Философия, саясаттану



Pdf көрінісі
бет2/34
Дата12.03.2017
өлшемі1,97 Mb.
#8950
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   34

Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
философиялық  ойының  негізгі  бағыттары  мен  сипатты  қырларын 
анықтауында болып тұр. Практикалық тұрғыдан алғанда, негізінен, 
нақтыланған,  дамытылған  идеялардың  маңыздылығы  қазіргі 
Қазақстан  Республикасында  қалыптаса  бастаған  жаңа  философия 
тарихын  дамытудың  негізгі  іргелі  қағидаттарын  ғылыми  қалыпта 
бекітуде екені айқын болып отыр. 
Әдебиеттер
1 «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси 
бағыты. Қазақстан Республикасы Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 
Қазақстан халқына Жолдауы. – Алматы, 2012. – 109 б.

 
 
 
                      
                                                  11
І тарау.  Қазақ хандығы дәуіріндегі ұлттық 
бірегейленудің философиялық негіздері
I тарау. ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ДӘУІРІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ 
БІРЕГЕЙЛЕНУДІҢ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
1.1 Қазақ хандығы дәуіріндегі әлеуметтік-мәдени ахуал және 
ұлттық философиялық пайымдау типі
Философияның бүкіл әлеуметпен өзара қарым-қатынасындағы 
айырықша  арналарды  іздестіру  философиялық  пайымдау  типтері 
жөнінде  болатын  әңгіменің  негізгі  арқауы  болады.  Философиялық 
пайымдау  типі  белгілі  бір  әлеуметтің  жалпы  мәдениеттанымдық 
стандарттары  ықпал  еткен  мұраттар,  нормалар  және  ережелер 
негізінде,  бірегей,  нақты-тарихи  философиялық  ойлау  тәсілдері 
арқылы  айқын  аңғарылатын,  дәуірдің  әлеуметтік-мәдени  ахуалын-
дағы философияның жанды үдерісін көрсетеді. 
Философиялық  білімнің  дамуын,  мысалы,  антикалық,  ортаға-
сырлық, Қайта өрлеу және т. б. тәрізді белгілі бір кезеңдерге бөлуге 
болады,  ал  олар  өзіндік  таптаурынды  философиялық  пайымдау-
лары, сол сияқты қандай да бір мәселелер жиыны және осы мәселе-
лерді шешудің сәйкес әдістері арқылы сипатталады. 
Философиялық пайымдау типі кем дегенде екі мәдениеттің тоғы-
суын білдіреді, бірінші субъектіге тән өзгешелік, екінші субъектінің 
әлеуметтік-мәдени реттеуіштері арқылы танылатын жасырын сұқбат 
болып  табылады.  Бірінші  субъект  рационалдылық  тұрпаттарының 
бірегей «қорытпасын», айырықша өзіндік философиялық пайымдау 
типіне жинақтауды жүзеге асырса, екінші субъект осы философия-
лық  пайымдау  типінің  әлеуметтік-мәдени  айырықшалығын  түсін-
діруді көздейді. Біздің ойымызша, философиялық пайымдау тәсілде-
рінің қалыптасу жолдарын айқындап (рационалдылықтың әртүрлі 
типтері мен тұрпаттары болуы жөніндегі ұсыныстар негізінде), олар-
дың типологиясын жасау үшін – философияны мәдениет және адами 
әрекет арқылы сипатталатын әлеуметтік-мәдени тұрғыда қарастыру 
мейлінше нәтижелі болады. 
Қазақтардың ұлттық философиялық пайымдау типінің ерекше-
ліктері  мен  өзіндік  айырықшылықтарына  және  оның  мәдениет 
жүйесіндегі қызметіне терең жасалған талдау, сипаты, типі, маңыз-

12 
        
Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
ды  ерекшеліктері,  дүниетанымдық  дәстүрлері,  тілі  –  осылардың 
барлығы қазақ халқының рухани мұрасын, үндіирандық мәдениет-
тің терең астарларын қамтитын, Шығыс және Батыс халықтарымен, 
көршілес  өркениеттермен  тығыз  өзара  іс-әрекетте  дамитын,  түркі-
тілдес  мәдениеттің  ежелгі  далалық  тармағы  ретінде  қарастыруға 
мүмкіндік  беретіндігін  көрсетеді.  Ұзақ  ғасырлар  бойына  қазақтар 
әртүрлі  мәдени  ықпалдарды,  өздерінің  байырғы  далалық  түркілік 
дәстүрлеріне  бейімдей  және  өзгерте  отырып,  сіңіре  білді.  Бұл 
дәстүрлердің  тамырын  терең  жайып,  берік  орнағандығы  сонша, 
саяси алапаттар мен соғыстар да, араб және монғолдардың ықпалы 
да, исламдану да оларды түбегейлі өзгерте алмады.
Қазіргі  таңда  түркілік  философиялық  пайымдау  типі  (ал  біз 
қазақы  философиялық  ойды  түркі  философиясының  бір  тармағы 
ретінде  қарастырып  отырмыз)  –  ол  әлемдік  философиялық  ойдың 
жарқын  үлгісі.  Түркі  философиясы  (яғни,  қазақ  философиясы) 
шығыс  философиясының  ажырамас  бөлігі ретінде,  әлемдік рухани 
мәдениет  тарихындағы  жалпылық  және  жекелік  диалектикасының 
көрінісі  болып  табылады.  Түркі  философиясының  мәртебесі  мен 
міндеттерін, сол сияқты түркілік философиялық пайымдау типінің 
тәсілдері мен тұрпаттарын айқындау қажеттігі туралы идеяны алғаш 
ұсынған  ҚР  ҰҒА  академигі  А.Н.  Нысанбаев  екендігін  атап  өткен 
жөн.  А.Н.  Нысанбаевтың  басшылығымен  және  оған  өзінің  тікелей 
қатысуымен «Тюркская философия: десять вопросов и ответов» [1] 
атты еңбек жарық көрді.
Қазақтардың философиялық ойы тек айтылу тұрпаты жағынан 
ғана емес, сонымен қатар мазмұндық жағынан да өзгеше болды. Қай 
кезеңдерде болмасын, қазақ ойшылдарының баяндау түрі, тиянақты 
өлеңжолды  мәтінмен  сипатталады,  бірақ  олардың  шығарған  өлең 
жолдары  классикалық  үлгідегі  поэзиямен  үйлеспеді,  өйткені  онда 
бейнеден гөрі, ой басым болды. Олар көбінесе, бұл ойды еш бейнелі 
көрініссіз,  тура,  бір  ұғым  ауқымына  сыйғызу  арқылы  жеткізуге 
ұмтылды. Қазақ ойшылдары өздерінің шығармаларында уақыт және 
кеңістік, өткіншілік пен мәңгілік, мейірімділік пен  зұлымдық  және 
т. б. тәрізді көптеген ұғымдарды жиі қолданғандығы белгілі. 
Қазақтардың поэзиясы – халықтың рухани тыныс-тірлігі туралы 
байыпты ойларға толы, айырықша философиялық пайымдау типі. 
Қазақы  поэзиялық  философиялық  пайымдау  –  бұл  зерде  мен 
жүректің,  сопылық  мистицизм  мен  рационалды  білімнің,  филосо-
фиялық публицистика мен лириканың қорытпасы, мұндай тұтас ішкі 
білім, екі – поэзиялық және философиялық ақиқаттың тоғысындағы 
логикалық мәндердің «жете сезілуінде» пайда болады, олар тұлғаның 

 
 
 
                      
                                                  13
І тарау.  Қазақ хандығы дәуіріндегі ұлттық 
бірегейленудің философиялық негіздері
еркін және жауапкершілікті шығармашылық таңдауын анықтайтын, 
белгілі бір құндылықтық ұйғарымға бірігеді. Сонымен қатар, өнегелі 
жауапкершілік  үнемі  бірінші  кезекте,  қазақ  философиясының 
сипаты мен мақсатын айқындап отырды. 
Философия ұлттық сипатқа, берілген жауаптарда емес, өйткені 
барлық халықтар мен тілдер үшін ғылыми жауап – біреу, сол сауал-
дардың  қойылу  түрінде  ие  болады.  Қазақы  философиялық  ойдың 
ерекшелігі  –  оның  этикалық  реңділігі  мен  эстетикалық  мәнді-
мазмұндылығы, ол қазақтардың философиялық ойына, сонау түпкі 
мәніне дейін, үлгілік және тартымдылық әсер дарытады.
Қазақ  халқының  ұлттық  философиялық  пайымдау  типінің 
өзгешелігіне,  оның  рухани  мәдениетінің  құнды  және  бай  болуына, 
біздің көзқарасымыз бойынша, Қазақстанның Шығыс пен Батыстың 
ортасындағы  геосаяси  жағдайы,  үндіирандық,  қытайлық,  визан-
тиялық,  арабтық,  түркілік,  монғолдық,  славяндық  өркениеттермен 
ежелден бері өзара тығыз қарым-қатынаста болу дәстүрлері, сондай-
ақ  көшпелілік  сипаты  басым  болған,  мал  және  егін  шаруашылы-
ғындағы ерекшеліктер және аса шиеленісті этносаяси тарихы барын-
ша  өз  ықпалын  тигізді.  Бұған  қазіргі  күнге  дейін  келіп  жеткен, 
этикалық,  эстетикалық,  тарихи-саяси,  заңтанымдық,  діни-мифоло-
гиялық  және  мистикалық  философиялық  ойға  қатысты  жазбаша 
және ауызша ескерткіштер дәлел бола алады. 
Қазақ  халқының  ұлттық  философиялық  пайымдау  типін  зерде-
леу арқылы, біз мәдениетіміздің, әлеми түйсіктеріміздің сонау қайнар 
көздеріне қол жеткіземіз және қазіргі кезде әлемді, тек өзіміздің жаны-
мызда  және  төңірегімізде  ғана  емес,  сондай-ақ  әлі  алына  қоймаған 
биіктіктер мен терең қойнауларда да көре білу қабілетіне ие боламыз. 
Қазақы философиялық ой мыңдаған ғасырлық даму барысында, 
шынайы орын алған тарихтың да ықпалын басынан кешірді. Қазақ-
тар  үшін  ХV–ХVІІІ  ғасырлар,  оларды  бірыңғай  ұлт  төңірегіне  қар-
қынды  шоғырландырған  және  шаруашылықтары  мен  тұрмыс-
тіршіліктері, өнері мен мәдениеті өзара бір-біріне жақын, рулар мен 
тайпаларды біріктіру негізінде, дербес қазақ мемлекетін құрған кез 
болды. Бұл үдеріс барынша күрделі сипатта жүзеге асырылды, себебі 
бұл кездері оқтын-оқтын руаралық және тайпааралық қақтығыстар 
және сыртқы жаулармен, әсіресе жоңғар шапқыншыларымен арада 
ұзақмерзімдік шайқастар болған еді. 
ХV–ХVІІІ ғасырларда қазақ хандығының ішкі өмірінде де елеу-
лі оқиғалар орын алды. Зерттеушілер атап көрсеткендей, қазақ хан-
дығында адамдар басты екі әлеуметтік санатқа бөлінді – ақсүйектер 
мен  қарасүйектер  [2,  315  б.].  Ақсүйектер,  негізінен  Шыңғысханның 

14 
        
Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
тікелей және жақын ұрпақтары болды. Шыңғысханның ұрпақтары, 
міндетті  түрде  шетінен  сұлтандар  мен  төрелер  атақтарын  алып, 
руларды, тайпаларды, ұлыстарды басқару құқығына ие болды және 
сол сияқты хандық билікке де үміт арта алатын еді. Сұлтан атағы мен 
құқығы  мұрагерлік  жолмен  берілді,  ал  басқа  қауымдағы  адамдар-
дың  сұлтандардың  қауымына  өтуіне  қатаң  тыйым  салынды  немесе 
қатаң жазаға тартылды. 
Мұхаммед пайғамдардың ұрпақтары болып саналған және сұл-
тандар мен төрелердің бодандарына рухани билікті жүзеге асырған 
қожалар айрықша әлеуметтік санатты құрады. 
Сұлтандар, төрелер және қожалармен қатар, қоғамның ерекше 
бөлігін мырзалар деп аталған билер, тархандар, батырлар, ақсақал-
дар  құрады,  олар  да  бодандарға  билік  жүргізді.  Олардың  алатын 
орны  мен  әлеуметтік  рөлі  тегі  жағынан  емес,  жеке  қабілеті  мен 
сіңірген еңбегіне қарай анықталды. Аталмыш топтағылар, негізінен, 
қарасүйектің  өкілдері,  өздерінің  бар  күш-жігерлерін  аянбай  жұм-
саудың нәтижесінде, осындай мәртебеге қол жеткізді.
Ең айырықша және саны жағынан басым болған қауым, ол – ақ-
сақалдар.  Олар  көшпелі  қазақ  қоғамындағы  барлық  ұрпақтардың, 
өштесуші отбасыларының, ру ішіндегі топтардың, тіпті рулар арасын-
дағы  қарым-қатынастарды  әлеуметтік  реттеушілердің  рөлдерін 
атқарды. 
Шетелдік  әлеуметтік-философиялық  әдебиетте  мынандай  кон-
цепция  мейлінше  кең  түрде  тарады:  бұған  сәйкес,  қоғам  өзінің 
тарихи  даму  барысындағы  тыныс-тіршілігінде,  провербалды  және 
прескриптивті (бұйрық беруші) сатыларды іске асырады. Бұл саты-
лар  әлеуметтік  ұйымдасудың  екі  типін  көрсетеді  [3,  151  б.].  Олар 
нақты шындықта қатар өмір сүре алады. Әлеуметтік ұйымдасудың 
провербалды  да,  прескриптивті  де  типтерінде,  мызғымайтын 
өнегелілік-құқықтық  ұғымдар  мен  түсініктерден  тұратын, 
құндылықтар жүйесі болады [3, 182 б.]. 
Егер әлеуметтік ұйымдасуды осындай екі типке бөлумен келісетін 
болсақ,  онда  провербалды  қоғамдағы  құндылықтар  жүйесінің  мыз-
ғымастығы,  прескриптивті,  яғни  жазбаша  түрдегі  заң-ережелерге 
бағытталған қоғаммен салыстырғанда, анағұрлым тұрақты және берік 
екенін оңай байқауға болады. Провербалды қоғамның құндылықтар 
жүйесі мен ағылақтық-құқықтық нормалары жазбаша түрде кодтал-
маған  және  тіркелмеген.  Мұндай  қоғамдағы  ағылақтық  жазбаша 
тіркелген заңдар мен ұйғарымдар түрінде көрінбейді, қоғамдық пікір 
тұрғысынан алғанда, бұзу мүмкін емес, ғасырлар бойы қалыптасқан 
және күнделікті әдетке айналған салттар мен дәстүрлерге сүйенеді. 

 
 
 
                      
                                                  15
І тарау.  Қазақ хандығы дәуіріндегі ұлттық 
бірегейленудің философиялық негіздері
Прескриптивті  (бұйрық  беруші)  қоғамдарда  керісінше,  құн-
ды-лықтар  жүйесі  мен  ағылақтық  кодекстер,  ұйғарымдар,  заңдар, 
нормативтер,  бұйрықтар  түрінде  болады,  анықтамалар,  түсінді-
рулер, құқықтық нормаларға қандай да бір түсініктер беру салдар-
ларына кепілдік берілмейді, сондықтан, біздің пікірімізше, олардың 
мызғымастығы  берік  орнығып,  нығая  алмайды.  Құқықтар  мен 
заңдардың  вербалды  нормаларының  күші,  мысалы,  қазақтың  әдет 
ғұрпындағы  тәрізді,  мызғымастығында  және  бұлжытпай  орында-
луында  болып  отыр.  Билер  соты  жасалған  қылмыс  үшін  ұйғарған 
жаза түрі, ру-тайпалық бірлестіктердің қоғамдық пікірлерінің қысы-
мымен бірден орындалып отырды. 
Дегенмен, әсіресе, әлеуметтік шиеленіскен ахуалдар жағдайын-
да, кейбір қазақ хандары әдетті кодтау үшін іс-шаралар қолданғанды-
ғын атап өту керек. Мәселен, Тәуке хан (1718 жылы қайтыс болды) 
жан-жаққа  бытырап  кеткен  құқықтық  әдет  нормаларын,  бірыңғай 
заңдар  жинағына  топтастыруды  мақсат  етті.  Бұл  заңдар  жинағы 
«Жеті Жарғы» деп аталды, бірақ кезінде ол жазбаша емес, негізінен, 
ауызша таралғандықтан, қазіргі күнге дейін толық күйінде жетпеді. 
ХІХ  ғасырдың  20-жылдарындағы  Г.  Сперанскийдің  және,  әсіресе 
30-жылдардағы А.И. Левшиннің зерттеулерінің нәтижесінде, «Жеті 
Жарғының» алдымен 11 фрагменті, сосын 34 фрагменті қайта өңделіп, 
көпшілік игілігіне айналды. «Жеті Жарғының» заңи нормалары өте 
қатал  болды  және  қалыптасқан  әлеуметтік  иерархиялық  жүйенің 
заңға  сәйкес  қызмет  етуіне  бағытталды,  олардың  барлығы  жинақ-
талған күйінде, қоғамдағы әлеуметтік және рухани ахуал және қазақ 
хандығындағы адамдардың тұрмыс-тіршілігін құқықтық ретке келті-
ру тәсілдері туралы дұрыс көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Қазақстанның  мемлекеттік  құрылысында  хандық  билік  түрі 
қалыптасуымен бірге, әйгілі жыраулар мен ақындардың жарқын бір 
тобы да бой көрсетті, олар алғашқы күндерден-ақ, ХV–ХVІІІ ғасыр-
ларда  орын  алған,  қазақ  қоғамының  тұрмыс-тіршілігіндегі  шие-
леністі  әрі  жан  күйдірерліктей  оқиғалардың  иіріміне  түсіп,  кете 
берді.  Бұл  оқиғалар  қазақ  ойшыл-ақындарының  шығармаларында 
рухани  көрініс  тапты  және  өзіндік  идеялық  оқылым,  анықтамалар 
және түсініктер беру көзіне айналды. 
Қазақ  хандығы  дәуіріндегі  әйгілі  ақындар  мен  жыраулардың 
шығармашылығына  арқау  болған,  қоғамның  әлеуметтік  және 
рухани-мәдени  жағдайларының  жалпы  көрінісі  осындай  еді. 
Олардың  шығармаларында  қазақ  халқының  дүниекөзқарасы  мен 
дүниетүсінігі,  сан  салалы  тыныс-тіршілігі  мен  рухы  жан-жақты 
бейнеленді. 

16 
        
Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
Әлемді,  адамды,  оның  өмірде  алатын  орны  мен  рөлін 
философиялық-этикалық тұрғыда ұғыну – қазақ халқының ұлттық 
философиялық  пайымдау  типіне  тән  ерекшелік.  Отансүйгіштік 
мұрат-тары, қазақ халқының тұтастығы мен ынтымақтастығы туралы 
асқақ  армандар,  тұлғаның  бас  бостандығы  үшін  күрес  мұраттары, 
адам  құқықтары,  оның  сүйіспеншілігі  –  біз  зерттеп  отырған  қазақ 
хандығы дәуіріндегі ойшылдардың көзқарастарындағы басты нәрсе-
лер болып табылады. 
Қазақ  ақындары  мен  жырауларының  дүниетанымы  –  іштей 
даму серпіні бар, әлем мен табиғаттың үйлесімін сақтауға негізделген 
әлемитүйсіктің  үлгісі,  сол  себепті  де  адамның  қалай  болса  солай 
араласуын  қажет  етпейді.  Қазақ  ақындары  мен  жырауларының 
дүниетанымдарында,  философиялық-әлеуметтік  мәселелер  мен 
өзара  тығыз  байланысты  саяси  мәселелер,  сол  сияқты  құқықтық 
мұраттар арасында еш айырмашылық жоқ, бірыңғай тұтастықтағы 
аспектілер мен тараптарды көрсете отырып, олардың бәрі шиеленісіп 
кетеді. Бірақ оның дәл ортасында адам және оның этикалық кескіні, 
сезімдері  мен  мұраттарының  әлемі,  өмірлік  мақсаты  мен  мәні 
тұратындығында еш дау жоқ. Ойшылдар түкке тұрмайтын ұрыстар 
мен  шайқастар  туралы  терең  ойланды,  адамдардың  бейбіт  және 
тыныш  өмірі  жайлы  қиялдады,  халықтың  жүдеп-жадаған  күйі 
мен  бишаралығы  туралы  аса  тебіреніспен  жазды.  Поэзия  түрінде 
жеткізілген  ақындар  мен  жыраулардың  философиялық  ойлары, 
адамды болмыстың әдеткі қалпынан асқақтата білді. 
Біздің  пікірімізше,  қазақ  халқының  ұлттық  философиялық 
пайымдау  типін  қалыптастырудың  және  оның  пайда  болуының 
өзіндік ерекшелігі мен мәдени мәнмәтінін, дәл әрі айқын әдістаным-
дық  негіздерсіз  ашып  көрсету  мүмкін  емес,  мұнда  тарихи  және 
логикалық  қағидаттың  басты  рөл  атқаратыны  сөзсіз.  Қазақы 
философиялық  ойды  тарихи  шындық  ретінде,  шындықта  орын 
алған  бүкіл  құбылыстар  сипатталып,  талданатын,  тек  оқиғалар 
мен  деректердің  хронологиялық  тәртібі  арқылы  ғана  қарастыруға 
болмайды,  ол  дамудың  шынайы  көрінісі  мен  үрдісін  толық  бере 
алмайды, керісінше оның мәні мен мағынасын жан-жақты айқындауда 
қиындықтар  келтіреді.  Қазақ  халқының  ұлттық  философиялық 
пайымдау  типін  проблемалық-тарихи  тұрғыда  талдау,  яғни 
қазақтардың  рухани  мәдениеті  қалыптасу  барысында  елеулі  мәнге 
ие болған, басты даму белестерін ғана айқындау маңызды болмақ. 
Қазақ  философиясы  үнемі  өзгеріс  үстінде  болды:  әлеуметтік-
мәдени  мәнмәтін  өзгеріске  ұшырады,  онымен  бірге  өз  дәуірінде 
туындаған жаңа мәселелерге байланысты үздіксіз даму арқылы, ой да 

 
 
 
                      
                                                  17
І тарау.  Қазақ хандығы дәуіріндегі ұлттық 
бірегейленудің философиялық негіздері
өзгеріске түсе отырып, дамыды. Қазақ тарихындағы басты кезеңдер 
түгел дерлік, жаңа өміршеңдік мұраттардың пайда болуымен өзара 
байланысты  болды,  солар  арқылы  халықтың  тағдырын  жақсарту 
бағытында өзгерту мақсаттары көзделді. 
 
Әдебиеттер
1 Тюркская философия: десять вопросов и ответов. – Алматы, 2006.
Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан: Летопись трех тысячелетий. 
Алма-Ата, 1992.
Беккер Г., Босков А. Современная социологическая теория. – М., 1962. 
1.2  Асан  Қайғы  пайымдауларының  халықты  ұлттық 
топтастырудағы құндылықтық мәні 
«Асан қайғысы – бүгінгі тіршіліктің, ертеңгі 
болашақтың қамын ойлағандықтан туған қайғы» 
(М.Мағауин) 
Асан ата Майқы бидiң алтыншы әулетi едi деседi. Ол өзi Қорқыт 
сияқты жұрт қамын жеп өткен дана, батагөй, кемеңгер кiсi. Өзiнiң 
ұзақ жасында халықтың қамын көп ойлап, уайым жеп өткендiктен 
«Асан Қайғы» атанған» [1, 146 б.]. Осыған ұқсас пiкiр белгiлi тарихшы 
Құрбанғали  Халидұлының  еңбектерiнде  де  кездеседi  [2,  93  б.].  Бұл 
тұжырымдардан  Асан  қайғысы  жеке  бастың  уайымы  емес,  халық 
үшiн туған ердiң үлкен жүрегiнен шыққан көңіл мұңы, терең сезім 
иiрiмдері  және  рухы  биік  ұмтылыстар,  ішкі  дүниенің  қайнаған 
көрiнiстерi деген ой туады. 
Асан Қайғының өмiр сүрген дәуiрi ХIV ғасырдың аяғы мен ХV 
ғасырдың  екiншi  жартысына  дейiн,  яғни  Алтын  Орданың  ыдырап, 
қазақ хандығының ендi-ендi қалыптаса бастаған шағы. 
Асан Қайғының атын бiлмейтiн қазақ тайпасы мен руы болған 
емес. Олар Асан Қайғыны қазақ халқының бiрiгуiне, жас мемлекеттiң 
өмiр  салтын,  аймағын  зерттеп  бiлуге  үлес  қосқан  ұлы  тұлға  деп 
танығандай. Асан Қайғының жыр толғауынан туған жерге деген тың 
идея  ұғымдық  деңгейге  көтерілді,  ал  «атамекен»,  «туған  ел»  деген 
ұғымдар  қазақ  үшiн  жалпы  дүниетанымның  дiңгегi,  мәйегi  болып 
қалыптасты. Содан да болар, Асан туралы аңыздарда қазақтар өмiр 
сүрген әрбiр өңiрдiң сипаты кездеседi; Асан айтпай кеткен жерлердi 
қазақтар өздерi-ақ аңызға қосып отырған, өлеңмен өрнектеген. 

18 
        
Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
Асан  Қайғы  Жәнiбек  ханның  кеңесшiсi  болған,  өмiрдегi  көп 
мәселелердiң шешiмiн табуға көмек көрсетiп, даналық тұрғысынан 
саралап  отырған.  Бұл  жерде  Жәнiбек  ханның  Асан  Қайғы  сияқты 
ақылдың кенiн құрметтеп, әрбiр сөзiн тыңдауға тырысқан әрекеттерiн 
де  бағалауымыз  керек.  Асан  Қайғының  сөз  қадiрiн  бiлгенiн,  оны 
қолдануды  өнер  деңгейiне  дейiн  көтергенiн  де  айта  кеткенiмiз 
жөн. Асан Қайғының дүниетанымы өз заманының ғана емес, келер 
ұрпақтың да зердесiне үлгi боларлықтай айшықтарға толы болатын. 
Соны  байқаған  хандар  мен  билер  әулетi  оған  тиiстi  құрметiн  де 
бiлдiрiп  отырған.  Бірақ,  Асан  Қайғы  хан  сарайы  маңында  жүрген 
ақылгөй  қарт  рөлiмен  ғана  шектелiп  қалмайды.  Өз  халқының  кең 
байтақ даласын жан-дүниесiмен игеруге асықты, оны халқына сөзбен 
жеткiзуге  тырысып  бақты.  Еркiндiк  пен  әсемдiктi  пiр  тұтқан  қазақ 
халқы үшiн Асан қайғының айтып кеткен әрбiр сөзiнiң құндылығы 
бар
*
.  Ол  өмір  философиясының  өзекті  мәселелерін  тереңінен 
зерделеп, өз болмысынан өткізіп отырған.
Қайран ел, есiл жұртым сонда не етер, – деп, ұлы жырау тарихи 
болашақты  қалай  дәл,  терең  айтқан.  Халықтың  мұң-мұқтажынан 
туындаған,  жинақталған  ел-жұрттың  жүрегіндегі  запыранды  Асан 
Қайғыдан бұрын да (Қорқыт Ата, Аталық, Сыпыра-жырау), одан кейiн 
де шайқаған, халықтың тағдыры не болмақ деп ойлаған, толғанған 
қанша  ақылман  абыздар  өтті?!  Қорқыт,  Баласағұн,  Ясауи  сияқты 
үш  ұлы  ойшылдың  дәстүрiн  жалғастырушы  ретiнде  Асан  Қайғы 
қазақ жерiндегi сан салалы мәселелердi поэзия арқылы жырлаушы 
рөлiн  атқарады.  Ол  өз  шығармашылығында  этикалық  мәселелердi 
талқылауда философ, этнограф, тарихшы келбетiнде көрiнiс берiп, 
өмiрдi  барынша  шеберлiкпен  түсiндiрушi  ғұламаға  айналды. 
Асан  Қайғы  көзқарастарында  адамгершілік,  саяси  және  құқықтық 
идеялары бiр-бiрiмен астасып, өзара байланысып жатады және олар 
бiртұтас дүние ретiнде сомдалады, бiр ортақ ойды жеткiзедi.
ХV  ғасырға  тән  ыдыраушылық  кезеңiнде  қазақ  халқының 
ынтымақта  болуы  –  өмiр  қажеттiлiгi  еді.  Тарихи  тұрғыдан  алғанда 
ендi ғана есiн жинап бiртұтас халық екенiн сезiне бастаған әлеуметтiк-
этникалық қауымдастық үшiн, қазақ үшін бұл күрделi, бірақ оңай iс-
қимыл емес едi.
«Есенiңде – тiрiңде,
Бiр болыңыз бәрiңiз» [3, 10 б.].
* Қазақ – сөз қадірін білген халық. 

 
 
 
                      
                                                  19
І тарау.  Қазақ хандығы дәуіріндегі ұлттық 
бірегейленудің философиялық негіздері
Жыраулар  сол  бiрлiкке  үнемi  шақырды.  Әрбiр  отбасындағы 
бiрлiктiң  қажеттiлiгi  сияқты,  әлеуметтiк  дүниеде,  әсiресе,  бiр 
халықтың iшiнде бiрлiк бар жерде тiрлiк бар екенiне әрдайым меңзеп 
отырған.  Осыдан  Асан  Қайғы  берекесіз  бұрынғы  заман,  қиындығы 
мен  сарсаңы  қилы  заман,  халық  болашағы  туралы  ой-күдіктерін 
ортаға салады. «Қилы заманды» ұғым ретінде былай сипаттайды:
Заман азып, заң тозып, жаман болар,
Қарағайдың басына шортан шығып,
Балалардың дәурені тамам болар.
Ол күнде қарындастан қайыр кетер,
Ханнан күш, қарағайдан шайыр кетер.
Асан  Қайғы  хан  мен  халық  арасындағы  дәнекер,  демеуші. 
Топтасқан  халық  заманның  беделі  мен  бағытын  анықтайтынын 
былай аңғартады: 
Хан мен билер қысқанда,
Халық қайтіп күн көрер?
Онда халық түнерер,
Халыққа қысым күш берер,
Халықтың кегі күшке енер. 
Асан Қайғы тек қазақ, ноғай тайпалары үшiн ғана емес, сонымен 
қатар көршiлес жатқан барлық түркi тiлдес (татар, башқұрт, түркiмен, 
өзбек және т. б.) этникалық қауымдастықтарға белгiлi болған. Кейбiр 
жағдайларда ортақ этникалық кейiпкер болғаны белгiлi [4, 327 б.].
Асан  Қайғының  этнокеңiстiк  ортаны  тани  бiлу,  саралай  бiлу 
шеберлiгiне  басқа  жұртшылық  та  тәнтi  болған.  Оған  тiлi  ұқсас 
этностардың өзара қарым-қатынаста болғаны, бiр-бiрiне мәдениеттiк 
тұрғыдан көп ықпал жасағаны айғақ. Қазақ жерiндегі байлыққа көз 
тігушілік  сол  көне  заманнан  бері  толастамаған.  (Қазақ  жерiндегi 
географиялық  атауларға  назар  салып  қарасаңыз,  сонда  көзiңiз 
жетедi
**
.
Асан Қайғы тұлғасының өзгешелiгi неде? Оның әлi күнге дейiн 
халық жүрегiнде, ұлттың санасында мәнiн жоғалтпай, дiлiнде берiк 
орын алуы кездейсоқ нәрсе емес. Себебi қазақ халқының  ғасырлар 
бойы қалыптасқан дәстүрлiк, әдет-ғұрыптық және дүниетанымдық 
айшықтарының  қайнар  көздерi  осы  Асан  Қайғы  сияқты  iрi 
** Шынында, қазақ даласы ғажайып сәнді жер-атауларымен белгілі. Себебі, бұл 
атаулардың көпшілігі табиғи және ғалам құбылыстарына байланысты қойылған.

20 
        

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   34




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет