульфсон деген дат ғалымы өзінің «Қазақтар» атты очеркісінде қазақтың қыз қуу, ат жарыс, жаяу жарыс, т.б. ұлт ойындарын сипаттай келіп, «тап қазақтардай бүкіл өмірінде әнді қастерлеп өтетін халықты табудың өзі неғайбыл» деп олардың өнерді қастерлеуін кең сахарада көшіп-қонып еркін жүруімен байланыстырады [158].
Осы пікір өткен ғасырдың екінші жартысында қазақ даласында болып, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын терең зерттеп, өзінің «Из Сибири» атты еңбегін жазған неміс оқымыстысы, академик В. В. Радловтың (1837-1918) еңбегінен де байқалады: «Менің қазақтар арасында ұзақ уақыт тұрып, олардың салт-дәстүрімен танысқанымда көзім жеткен ақиқат – бұлардың өзіндік ерекше мәдениеті бар халық екендігі. Біздің отандастарымыз ойлағандай олар тіпті де тағы, ауыздықсыз, бас бұзар, қарақшы, тұқымын құртуға тұрарлық халық емес. Олардың өмірге деген көзқарасы, салт-дәстүрлері, әдет-ғұрпы, бір сөзбен айтқанда, бар өмірі мен еңбегі малмен тікелей байланысты болғандықтан жыл бойы көшіп-қонуға негізделген. Ойды бейнелеп беруі және ашық-айқын, өткір айта білуі жағынан қазақтарды тіпті Батыс Азияның француздары деуге болады» [155], – деп қазақ мәдениетіне аса жоғары баға берген болатын.
Қазақтар жөнінде Ресейде алғаш монографиялық еңбек жазған адам А. И. Левшин (1792-1879) болды. Оның «Қырғыз-қайсақ ордалары мен даласының сипаттамасы» (1832) атты еңбегінде қазақтар туралы былай жазады: «Ауылға сырттан қонақ келсе, бәрі жиналып соны тыңдайды, берген тамағына ешкім әңгімеден басқа ақы сұрамайды. Қырғыздар үшін меймандостық ең қастерлі заң» – деп қазақтың қонақжайлық салт-дәстүрін мадақтаса, олардың психологиялық ерекшелігіне орай: «қайырымдылық, адамды аяу, қарттарға, ақсақалдарға құрмет көрсету олардың ең жақсы қасиеті – халықтың даңқын шығарған ұлдарына батыр деп ат беріп, өлсе де ұмытпай үлгі тұтады. Қырғыздар (қазақтар) туған жерін, атамекенін қатты қастерлейді. Кір жуып, кіндік кескен жерін тастап ешкім ешқайда кетпейді» [156], – деп елін-жерін сүюшілік олар үшін ұлттық сезімнің ең қасиетті белгісі екенін айтқан.
XIX ғасырдың бірінші жартысында саяси революциялық көзқарасы үшін қазақ даласына жер ауып келген бір топ орыс интеллигенциясыныңөкілдері Батыс Сібір өлкесінде айдауда болып, өздерінің тағдырлас бауырлары – қазақ еңбекшілерінің өмірінен еңбек жазған. Солардың бірі көрнекті ақын, ревоюционер А. Янушкевич (1803-1857) өзінің «Қазақ даласынан жазған хаттар» атты естелігінде қазақтар жөнінде сол кезде қалыптасқан «тағы – көшпелілер» дейтін теріс көзқарасты әшкерелеп, дала тұрғындарының өзіндік мәдениеті, салт-дәстүрі бар, шешендік, ақындық өнерге келгенде «ақыл-ой тапқырлығы» жағынан Еуропаның ең мәдениетті деген елдерінен кем түспейтіндігін нақтылы деректер келтіре баяндайды. Демократ ғалым А.Янушкевич: «өзіне жоғарыдан менсінбей қарайтын халықтар арасынан бұл көшпенділердің де құрметті орын алатынын кезі келеді» деген пікір айтқанына сүйсінбеске болмайды.
Атақты түрколог С. Малов «түркі халықтарының ішіндегі ең суретшіл, образды тіл – қазақ тілі. Қазақтар өзінің шешендігімен, әсем ауыз әдебиетімен де даңқты» [157, 29-39 бб.]– десе, шығыстанушы Потанин: «қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең таза, әрі бай тілге жатады. Қазақтар шешен, әрі әдемі сөйлеудің үлкен шебері. Қазақтардың халық әдебиеті аса бай, әрі жан-жақты» – дейді» [158, 24-27 бб.]
Еуразияның шетсіз де шексіз ұлы даласын ертеден мекен еті, мал өсіріп, жан бағып жүрген түркі тектес көшпелі тайпалардың бірыңғай этникалық топқа жіктеліп, қазақтың халық болып қалыптасуы нәтижесінде XV ғасырдың орта шенінде қазақ хандығы құрылды». «XV-XVII ғасырлардағы хандардың (Керей, Жәнібек, Қасым хан, Хақназар, Есім, Жәңгір, Тәуке хан) тұсында қазақтың шаруашылығы, экономикасы, өмір сүру дағдылары ғана емес, сонымен бірге оның рухани кескін-келбеті, жұрт таныған мәдениеті қалыптасты. Қасым хан тұсында «Қасым салған қасқа жол» деген атпен халықтың бұрынан келе жатқан әдет-ғұрпының ережелері негізінде билік – заң үрдістері, елдік жөн-жоралғылары, салт-дәстүрі бір ізге түсті. «Есім салған ескі жол» деген атпен бүгінгі ұрпаққа жеткен жөн-жоралғы, тәртіп, талғам, киіз-туырлықтар арсындағы қарым-қатынаста кездесетін мал-мүлікке, іс-әрекетке байланысты дау-шаралардың шешімдері жетілдірілді. Тәуке ханның «Жеті жарғысы» қазақ халқының мәдени-рухани салт-дәстүр қалыптарының төл-тумалығын одан әрі шыңдай түсуге қызмет етті. Тәуке ханға кеңесші, ақылшы болған Төле, Қазыбек, Әйтеке сияқты қарадан шыққан қасиетті билер демократиялық дәстүрлерді қалыптастыруға елеулі еңбек сіңірді. Осы тұста сөз өнерінің қадір-қасиеті артты. Халық сөз өнеріндегі тапқырлық пен ұтымдылықты, білгірлікті бағалайтын болды. Халық арасынан небір жез таңдай жыраулар шықты. Өнерпаздық өріс алды. Сөйтіп, қазақ халқының мәдениеті, рухани тірлігі өзіндік сипат, келбетімен тұлғалана түсті.
Қалыптасқан бірыңғай ұлттық тілдің, жазба дәстүрдің болуы – халықтың мәдениетінің, өркениеттің дамуындағы алғы шарттардың бірі. Тіл әрбір халықтың ерте кедерден бергі өніп-өсуінің, дамуының, бүкіл болмысының құдіретті көрінісі. Тілдегі әрбір сөздің ар жағында сол халықтың тіршілік-тынысы, салт-санасы, әдет-ғұрпы, наным-сенімі, басынан өткен қилы-қилы заманның белгісі, тарихы тұрады. Демек, оны халық болмысының айнасы деуге болады. Тілсіз мәдениет жоқ. Тіл кез келген халықтың бүгінгі болмысын, арманын, алдағысын, кешегісін, келешегін бейнелейді. Сондықтан оның қалыптасуы ұзақ уақытты, бірнеше ғасырларды, тіпті мыңжылдықтарды алып жатады. Қазақ тілі де солай дамыды. Ол Еуразия құрлығының керіліп жатқан кең даласын мекендеген қыпшақ, қаңлы, үйсін, арғын, алшын, керей, дулат, қоңырат, найман сияқты тегі бір, түбі туыс ру, тайпалардың тілдері арқылы қалыптасып, уақыт сынына төтеп берді. Оның електен өтіп, артынша сұрыпталып, сындарлы сапаға ие болуында қыпшақ тілінің айрықша рөлі зор. Осы тілде жазылған ежелгі қазақ жерін жайлаған халыққа, тайпаларға түсінікті жазба мәдениеттің бір нұсқасы XVI ғасырда жарық көрген «Кодекс Куманикус» атты еңбек болды».
Ауыз әдебиеті халқымыздың төлтума мәдениеттің маңызды саласы, құрамдас бөлігі болып табылады. Адамдардың арман аңсарынан туып, өзінің үздік үлгілерімен бағалы нұсқаларын ғасырлар бойы ауыздан-ауызға таратып келе жатқан қазақ халқының ауыз әдебиеті тәрбиелік мәні зор, мазмұны терең, көркем де құнарлы қазына. Одан әлем халықтарының ауыз әдебиетіндегі сана-алуан жанрлардың қай-қайсысын да кездестіруге болады. Таңғажайып аңыз-ертегілер, қисса-дастандар, толғау-жырлар, қара өлең, өлеңнің басқа да небір түрлері қазақтың ауыз әдебиетінің сарқылмас қайнары, бұлағы іспеттес.
Қазақ – сырлы сөздің, өлең, жырдың қадірін жақсы білген халық. М. Әуезов былай дейді: «... Өлеңмен айтқан билік, жырмен айтқан өсиет, тақпақпен айтқан дау бір кезде «татуды араз, жақынды жат қылуға жарасса», бір кезде іріген елді біріктіріп, ірікшінің шіріген сөзін саф қылуға жараған. Хан, қара, би, төре, аламаншыл батыр, жетекшіл қарақшы, бәрі де айырымсыз сырлы сөздің қадірін білімге ұстарып зейіні ашылған европеецтен кем білмеген» [159, 569 б.].
Қазақ сахарасының шешендері мен билерінің аталы сөздері, өнегелі өсиеттері мақал-мәтелдердің тууына себепші болған. Халық даналығынан туған мұндай қанатты сөздер, мақал-мәтелдер ескірмей, тозбай жұртшылық зердесінде ерте замандардан бері сақталып келеді. Олардың көбі мәнін күні бүгінге дейін жойған жоқ. «Күн түспеген жер көгермес, көсемі жоқ ел көгермес», «Қарын ойлаған қаралықтың белгісі, халық қамын ойлаған даналықтың белгісі», «Ақылы аздың ашуы көп, таяз судың тасуы көп», «Ақылы жоқтың арманы жоқ», «Еңбек өмірді ұзартады, ұят бетті қызартады» – деген сияқты халқымыздыңданалығы мен шешендігінің үлгісі болып табылатын мақал-мәтелдер мен аталы сөздерге қазақ жері кенде емес.
Қазақтың қазақ болып қалыптасуы, тұтасып, бірыңғай халық болып даралануы оның өзіне дейінгі әлеуметтік-тарихи тәжірибені санасына орнықтырып, тұрмыс-тіршілігіне пайдалана білуі арқасында іске асты. Ал бұл тәжірибенің негізі, болашақ қазақ қоғамының, оның материалдық және рухани мәдениетінің іргетасы тым ерте, адам адам болып, олар қоғам болып қалыптасқан кездерде қаланды.
Қазақ халқының негізін құраған оның халық болып қалыптасуына, мәдени-рухани жаңғыруына жол салған тайпа, ұлыстардың арасында сақтар мен ғұндардың орны бөлек. Сақтар әулеті біздің заманымызға дейінгі VII ғасырда тарих аясына шығып, біздің заманымыздың II ғасырына дейін өмір сүрген. Оның іргесін қалап, шаңырағын көтерген – Алып Ер Тұнға (Афрасияб), жайлаған жері, мекен-тұрағы – Орта Азияның, бүгінгі кең байтақ Қазақстанның далалары, Шығыс Түркістан өңірі болды. Оның шаруашылық-мәдени тіршілігінің негізі көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшылық еді. Сақтардың діні – Тәңірлік дін. Олар Көк тәңіріне табынып, табиғатпен тіл табысуды тіршілік мұраты деп түсінген. Сақтардың қалыптасқан наным-сенімі, биік мәдениеті болған. Олардың мәдени-рухани ықпалының ізі Қазақстанмен қатарлас жатқан Иран, Ауған, Пәкістан, Үнді елдерінен күні бүгінге дейін кездеседі.
Ежелгі қазақ жерінің орасан зор аумағын қоныс меке еткен, біздің жыл санауымызға дейінгі II ғасырда бой көтеріп, біздің жыл санауымыздың 216 жылына дейін өмір сүрген ғұн ұлысы 24 тайпадан тұрған.
«Ғұндар ұлысы ұзақ тарихи жолдан өткен. Оған қараған тайпаларадың ежелгі қазақ жеріндегі үйсін, қаңлы, аландармен араласып кеткені, арғын, қыпшақ сияқты рулардың ғұндардан тарағаны туралы нақты деректерге сүйенген болжамдар көп.
Ғұндардың қазақтың арғы тегі екенін айғақтайтын дәлелдер жеткілікті. Айталық, олардың моласынан жүннен істелген бұйымдар, ою-кестелер, өрнектер стилі жағынан қазақ арасында кең тараған ою-кестелермен өте-мөте ұқсас. Демек, үйсін, қаңлы, алан, арғын, қыпшақтардың мәдениеті сақ, ғұн тайпалары мәдениетінің заңды жалғасы деуге болады. Негізінен, түркі тілінде сөйлеген ғұндардың діні – тәңірлік дін, жазуы – түркі жазуы» [160].
«Жетісу жерін, Шу, Талас, Іле өзендерін, Қаратаудың шығыс бетін қоныс еткен үйсіндердің кезінде қол өнер кәсібі, темір, ағаш өңдеу, үй кәсіпшілігі, өрнек тоқымашылығы қатты дамыған. Олар қоладан, темірден қару-жарақ, еңбек, өндіріс құрал-саймандарын, таға, қазан жасай білген. Әшекейлі ою-өрнектермен безендіріп алтын, күмістен жүзік, білезік, сырға, алқа, түйреуіштер істеген, тері илеп, киім-кешек тігіп, өрмекпен жүн-мата тоқыған» [160].
«Үйсіндер жайлаған жердегі обалардан табылған сәндік бұйымдарға көшпелі тұрмысты, аңшылықты, өздерінің наным-сенімдерін бейнелейтін суреттер, арыстан, жолбарыс, қабылан, құлжа, тау ешкі, бұғы, бөкен бейнелері салынған. Ерттеулі атты ұстап тұрған адамдардың мүсіні қойылған шамдалдар, түйелі көш, әр алуан құс бейнелерімен нақышталған әйелдердің сәндік бұйымдары үйсіннің өнері мен мәдениетінің әжептәуір дамығанын дәлелдейді» [160]..
Қазақтың халық болып қалыптасуына өзекті ұйытқы болған қаңлылардың да үйсіндермен деңгейлес мәдениеті болды. Қаңлылардың тіпті ресми жазба заңдары болғандығы анықталып отыр. Олар ата-ана аруағын қаттты сыйлаған. Жыл сайын маусым айында ата-бабаларды еске алу рәсімін өткізіп тұрған. Музыка мәдениеті күшті дамыған қаңлылар қос шекті, бес шекті домбыраларды, даңдабыл, сыбызғы, сырнай сияқты аспаптарды пайдаланыпты.
... Қаңлы елімен шектесіп жатқан аландар да мәдениеті дамыған, шаруасы шалқыған ел екен. Арал теңізінің маңын қоныс еткен алан елінің ауа райы жылы, жері құнарлы, шөбі шүйгін, малға, егіске қолайлы, жеміс-жидегі жеткілікті болыпты. Бұл жердегі аландар алшын, алаша, алаш сияқты Кіші жүз руларын өрбіткен үлкен тайпа болған деседі. Жалпы, қазақ халқының негізін құрайтын сақ, ғұн тайпаларының одағы, оған кіретін ру, ұлыстар қазақ мәдениетінің қайнар бастауында тұрғандығын бүгінгі тарих барынша растайды.
Қазақ халқы үшінші мыңжылдық табалдырығын өзге халықтармен терезесі тең, дербес ел болып аттап отыр. Тарих көшінде әр ғасырдың үлесіне тиген даму кезеңдері, айтулы оқиғалары болғаны белгілі. Ендеше жаңа ғасыр тәуелсіз еліміздің жаңа бастауы болмақ. Иә, бүгінгі таңдағы Қазақстан қайта өрлеу дәуірінің жемісі. Бұл жөнінде белгілі философ А.Х. Қасымжанов: «Қайта туу мезгілі келді. Тереңде жатқан рухани тамырларды таппай ол мүмкін емес. Өткен тарихты іздену, оны құрметтей ой тербелісіне алу, сыннан өткізу өркениетті халықтар қатарына абырой мен кіру үшін қажет» – деп, айрықша атап өтеді [161, 88 б.]. Қайта өрлеу, бұл дегеніміз жаңару, өткенді жаңғырту, өшкенімізді жандыру. Ендеше, өз даралығы мен болмысын сақтауда Қазақстан үшін бүгінде өзіндік қазақ өркениетін дамыту, экономикалық потенциалын өсіру, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін, менталитетін тағы басқада ұлттық құндылықтар аясын кеңейту өзекті болып табылады. Ал, бұл процесс бір ғана онжылды ғана емес, қомақты ұзақ тарихи мерзімнің үлесіне тимек. Біздіңше, қазақ халқының қалыптасып бітуін XІV-XV ғасырларға жатқызғанымызбен бұл күрделі үрдістің екінші бір кезеңін тағы да бастан кешу үстіндеміз. Жалпы, қазақ халқының қалыптасуы ұзақ мерзімді тарихи үрдістер нәтижесінде ортақ территория, тіл, материалды және рухани орталықтардың қалыптасуымен қатар орындалады. Осы орайда айта кету керек, қазақ халқы осындай көптеген ортақ құндылықтарға ие түрлі тайпалардың бірігуі нәтижесінде ғана емес, сондай-ақ араб, иран, монғол, сияқты дәстүрі өзгеше, этникалық элементтерді де өздеріне сіңіре қалыптасқанына тарих куә. Бұл мемлекеттердің этникалық негізі белгілі бір этникалық территорияда орналасқан жергілікті түркі тайпаларының төңірегіне күрделі этникалық байланыстар нәтижесінде жергілікті және келімсек, туыс және бөгде, тұтас және шашыраңқы, түркі және түркіленген тайпалар, рулар мен олардың тармақтары топтасуы арқылы қалыптасты.
Сайып келгенде, мұның бәрі – ұлттық мәдениетіміз. Ал ұлттық мәдениетіміздің қалыптасуының негізі қазақ хандығының құрылуы болып табылады».
Айтыс, шешендік өнер қазақ философиясының негізгі бір бөлігін құрайды. Бұларсыз қазақ философиясының дамуын көз алдыңа елестету өте қиын. Шешендік сөздердің дүниетанымдық астары, ондағы көтерілген мәселелер, даналық сөздер бүгінгі қазақ философиясын қайта қалпына келтірудегі таптырмайтын рухани байлық. Бұл жөнінде Д. Раев «шешендік сөздерде қазақ даласы көшпелілерінің бүкіл коммуникация жүйесі мен дүниетанымының дәстүрлі ойлау сипаттары жатыр. Біздің пікірімізше, қазақ философиясының қалыптасу үрдісіндегі негізгі күре тамырдың бірі – шешендік сөздер» – деп жазады. [162, 33 б.]. Шешендік сөздер болмысы өкінішке орай бүгінгі қазақ менталитетінде өзінің тұтастығын жоғалтқан.
Мұхамедияр Орынбековтың айтуы бойынша, «мәдениет пен қоғамның руханилығын зерттеу өндірістік қатынастарды зерттеумен бірге, ұлттық менталитетті зерттеуді қажет етеді. Бұл ұғым қоғамның әр мүшесінің бойында кездесетін, қоршаған әртүрлі ортада бағыт беріп отыратын және алынған ақпараттарды жүйелей отырып, бар мүмкіндіктер спекторын пайдалану нәтижесінде іс-қимылдар жасаудың мәдениеттегі коды» – дейді. [163, 51 б.].
Қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті өзіне тән ерекшелігімен, риясыз тазалығымен, зерделі мән-мазмұнымен, пайымдылығымен адамзат мәдениетімен ежелден сабақтас болады. Ғасырлар бойы қлыптасқан рухани-мәдени сабақтастық өз дәстүрін осы күнге дейін жалғастыруға талпынып келеді. Рухани байлық әр кезде әр халықты ұлт ретінде сақтап қалатын және оны өзгелермен қатар өмір сүру құқығын дәлелдейтін императив.
Ұлттық мәдениеттің қайта өрлеуі екі негізгі талаптарға сәйкес келуі тиіс:

  • Ұлттық мәдениет өзіндік даму амалымен өзіндік даму қабілетін анықтауы тиіс.

  • Ол қазіргі кезде қоғамда болып жатқан радикалдық және новациялық өзгерістерге кедергі жасалмай, керісінше, оған демеу беріп, сыбайласып, онымен іштесіп модернизациялануға ұмтылуы тиіс [164, 45-46 бб.].

Демократияландыру процесінің эволюциясы қоғамдық құрылымның көптүрлілігін және шынайы күрделілігін тікелей анықтады. Сонымен қатар, плюрализм мен мультимәдениеттік идеалдарының көрсеткіштері өз-өздерін ақтаған және тіпті, кері процесті-әсерді туғызды. Бұл жағдайларда қайта туған Қазақ елі үшін ұлтты сақтау, қоғамның тұрақтылығын, ұлт бірлігі және қоғам келісімділігін орнату үшін қазақтың бай тарихи және мәдени мұраны басты бағыт етіп алуы қажет. Және жаһанданудың қарқын алып жатқан үрдісі этникалық ерекшелік пен өзіндік қайталанбас дүниені сақтайтын әмбебапты модельді қалыптастыру керектігіне мақсат етіп қойып отыр.
Қазақ ұлттық мәдениетінің құрамдас элементтері – халық ауыз әдебиеті, күйлер, материалдық мәдениет туындылары және т.с.с. – уақыт заман талаптарына немесе сыртқы шет елдік ықпалдарға сай өзгеріп отырды және де мұндай жағдай қазіргі таңда да қайталанып отыр. Бірақ, ұлт мәдениеті өзгеріске ұшыраса да, ол түбегейлі өзгермейді. Яғни, әр уақытта әрбір ұлт мәдениеті үлкен Әлемдік аренада басқа да ұлт мәдениеттерімен бәсекелесіп отырады және бұндай жағдай ұлт мәдениетінің иммунитетін қалыптастырады, бәсекелесу қабілетін арттырады, ұлт мәдениеті кемшіліктерін позитивке айналдыра отырып дамытады.
Қазақ мәдениеті, түптеп қарағанда, бірнеше ру-тайпалар мен этностардың мәдениетінен қалыптасқан тарихи асыл мұра болып табылады.
Ұлттық материалдық және рухани мәдениет географиялық орта, шаруашылық бағыт, халықтың әлеуметтік құрылымы, этникалық бірлігі мен тарихы, көрші елдермен байланысы және қарым-қатынас дәрежесі, т.б. факторларға тәуелді болады. Осы ретте қазақ халқының кейбір ерекшеліктерінен тоқтала кеткен дұрыс. Оған бірінші кезекте, қазақтың жерінде кең аймақта орнығып, XVII-XVIII ғасырларға дейін таза шығыс менталитеті шеңберінде қалыптасып дамығаны жатады. Менталитеттің бастамасы діни көзқарас десек, шығыс діндерінің пантеистік сипатқа жақындығы, табиғатты құдайдай дәріптеуі, оның әрбір затын тірі заттай қастерлеп, тек қажетті мөлшерін пайдалануы қазақ халқының қанына сіңген қасиеті деуге болады. Мұны шығыс даналығы (шолақ рационалдық тұтынымдармен шектелмей, сезім мен ой көріпкелділігіне сүйену, жан-жақты пікірлерді үйлестіре қарап байсалдылыққа, келісімділікке ұмтылу) және шығыс ұжымдылығымен (қоғам мүддесін алдыңғы қатарға қоюы) толықтырсақ ешбір қателігі болмайды.


4.2 Қазіргі өркениет кеңістігіндегі Қазақ еліндегі мәдени инновациялық үрдістер
Егер өркениеттендіру процесі кезінде ұлттың ұлттылығына қауіп-қатер туып отыр деп өзімізден өзіміз оқшаулансақ, көштің-заманның соңына да ілесе алмай қаламыз.
Ал басқа бір елдердің саяси институтын, экономика жүйесін немесе өмір сүру әдет-ғұрпын өмірлік бағыт ретінде пайдаланған ел өз тұғыры мен ерекшелігін жоғалтып нағыз маргиналды елге айналуы мүмкін, ал егер осы үрдісті (өз бойына талғамсыз көшіру, сіңіру) ұстанса, ол таза мәңгүрт елге айналып, «көрінгеннің қолында, тістегеннің аузында» деген күйде болады.
Осы жағдай қазақ халқына да қатысты, өйткені Батыстық модельді демократия жүйесін басшылыққа алған қазақ халқы өзіндік, ата-бабадан мұра болып келе жатқан шынайы қазақи демократия жүйесі ұмытып бара жатыр. Әрине, қазіргі уақытта қоғам өзіндік ерекшелігі бар қазақы дәстүрлі мәдениетті, қазылар алқасын және т.с.с. жүйелерді ендіруді көздеп отыр. Бірақ, осы жерде ескеретін жай – бұл 300 жылдан астам уақыт бойы қазақ халқы орыс патшалығының бодандығы болды, одан кейін Әлемдік демократиялық (Батыстық сипаттағы) жүйелерді, яғни қоғамдық өмірдің әр саласын, өз қоғамдық институттар функциялар қатарына қосты. Осыдан кейін өз ұлттылығымызды табу қиынға соғып, ол қасиетте мүлдем жоғалтып алмаймыз ба деген күдік, қорқыныш-үрей сезімдері ұялайтыны шындық.
Бірақ осы шақта А. Тойнбидің мына қағидасын еске түсіре отырып, яғни еш нәрседен, еш жағдайдан қорықпай, «шешінген судан тайынбас» дегендей алға, ерік-жігерді жинау қажет.
Ұлттық мәдениет – бұл адамзаттың біркелкі дамуындағы заңдылықты баспасы (ступень). Әлемдік мәдениет – бұл, алдымен, ұлтық мәдениеттер жиынтығы. Ұлттық мәдениеттердің жалпы адамзаттық идеалдарға ие ең жоғарғы жетістіктері жәнеоларды бүкіл Әлем мойындаған соң, ұлтаралық мәдениет құрамына енеді.
Ұлттық мәдениеттер мәселелері, мән-мағыналары және құндылықтары, олардың өзара байланыстары қазіргі уақытта жаһандану кеңістігінде болып жатқан процестермен тығыз байланысты. Яғни, қазіргі кездегі өркениетті, ақпаратты, постиндустриалды деген қоғам осы кеңістік ықпалында өзгеріп отырады.
Ежелден келе жатқан және жаңадан қалыптастасқан құндылықтарды қалыптастырудың өзі қазіргі кезде жаһандану илегінен өткізіп, қарастырмау сол құндылықтардың шынайы бағасын анықтауға талпынбаумен теңбе-тең.
Бүгiнде шекарасыз, бiртұтас мәдениет туралы айту мүмкiн емес. Әлемде қаншама халық өмiр сүрсе, соншалықты мәдениеттер бар екендiгi мойындалып жатыр. Сондықтан, жалпыадамзаттық өркениет туралы сөз болғанда, әркiм де оны бiр-бiрiне ұқсамайтын, ерекше, жеке ұлттық мәдениеттердiң жиынтығы деп ойлайтыны анық. Өркениетке қатысты осындай көзқарас дұрыс та. Бұны өзiмiз өмiр сүрiп отырған заманның даналығы десек те болады. Себебi, жаңа заманда қайталанбас мәдениеттердiң құндылығы мен тарих алдындағы тең дәрежесi мойындалып, бұған дейiнгi қалыптасқан евро не азия центристiк дейтiндей антогонизм бiртiндеп әлсiреуде. Соңғы ғасырдағы жоғарғы технологияның (ал ол, әзiрге, ғылым-бiлiм- мәдениеттiң басты көрсеткiшi болып тұр) дамуы батыс пен шығыстың шегарасын шатастырып жiбердi. Мысалы, Жапон елi, Индия, Қытай, Шығыс Азия елдерiндегi даму дүмпуi осыған дәлел. Сондықтан мәдениетке деген қазiргi көзқарасты «алуан пiкiрлердiң тоғысуы» деп санауға болады. Әлем тарапынан әрбiр жеке мәдениетке деген қызығушылық артқан сайын, сол ұлт өкiлдерiнiң де өз мәдениетiне деген қатынасы өзгеруде. Ендi, әрбiр ұлт үлкен-кiшiсiне қарамай, өздерiнiң «адамзат өркениетiне қосқан үлесi қандай?» деген сұрақты ашық қоя бастады. Олардың әрқайсысы, өз тарихын жаңаша зерделей келе, бұрындары, әртүрлi саяси жағдайларға байланысты «табынып» келген мәдениеттердiң көпшiлiгi «жаңалық» емес екенiн байқады. Мысалы, революцияға дейiн жаппай сауатсыз саналған қазақ халқы да өз бабалары - көне түркiлердiң жазуын паш еттi. Тiптi, түркiтанушы М. Әджi көне түркi жазуы грек алфавитiнiң, содан барып кириллицаның негiзi болғанын дәлелдеп те бердi. Бұл мысалдан бiз, бұрынғыдай емес, әлемдiк мәдениеттану ғылымында аса iрi мәдени ошақтар деп саналып келген ежелгi грек, рим, қытай, араб, парсы және басқа мәдениеттерге шексiз табынудың тоқтағанын көремiз.
Әркiм тарихтан өзiндiк мәдени келбетiн iздеудi қолға ала бастады. Әрине, бұл дегенiмiз, әрбiр халықтың тек өз мәдениетiн жоғары қоюға деген ұмтылысы емес, керiсiнше, олардың мәдениетке деген бiр жақты көзқарастан арылып, оның жан-жақты екенi түсiне бастағанын бiлдiредi. Яғни, қазiргi адам белгiлi бiр мемлекетте, ұлттық ортада өмiр сүре отырып, өз мәдениетi мен тарихын игеру арқылы өзге мәдениеттерге жол аша алады. Басқаша болуы мүмкiн емес. Мәдениетке деген сұраныс қоғамның экономикалық дамуымен тығыз байланысты. Бiздiң елiмiздегi экономикалық өрлеудi әлемнiң бiршама бөлiгi мойындап отыр: экспорт-импорт көлемi жылдан-жылға еселене түсуде. Осы тұрғыда, импорт дегенiмiз ағып келiп жатқан тауарлар легi ғана емес, оны әлемдiк өркениет жетiстiктерiнiң, әртүрлi мәдениеттердiң бiздiң рухани дүниемiзге құйылып жатқан жылғалары деп қабылдауымыз керек. Ал экспорт дегенiңiз - әлемнiң әр түкпiрiне ағылып жатқан «қазақы марка» ғана емес, бiздiң ғылым-бiлiм-мәдениет деңгейiмiздiң көрсеткiшi болып табылады. Осындай ахуалда бiз өз елiмiзде ұлттық мәдениеттi жаңаша, бұрынғыдай шашыраңқы күйде емес, жүйелi, ғылыми негiзде зерттеудi қолға алуымыз заңдылық екенi түсiнiктi. Елiмiзде «мәдени мұра» бағдарламасының iске қосылуы осыған дәлел болса керек. Оны iске асыруға қоғам болып кiрiсуiмiз де, оған көрнектi мәдениеттанушыларды (мыс.: Мұрат Әуезов) тартуымыз да тегiн емес. Соған қарап-ақ, бұл жобаның қаншалықты маңызды екенiн байқауға болады…Бiз бұл жобаның мақсаты деп «әртүрлi тарихи жағдайларға байланысты жоғалып кеткен тарихи құндылықтарды қалпына келтiру мен мәдениетiмiздiң тарихын бүкiл адамзат тарихымен байланыстыра зерттеу» десек қателеспеймiз. Ендiгi кезде, осыған дейiнгi жинақталған эмпирикалық материалдарды қорыту мiндетi тұр. Бұл мәселеде елiмiздiң ғылыми потенциалы анықталып қана қоймайды, сонымен бiрге ұлттық тарихымыздың жаңа негiзде, жаңаша қарқынмен дамуына әсер ететiндей мол мүмкiншiлiктер жатыр. Ендеше бiздiң ғалымдар осыған қалай атсалысып жатыр? Бұрынғыдай «Аргентина арғындардың мемлекетi» дейтiндей деңгейде ме, әлде, ғылымның барлық тәсiлдерiн қолдана отырып, төл мәдениетiмiздiң даму заңдылықтары негiзiнде: өзiмiздi әлемге танытатындай, көп жағдайда мойындататындай деңгейде ме?
Тәуелсiздiктiң алғашқы он жылдан астамы өткенiмiздi түгендеумен өттi. (Ол процесс әлi де жалғасып жатыр және ешқашан үзiлмек емес). Осы кезең бiз үшiн аса маңызды болды: бiрiншiден, ұлтық санамыздың өрлеуi, яғни, жартылай мәңгүрттенген санаға ұлттық мазмұнды қайта егу жүзеге асты. Осы тұрғыда, мен кейбiреулердiң «қазақ ас та төк той өткiзуден арыға бармайды» деген пiкiрiмен келiспес едiм. Iрi тарихи тұлғаларымыздың құрметiне өткiзiлген сол той-шаралар өз мiндетiн мiнсiз атқарды: жаңа толқынның санасында сiлкiнiс туғыза алды; нәтижесiнде, жастарымыз аға ұрпақтың көбiне тән «өзгенiң алдында өзiн қор санайтын» синдромынан тазалана бастады. Мiнеки, қазақ мәдениетiнiң дамуының жаңа iргетасы, осылайша, бiртiндеп қаланып келедi… Халық - өзiнiң төл мәдениетi болса ғана, халық болып қала алады. Сол сияқты, әр адам да, ең алдымен, өмiрде өзiнiң белгiлi бiр мәдениетке байланысты екендiгiн сезiнгенде ғана толыққанды адам ретiнде өмiр сүре алады. Әрбiр жеке адам үшiн - мемлекетi, президентi, партиясы, тiптен, ғылымы болғаннан бұрын, өз мәдениетi болғаны маңыздырақ. Мысалы, ұйқыдағы еврейдi әлемнiң қай бұрышына апарып тастасаң да, таңертең ол өзiн «евреймiн» деп, түнде мас болып, хуторын таба алмай қалған мұжық та таңертең орманның арасында «мен орыспын» деп, Америкаға тап болған қазағың да тiсiн шұқып «қазақпыз ғой» деп оянатыны - бiрден-бiр ақиқат емес пе... Бiз қазiргi кезде, жаһандану дәуiрiнiң ерекшелiгi саналатын ақпарат алмасуын тиiмдi пайдалансақ қана мәдениетiмiздi жаңа сапалық деңгейге көтере аламыз. Бiрақ, сонымен бiрге, әрбiр қазақта «төл мәдени (ұлттық) келбетiмiзден ажырап қалмас па екенбiз» деген қорқыныш бар. Ол «ұлтым» деген азаматтың бойындағы табиғи нәрсе. Дегенмен, бiз ол сезiмге шамадан тыс бой алдыра бермеуiмiз керек. Болмаса, мәдениетiмiздiң дамуы қарқынын жоғалтарымыз анық. Нәтижесiнде, ұлтшыл азаматтарымызды мазалап отырған «өзiндiк келбетiмiздiң» де айшықты бояуын жоғалтатынымыз сөзсiз. Жалпы, мәдениет дегенiмiз жан-жақты ұғым. Оның шеңберiнде тiл, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, дiн, тәрбие, ойтаным ерекшелiгi және басқа да көзге көрiнетiн-көрiнбейтiн астарлар бар. Осылардың барлығының жиынтығы, түбiнде бүтiн бiр ұлттың дiлiн, «ұлттық болмысын не келбетiн» құрайды. Әрине, ұлттық болмыстың субьектiсi (тасымалдаушысы) жеке тұлғалар болғанымен, ұлт болмысы мен оның кейбiр өкiлдерi болмысы арасында сәйкестiк бола бермеуi де мүмкiн. Бiрақ өзiн қалайда қазақпын деп санайтын адамның, мейлi, ол қандай үлгiде тәрбие алмасын, «ұлт тағдырына» деген қатынасы ортақ. Бұл, әсiресе, мәдениеттiң жүрегi саналатын өнер адамдарында жиi кездесетiн құбылыс. Қазiргi кезде, көп қазақтың екiге жарылып алып «сен қазақ емессiң, мен қазақ» деп айтысып жатқандарының өзi де осы мәселенi түсiнбеушiлiктен. Бұл жағдай әртүрлi өнер адамдарының бәрiне ортақ десек болады. Дегенмен, осы мәселеде, кейде шеңберден шығып кететiн кездер де жоқ емес. Мысалы, «Көшпендiлер» фильмi көп нәрсеге көзiмiздi ашып отыр. Арада әжептеуiр шу көтерген бұл фильм туралы бiржақты пiкiр айту мүмкiн емес. Тұсаукесерiне қатысқан бiраз зиялыларымыз ашық ренiшiн, көңiлдерi толмағанын бiлдiруде. Олар: қазақы болмыс, тарих, мәдениет, салт-дәстүр, ұғым-түсiнiк, жөн-жора көп бұрмаланған дейдi. Бiздiң ойымызша, бұл фильмде жоғарыда айтылған сәйкессiздiк бой көрсетiп қалған секiлдi. Жалпы, осы фильмнiң сценариi жазылғаннан-ақ екi нәрсе: ақша мен ұлттық болмыс пен тарих тазалығы бәсекеге түсетiнi сезiлiп қалып едi. Ақыры солай болып шығыпты. Ал ол бәсекеде мәдениетiмiз оңбай жеңiлiптi. Таразы басын ақша, пайда басып кеттi. Мәдениеттiң иесi халық болғанымен, оны танытуды мойнына алған азғана топ өз бiлгендерiн жасап шықты. Сөйтiп, бiз шынайы тарихымыз бен мәдениетiмiздiң «құны» отыз үш миллион долларға парапар екенiн ұқтық. Өнерлi ұлдарымыз «ата мәдениеттiң» бағасыз байлық екенiн өрелемедi.
Сөйтiп, сатылмайтын нәрсенi саудаға шығарып жiбердi. Өкiнiштi-ақ! Ендi, «ол фильмнен түсетiн пайда бұрмаланған шындықтың өтеуi бола алар ма?» деп сұрағаннан басқа шара жоқ. Оның жауабын, кино прокаты басталған соң, сол мол ақшаға араласпаған қалың қазақ айта жатар…Ойымызды әрi жалғастырсақ, онда, ұлтымыздың әр өкiлiнiң мәдениетi «атына емес, затына сай» келгенде ғана толық болатынын айтар едiк. «Өзi қазақ», «болмысы қазақ» деген ұғымдар - әр мағыныны бiлдiретiн ұғымдар. Қазақ болып туылып, қазақи болмысынан ажырап қалғандар туралы жоғарыда айттық. Әйтсе де, қазақша еркiн бiлетiндердiң арасында да өз мәдениетiнен тысқары қалғандар жеткiлiктi. Тiл бiлумен адамның сол тiлдегi халықтың бар мәдениетiн меңгердi, не меңгере алады деген сөз емес. Бiлiм дегенiмiз (соның iшiнде тiл де) мәдениет пен мәдениеттiлiктiң бiр белгiсi ғана. Сондықтан, адам мәдениеттi бiлiп, сол мәдениетке жан-тәнiмен енiп кеттi деген жағдай үнемi орындала бермейдi. Ендеше, қоғамдағы қазiргi негiзгi мақсатымыз да – мәдениеттi бiлетiн де, әрi, бойынан сол мәдениеттiң иiсi аңқып тұрған қазақты (оның мiндеттi түрде қазақ ұлтынан болуы қажет емес) тәрбиелеу екендiгi күмәнсiз. Мемлекеттiк идеологияның (педагогика, БАҚ, әлеуметтiк саясат және т.с.с.) өткiр ұшы осылай бұрылуы тиiс. Бүгiнде өзге ұлттар, силаса, «қазақ иiсi» шығып тұрған, бiрақ бiлiмi европалықтан, не азиялықтан кем емес, не асып тұрған «қазағыңды» ғана сыйлайды, әрi мойындайды. Ал ендi бiр сәт өзiңдi «европалықпын» деп жариялап көрiңiзшi – сый-құрметтен жұрдай боласыз. Олардың «Бiзден асып қайда барады» дейтiндей паң мiнезi сiзге деген шынайы құрметтiң быт-шытын шығарады...Олай болса, Герольд Бельгер ағамыз мойындағандай: қазақы мәдениетiмiздi сақтап, оған қазiргi қарқынды заманның бiлiмiн жымдастыра алсақ, онда оны «жиырма бiрiншi ғасыр қазақтарының қайталанбас ерлiгi» деп атауға ұялмас едiк. Бұндай «ерлiктi» жасауға барлық мүмкiншiлiк бар. Жалпы, әрбiр халықтың мәдени санасы дегенiмiз – сол халықтың осы мәдениет аясында өмiр сүрiп отырғандығын ғана бiлдiредi, яғни, оның ұлттық санасы тұрмысымен тұтасып кеткен. Сондықтан да, ұлт мәдениетiнiң көрiнiсi жеке адамдардан бастау ала отырып, бүкiл халық деңгейiнде көрiнiс таба алады екен. Бiрақ, қоғамда әрбiр жеке адамның мәдениетi шашырап кетсе, онда бұл қоғамда мәдениет мәселесi өткiр сұраққа айналып кетедi. (Мысалы, дiнiмiздiң шашырауы – оны қазiргi өткiр мәселеге айналдырғаны, немесе, ана тiлiмiздiң тоқыраудан шыға алмай жатқандығы өзектi мәселеге айналғаны сияқты). Әрине, бұл сұрақтар, уақыт өте келе, бәрiбiр оң шешiмiн табары сөзсiз. Өйткенi, бұл сұрақтардың шешiлер тұсы да осы – қазақтардың жерi. Өкiнiштiсi сол, мемлекеттiк iске араласқан кез-келген қазақтың басы, әзiрге, толып жатқан экономикалық, экологиялық және т.с.с. мәселелермен қатып жүр. Ұлттық мәдениеттi дамытудың мемлекеттiк тетiктерiн қарқынды iске қоса алмай жүр. Ол тұрмақ, көбiмiз дерлiк тiлдi, мәдениеттi, салт-дәстүрдi ұрпақ бойына егудiң күнделiктi «ауыр қамытын» мойынға киюге көнбей келе жатқан жоқпыз ба!? «Еңбек етпесең ембессiң» деген халық даналығы. Ендеше «қазақ» болу үшiн де еңбек ету керек!
Қазақ мәдениет әрбір ұлттық мәдениет сияқты қазіргі таңда жаһандану кеңістігінде өзіндік ерекше жолмен өмір сүріп жатыр. Жаһандану кеңістігінде руханилық және материалдылық жағынан ынжықтық көрсеткен ел, мемлекет, халық, ұлт өмір қиындықтарына төзе алмай мүлдем жоғалып кетуі мүмкін, яғни, басқа мемлекет, халық, ұлт құрамына сіңіп кетуі мүмкін.
Қазақ мәдениетінің жаһандану кеңістігіндегі инновациялық үрдісі заманнан заманға, уақыттан уақытқа, кезеңнен кезеңге өзіндік айрықша жаңа үрдіспен жүріп отырған үздіксіз процесс болатын. Қазіргі уақытта да осы үрдіс өз жалғастығын үзбей, жалғасып келеді.
Басқа бір елдердің саяси институтын, экономика жүйесін немесе өмір сүру әдет-ғұрпын өмірлік бағыт ретінде пайдаланған ел өз тұғыры мен ерекшелігін жоғалтып нағыз маргиналды елге айналуы мүмкін, ал егер осы үрдісті (өз бойына талғамсыз әр нәрсені көшіру, сіңіру) еш үздіксіз ұстанған жағдайда, ол таза мәңгүрт елге айналып, «көрінгеннің қолында, тістегеннің аузында» деген күйде болары белгілі нәрсе.
Осындай жағдай қазақ халқына да қатысы бар, өйткені Батыстық модельді демократия жүйесін басшылыққа алған қазақ халқы өзіндік, ата-бабадан мұра болып келе жатқан шынайы қазақи демократия жүйесі ұмытылып бара жатыр. Бірақ, осы жерде ескеретін жай – бұл 300 жылдай уақыт бойы қазақ халқы орыс патшалығының бодандығы болды, ал бұл бодандық жағдай із-түссіз жоғалып кеткен жоқ және қазақ халқының ұлттық және қоғамдық сана-сезіміне әсер етпей қойған да жоқ. Осыншалықты ұзақ уақыт бойы біреудің көңіліне қарап, дағдыланған ұлт қазіргі уақытта да өзгелер не айтар екен немесе не істейді екен деп алаңдап, солардың көңілін алдын-ала аулап отыр. Және бұл жағдайдың қазіргі таңдағы нәтижесі, қазіргі уақытта, – жаһандану процесі өршіп тұрған уақытта, қазақ халқы өзіндік ерекшелікті менталитетінен толықтай болмаса да, айырылып отырғанындығын көрсетіп отырғандығын мойындайық. Мұндай күймен үлкен алаңға – Әлем алаңына шығудың өз қауіпі бар, қазақтың тілімен айтқанда «біреудің етегін ұстап, жетегіне кету» қауіпі. Нәтижесінде, қазақ халқы мәңгүрт ұлтқа айналуы әбден мүмкін. Сондықтанда, ұлттық мәдениеттің шынайы табиғатын зерттеп, түсіну қажет.
«Дүниеде бірде-бір таза ұлттық мәдениет жоқ, болуы да мүмкін емес. Сондықтан біз ұлттық мәдениетімізді қайтсек те таза ұстайық, оған шаң жуытпайық десек шындықтан алшақтап кетеміз. Түптеп келгенде, мәдениеттің құндылығы мен күштілігі – оның нақтылы қайнаған ортада, аралас-құралас қоғамдық қатынастарда өзгеріп, өңделіп, жаңарып отыруында, сөйтіп өміршеңдік қасиетін сақтай алуында» [165 ].
Ұлттық мәдениет – бұл адамзаттың біркелкі дамуындағы заңдылықты баспасы (ступень). Әлемдік мәдениет – бұл, алдымен, ұлттық мәдениеттер жиынтығы. Ұлттық мәдениеттердің жалпы адамзаттық идеалдарға ие ең жоғарғы жетістіктері және оларды бүкіл Әлем мойындаған соң, ұлтаралық мәдениет құрамына енеді.
Ұлттық мәдениеттер мәселелері, мән-мағыналары және құндылықтары, олардың өзара байланыстары қазіргі уақытта жаһандану кеңістігінде болып жатқан процестермен тығыз байланысты. Яғни, қазіргі кездегі өркениетті, ақпаратты, постиндустриалды деген қоғам осы кеңістік ықпалында өзгеріп отырады.
Ежелден келе жатқан және жаңадан қалыптастасқан құндылықтарды қалыптастырудың өзі қазіргі кезде жаһандану процесінің илегінен өткізіп, қарастырмаумен және сол құндылықтардың шынайы бағасын анықтауға талпынбаумен теңбе-тең.
Қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті өзіне тән ерекшелігімен, риясыз тазалығымен, зерделі мән-мазмұнымен, пайымдылығымен адамзат мәдениетімен ежелден сабақтас және де ғасырлар бойы қалыптасқан рухани-мәдени сабақтастық өз дәстүрін осы күнге дейін жалғастыруға талпынып келеді. Рухани байлық – әр кезде әр халықты ұлт ретінде сақтап қалатын және оны өзгелермен қатар өмір сүру құқығын дәлелдейтін императив.
Ұлттық мәдениеттің қайта өрлеуі екі негізгі талаптарға сәйкес келуі тиіс:

  • Ұлттық мәдениет өзіндік даму амалы мен өзіндік даму қабілетін анықтауы тиіс;

  • Ол қазіргі кезде қоғамда болып жатқан радикалдық және новациялық өзгерістерге кедергі жасалмай, керісінше, оған демеу беріп, сыбайласып, онымен іштесіп модернизациялануға ұмтылуы тиіс.

Мәдениет – бұл күрделі тарихи құбылыс, әрбір нақтылы тарихи кезеңдерде ол ерекше тіршілік формасына ие болып отырады. Әр халықтың өз мәдениетінің тамыры мен қайнар көзіне деген ынтасы жай ғана әлеуметтік құбылыс емес, бұл процесс бүгінгі күнгі өмірді ұғынудың алғышарты және болашақты болжаудың амалы.
Мәдениет тек іс-әрекеттің нәтижесі болып қана қоймайды, сондай-ақ іс-әрекеттің өзі де мәдениет болып табылады. Мәдениет жалпы адамзаттық құбылыс (феномен) ретінде, алдымен, әр уақытта ұлттық-этникалық формаларда жүзеге асады. Сөйтіп, мәдениет ядросы ұлттық діл (менталитет), сана-сезім, белгілі бір этносқа тән «өмірді түйсінудің» ерекше тәсілі. Егер де бұл ядро белгілі бір тарихи оқиғалардың ықпалына байланысты басқа мәдениет ядросының құрамына сіңіп кетсе немесе өзгерсе, тіпті болмаса жоғалып кетсе, онда, сәйкесінше, мәдениеттің өзі де жоғалады я болмаса өзгеріп кетеді. Мұндай, яғни көпшілік қабылдаған, орталық ядросы жоқ мәдениет өмірі көп уақытқа созылмайды. Ұлттық сана-сезімнің корреляторы (ағыл. correlate – сәйкестікке келтіру немесе келтіретін) ұлттық тіл болып табылады.
Мәдениеттің ауысуына, өзге халықтарға ықпал етуіне себептер көп. Мұнда халықтың саны, мемлекеттің қуаттылығы, экономикалық дамуы, ғылым мен техниканың өркендеуі сияқты жағдайлар бар. Бірақ, мұндай әсердің сипаты мен бағытын әрбір мемлекет өзі реттеп отыруына болады. Тіпті бұл қазіргі заманның басты қажеттілігі. Әлемдік мәдениеттің мұхитында ескексіз қайықтай мақсатсыз жүзе берудің аяғы мәдениеттілікке емес, тексіздікке әкеліп соқтыратынына еш дау жоқ. Бұл орайда, мәдениетке деген қоғамдық пікір өз-өзінен, болған жағдайдың соңынан қалыптасуы керек, мұндай пікір әрбір мәдени құбылыстың дер кезінде, тіптен оның алдында жүргені абзал.
Қазіргі таңда, қазақ тілі өзіндік ерекшелігі бар стиль бағытынан ауытқып бара жатыр. Өкінішке орай, мұндай жағдай қазақ жастары арасында орын алуда. Бұндай жағдайдың болуының себебі неде? Көп себептердің бірі – қазақ тілінде әдеби және ғылыми еңбектердің аз болуы, тіпті бар болғанның өзінде сын көтермейді. Яғни жоғарғы оқу орындары студенттері сабаққа дайындалғанда бар әдебиеттерді пайдаланады, ал олар болса – бұрынғы Кеңес Үкіметі кезінде жазылған дүниелер қайта өңделіп, толықтырылып жазылған немесе қазіргі уақыт ағымының талаптарына сәйкес жазылған әдебиеттерді түсіну көп уақытты және шыдамдылықты талап етеді. Ал Жаһандану-нарық уақытында, әр уақыт – ақша. Сондықтанда, жастар көп уақытты өткізбей сол «сапасыз» әдебиеттерді оқып немесе жаттап, балл (баға) алады. Өйткені, олар өмірдің барлық қызығын көргісі келеді, олардың жастық кездік мақсаты сол. Олардың, былай қарасақ, еш кінәсі жоқ. Өйткені мұндай мақсат-мұрат қазіргі кездің өмірлік үрдісі болып отыр.
Қазақ мәдениеті басқа да ұлттық мәдениеттер тәрізді екі кезеңдерден – дәстүрлі және қазіргі заманғы – өтеді. Біріншісі – дәстүрлі (этникалық) мәдениет – Канттың «өзіндік заты» сияқты өзіндік мәдениет, яғни этнос мүдделерінің шегінен шықпайды, өйткені бүкіл адамзаттың мәдениеті алғашқы кезде жергілікті (локальды) қоғамның мәдениеті ретінде болған еді. Екіншісі – қазіргі заманғы мәдениет. Бұл кезеңде мәдениет өзін танып, сезініп әлемдік деңгейдегі аренаға шығып, сұхбаттық қарым-қатынаста болады.
Қазақ халқының ХХ ғасырдағы отырықшылық тарихы Ресей патшалығының дөрекі саясатымен және орыс халқының мәдениетінің ықпалымен тығыз байланысты. ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ ағартушылары мына факторға аса мән берген – орыс мәдениетін танып-білу. Осының негізінде этнос мәдениетіне новациялық үрдіс енді. Бұл процесс бірнеше кезеңдерден өтеді (яғни техникалық ғылым және ауылшаруашылық ғылым тілмен айтқанда):

  1. Селекция – бір импульстардан бас тартып және екінші бір импульстарды таңдап оны игеру немесе оны қайта жаңғырту;

  2. Қайта өндіру – сырттан қабылданып алынған немесе жаңашыл-дықтың (орыс тілінде – новация) ішінен туындаған дүниелерді сана мен сүйекке сіңірудің алғашқы кезеңі және оларды тасымалдаудың маңыз-дылығын арттырмай, жай ғана көшіріп алу ғана;

  3. Модификация, бұл процесс инновацияны біртіндеп игере бастап, оны ақырындап белгілі бір этнос мәдениетінің ерекшелігіне бейімдейді. Бұл кезеңде кей жағдайларда жаңашылдықпен араласқан дәстүрлі мәдениеттің кейбір элементтері өзгеріске ұшырайды;

  4. Құрылымдық интеграция; бұл кезеңде инновация жат дүние деп қабылданбай, этникалық дәстүрдің жаңа бір органикалық бөлігіне айналады.

Қазақ халқы фольклорлық шығармашылық синкретизмінен қазіргі кездегі көпсалалы кәсіпқойлық өнерге өту кезеңінде.
Қазақ халқы рухани мәдениетінің даму динамикасы, қалыптасқан әлеуметтік-мәдени жағдайларға байланысты, қайшылықты және күрделі процесс болып көрініс табады. Қазақстан тұрғындарының көп этникалық табиғаты, оның дамуының анық суреттемесін айқындауға мүмкіндік беретін, шектер мен өлшемдерді белгілеуде жүзеге асады. Қазақтардың рухани өмірі, қаншама ұлттық құндылықтар бүкіләлемдік, жалпыөркениеттік дерек, құбылыс маңыздылығына ие болғанда немесе бола алатындығында, соншама оқиғалығында және қоғамдық көркейтілуінде өзін көрсетеді. Оларды қайтадан жаңғырту тек қазақтар үшін ғана өзіндік құндылық емес, ол Қазақстанда өмір сүретін барлық ұлттар мен этникалық топтардың рухани өзін білдіруінің алғышарты мен жағдайы, қазақстандық ұлт институционализациясының жүйе құрастырушы факторы болып табылады.
Халықтың әлеуметтік өмірі, ұлттық сананың әрекет етуі, ұлттық мәдениеттің болмысы тек күнделікті тіршілікпен шектелмейді. Қазіргі ұлттық мемлекеттің модернизациялық және өркениеттік тәжірибесінде ұлттық сана мәдениет универсалийлеріне (әмбебаптарына) қатысты ерекше бір сарапшы рөлін атқарады: мәселе жалпыадамдық құндылықтардың этностың дүниетүйсінуіндегі жаңғырығы туралы болып отыр. Бұл әмбебаптарды сынақтан өткізу де ұжымдық сипатқа ие. Модернизациялық процестер барған сайын ашық, өзіндік дамушы жүйеге айналады, мәдени ұйымдасу мен халық типтері мен ұстындары пайда болады. Егер сөз өркениеттік даму кеңмәтініндегі мәдениет туралы болып отырса, онда мәдениеттің адамдарды тек қана біріктірмей, оларды ажырататынын да ескеру керек. Экономиканың ашықтығына ұқсас, көптүрлі мәдени формаларды ассмиляциялауға қабілетті, «қуатты» ұлттық мәдениеттердің ашықтығы жөнінде де айтуға болады. Полиэтникалық мемлекет сияқты, әлемдік қауымдастық адамзаттың бірегей мұрасы ретінде ұлттық мәдениеттердің бүкіл көптүстілігін сақтауға мүдделі.
Белгілі бір қоғамның көптеген мүшелері ұстанатын құндылықтар, сенімдер, әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлердің жиынтығын үстемдік етуші немесе доминанты мәдениет деп атайды. Доминанты мәдениет осы қоғам қаншалықты күрделі ұйымдасуына және осы мемлекеттің халық санына байланысты ұлттық немесе этникалық болып табылады. Этникалық мәдениет – бұл күнделікті өмір іс-әрекеттеріне, күнделікті мәдениетке көп сан жағынан қатысты мәдениет белгілерінің жиынтығы. Этникалық мәдениеттің ядросы (орталық) және «перифериясы» (шеткі аймақ) болады. Этникалық мәдениет құрамына еңбек құралдары, мінез-құлық, күнделікті құқықтың ережелері, құндылықтар, киім-кешек, көліктер, үйлер, білім, сенім,халық өнерінің түрлері кіреді. Мамандар этникалық мәдениетте екі қабат бар деп есептейді:

  • Тарихи ерте (төменгі), бұл қабат өткен уақыттан мұра етіп алған мәдени элементтерден құралған;

  • Тарихи соңғы (жоғарғы), бұл қабат қазіргі жаңа мәдени элементтерден тұрады.

Төменгі қабат құрамына бірнеше ғасырлардан келе жатқан дәстүрдің тұрақты, табанды элементтері кіреді. Сондықтанда, олар этникалық мәдениеттің «қаңқасы» болып есептелінеді. Бұндай ыңғай кезінде этникалық мәденит мұрагерлік (преемственность) пен жаңарудың бірлігі ретінде көрінеді. Мәдениеттің жаңару процесі екі бағытта жүруі мүмкін: бірі – экзогенді (басқа бір мәдениеттің элементтерін қабылдап алу), екіншісі – эндогенді (сыртқы әсерсіз мәдениеттің өзінде пайда болған). Этникалық мәдениеттің мұрагерлігі, табандылығы, тұрақтылығы дәстүрді тасымалдау механизмдерінің екі түріне негізделеді: бірнеше жылдар немесе онжылдықтар аралығында әрекет ететін және этносты бір ғана бөлігін қамтитын (жас мөлшері жағынан аралас топтар), ұрпақ ішіндегі дәстүрлер; тарихилығы жағынан бірнеше кезеңдерді қамтитын уақытта өмір сүретін және құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа тасымалдау механизмін атқаратын ұрпақ аралық дәстүрлер. Этникалық мәдениет – бұл генезисі жағынан (қандас туыстар) ортақтығы бар өзара байланысқан және шаруашылықты бірге жүргізетін адамдар мәдениеті. Территориялық ерекшелік бойынша оқшаулану, тұрғылықты жерді қатаң сақтау, әлеуметтік кеңістік жағынан (ру-тайпа, қауымдастық, этникалық топ) салыстырмалы түрде оқшауланушылық – бұл мәдениеттің негізгі ерекшеліктерінің бірі. Мұнда жанұя немесе көршілес деңгейінде ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын дәстүрдің, әдет-ғұрыптардың күші үстемдік етеді.
Егер этнос адамдардың әлеуметтік-мәдени ортақтылығын көрсетсе, ұлт әлеуметтік құрылымы мен саяси ұйымдары бар адамдардың территориялды, экономикалық және лингвистикалық бірлестігін көрсетеді [166, 352-353 бб.].
Қазақ мәдениетінің қазіргі таңдағы жаһандану кеңістігіндегі инновациялық үрдістері дегенде алдымен оның ұлттық мәдениетінің бет-келбеті соншалықты неге ақын емес деген мәселенің басын ашып алуымыз керек. Сонымен негізгі қиындықтарды туғызып отырғандығы мыналар:

  • Батыстық бұқаралық мәдениеттің үстемдік етуі (яғни кең таралуы);

  • Мемлекеттік ұлттық саясаттың әлсіздігі;

  • Ұлттық мәдениеттің, әсіресе жастар арасында, үлкен де тұрақты беделге ие болмауы;

  • Ұлттық мәдениетті дәріптейтін абыройлы азаматтардың болмауы (болған жағдайда, ол азаматтардың қоғам өмірінің өзге салаларына бет бұруы – саясат, сауда-саттық әрекет, т.б.);

Біздің өмір сүріп отырған кезеңіміз жалпы мәдениетке қауіп-қатер төндіріп отыр, соның ішінде, біздің ата-бабамыздың дәстүрлі көшпелі мәдениетіне қауіп-қатер төндіріп отыр. Шындығына келгенде, қазіргі уақытта ұлттың көп бөлігі дәстүрлі мәдениеттен тыс тіршілік етіп отыр. Егер біз дамыған әлемнің қалған құтқан және қоқыстары жиналған орынға-ұлтқа айналғымыз келмесе, онда біз өзіміздің еркіндігімізді және рух еркіндігін сақтап, әлпештеп қана қоймай, дамытуымыз қажет. Ата-баба мұрасы – шаң басқан мұражай экспонаты емес. Бірақ, өмірден өткен, мән-мазмұны және тірі рухы жоқ дәстүрлі мәдениеттің формасын дәл сол күйде қайта жаңғыртуға тырыспау қажет. Дәстүрлі өркениеттің әлемінде абыройлы орынға ие болған дүниелер қарама-қайшылыққа толы қазіргі уақыт әлемінде өзінің байырғы абыройлы орынына ие болып, өмір сүруге қабілетті болуы мүмкін бе екен?! Кезінде біздің ата-бабамыздың соғыстағы ұраны мынадай болған еді: «Өлім жоқ, өмір әр уақытта бар!» Яғни, олар адам баласының денесі өлгенімен, оның жаны еш уақытта өлмейді деп сенген болатын. ХХ ғасырда қазақ мәдениеті ажал құрсауында бірнеше рет болған болатын, бірақ оның рухы өлген жоқ. Біздің борышымыз – оның қайта-қайта жаңғыруына мүмкіндік жасап отыру.
Сондықтанда, жаһандану кеңістігінде қазақ ұлты өз мәдениетін қастерлеп, қадірлеп өзге ұлт мәдениеттермен еш қорқыныш-үрейсіз абыроймен өз бойын және негізгі принциптерін көрсетуі қажет.
Ұлт әлеуметтік организм, әлеуметтік қауымдастық бола отырып өзінің мәдени даму жолдарын жеке өзі анықтайды, бірақ, сонымен қатар, өте маңызды факторды да, яғни әлемдік мәдениетті (осы даму жолына әсер ететін) ұмытпаған жөн. Ұлттық мәдениетті (оның құрамындағы құнарлы және көпмағыналы бояуларын) әлемдік мәдениет дамуындағы заңды қадам ретінде және жалпы адамзат өркениетінің қажетті үлесі ретінде қарастыра отырып, оны ұлттық ерекшелік, өзге ұлттан ерекше және әлемдіктің (жалпы адамзаттықтың) синтезі ретінде анықтауға болады. Бұл жерде әрбір ұлттық мәдениеттің екі түрі байқалады: біріншіден, өзіндік ерекшелікке ие қалып ретінде; екіншіден, әлемдік мәдениеттің бір бөлігі ретінде сезінуі және көрсетуі. Қалай десек те, ұлттық мәдениет осы екі түрде өзінің ерекшелігін айқындайды және көрсетеді.
Әр ұлттық мәдениеттің өзінің жемістері болады: рухани ізденістер, қайғы-қасіреттер, өмірді көрудің, оны түйсінуі. Мәдениеттің дамуы әлеуметтік қарама-қайшылықтар, прогрессивті дәстүрлердің артта қалған және консервативті жағдайлармен күресі негізінде болады. Қазіргі уақытта әр халықтың болашағы ұлттық мәдениетпен байланысты болуы керек, өйткені ұлттық мәдениет абыройлы өмірдің және жалпы әлемдік мәдениетпен байланыста болудың басты кепілі болып табылады.
Әрбір ұлттық мәдениет бүкіл адамзатқа тиесілі, сондықтанда ол бүкіл Әлем алдында өз-өзін жүзеге асыруы тиіс. Әр ұлт мәдениетті қайталанбас, таңғажайып, рухани және материалды дүниелерге толы, бұл адамзатты таң қалдыратын табиғаттың тамаша туындыларының бірі – кемпірқосақ тәріздес. Егер сол ұлттық мәдениеттердің бірі жойылса, онда сол кемпірқосақтың бір бояуының жоғалғаны деген сөз.
Қоғамдағы ұлттық мәдениеттің элементтерінің кең қолданысқа ие болмауының себептерінің бірі – белгілі бір топтардың немесе атақ-абыройға ие болып қалғысы келетін кейбір «азаматтардың» саяси немесе экономикалық іс-әрекеттері. (Кей жағдайларда, олар «ұлт азаттығы» деген ұрандармен бірнеше ұлт өкілдері арасына іріткі салып қояды). Тағы бір себебі – бұл экономикалық және әлеуметтік дағдарыс. Күнделікті қарапайым күн көріспен жүрген адам баласы қайдан ұлттық мәдениетті ескерсін.
Сұхбатсыз және ашық кеңістіксіз ұлт шекті мәдени өмірге душар болады, яғни, ашықтан ашық айтқанда мәдени күйзеліске, дағдарысқа ұшырайды. Өйткені, әр мәдениеттің даму негізінде өз-өзін жетілдіру жатыр.
Жаһандану кеңістігіндегі қазақ мәдениетінің инновациялық үрдістеріне келер болсақ, бұның құрамында тек қазақ мәдениетінің нышандары ғана емес, сонымен қатар батыстық мәдениет те бар.
Қазіргі таңда, өкінішке орай, орын алып отырған рухани тоқыраушылық кез келген адам баласына толық қанды өмір сүруге қиындық туғызып отыр. Яғни, адам баласы өз-өзін толықтай жүзеге асыра алмай отыр. Қоғамдағы бақталастық, жемқорлық, біреудің ала жібін аттау, обал немесе сауап деген түсініктерді елемеу, нәпсіқорлық, әрекеттердегі шектеусіздік, ар-ұятты таптау, адами абыройды аяққа басу деген келеңсіз әрекеттер осыған кедергі болып отыр. Осындай жағдайлардың болуының себебін қарастырып, осы келеңсіз жағдайлардан шығу жолын табу қажет. Уақыт – ақша демекші уақытты созып алмау қажет, шындығына келгенде бұл жағайлар жазылмас дертке айналып, ұлтты, халықты жойып жіберуі мүмкін.
Қазақ мәдениетінің қазіргі таңдағы жаһандану кеңістігіндегі инновациялық үрдістері дегенде алдымен оның ұлттық мәдениетінің бет-келбеті соншалықты неге айқын емес деген мәселенің басын ашып алуымыз керек. Сонымен негізгі қиындықтарды туғызып отырғандығы мыналар:

  • Батыстық бұқаралық мәдениеттің үстемдік етуі (яғни кең таралуы);

  • Мемлекеттік ұлттық саясаттың әлсіздігі;

  • Ұлттық мәдениеттің, әсіресе жастар арасында, үлкен де тұрақты беделге ие болмауы;

  • Ұлттық мәдениетті дәріптейтін абыройлы азаматтардың болмауы (болған жағдайда, ол азаматтардың қоғам өмірінің өзге салаларына бет бұруы – саясат, сауда-саттық әрекет, т.б.) [167, 49 б.]. «Қазақстан халықтарының, әсіресе, қазақтардың өзара қарым-қатынас қағидасы қалай болып, қалай қалыптасуы керек?» Бұл мәселенің өзектілігі мен өткірлігінің себебі – бүгінгі материалдық тіршілік қысымынан тарыққан халықтың жан дәрмені әлсіреп ақылынан таусылғанға ұқсайды. Осының салдарынан қазіргі халық мінезінен қиғаш істер мен қисық сөздер көптеп табылуда. Нақтылап айтқанда, бұқаралық көңіл-күйдің, сезімнің көтеріңкі болуынан гөрі қауіпті – тобырлық сана басым». Жақсы мінезге сай өзін-өзі жеңе білген, адамгершілікке, ізгілікке, тектілікке ұмтылу арқылы рухани жетілетін тұлға – әр уақытта қоғамның негізгі субъекті. Тән азығынан гөрі жан азығын таңдап тәнді текті санаға, руханилыққа жүгіндірген, әрі кісіліктен айырылмайтын азаматқа әлеуметтік сұраныс туып отыр. Бүгінгі әлемдік орта адамға өзі өмір сүріп отырған мемлекеті мен ел-жұртты, жалпы, халық тағдыры және адамзат өркениеті алдындағы жауапкершілікті мойындауды ескертеді. Сондықтан Қазақстанда ішкі «мені» жоғары, мәдениетті азаматты тәрбиелеп, қалыптастыру үшін ұлттық дәстүрге, халықтық нұсқаларға негізделген өз рухани концепциясы төл моральдық нормалары болуы қажет.

«Қазіргі тәуелсіздік алған, ұлттық сана еркіндігіне ұмтылған шақта қазақ елі үшін татулық, ішкі реттілік, рухани тұтастық, тәрбиелілік – ендігі түйсік-танымның темірқазығы болуға тиіс» [167, 12 б.]. Қазақ ұлты тарихта тағдыр талайын аз көрмеген халық. Жер шарының жартысын табанының астына салған дүбірлі дәуірімен бірге халқының үштен екісін жоғалтып, өз жерінде жалпы халықтың 24 пайызын ғана құраған, зиялысымен бірге ер азаматтарынан мүлде айырылып қалудың аз алдында қалған, соған қарамастан ұлттық намысын, салт-дәстүрін, діні мен тілін, ұлттық болмысын ғана емес мемлекеттігі мен жерінің тұтастығын сақтап қалған қайсар да жауынгер, кемел де кемеңгер халық. Қазақ екенімізге мақтана алатын артықшылықтарымыз аз емес.
Алайда ХХІ-ғасырда, жаһандану дәуірінде қазақ халқын тағы бір үлкен сын күтіп тұр. Ол-қазақ ұлтын ұлт ретінде сақтап қалу және Қазақстанды әлемдегі озық мемлекеттердің алдына шығару.
Бұл-ұлы мақсат. Қазақстан мемлекеті мен қазақ ұлтын дамыту мен гүлдендіру мақсаты. Оған жетудің оңай емес екені де белгілі. Бұл идеология Қазақстан болашағы үшін, қазақ ұлтының келешегі үшін жаны ашитын, тілі мен діні, жарқын болашағы, ертеңгі алаңсыз өмірі, келешек ұрпағының бақыты үшін күресетін, берік бірлігін сақтай отырып, бір мақсатқа жұмыла әрекет ететін, «Мен қазақпын, мен қазақ екенімді мақтан тұтымын, ұлтым үшін у ішуге дайынмын» деген адамдарға арналады.
Біз-қазақ ұлты терең тарихы, бай мәдениеті, озық өнері мен шешен де маңызды тілі бар елміз.
Арғы тарихымыз біздің дәуірімізге дейінгі V-ІІІ ғасырлардағы сақ, ғұн, үйсін тайпаларынан басталатын болса, «қазақ» деген атауға ие болып, қазақ мемлекетінің құрылғанына 550 жыл толып отыр. Римді жаулаған ғұн патшасы Еділ (Атилла), Кирдің басын алған Томирис ханшайым, түркі дүниесінің төріндегі Бумын, Тоныкөк қағандар, Мысыр билеушісі Сұлтан Бейбарыс, Үнді жеріне иелік еткен Бабыр, Шыңғыс хан, Абылай, Кенесары, Дінмұхамед есімдері біз үшін тек зор мақтаныш қана емес, рухани әлеміміздің шамшырақтары екені даусыз.
Түркі мәдениетінің жауһарлары өз дәуірінде ғана емес ХХІ ғасырда да әлемдегі ең озық мәдениет екенін тарих дәлелдеп отыр. Египеттің пирамидаларынан Қожа Ахмет Яссауи мовзолейі, перғауындардың саркафагтарынан қазақ даласының алтын сауыттары кем емес екені әлде қашан дәлелденген. Көшпенділер өнері, шумерлік мәдениет әлемді мойындатқалы қашан.
Белгілі бір қоғамның бірқатар көптеген мүшелері ұстанатын құндылықтар, сенімділік, салт-дәстүрлер жиынтығын үстемдік етуші мәдениет деп атайды.
Үстемдік етуші мәдениет ұлттық немесе этникалық болуы мүмкін, ол мынадай жағдайларға байланысты – белгілі бір күрделі ұйымдастырылған; және белгілі бір мемлекет азаматтарының санына байланысты.
Этникалық мәдениет – қарапайым өмір сүру салтына және тұрмыстың мәдениетіне қатысты мәдениет белгіліерінің жиынтығы. Этникалық мәдениет жақын – орталық ядроға және алыс – шалғайлыққа ие. Мамандар этникалық мәдениеттің екі деңгейін бөліп қарастырады:

  • Алғашқы тарихи (астыңғы деңгей) – мұра болып қалған мәдени элементтерден құрылған құрылым;

  • Кейінгі тарихи (үстіңгі деңгей) – жаңашылдықтан тұратын қазіргі мәдени деңгейлер.

Астыңғы деңгей құрамына бірнеше ғасырлық дәстүрлермен бекітілген тұрақты элементтерден тұрады. Сондықтанда, оларды этникалық мәдениеттің тірегі деп есептейді. Мұндай ыңғайда этникалық мәдениет жалғастырушылық пен жаңарудың бірлігі ретінде елестетіледі. Мәдениеттің жаңаруы экзогендік (сыртқы әлемнен алып пайдалану) және эндогендік (мәдениеттің ішінен туындайды, сыртқы әсер еш ықпал етпейді) болуы әбден мүмкін. Этникалық мәдениеттің жалғастырушылдығы және тұрақтылығы дәстүрдің берілу механизмінің екі түрлерінің әрекеттеріне негізделеді:

  • ұрпақ ішіндегі дәстүр (бірнеше жылдар бойы қызмет етеді және этностың жартысын ғана қамтиды;

  • ұлтаралық дәстүр (тарихи ұзақ мерзім аралығында өмір сүретін және ұрпақтан ұрпаққа құндылықтарды беру механизм қызметін атқарады).

Этникалық мәдениеттің біртектілікпен өзара байланысқан (немесе қандас) және шаруашылық-тұрмыстық өмірі ұқсас адамдар мәдениеті болып табылады. Тұрғылықты жер шектеулігі, қатаң жергіліктік (локализация – орыс тілінде), салыстырмалы түрдегі шектеулі әлеуметтік шоғырлану (тайпа, ру, қауымдастық, этникалық топ) – осылардың бәрі бұл мәдениеттің негізгі белгілері болып табылады. Бұл мәдениетте дәстүрлер күші, әдеттер жәнежанұяның немесе көршілік деңгейде ұрпақтан ұрпаққа берілетін әдет-ғұрыптар үстемдік етеді.
Егер этнос адамдардың әлеуметтік жалпылығын, тұтастығын көрсетсе, онда ұлт территориялық, экономикалық және лингвистикалық деңгейдегі әлеуметтік құрылымға және саяси ұғымдарға ие адамдардың топталуын көрсетеді.
Ұлттық мәдениет құрылымы этникалық мәдениет құрылымына қарағанда анағұрлым күрделірек. Ұлттық мәдениет құрамында дәстүрлі-тұрмыстық, кәсіпқой және қарапайым мәдениет салаларымен қатар мамандандырылған арнаулы мәдениеттер бар.
Ұлт қоғамды қамтитын болғандықтан, қоғам көп қабаттылыққа (ағыл. тіл. – stratification) және әлеуметтік құрылымға ие, ұлттық мәдениет этникалық мәдениетте жоқ барлық үлкен топтың субмәдениеттерін қамтиды. Сонымен қатар, этникалық мәдениет ұлттық мәдениеттің құрамына кіреді. Мысалға АҚШ немесе Бразилия елін алсақ болады. Оларды ел арасында этникалық қазан деп атайды. Американдық ұлттық мәдениет гетерогендік болып табылады, яғни құрамында ирландтық, итальяндық, немістік, қытайлық, жапондық, мексикандық, орыс, еврейлік және басқа этникалық мәдениеттер бар. Қазіргі ұлттық мәдениеттердің көбі полиэтникалық болып келеді.
Ұлттық мәдениет, шын мәнісінде, этникалық мәдениеттердің жай қосындысы емес. Табиғатынан ұлттық мәдениет этностық мәдениет табиғатына қарағанда күрделірек. Онда өзіндік ұлттық нышанасы бар мәдениет бар, ал бұл мәдениет жаңа ұлтқа қатысы бар екенін сезінген барлық этнос өкілдерінің қауымдастығы.
Біздің мәдени әртүрлілігіміз құнды мұра болып табылады және әр мәдениет тұрақты өмір сүру процесі барысында жеке өзіне тиесілі жолдармен өз дүниесін және құндылықтарын жүзеге асырады.
Біз жаһанды, аумақты сұхбатты кеңейтуіміз қажет, себебі бізге ақиқатты және даналықты табу, тану барысында бір-бірімізден үйренетін дүниеміз көп. Біз әртүрлілік пен бірлік арасында, жеке адам баласына тиесілі еркіндік пен қоғамға тиесілі құндылық арасында, қысқа мерзімді жоспар мен ұзақ мерзімді мақсаттар арсында үйлесімділікті табуымыз қажет.
Жаһанды сұхбатта пайымдау қажет, өйткені Жаһанды Әлем – көпжақты руханилықтың жалпы кеңістігі, ол әр уақытта ашық және өзгені түсіну барысында үздіксіз жетіліп отырады.
Мәдениет пен жаһандану арасындағы қарым-қатынасты қарастыру барысында, экономикалық жаһандану әртүрлі мәдениеттерге, яғни оларды Батыста қалыптасқан пайдаланушылық капитализм модельдеріне итермелеу, сөйтіп, біржақты ықпал етеді деп есептеу қателік болады. Әрине, жаһанды капитализм ғаламат күшке ие. Бірақ, адамзат саяси және экономикалық байланыстар тәрізді мәдени байланыстар жаһандану процесінің ажырамас бөлігі болып табылады.
Тіпті, күнделікті өмірде адамдар әруақытта таңдау жасайды: нені сатып алу, қай мамандықты таңдау, жаңалықты қалай қабылдау, т.с.с., - бұл барлық іс-әрекеттер және эмоционалды әсер алушылықтар, нәтижесінде, саяси институттар, бұқаралық ақпарат құралдары және бар нарықтар арқылы адамдар арасындағы күрделі ғаламдық торда құрмаласады. Осы мағынада мәдениет жаһандану процесінің бағытын алдын ала айқындап алады.
«Жапон рухы, батыс білімі» деген қағидамен өмір сүріп отырған Жапон елі қазіргі таңда алдыңғы қатарлы елдердің бірі болып табылады. Яғни өз негізін-дәстүрін және экономикалық дербестікке қол жеткізетін модернистік ұстаным-батыстық білімді шебер ұштастыра білу арқасында экономикалық, саяси, мәдени жетістіктерге жетіп отыр.
Батыстандыру (әлеуметтік-мәдени) процесі – бұл батыс христиан мәдениетіне тектік негіз бойынша кірмейтін қауымдастықтың батыс Еуропаның дамыған елдер үлгілері бойынша әлеуметтік-мәдени дамуына толықтай (немесе жартылай) бейімделуі немесе қауымдастық-реципиенттің әлеуметтік-мәдени процестерінде маңызды роль атқара бастайтын Батыс мәдениетінің жеке-жеке элементтерін қабылдауы. Бұл жерде батыс державаларының өздерінің отары болған елдерге өз мәдениетін немесе Шығыс мемлекеттеріне саяси-экономикалық принциптерін күштеу арқылы ендіру процесі емес, керісінше, дамушы мемлекеттер элиталарының жүргізіп отырған ерікті процесс туралы сөз болып отыр.
Батыстандыру деп тек қазіргі заманғы батыс технологияларын, экономикалық өндірісті ұйымдастыру түрлері және әскери-техникалық мәдениетті игеру деп түсуну дұрыс емес, ол алдымен, әлеуметтік реттеудің әлеуметтік-мәдени заңдар жиынтығын (демократиялық саяси құрылым, адам баласы құқығының басты орында болуы, жеке тұлғаның өз-өзін жүзеге асыру үшін әлеуметтік жағдайлардың либералды түрінің болуы, дін мен ұлттық толерантылықтың болуы, ақпаратты алу немесе тарату еркіндігі және тағы да басқалары) игеру болады.
Жаһандану, шын мәнісінде, – бұл ұлтаралық процесс. Мұны былай сипаттауға болады: «Жер бетіндегі бүкіл адамзатты жалғыз бір қоғамға біріктіріп, бірге еңбек етуге итермелейтін процесс». Бұл процесс экономикалық, саяси, технологиялық және әлеуметтік-мәдени күштердің бірлігі болып табылады [168, 10 б.].
Жаһандану термин ретінде экономикалық жаһандану процесіне көп пайдалынады, ал ол болса сауда-саттылым, шетелдік тіке инвестиция, қаржы-қаражаттың құйылу, миграция және технологиялардың таралу процестері жүретін халықаралық экономикадағы ұлттық экономикалардың интеграциясын білдіреді [169].
Қазақ ұлтының, халқының мінез-құлық пен өмірлік принципі туралы: «Қазақ – қуғыншы халық. Ол өмір бойы өзін іздейді, ата-бабасын іздейді, кешегі күнін, болашағын іздейді. Бұл біздің сүйегімізге біткен қасиет» [170, 32 б.].
Қазақ – еліктегіш халық, өзінен гөрі өзгелерді сыйлайтын, төріне келген қонағын шығаратын мырза мінезді, ашық та бай мінезді халық, бірақ кей жағдайларда осы қасиет тұрғысынан өзгелерден және өмірден опық жеп отырады, бірақ оның бай мінезділігі, байсалдылығы соншалықты кең – «Бәрі де Тағдырдың ісі ғой, бұйырмаған болар» деп көп шашылмай әрі қарай жүре береді. Неліктен қазақ ұлтының мінез-құлқы, менталитеті солай болды екен? Отандық академик Манаш Қозыбаев бұл өзгешелікті былай түсіндіреді: «Асылы, біз дархандықты да, жалқаулықты да, ізгілікті де, игілікті де даладан алған халықпыз. Телегей теңіздей тербелген селеулі сағым даланың ырғағы жан баласының сезімін серпілтудің орнына маужырататыны белгілі ғой» [171, 20 б.]. Бірақ, әр нәрсенің өз орны мен уақыты бар емес пе? Маужыраудың уақыты, әдетте, алдыңа қойған белгілі бір мақсаттарға жеткеннен кейін болмай ма? Әр нәрсе өз уақытында, өз орнында болуы тиіс.
Алдыңғы қатарлы 50 елдің қатарына қосылу үшін біз (қазақ ұлты) не істеуіміз керек? Әлде көшпен бірге жүре береміз бе, яғни бергенді талғамсыз, дәйексіз қабылдап жұта береміз бе? Егер әрбір ұлт осындай бағытпен жүре берсе, онда бұның нәтижесі – бүкіл адамзаттың мәңгүртке айналуына алып келуі әбден мүмкін.
Қазіргі кездегі жастардың бейне-клиптарын алып қарасаңыз Ата-Ана мен Бала арасындағы қазақи әдептелік бейнелерін көре бермейсіз. Кейбір бейне-клиптардың сюжеттері мынадай болады – жүрегіне ұнаған Жанды (әйел адам заты немесе ер адам заты) Ата-Анасынан жоғары қояды. Өмірге әкелген, төрт ұйқысын бұзған, мәпелеген, жанын беруге даяр Ананы немесе қиын уақытта ақылшысы болған, рухани демеп отырған, қатал жүректі болса да өз көмегін аямаған Әкені қазақ баласы ренжісе де, іштей келіспесе де ешқашанда әдепсіздік, тәрбиесіздік көрсетпеген. өкінішке орай, осындай жағдайлар біздің қоғамымызда көптеп орын алуда. Әрине, бәріне кінәлі жас буын деп бір жақты кесіп айту дұрыс болмас, қазіргі уақытта көптеген ата-аналар өз балаларына әкелік мейірімін, аналық махаббатын көп көрсете бермейді, оған уақыт та, шама да жоқ.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет