Аксиология (грек. ахіа – құндылық және logos – ілім, сөз) – құндылық табиғатын философиялық тұрғыдан зерттеу. Аксиология философияда Х1Х ғ. аяғы – ХХ ғ. басында философияның жалпы «құндылық проблемасына» қатысты кейбір күрделі мәселелерін шешуге тырысқан әрекет ретінде дүниеге келді.
Адамның әлемге қатынасының ерекшелігі оның өзін және өзге адамдарды, қоршаған дүниедегі заттарды, құбылыстарды, процестерді қайырымдылық, әділеттілік, сұлулық, пайдалылық және т.б. тұрғысынан бағалап, құндылықтар арқылы қарастыруымен сипатталады. Құндылықтық қатынас әрқашан да субъектінің бойында белгілі бір эмоцияларды – қуану, сүйсіну, таңдану, табыну сияқты сезімдерді туғызады. Олардың ішіндегі ең жоғарғысы – қасиеттерге табыну.
Адамзат баласының басқалардан ең басты айырмашылығы – оның (адамның) адамгершiлiк, зұлымдық пен мейiрiмдiлiк туралы түсiнiгi бар. Адамзат үшiн маңызы зор дiн, философия, поэзия, ой-сана, махаббат жануарлар әлемiне қатысты емес.
Адамгершiлiк – моральдың шығу тегi мен табиғатын адамға мақұлдау мен айыптаудың қасиеттерiне тән екенiн түсiндiретiн субъективтiк этикалық теория. Адамгершiлiктiң ең басты мағынасы – адамдар айналасында болып жатқан оқиғаларға баға бередi және өзiнiң мiнез-құлық бағытын таңдайтын моральдық ұғымдарға, әртүрлi құбылыстарға байланысты олардың бастан кешiретiн мақұлдауы немесе айыптауы.
Қазақ тiлiндегi адамгершiлiк сөзiн герменевтикалық талдаудан өткiзер болсақ, онда «адамгершiлiктiң» түбiрi «адам» сөзiнен тұрады. Адам өзiнiң адамшылығы үшiн адамгершiлiкке қарыздар десек, адамгершiлiк те адамилық, яғни, шынайы басқа хайуанат әлемiнен мүлдем бөлек қасиеттердi бойына дарытушылығымен тығыз байланысты.
Римдiктер философияның маңызды құрамдас бөлiгi болып табылатын этиканы «мораль» сөзі арқылы аударады. Көне латын тілінде «mores» (нравы) – салт-дәстүр, әдет-ғұрып деген мағынаны білдіретін сөз («O temporas, o mores!»).