«Сан-мөлшер концептінің морфологиялық деңгейдегі тілдік көріністері» деп аталатын төртінші тарау екі тараушадан тұрады. Онда сан, шама концептілері туралы сөз болады.
Сан концептінің морфологиялық репрезентациясы. Сөздердің лексика-семантикалық топтарының семантикасы деңгейінде концептуалды мазмұнды репрезентациялайтын морфологиялық категориялар қазақ тілінде көптік жалғау, сын есімнің шырай категориясында көрініс береді. Ол сан-мөлшер концептісін репрезентациялайды. Қазақ тілінде сан-мөлшердің морфологиялық репрезентациясы зат есімдерде көрініс тауып, негізінен жекелік-көптік ұғымына қатысты қолданылады. Сын есімдерде «сан-мөлшер» концепті негізінен статикалық белгіге қатысты қолданылып, шырай категориясында көрініс табады.
Философияда сан-мөлшер материалды болмыстың белгісі ретінде сипатталады. Ол барлық материалды дүниеге тән. Басқа да философиялық категориялар сияқты, сан-мөлшер категориясы да жекелеген заттардың нақты сандық ерекшеліктерін жалпылау, дерексіздендіру негізінде пайда болған. Сан-мөлшер ұғымы Аристотель айқындаған 10 категорияның құрамында бар. Сонымен, сан-мөлшер онтологиялық категориясының негізгі белгілері сан және шама түрінде көрініс табады. Шама тұрақты, ал сан айнымалы сипатта болады. Сан дискретті болғандықтан, өзгеріске түссе, басқа санға ауысып кетеді. Ал шама өзгергенмен, мүлде ауысып кетпейді. Сан-мөлшер үздіксіздік пен дискреттіліктің диалектикалық бірлігінен құралады. Адам ғаламды игеруде сан-мөлшер ұғымын екі жақты сипаттайды: бір жағынан, есептеу арқылы сандарды меңгерсе, өлшеу арқылы шама мөлшерін анықтайды. Онтологиялық категориялар тілде сол күйінде, тікелей берілмейтіні белгілі. Олардың репрезентациясы концептуалдану деңгейіне байланысты болады. Яғни тілде сан-мөлшер категориясы адам түйсінген, тілдік құралдар арқылы концептуалданған түрде ғана көрініс табады. А.Байтұрсынұлы еңбектерінде де сан мен шама категориялары өзара жіктелгенін байқаймыз. Оған ғалымның мына тұжырымдары дәлел бола алады: «Нәрсенің дәл санын білуге сұрағанда неше? деп сұраймыз. Мәселен: «Неше кісі келеді?» – «Үш кісі келеді». Нәрсенің дәл санын білуге емес, шамасын ғана білуге сұрағанда қанша? (ерекшелеген – біз. О.Ж.) деп сұраймыз. Мәселен: «Қанша күн жүресің?»– «Үш-төрт күн жүремін» [11, 192б.].
Сан-мөлшер ұғымының репрезентациясы «сан-мөлшер» концептінің түзілуімен байланысты. Бұл концепт жалпылау (дерексіздендіру) когнитивті механизмінің негізінде пайда болады. Сол арқылы сан-мөлшер негізгі концептінің мазмұнында сандық ұғым түзіледі. Сандық ұғым сан-мөлшер концептінің қалыптасуына негіз болады. Ол көптік және даралық сияқты нақты сипаттардан құралады. Сол арқылы жекеше және көпше тұлғада көрініс табатын морфологиялық категория қалыптасады. Сан-мөлшер концепті мен сан-мөлшер морфологиялық категориясының арасындағы қатынас «фон-фигура» ұстанымына негізделеді. Морфологиялық репрезентацияда жекеше және көпше тұлғалар сан-мөлшер концептін актив қолданысқа түсіріп, оның мазмұнын құрайтын жекелік және көптік сипаттарын актуалдандырады. Нәтижесінде жалпы сипаттағы морфологиялық мән түзіледі. Сан-мөлшер концептінің жекелік және көптік мәндері жекеше және көпше тұлғада актуалданып, морфологиялық мәндердің қалыптасуына негіз болады. Сан-мөлшер категориясының жалпылану деңгейі өте жоғары болатындықтан, жекелік және көптік мәндерін өте жалпы, дерексіз сипатта береді.
Сонымен, сан-мөлшер концепті жекеше және көпше тұлғаның актив қолданылуы арқылы жекелік және көптік морфологиялық мәндерінің жалпылануы нәтижесінде қалыптасады. Олар сөйлем-сөйлесімде қосымша лингвистикалық факторлардың көмегімен нақтыланады. Мұнда әсіресе семантикалық фактордың орны ерекше. Бұл сан-мөлшер категориясының сөздердің лексика-грамматикалық топтары арқылы берілуіне байланысты. Сондықтан лексика-грамматикалық мән зат есімнің мағынасына байланысты болады. Мысалы, сапалық көптік деректі (заттық мәнге ие) зат есімдер арқылы, жіктелетін және жиынтық көптік – деректі зат есімдер арқылы, жұптық көптік – адамның не жануардың жұп дене мүшелерін білдіретін зат есімдер арқылы, жіктелетін және жіктелмейтін жиынтық көптік жинақтық мәнді зат есімдер арқылы, кеңістік және дерексіз көптік – деректі және дерексіз зат есімдер арқылы, партитивті көптік – жұп заттарды білдіретін зат есімдер арқылы беріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |