Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
бағалауды ғылымда тарихнама деп атау қабылданған және ол өзінің
жазбаша сипатымен айқындалады. Әлемді түсінудің батыстық
парадигмасында жазбаша тарихнама антикалық замандағы тарихтың
атасы саналатын Геродот пен Фукидидтен бастау алады. Ал ауызша
тарихи шежірелер мен аңыздар күні бүгінге дейін ғылыми немесе
азаматтық тарих ретінде мойындалмай келеді.
Дегенмен тарихтың тарихнамадан (жазба тарихтан) бұрын
басталатыны баршамызға мәлім. Жер бетінде қай ұлтты немесе қай
халықты алып қарамасақ та, олардың кез-келгені – тарихи дамудың
туындысы. Зерттеліп жазылған тарихи кітабы жоқ болуы мүмкін, бірақ
тарихсыз халықтың болуы мүмкін емес. «Тарихнама ең алға-шында
ауызша тарихи-шежіре, аңыз түрінде басталып, жазба тарих кейін
келе, жарыққа шығып, кемелденіп отырған. Жер жүзіндегі ең ежелгі
марқа мәдениеті, бағзы заманнан үзілмей келе жатқан жазба тарихы
бар жұғоның (қытайдың) да шияшаң дәуірінен бұрынғы хуаңди, янди
жөніндегі деректері тарихи аңыз-ертегілерден баста-лады. Ежелгі
Египет, Индия, Иран, Грек тарихтары да осындай» [2, 39 б.].
Көшпелі мал шаруашылығының үстемдігі ықпалымен қазақы
дәстүрде жазба мәдениеттен гөрі ауызекі мәдениеттің басым болғаны
рас. Сондықтан қазақ тарихнамасы, көршілес отырықшы елдермен
салыстырғанда, ауызша дәстүрде, аңыз-шежірелерде жүзеге
асырылды. «қазақтың шежірешілдігін, дәлірек айтсақ, қазақтың
тарихшылдығын ұлттық қасиет деуге болады. Бұл, әрине, ерекше
артық жаратылғандықтан немесе артта қалған жабайылықтан емес.
Қазақ халқының шежірешілдігін, тарихи санасының сергектігін, ең
алдымен, оның ұзақ ғасырлар аясында көшпелі өмір салтта болуымен
сабақтастырған жөн. Ал салт атты көшпелілер өркениетінің Еуразия
ойкуменінде үш мың жылдық тарихы бар» [3, 31 б.]. Қазақ мәдениетін
зерттеумен терең айналысқан белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбек
қазақтың шежірешілдігін көшпелі өмір салтымен қатар жеті
аталық үрдіс пен қандас-туыстық қатынастармен байланыстырады.
«Адамның күні адаммен» деген принципке негізделген бұл жүйе
тек моральдық-этикалық өлшем ғана емес, этнобиологиялық
және этномәдени тұтастықты қамтамасыз ететін тетік, әлеуметтік
және экзистенциалдық өмір сүруді реттеудің нормасы қызметін
де атқарған. Үш жұрт бойынша (өз жұрты, қайын жұрты, нағашы
жұрты) сараланатын туыстық байланыс шежіренің тарихи
айқындамасын анықтап отырған. Ал осы туыстық қарым-қатынас
нормасын бұзғандар «ата салтты аттаған», «жетесіз» (жеті атасын
білмеген – жетесіз), «мәңгүрт» аталып, өлімнен артық жаза болып
саналатын өз ортасынан аластатылатын болған.
119
ІІ тарау. Қазақ ойшылдарының шығармашылығындағы
тарихи үдерістің зерделенуі
Мұндай қарым-қатынас, А. Сейдімбектің айтуынша, «әрбір
қазақтың тарихи танымын ұдайы кеңейтіп отыруына, шежірелік
зердесін ұдайы шыңдап отыруына себепші болған. Мұның өзі дала-
лық ауызша тарихнаманың, біріншіден – ұзақ есте сақталуына,
екіншіден – өзара салғастыру мүмкіндігінің молдығына байланысты
көп өзгеріске ұшыра-мауына, үшіншіден – субъективизмге ұрын-
бауына, өтіріктің айтыл-мауына себепші болып отырған» [3, 41 б.].
Тарихи сананың сергек қалыпта сақталынуының ерекшелігін Шоқан
Уәлиханов та атап өтеді: «Қазақ өздерінің көне аңыздары мен наным-
сенімдерін қайран қаларлық тазалықта сақтай білген. Одан да өткен
ғажабы сол, байтақ даланың әр шалғайындағы әсіресе өлең-жырлар
еш өзгеріссіз, бір қолдан шыққандай қайталанатынын қайтерсіз.
Көшпелі сауатсыз ортадағы ауызша тараған осынау үлгілердің бір-
бірінен қылдай ауытқымайтыны адам айтса нанғысыз қасиет, алайда
күмән келтіруге болмайтын шындық» [4, 390 б.].
Қазақ халқының шежірешілдік қасиетінің кейбір қырына
XIX ғасырдың көрнекті тарихшысы Құрбанғали Халид те назар
аударады: «...Бұл халықтың тарихы жалпы ауызда бар. Алайда
жекеленген жазба тарихтары мен естеліктері болмағандықтан,
әркім әртүрлі пікір айтып, біреулер жаман ниет-арам оймен, енді
біреулері тек мұқатуды мақсат еткен. Кезіндегі бағзылар тарихты
анығырақ түсініктеме беруге білімдері жете тұра, оған мән бермеген.
Нәтижесінде мағынасы анық ел тарихы баяндалмады... [Бұлардың]
көнеден келе жатқан жазылған тарихы болмағанымен, ата-
бабаларымен, түрлі ұрпақтарының ақпарлары ауыздан-ауызға аңыз
болып ұласып келе жатқанын ешкім жоққа шығармайды. Дегенмен,
уақыт оза келе бұл шежірелер өз негізінен артық-кемі болып, ілгері-
кейінді айтылып, шатастырарлықтай жағдай болса да, өзге тарихи
мәліметтермен салыстыра отырып, реттестіру нәтижесінде белгілі
бір шындыққа жақын, тоқтамды пікір айтуға болады. Бұл хабарлар
негізсіз дәлелденбесе де себепсіз жалғанға шығарылмайды. Негізін-
де, шындығы басым тарихи оқиғалары анық. Себебі бұл тайпалар
өздерінің тарихты тереңдетіп оқымағанының салдарынан нақтылы
анық айтып, білімге таласатындары болмағанымен, бабаларының
сөздерін зейінімен тыңдап ұғып, олардан естіген шежірелерін
еске алып әр мәжілісте, әр-жиын отырыстарда үнемі қайталап,
шын ниетімен ойларында ұстап, ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып,
нассабшыларына шежіреші деп ат қойған» [5, 50–51 бб.]. Бұл
автор қазақ халқының тарихи жадының сергек сақталуының түп-
төркіндеріне тоқтала келе, замана өзгерісімен осы қасиеттің жоғалып
бара жатқанына қынжылыс білдіреді: «Бұл елдің мұндай істері тек
120
Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
осы ғасырымызда ғана емес, көнеден келе жатқан дәстүрлі әдеттері.
Содан әр тіршілік істеріне шежіре қағидаларын пайдаланып,
мақал-мәтелдерін қолданғанда да бабаларына ұқсауға тырысар еді.
Бұл ел мақалдарды өздерінше үлкен тірек, медет етеді. Шынында
сол сүйенген тірегі негізсіз, мағынасыз емес. Қайта түп төркіні бір
кітапқа байланысты, шығу тегі бір заңдылыққа бағынғаны сияқты,
көне кезде бұлар бір әділ патшаның иелігінде ме, жоқ бір кәміл
данышпанның тәлімін алды ма деген ойға келесің. Бұлар біріншіден,
үлкендерінің аузына қарап, естігендеріне сүйеніп оқымай қалған да
болар. Екіншіден, сөзқуарлық, шешендіктің негізгі мақсаты өз ойын
көркем тілмен жеткізе білуді толық меңгеріп алған соң, жазу, оқу
бұған қажет болмас. Себебі, оқуға сенген – ұмытшақ, жазуға сенген
– жаңылшақ деген қағиданы ұран орнына көтергендігінен болса
керек. Бірақ осы соңғы жылдары бұлар да оқып, жазып тарихтардан
хабардар болу нәтижесінде ауызша сөзге аса құлақ қоймай барады.
Бұдан 25–30 жылдар бұрын ұзақ сарынды жырлдар айтатын,
әңгіме сөзімізді білетін адамдар азайып барады. Қадым сөздің қадірін
білетін қарттар таусылып, жастар әр кім өз кәсібі-тіршілігімен
айналысып, өткен ақпарлардан не пайда, келді-кетті, заман әркімнің
өзінікі емес пе деп өздерін уатар заман туды. Осынша халықтың
тарихы ұмытыла ма, іздеп, керек еткен адам бір жерден тауып алады
деп түсіндірген. Міне осындай ойлардың кесірінен өскен-өнген,
мәдениет дамыған қаншама халық тарих қойнына сіңіп мәңгіге
жоғалып барады. Ұрпақтары тарих ғылымынан несібесіз қалуға
айналды. Бабаларын жазғырып, шежіренің пайдасын білмей, шежі-
решінің қадірін ұмытып, пайғамбардың «нәсібіңізді таныңыз», яғни
туысыңызды анықтап біліңіз дегенінің мәнін ұқпай отыр бұл халық.
Жазудан басқаға нанбайтын жастардың есінде болсын» [5, 52 б.].
Жазушы Қойшығара Салғарин біздің тарихшыларымызда
тоталитаризм дәуірінен қалған стереотиптің басымдылығын
алға тартады: «Қазақстан тарихын, басым көпшілігінде, әртүрлі
саяхатшылардың – араб, парсы, қытай, византия, римдік, орыс және
т. б. саяхатшылардың айтқандарына сүйеніп жазу. Барлық маңызды
мәселелерді өзіміз талдаудың орнына, шетелдік авторлардың
жазбаларының ұстанымымен баяндау үрдіске айналған» [6]. Бұл
орынды сынның себептерін Досмұхаммед Кішібеков былайша
түсіндіреді: «Біріншіден, өз тарихи деректеріміздің жоқтығынан,
өз тарихыңды әлсіз білу осыдан шығады. Екіншіден, бұл тәсіл
ғалымдардың қандай да бір тұжырымдама үшін жауапкершілікті
өз мойнына алудан қашатын, тоталитарлық өткеннің сарқыншағы
болып табылады. Әрине, бұл менің ойым емес, бірақ онда тарихтың
121
ІІ тарау. Қазақ ойшылдарының шығармашылығындағы
тарихи үдерістің зерделенуі
сол бір дәуірінің саяси жүйесі бейне-ленген деп қандай да бір өзге
авторға сілтеме жасау оңай. Бір кездері қазақтардың өз тарихы
болған жоқ, олардың шынайы тарихы Қазақстанның Ресейге
қосылуынан кейін ғана басталды деген де пікір болды. Сондықтан
қазақ авторлары тарихтың белгілі бір оқиғаларына, айғақтарына
байланысты өз қатынастарын айтуға батпады. Сол себепті қазақ
тарихшылары жалғыз объективті, беделді пікір ретінде шетелдік
авторлардың айтқандарына сүйенуге мәжбүр болды» [1, 15–16 бб.].
Демек, осы айтылғандардан елімізде болып өткен тарихи
үдерістерді қайта қалпына келтіруде жазба деректермен қатар, ата-
бабаларымыздың қолданған тарихи білімін де, ауызекі тарихи дәстүр
мен шежірені де пайдалану мәселесі туындайды. Бұл мәселе соңғы
кездері арнаулы ғылыми әдебиетте де, мерзімдік баспасөз беттерінде
де көтеріліп жүр.
Қазақ тарихына қатысты «даланың ауызша тарихнамасы»
мәселесін өзінің еңбектерінде шығыстанушы-ғалым В.П. Юдин
өткір қойып, қолданбалы және теориялық деректанудағы кейбір
мәселелерді тарих ғылымында ресми қабылданған ұстанымдарға
қайшы келетініне қарамастан батыл көтерді. Ол шығыстық жазба
дерек көздерімен ұзақ жылғы жемісті еңбегінің нәтижесінде XIV
ғасырдағы қазақ даласының тарихындағы кейбір ақтаңдақтардың
(срай төңірегінде арнайы тапсырыспен жазылған тимуридтік
және шайбанидтік жазба деректерде осы дәуірде Шығыс Дешті
Қыпшақта тайпа билерінің, кейіннен Жошының 13-баласы Тұқай-
темір ұрпақтарының билікке келуі мүлдем айтылмайды) орнын
толтыратын осы жазба деректердегі өзгеше жіктемелік топты
бөліп алып шықты. Олардың қатарына тікелей Дешті Қыпшақ
көшпенділерінің ауызша тарихи біліміне негізделген шығар-малар
жатқызылады. В.П. Юдин мұндай дерек көздеріне «Тауарих-и гузида-
йи нусрат-наме» (авторы Мұхаммед Шайбани хан болуы мүмкін,
XVI ғ., Мәуреннахр), Өтеміс қажының «Шыңғыс-наме» (XVI ғ., Хиуа
қаласы), Қадыр Әлі би Жалаиридің «Жылнамалар жинағы» (XVII ғ.,
Касимов қаласы), Әбілғазының «Түрік және моңғол шежіресі» (XVII ғ.,
Хиуа қаласы) шығармаларын жатқызады.
В.П. Юдин Өтеміс қажының «Шыңғыс-нәмесінің» материалдары
негізінде XIV ғасырдағы қазақ даласының саяси тарихын қалпына
келтіру барысында деректер көзінің осы ерекше тобының
маңыздылығына тоқталады: «Біз мәліметтерінің маңыздылығы бір
де кем емес, көп жағдайда ерекше, сондықтан да аса бағалы түбірлі
жаңа деректі көрсетуге тырыстық, – бұл өз өткені туралы тарихтың
өз субъектінің жады – даланың ауызша тарихнамасы. Қазақстанның
122
Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
тарихын екі тарихнаманың да – яғни отырықшы халықтар мәдениеті-
нің өнімі болып табылатын кәдімгі, жазба тарихнаманың да, далалық
ауызекі тарихнаманың да мәліметтерін тарту негізінде қалпына
келтіруге болады» [7, 64 б.]. Одан ары бұл автор даланың ауызша
тарихнамасына анықтама беріп, оның ерекшеліктерін сипаттайды:
«Даланың ауызша тарихнамасы – бұл Дешті Қыпшақтың, біз
үшін, ең алдымен, моңғол дәуірінен кейін көшпенділердің жалпы
білімінен ерекше салаға бөлініп шыққан Шығыс Дешті Қыпшақ
көшпенділерінің тарихи білімі. Осы себепті де ол ол «ауызекі дәстүр»
терминімен де, «аңыз», «әпсана» сөздерімен де анық-талмайды.
Даланың ауызша тарихнамасы мифологиямен де, фольклор-мен
де, оның ішінде батырлар жырымен де теңгеріле алмайды, өйткені
фольклордың өзі даланың ауызша тарихнамасынан нәр алады...
Даланың ауызша тарихнамасы шамалы түрі өзгергертілгенімен, дәл
сол жалпы тарихнаманың өлшемдермен сипатталады. Аталмыш
тарихнаманың деректерін зерттеу Дешті Қыпшақ көшпенділерінің
тарихи білімін феномен ретінде, жүйе ретінде, көшпелі мәдениеттің
даму деңгейінің индикаторы ретінде пайымдауға мүмкіндік береді.
Даланың ауызша тарихнамасы – Еуразия халықтарының ауызша
тарихнамасының бір бөлігі. Ал ол өз кезегінде әлем халықтары
тарихнамасының бөлігі болып табылады. Ауызша тарихнама – бұл
қоғамдық құбылыс ретіндегі тарихнаманың дамуындағы әмбебап
кезеңдік-типологиялық феномен деп тұжырымдауға болады» [7, 65 б.].
Көптеген жазба деректерде ауызша тарихнаманың мәліметтерін
мейлінше мол қолданылатынын ескерсек, оны зерттеп үйренуде
өз әдістемелік тәсілдері болатын қосымша шығыстанулық-тарихи
пәнді енгізу қажеттілігі туындайтыны сөзсіз. Оның міндетіне тарихи
зерттеу-лерде ауызша тарихнаманың мәліметтерін пайдалану
принциптерін жинау, жүйелеу, жіктеу, талдау және даярлау жатады.
«Материалдық мәдениеттің ескерткіштерін жер қойнауынан тауып,
халықтардың алыстағы өткенін тірілтетін археологтар сияқты,
деректанушылар далалық ауызша тарихнаманы тірілтіп, мәдениеттің
осы үлкен әрі ұмытылған аумағын оны қалыптастырушыларға –
қазақ, қарақалпақ және өзге халықтарға қайтарып, олардың өздері
туралы бұрынғы жадын түлету керек. Бұл – оңай міндет емес. Бірақ
бұл зерттеушілер үшін құрметті де ізгі парыз», – деген белгілі де
беделді осы шығыстанушының сөзі отандық қоғамдық ғылымға
аманат жүгін арқалатып тұрғандай көрінеді.
Жазба деректердің осы ерекше тобына Хиуа ханы Әбілғазының
«Түрік шежіресін» де жатқызуға әбден болады. Бұл еңбектің авторы
туралы қысқаша мәлімет бере кетсек.
123
ІІ тарау. Қазақ ойшылдарының шығармашылығындағы
тарихи үдерістің зерделенуі
Әбілғазы 1603 жылы Хиуа (бұрынғы Хорезм) хандығының
орталығы Үргеніш қаласында осы иеліктің ханы Араб Мұхаммед
ханның отбасында дүниеге келеді. Өз шежіресін Әбілғазы бахадүр
былай таратады: «Әкеміздің аты Араб Мұхаммед хан, оның әкесі
– Хажымұхаммед хан, оның әкесі – Әмің хан, оның әкесі – Йадгар
хан, оның әкесі – Теміршейх, оның әкесі – Хажытолы, оның әкесі –
Арабшах, оның әкесі – Полат, оның әкесі – Меңку-темір хан, оның
әкесі – Бадақұл, оның әкесі – Жошы, оның әкесі – Шыңғыс хан». Бір
айта кететіні, Әбілғазының өзі ғұлама шежіреші болғандықтан, көп
зерттеушілер оның пікіріне құлақ түреді. Бұл жерде өз ата-тегін
Әбілғазы түгел келтірмей, арсынан тастап келтіріп отыр. Оның дәлдігі
«Тауарих-и гузида-йи нусрат-намедегі» және басқа да танымал Жошы
ұрпақтарының шежіресімен сәйкес келеді. Әбілғазы нағашы жұрты
жағынан да Шыңғыс нәсілінен болғандықтан таза төре тұқымына
жатады. «...Енді анамыз жағынан айталық. Анамыздың аты Меhрбану
ханым, оның әкесі Жанғазы сұлтан, оның әкесі – Шерғазы сұлтан,
оның әкесі – Сұлтанғазы сұлтан, оның әкесі – Жолбарыс хан, оның
әкесі – Бүреке сұлтан, оның әкесі – Йадгар хан, осы жерден атамыз бен
анамыздың аталары қосылады» [8, 182 б.]. Бұл туған жылы, дәлірек
айтқанда бұл дүниеге келерден қырық күн бұрын, оның әкесі Араб
Мұхаммед хан Үргенішке шабуылдаған орыс-казак әскерлерін жеңіп
шыққан. Сондықтан атасы: «Мұның жолы мен қадамы құтты болды,
бізге жеңіс әкелді және мұның анасының жамағатын ғазылар дейді,
оның да орны бар деп, атымды Әбілғазы қойыпты» [8, 181 б.].
Бірақ анасынан алты жасында қалған Әбілғазы өгей шешесінің
қолында тәрбиеленіп, әкесінің салдырған Арысхан медресесінде
оқып, халық ауыз әдебиеті үлгілерімен қатар, тарих, тіл, әскери
өнер, мемлекет басқару ғылысдарын оқып-біліп, меңгеріп шығады.
Он алты жасында әкесі оны үйлендіріп, Үргеніштің жарты билігін
оған береді. Алайда бір жыл өтер өтпестен Араб Мұхаммед ханның
балалары арасында (оның Хабаш, Жолбарыс (Елбарыс), Спандияр,
Әбілғазы, Шәріп Мұхаммед, Хорезмшах, Ауған атты алты баласы
болды), билікке талас нәтижесінде, 1621 жылы бұл әкесімен және
ағасы Спандиярмен бір жақ болып, ағалары Хабаш пен Жолбарысқа
қарсы шайқасқанда, жас та болса ерлігімен көзге түсіп, ақырына дейін
соғысып, жалғыз қашып құтылуға мәжбүр болған. Жеңімпаздар өз
әкелерін үш күңімен және екі кіші ұлымен қосып құм қалада өлтірген.
Спандияр Иранды, бұл Бұқара ханы Имамқұлыны паналайды. Бір
жылдан кейін Спандияр сұлтан ата жұртты қайта алып, хан болды.
Әкесі мен бауырларын өлтірген Жолбарыс сұлтанды да, Хабаш
сұлтанды да өлтіртті. Осыдан кейін ол ұйғырлар мен наймандарды
124
Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
қырып, барша өзбекпен жау болған. Әбілғазының айтуынша, сол
кездері «өзбек үш бөлінді, біреулері маңғыт, біреулері қазақ, енді
біреулері Мәреннахырға кеткен» [8, 180 б.]. Спандияр хан он алты
жыл патшалық құрып опат болған.
Орта Азияда Мұхаммед Шайбани құрған қуатты мемлекет
әлсірегеннен кейін, XVII ғасырда осы территорияда үш тәуелсіз мем-
лекет орнықты: Бұқар (Самарқанд) хандығы, Қоқан (Ферғана) және
Хиуа (Хорезм) хандығы. Жоғарыда Әбілғазының өмірінен алып сипат-
талған билікке бола өзара туысқандық қырқыс аталмыш дәуірдің
сипатын беріп тұрғандай. Бұл өзара қырқыстың нәтижесінде, ақыры
соңында М. Шәйбани әулетінен тұқым да қалмай, бұлар хандықты
басқаруға қазақ-қыпшақ, маңғыт-ноғай арасынан аштарханидтерді
тартатын болды. Осы хандықтардың кейінгі билеушілері жөнінде Қ.
Халид былай дейді: «...хандардың таққа отыруы орынсыз жанжал,
нахақ қан төгіспен қатар жүріп, халыққа еш уақытта тыныштық
әкелмеді. Ешбір хан халық пайдасына деп бір іс істеп, болмаса жөнді
нәрсе қалдырған жоқ. Олар тек өз басының амандығы, ойын-күлкі
сияқты хандықпен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын істермен өмір
кешті, уақыт оздырды... Байқасақ, ханға тіке қарағанға өлім жазасы
кесіледі екен. Онда қай мүфти, молда, ғалым ханның бетіне келіп,
кемшілігін айта алсын! Олардан не үміт, не хайыр күтуге болады» [5,
32 б.].
Әбілғазының мұнан арғы өмірбаянынан да осы келеңсіздікті
аңғаруға болады. «Ел хан жұртынан безді, кетелік дегеннен басқа
сөз айтпады... Менің қасымда тұрған жақсылар маған: «Бұл халық
жұрт болмас, сіз кете көріңіз, біз соңыңыздан барайық», деді.
Мизамның ақыры, ақыраптың басында... мен қазақ ішіне кеттім»
[8, 189 б.]. Ол бастапқыда қазақ хандары – Есім хан мен Тәшкентегі
Тұрсын ханды, онан кейін Ферғана ханы Имамқұлыны паналап,
ақырында ағасы Спандияр ханның қудалауымен Қызылбас еліне
(Иран) жер аударылған. Сонда он жыл тұтқында болғаннан кейін,
қашып шығып, Маңғышлақ түрікпендерінің арасында болған. Бұл
түрікпенде ол уақытта қалмақ ханына қарасты болған екен. Әбілғазы
қалмақ ханының қолында бір жыл болып, 1645 жылы Спандияр
хан опат болғаннан кейін Хиуаға хан болады. Хан болғаннан кейін
Әбілғазы көршілес хандықтармен, қалмақтармен көп соғысып, тек
1663 жылы хандық билікті баласына беріп, өзі осы «Түрік шежіресін»
жазуға кіріседі. Бірақ бір жылдан кейін қайтыс болып, шежіренің
соңын оның ұлы Ануш Мұхаммед аяқтайды.
Әбілғазының аталмыш бұл еңбегі «Хиуа хроникалары» деген
атпен біріктіруге болатын Му’нистің, Агахидің, Санаидің, Байанидің
125
ІІ тарау. Қазақ ойшылдарының шығармашылығындағы
тарихи үдерістің зерделенуі
шығармаларының, Құрбанғали Халид, Мәшhүр-жүсіп, Шәкәрім,
Мұхамеджан Тынышпаев сияқты қазақ шежірешілері еңбектерінің
негізгі дерек көзі болды. Ал Батыстың ғылыми әлеміне «Түрік шежі-
ресі» XVIII ғасырдың басынан белгілі бола бастады. Оның қолжазба-
сын Ресейде тұтқында жүрген швед офицерлері Тобыл қаласынан
тауып алғаннан кейін, бұл еңбек 1726 жылы Лейден қаласында
француз тілінде басылып шығады. Орыс тіліндегі тұңғыш аудармасы
1770 жылы Тредиаковскийдің тәржімасымен жарық көрсе, 1780
жылы неміс тілінде жарияланды. «Түрік шежіресінің» түпнұсқасын
граф Н.И. Румянцев 1825 жылы Қазан қаласында И. Халфиннің
көмегімен араб графикасында бастырып шығарған. Оның орыс тіліне
1854 жылы сәтті аударылған тәржімасы Г.С. Саблуковтың қаламына
тиесілі. Осы автордың айтуынша, бұл еңбек сол кездегі Хиуаның
сөйлеу тілінде жазылған. Ол тіл басқа тілдермен көп араласпай таза
сақталған көне түркі тілі еді, ол тіл қазіргі қазақ, башқұрт, Орынбор
татарларының тіліне жақын көрінеді. Бұл пікірді осы шығарманың
тілін зерттеген А.Н. Кононов, С.Н. Иванов, Т.Р. Қордабаевтар да
қолдайды. Мүмкін, сондықтан да болар «Шежіре» басқа туыстас
түркі тілдеріне аударылғанымен, қазақ тіліндегі тұңғыш аудармасы
филология ғылымдарының докторы Бабаш Әбілқасымовтың еңбегі
арқылы «Ана тілі» баспасынан тек 1992 жылы ғана жарияланды.
Алайда бұл еңбекте қолжазбаның факсимилесінің, текстологиялық
талдаудың, ғылыми зерттеудің жоқ екендігін айта кету керек.
Дегенмен, Әбілғазы Бахадүр ханның бұл еңбегінің ғылыми
әлемдегі құндылығы жоғары, сенімділігі орнықты. Әбілғазының өз
шығар-масында айтылатынындай, ол үш нәрсеге – әскери өнерге,
ақындық өнерге жетік және тарихи оқиғаларға қанық болып қана қой-
май, өмірінің бұралаң жолына сәйкес, ортаазиялық хандықтармен
қатар, қазақ, қалмақ, түрікпен, иран, ирак жұрттарында, билеуші
ордаларында көп болып, бірнеше тілді еркін меңгеруінің арқасында
өз заманының алдыңғы қатарлы білімді адамдарының қатарында
болған.
Әбілғазы заманына дейін әрбір ұлыстар мен аймақтарда хандықты
басқарған Шыңғыс ұрпақтарының өз сарай тарихшысы болған. Олар
өз билеушісіне жағынып, шежіре мен азаматтық тарихты дәріптей
көрсететін. Ал бұл шежіренің ерекшелігі ханның өз шежіресін өзі
жазуы. Оның себебін кіріспеде автордың өзі былайша түсіндіреді:
«Біздің ата-бабаларымыздың ыждаhатсыздығынан hәм Хорезм
халқының надандығынан Ғабдолла ханнан біздің аталарымыздың
айрылған жерден бермен қарай бізге дейінгі тарихымыз жазылмаған
екен. Бұл тарихты бір кісіге тапсыралық деп ойлап едік, лайықты
126
Достарыңызбен бөлісу: |