4.2 Шама концептінің морфологиялық репрезентациясы. Тілдің концептуалды жүйесі әркелкі, әртүрлі концептілер жиынтығынан құралады. Қазақ тілінде сапа негізгі (іргелі) концепт болып табылады, сол арқылы грамматикалық объективтену ерекшеліктері көрінеді. Қазақ тіліндегі ғаламның тілдік бейнесіндегі сапа концепті кеңістік, уақыт т.с.с. іргелі концептімен сабақтас, байланысты болып келеді. Сын есімдер арқылы адам бейнесі айқын көрінеді. Тілдің антропоөзектік ұстанымы сын есімдердің лексика-семантикалық жүйесінде айқын көрініс тапқан. Адамның тілдік бейнесі сыртқы (анатомиялық) және ішкі (интеллектуалды, адамгершілік, ментальді, эмоционалды) параметрлері бойынша айқындалады. Қазақ ғаламының тілдік бейнесінде адам сыртқы және ішкі қырларымен тұтастықта (ұлты, жасы, әдеті, мінезі) сипатталады. Ғаламның тілдік бейнесінің көрсеткіші ретінде сын есімнің ерекшелігін зерттеу арқылы адамның ақиқат болмысты тану ерекшеліктері көрінеді, тілдік таңбада көрініс тапқан ғалам бейнесінің санадағы көрінісі байқалады. Заттың белгісін білдіретін сөз табы ретінде сын есімді когнитивті тұрғыдан сипаттап, семантикалық және лингвомәдениеттанымдық ерекшеліктерін айқындау арқылы сапа концептінің өзіндік сипаты айқындалады.
Шырай категориясы – тілде сан-мөлшер ұғымын репрезентациялайтын морфологиялық категориялардың бірі. Сол арқылы адамның сан мен сандық қатынастар туралы танымы көрінеді. Ол салыстыру негізінде көрініс тауып, зат белгілерінің ұқсастық-айырмашылығын сипаттайтын тілдік формалар арқылы беріледі. Шырай категориясы заттар мен құбылыстардағы белгілердің сапалық қатынастарын білдіреді. Кез келген заттың сапасы болатын сияқты, сапасыз заттың болуы мүмкін емес. Себебі әлем – бөлшектерге жіктелетін тұтас дүние, ондағы заттардың бәрінің сапасы болады. Адамның әлемді тануында сапаның маңызы ерекше, себебі сапасын анықтау арқылы адам белгілі бір заттардың ерекшелігін, белгісін білумен қатар, оларды топтастырып, жинақтай алады. Заттың белгісін, өзіндік ерекшелігін түсіну арқылы адам оның сапасын анықтайды, ол ұжымдық санада көрініс тауып, тілдік семантикада бекиді. Мәдениет сапа концепті арқылы тілмен байланысты болады. Қазақ тілінде сапа іргелі, негізгі концептілердің бірі, заттар әлемін танудағы негізгі ұғым болып табылады. Бұл сапа концептінің грамматикалық объективтенуінен де байқалады. Сапалық белгіні білдіретін сөздердің грамматикалық топтарын сын есім категориясының түзілуіне негіз болады.
Салыстырмалы шырай тұлғалары мен қосымша лингвистикалық факторлардың көмегімен «заттың салыстырмалы белгісі» сипаты актуалданып, салыстыру концептінің мазмұнында қосымша мәндер түзіледі. Күшейтпелі шырай көрсеткіштері мәнмәтін және семантикалық факторлардың көмегімен мынадай лексика-грамматикалық мәндер түзеді: бір топқа жататын заттардың белгілерін өзара салыстыру; белгісіне қарай белгілі бір топтың ішінен бір затты ерекшелеу, даралау.
Күшейтпелі шырай көрсеткіштері заттың айқын белгісі сипатын актив қолданысқа түсіре отырып, мәнмәтін және семантикалық факторлардың көмегімен нақтыланады. Мұнда ішінен, ішіндегі, арасынан, арасындағы, қатарындағы т.с.с. көмекші есімдер, мекендік қатынаста жұмсалған зат есімдердің қатысуымен жасалған бірліктер қолданылады. Сол арқылы бірнеше зат өзара қарсы қойылып, солардың ішіндегі сол белгісі молы ерекшеленеді. Мысалы:
Достарыңызбен бөлісу: |