Дәріс 3. Мәдениет семиотикалық анықтамаларының бірі бойынша өзінің болмыстық кеңістігіне ие болып тұрған, табиғи кеңістіктен ерекшеленіп тұрған рәміздік шындық болып табылады. Мәдениеттің семиотикалық өрісі тек адамға ғана тән рәміздеу қабілеті арқылы жасалады. Бұл қабілет қиялдау және абстрактылау деген антропологиялық қасиеттермен байланысты. Э. Кассирер мәдениеттің негізінде адамның жалпыға бірдей, жүйеленген және үнемі жасалатын рәміздеуге қабілеттің жатқанын ескертеді, адамды «рәмізшығарушы жаратылыс» деп атайды [6, 316 б]. Рәміз (символ) адам ойлауына мәдени даму жолында алғашқы қадамдардан бастап тән болған. Мәдениет тілінің өзі рәміздік болып табылады, өйткені тек қана адамға (мәдени жаратылыс ретінде) түсінікті мән-мағыналардың көптігін өзінде сақтайды. Рәміздердің мәні әркашанда белгілі тақырыппен байланысты: ол таңбалар арқылы көрсетілген денотат (зат). Әрбір адам өз қауымының рәміздік тілін түсінуге қабілетті, өйткені олар арқылы балалық кезінен таныс заттар көрсетіледі. Рәміздер тілі арқылы адамзат жалпы ұғымдарды белгілеуге үйренген.
Ю. М. Лотман мәдениет жүйесінде рәміздер тілінің қызмет етуі туралы айтқанда, «рәміз – бұл мәдениеттің есі» деп тұжырымдайды. Рәміздер қоғамның мәдени-тарихи тәжірибесінде көрсетілген және бекітілген. Бұл жағынан қарағанда, рәміздердің маңызды ерекшелігі – олардың архетиптер немесе ежелгі алғашқы образдар түрінде көрсетілуі. Бұл жеке дара санасыздық деңгейінен төмен жатқан ұжымдық бейсаналы образдар. Архетип – бұл ең алдымен арғы аталардың тәжірибесінің нәтижесін білдіретін мифологиялық бейне. «Осындай әрбір фигурада немесе образда» адам психикасының және адам тағдырының бөлшегі, азап шегудің және рахаттанудың бөлшегі – ата-бабалардың шексіз қатарында сансыз рет қайталынатын уайымдары шоғырланған түрде көрініс тапқан», - дейді Ю.М. Лотман [7, 13 б.].
К. Юнг бойынша, архетиптерді елестетудің туа біткен мүмкіндіктері санаға тікелей емес, тек қана жанама түрде - рәміздер арқылы жетеді. Мәдениеттің барлық ең тиімді рәміздері әркашанда архетиптің көріністері: Отан - ана образында, даналық - негіз қалаушы-кәрия, шал образында т. б. Архетиптік образдар ерекше көркемді түрде өнердің рәміздік тілінде көзге түседі. «Олар тек қана шығармашылық түрде рәсімделген материалда, оның қалыптасуын реттейтін принциптер ретінде көрініс табады», - деп, К.Г. Юнг тұжырымдаған [8, 116 б.].
Мәдениеттің рәміздік тілінің маңызды белгісі болып образдылық табылады. Рәміз – образға жақын концепт (мағына), сондықтан жиі кезде әдебиеттерде рәміздік образдар туралы айтылады. Сонымен бірге рәмізге терең мағына тән, ал, образ қандай да болсын деңгейде объектпен салыстырылады. Рәмізді белгілі мағынасы бар образ деп қарауға болады. Бірақ, ол образға тең емес. Рәміздің мәнін түсіну үшін оны адамның санасынан өткізу керек. Рәміз арқылы дүниенің біртұтас бейнесі жеткізіледі. Осы жақтан рәміз мифке жақын болады: мифтен рәміз оның коммуникативтік қызметтерін мұра ретінде алып сақтаған. Өркениет пен ұлт жағынан ұқсас адамдар рәміздерге қарап бірін-бірі таниды, «өзіміз» деп түсінеді.
А. Ф. Лосевтің түсіндіруі бойынша, рәміз (символ) термині грек тіліндегі «симболон» деген сөзден шыққан, «таңба». «белгі», «пароль», «сигнал», «алдын-ала көрсетілген таңба» деген мағынаны білдіреді [9, 15 б.]. Адамзат тәжірибесінде рәміз (символ) алғаш кезде қонақтың қолындағы сәйкестендіретін таңбаны белгілеген. Бұл керамикалық плитканың жартысы болған, үй иесінің қолындағы екінші жартысымен қосқанда бүтін плитканы құрайтын, рәміз керек адамды тануға жәрдемдесетін таңба ретінде қаралған. Оның белгілі мағынасы болған. Әйгілі ресей сөздіктерде рәміздің көпжақтылы анықтамалары берілген: «Символ... қысқартылған түрде тізім ретінде көрсетілген толық бейне, саны аз мәнді сөздер немесе таңбалар арқылы жеткізіледі» [ 10, 185-186 б.]. Символ... алғаш кезде кейбір ұйымның, құпиялы қоғамның мүшелерін жасырынды түрде таныстыратын зат немесе іс-әрекетте шартты таңба ретінде қызмет ететін қайсыбір ұғымды, идеяны білдіретін белгі» [11, 181 б]. «Символ» - зат немесе іс әрекет, жалпы бір нәрсесің, қайсыбір ұғымның таңбасы ретінде қызмет еткен» [12, 75 б.]. Философиялық түсінік бойынша, «символ – ерекше таңба, кейбір идеяны жүзеге асырып тұрған таңба, бейне, көз алдындағы, сирек кезде естіліп тұрған нәрсе, адамдардың белгілі тобы бұл нәрсеге оның мәнісімен байланысы жоқ ерекше мағына беріп тұр» [13, 413 б.].
А.Ф. Лосев рәміздің жалпы мағыналы құрылымын былай сипаттайды. Біріншіден, ол ең алдымен заттың бейнесі. Сондықтан зат, шындық рәмізді анықтайтын бастапқы және қажетті түп негіз. Екіншіден, рәміз әркашанда жалпылау болады. Ол өзінде өз құрылымын анықтайтын заң ретіндегі идеяны қамтиды. Үшіншіден заттың рәмізі, Лосевтің пікірінше, оның көрінісі немесе оның таңбасы. Ф. Лосевтің пайымдауы бойынша, рәміздік тілдің жалпы құрылымы рәмізді құрастыру принципі ретінде яғни тудыратын үлгі ретінде белгілейді. Дүниеде сансыз әр түрлі рәміздер толып жатыр [9, 17 б.]. Рәміздердің әр түрлі типтері бар – ғылыми, философиялық, көркем, мифологиялық, діни, техникалық. Рәміздеу үрдісі бірнеше актілерден тұрады. Біріншіден, алдын-ала белгіленетін затты ойластыру акты (тетикалық акт «тезис» лат. – «қағида»). Екіншіден, таңбаның шын заттармен қатысына кепіл беретін, объективтілейтін акт керек. Үшіншіден, сананың дәл бір затқа, оны басқа заттардың қатарынан атап көрсету мақсатпен, арнайы бағытталуы, немесе интенционалдық акт («интенцио» лат. – «ниет», «бағытталу»). Төртіншіден, таңба үшін ноэматикалық акт керек («ноэзис» грек. – «ойлау») үшін, бесіншіден, белгілейтін адам және белгіленетін зат болу керек. Олар ұштасқанда адам және белгіленетін зат болу керек. Олар түйіскенде сигнификативтік акт жүзеге асырылады, яғни белгілеудің толық актін рәміздеу, алтыншыдан, барлық актілерді біртұтас бүтіндікке жинақтайтын акт болу керек – бұл семантикалық акт. Бұл акт болмаса рәміз ұғымы мүмкін емес.
Авторлардың көбісі барлық таңбалы және рәміздік қатынастар үш бөліктерден тұрады деп ортақ пікірді қолдайды: 1) таңба немесе рәміз; 2) объект; 3) қабылдайтын адамның ақыл-ойы. Белгілі тәжірибені, хабарды бекітіп басқа адамға белгіленген түрде жеткізу үшін бұл таңбаны басқа біреу «оқып» танып білуі керек.
Семиотикалық тұрғыдан қарастырсақ, адамзаттың және әрбір халықтың қоғамдық санасында әйелдің және ер адамның мәдениетте алатын орны мен рәміздік индикаторлары белгіленген. Көптеген әртүрлі халықтардың мифологиясында бинарлық оппозиция ретінде мәдениеттің екі бастаулары - әйелдік және еркектік – бекітілген. Бұлар өзара ажыратылмас байланыста болып, бақталасып және бірі-бірін толықтырып тұрған бастаулар. Бірі-бірімен күресіп, олар жаңаның қайта туылу мәңгі процесінің қайнар көзі болып табылады.
И.Я. Бахофеннің зерттеулері бойынша, адамзат тарихының басында қандас туыстықты тек қана ана жағынан айқындау мүмкін болған, сондықтан әйел-ана ру мен қоғам ішінде басшы және заң шығарушы ретінде танылған. Бұл отбасы мен қоғам құрылысында, дін саласында көрініс тапқан. Баховеннің пікірі бойынша, ежелгі гректердің Олимп құдайларына сенудің алдында ана бастамасының рәмізі ретінде танылған әйел-құдайларға сену болған. Сонымен, мәдениеттің алғашқы тарихи типі деп матриархалдық типті айтуға болады. Оның жетекші қасиетті, аксиологиялық негіздері ретінде Ана-Жермен байланыс және қандас туыстық, ал, маңызды сипаттама ретінде - табиғатқа деген пассивтік қатынас пен көзқарас болған, яғни табиғатты өзгертуге ұмтылыстың жоқтығы.
Матриархат мәдениетіне адамдардың теңдігі тән, өйткені олардың бәрі де – көптеген аналардың балалары және Жер-Ананың балалары. Балаларын, олардың жетістіктеріне немесе сәтсіздікке ұшырағанына қарамай, бірі-бірінен бөлмейтін шартсыз ана махабаты мәдениеттің осы типінің және индивидтің сәйкестенуінің (идентификациясының) нағыз қасиетті, аксиологиялық негізі болған. Мұнда адамның өмірі мен бақыты ең жоғарғы құндылықтар ретінде қарастырылған.
Тарих барысында бұл аксиологиялық парадигма ауыстырылған: ер адамдар отбасы мен қоғамды басқаратын күшке айналған. Патриархат тұрмысы орналған. Оған тән келесі белгілер көзге түседі: моногамды отбасы, әкенің отбасында шартсыз басшылығы және қоғамдық иерархия. Дін саласында Ана –құдайдың орнын ер бастаманың рәмізін жеткізіп тұрған құдайлар басқан. Және де олар жоғары деңгейдегі құдайларға айналған.
Патриархат мәдениетінің типін матриархат типімен салыстырғанда оған әрекеттік бастама тән екені көрінеді: адамның табиғи ортаны өзгертуге ұмтылысы, рационалды ойлау мен заңға бағынудың үстемдігі. Иерархияда теңдік принциптің орнын сүйікті (немесе тұңғыш) ұл принципі ауыстырған, аса маңызды құндылық ретінде билікке бағыну саналған. Индивидтің сәйкестенуі билік, заң, құқық, мемлекет деген негіздерге сүйеніп жүзеге асырылған. Сонымен, мемлекеттік және азаматтық сәйкестілік ер адам бастамасына негізделген.
«Адамзатты алғаш рет өркениетке жеткізіп көтерген, қандай да болсын ізгі қасиеттің дамуында, болмыстың кез келген қасиетті белгісін қалыптастыруда бастапқы нүкте ретінде қызмет ететін, – бұл ананың сиқырлы сипаты», - дейді И.Я. Бахофен, - «зорлық-зомбылыққа толған өмірдің ортасында ол махаббаттың, бірліктің және бейбітшіліктің шын мәнінде құдайды бастамасы ретінде шығады. Өз құрсағынан шыққан ұрығын, өз баласын мәпелеп өсіргенде, әйел еркектен бұрын келесіні білген: өзінің махаббаты мен қамқоршылығы жеке өзінің «Мен» дегізерлігінің шегінен шыға алатынын және өзге жаратылысқа таралып, өз рухының қай шамаға дейін қабілеті келетін шығармашылығы осы жаратылыстың болмысын сақтауға және әдемі етуге бағыттала алатынын. Және енді одан мәдениетті қалай да болсын көтермелеуі, өзін-өзі қалай да болсын құрбандыққа шалуы, кез келген қамқоршылығы және өлгенді жоқтап жылауы шығады. Бірақ ана махаббаты, неғұрлым шын жүректен болғанымен бірге неғұрлым кең және жалпыға бірдей сипатын білдіреді. Егер әке бастамасында шектеулік басынан бастап салынса, ана бастамасында – жалпылық салынған. Бала туушы анадан барлық адамдардың бауырластығы басталады. Бұл бауырластықты ұғыну және танып қабылдау патриархат пайда болғаннан кейін жойылады. Әке құқығына негізделген отбасы, өзі-өзімен шектеліп оқшауланған ағзаға айналып өз шеңберінде қалады; ал, ана құқығына негізделген отбасы, керісінше, дамудың бәріне дем беретін және материалдық өмірді жоғары рухани өмірден айырып туратын жалпыға бірдей сипатқа ие болады» [14, 14-16 бб.].
Неміс этнографы Лео Фробениус «мәдени шеңберлер» концепциясында екі алғашқы мәдениеттерді ажыратқан: матриархат пен патриархатты. Біріншісіне ол орыстарды, немістерді және африка халықтарын жатқызған, екіншісіне – англосаксондарды, араб-берберлерді, роман халықтарын және т.б. Патриархат халықтарына «үңгірден қарайтын» дүниеге көзқарас, табиғатты басып алуда белсенділік, қайуандық бастама, рационалдылық және магия тән. Матриархат мәдениеттеріне өсімдік бастамасы мен табиғатпен байланыс тән, бұл – кең даламен және эмоциялармен байланысты дүниеге көзқарас. Фробениустің пікірінше, тарихта кезектесіп мәдениеттің бірінші немесе екінші типі басымды болып тұрады. Бұл еркектік және әйелдік бастауларынің көшбасшылығы бірін-бірі ауыстырып тұрып, адамзат дамуының қайнар-көзі болып шығады [15, 412 б.].
Энциклопедиялық сөздіктер пен библиографиялық анықтамаларды қарасақ, шығармашылық әлемін ер адамның шексіз құқығы десек қателеспеспіз. Әйелдің мәдениетке жақындауы, өнерге жақындауы ер адамның шешімімен ғана болып келді. Патриархат мәдениетінде әйел тек екінші орындағы тіршілік иесі болып қарастырылды. Өзінің табиғаты жағынан ол әрқашанда қамқорлықты, қорғауды қажет етті. Оның тіршілік етуін жалғыз ақтайтын нәрсе оның баланы дүниеге әкелу қабілеті сияқты болып көрінді. Дәстүр әйелді жердегі барлық күнәлар үшін айыптайды, оның ертедегі тарихы бар. Оның тамыры мифологиялық ертегілерден бастау алады. Ерте заманғы әдебиеттерде мәдениеттке қиратушы ықпал ететін және сондықтан залалсыздандыруға (нейтрализацияға) жататын әйел адамның денесін стихиялық, деструктивтік бастау туралы пайымдауларды табуға болады. «Махабхаратада» былай делінген: «әйелдің кемшіліктерін түсіну үшін адамға 100 жыл да жетпейді»[16].
Жыныс белгі бойынша бинарлық оппозиция бүкіл дүниенің кеңістік пен уақыттағы шындығына, адамдар мен рухтардың өмірі таралған. Шығыс мифологиясында болмыстың бүтіндігі ретінде Инь мен Янның (әйелдік және еркектік бастау) бірлігі көрсетілген. Осы екі бастау табиғатта да, мәдениетте де бір-бірін толықтырады. Ежелгі қытай аңыздары бойынша, әйелді және ер адамды рәміздейтін өмірдің екі бастаулары - «инь» және «ян» келесі жолмен пайда болған Алғашқы адам Пань-Гу түнгі қараңғылықтың үстінен балтамен шапқан екен. Оның нәтижесінде таза және жеңілдің бәрі жоғарыға көтеріліп аспанға айналған екен. Бұл ер адам бастауы «ян» болған. Ал ауыр және ластанғанның бәрі төмен қарай түсіп жерге айналған екен. «Инь» сөзі қараңғының, ылғалдықтың, суықтың, жұмсақтың, икемділіктің, енжарлықтың рәмізі болса, «ян» сөзі - құрғақты, жылуды, белсенділікті, қаттыны рәміздейді [17, 248 б.]. Кір және таза, жоғарғы және төменгі, кемел және кемтар, жақсы және жаман, шарапат пен кесапат, белсенді және енжар, жасампаздық және артта қалу, әдеттен шықпау – көптеген дүниежүзілік халықтардың мәдениетінде ер адам мен әйелдің оппозициясының басты көріністері болып табылады, яғни әмбебап мәдени конструкттар ретінде қолданылады.
Ежелгі Қытай мәдениетінде әйелдер Конфуцийдің ережелеріне сәйкес өміәр сүрген. Конфуцийдің пікірі бойынша, әйелдерге білім беру және әдебиетті білу керек емес [18, 65-73 бб.]. Әйелдің негізгі қызметі – ұлдарды көтеру, туу, осіру деп саналған. Ежелгі қытай отбасында дүниеге келген қыздарға аттар, есімдер қойылған жоқ, олар тек қана «бірінші қыз», «екінші қыз» деп нөмерленген. Қыз дүниеге келгенде, оны кемсітетін әдет-ғұрыптар пайдаланылған. Қыз туылғаннан кейін үшінші күні оның дүниеге келгені аруақтардың атынан жарияланып, оған керуерттің астында орын берілетін және ойыншық ретінде керамиканың сынықтары тартылатын. Керамиканың сынықтары бұл қыздың еңбекқор болуын міндеттеген және үлкендерге, яғни әкесі мен ағаларына бағынышты болуының рәміздері ретінде қолданылған. Күйеуге шыққаннан кейін ежелгі қытай әйел өз күйеуіне құл ретінде қызмет ету керек және оған дауысын көтермеуі керек. Егер жас келіншектің күйеуі қайтыс болса, ол екінші рет күйеуге шыға алмайды. Бұл ережені бұзған әйелдерге өлім жазасы тағайындалған [19].
Алғашқы қоғамда адам өзін табиғаттың бір бөлігі деп есептеген. Ол кездегі көзқарас бойынша әлемді көптеген жақсы, жаман жандар қоршаған. Бұл оларға құдай табиғаттың пайда болуын ғана жандандырмай, жансыз материяға жан бітіреді деп көрінген. Алғашқы адам бір күштің қорғауын қалайды, ол күш оны қоршаған бір зат болуы мүмкін. Өздерінің мифологиялық ойларымен олар жанды затты құдай ретінде санап, оларға барлық күнәләрын кешіру үшін құрбандық шалған. Құрбандық шалу адамның агрессияшылдығын бейтараптандыру үшін қажет болды. Қазіргі заман адамы тәрізді олар өмір сүріп, ұрпақ әкелуге ұмтылды. Бұл қажеттіліктердің антиподы өлім, өлтіру болды. Локальды өлтіру немесе зорлау, әрқашан қарсы жауапты қайтарады. Зорлау әрқашанда қан төгумен қоса жүрді. Ал қанмен байланыстының бәрі алғашқы адамнан абайлықты талап етті. Қан көне «қоғамда жоғары зорлаушылықтың рәмізі ретінде көрініс табады» [20, 132 б.]. Қазіргі антропологтар айтқандай, бұл жерде «қанға қан» деген өш алу әрекеті іске кіріседі. Қай қан болмасын, ол таза емес болып саналған. Өйткені ол өзіне негативті энергияны тартып отырған. Яғни әйелдің етеккірі, бала туғанан кейінгі қан алғашқы адамға еш нәрсені түсіндіріп бере алмады. Ең бірінші келген етеккір қыздың беделін төмендетті, ол енді таза емес «лас» деп саналады. Ондай әйелдерді жеке бөлмеде қамап, қоғамнан тыс ұстады, тіпті олар территориядан қуылды. Әйелді «кір», таза емес, сол кезеңде бәрінің өміріне жамандық келтіреді деп сенген. Біздің бабаларымыз түсіндірген тағы да басқа мысалдар көп [21, 35 б.]. Бұл сенімдер де, мысалдар да әйелдер құдайдан тыс болғанын көрсетеді, яғни сол аралықта олар культтік ритуалдарға, діни мейрамдарға қатыспады, оларға қатыстырылмады да. Менструальді қан алғашқы сана үшін шайтандық, демондық күштің белгісі ретінде болды.
Патриархат мәдениетінде еңбектің жынысқа қарай бөлінісі еркектің асыраушы (аңшы т.б.) ретінде тұрмыста үстемдікке ие болып, абсолютті тұлға ретінде орнығуына жағдай жасады. Алғашқы қауымдағы адамдар аңшылықпен және терімшілікпен айналысқан; ер адамдар аң аулаған, ал әйелдер терімшілікпен айналысқан. Әйелдер өсімдіктермен өзінің жанұясын тамақтандырса, ал ерлер тапқан табыспен бүкіл қоғам мүшелерімен бөлісті. Яғни бұл жерде әйелдің өсімдікпен, тамақпен қамтамасыз етуі әрдайым болды, ал ерлерде аңшылық бірде бар, бірде жоқ еді. Демек, ет жеу ширек кездесетін мейрам, той болған. Ал бізге психологиядан белгілі болғандай адамға жақсы мейрамның бәрі санада ұзаққа, мәңгі сақталып қалады. Яғни ерлер әйелдерге қарағанда тайпаның күнделікті ұжымдық санасына, психологиясына үлкен ықпал жасаған.
Ерлердің қызметі табиғатпен бірге әйелді де бағындырды. Олар әйелдерді өздерінің жартысы деп танып, оны өздерін толықтыратын екінші «мені» ретінде ғана мойындады, ол ұғым прецедентті мәтіндерде дәйектелді.
Әйел мен ер адамның өзгешелігі ең бастапқы бөлінуді айқындап, алғашқы амбиваленттікті құрастырған. Бұл өзгешелік әрқашанда әлеуметтік, психологиялық және физиологиялық факторлар шеңберінде анықталып келді, сондықтан жыныстық ерекшелікті ең қажетті рәміздік индикаторларға жатқызсақ болады. Оларды шартты түрде екі бағытқа бөлуге болады. Бірінші бағыт әйел мен ер адам әрекетінің жыныстық рөлі түсінігінде құралады, ол адамның биологиясына негізделген. Бұл бағыттағы зерттеушілердің мақсаты биологиялық пен генетикалық ерекшеліктерді табуға арналған. Бұл ерекшелік, дәлірек айтсақ мақсатты әрекет тәжірибесінің ерекшелігі, өте кең, оларды бірақ таза биологиялық фактормен түсіндіру мүмкін емес. Сол себептен екінші бағыттағы зерттеушілер әйел мен ер адамның өмір тәжірибесіндегі әлеуметтік және мәдениеттік құрылымдардың ерекшелігіне назар аударды. Осыдан гендерлік мәселе пайда болады [22, 236-237 бб.].
Ерлер мен әйелдердің даму эволюциясы олардың жағдайлары әртүрлі болуына байланысты түрліше жүрген. Ертеде ерлер аң аулап, қорғау қызметін атқарса, әйел жеміс теріп, бала бағумен айналысқан. Осы бағыттағы дамудың нәтижесінде олардың денесі мен санасы түрліше қалыптасқан. Алға қойылған міндеттерді тиімді жүзеге асыру барысында олардың денесі қалыптасуымен бірге ойлау қабілеті де өскен. Соған байланысты еркектер әйелдерге қарағанда биік және қайратты бола түскен. Миллиондаған жылдар бойы олардың ми құрылымы да бір-бірінен ерекшеленетін талаптарға байланысты өзгеріп отырған. Кейінгі кездегі ғылыми тәжірибелер балаларды адамдардан, ұйымдасқан қоғамнан, ата-аналарынан жырақ аралда тәрбиелесе де, қыздар бәрібір қуыршақтарын киіндірумен, жұбатып, тәрбиелеумен айналысатыны, ал ұлдардың бір-бірімен күш және ақыл-парасат жағынан бәсекелесе жарысқа түсіп, айқын иерархиялық топ құратыны анықталған. Арнайы зерттеу жүргізген ғалымдардың пайымдауынша, бұның себебі, біздің ми жасушаларының қызметі ана құрсағының өзінде-ақ біздің ойлау жүйеміз бен мінез-құлқымыздың сипатын айқындайтын етіп ұйымдастырылған [23, 39 б.]. Сол себепті о баста дүниеге бала әкелу, ана болу үшін жаратылған нәзік жыныстылар қандай жағдайда да өзінің аналық табиғатынан жырақтай алмайды. Шындығында, әйелдер ерлерге қарағанда, физиологиялық жағынан нәзік, әлсіз, көп сөзге бейім, тым эмоционалды, әсершіл болғанымен, оларда руханилық басым, олар кемшілігін тез түсініп, бастапқы райынан тез қайтады.
Ежелгі грек мәдениетінің шеңберінде еуропалық өркениеттің дамуына ықпал еткен рационализмнің іргетасы қаланған. Заттар мен оқиғалардың, одан кейін ұғымдар мен категориялардың поляризациясы, бинарлық оппозициялардың арасында үстемдік/бағынушылық әдістің қалыптасуы шындыққа белгілі көзқарастың негізін салған. Дәл осы грек мифологиясында табиғат пен адамның байланысын білдіретін әйел-құдайларын заң билігін бекітетін еркек- құдайларға ауыстыру көрсетіледі. Әйел-құдайлардың билігі адамның жермен, ғарышпен одағының берік болуын, мызғымастығын, мақсатқа лайықтылығын және қажеттілігін бекіткен. Грек аңыздарының негізгі пәні ретінде адами заттар мен заңдар әлемінің үлкен табиғи ғарышпен кооптациясы болған. Грек мифологиялық ұстанымдар грек философияға айқын ықпал еткен, сондықтан бұл философия еркектің идентификациялық параметрлерін рационализм ретінде, ал, әйелдікін эмоционалдылық ретінде рефлексиялаған.
Антик философиясында әйелдерді өте төмен тіршілік иелері деп есептеген Аристотель қосжынысты өзін-өзі ұрықтандыратын жануарлардың бар екенін есепке ала отырып, жынысқа бөлу биологиялық негізде жүзеге аспайтынын айтады: «Қашан жоғары ұстын төменгіден ажыратылса, бұл дұрыс. Сондықтан, егер мүмкін болса, еркектік әйелдіктен бөлінген» [24, 20 б.]. Аристотельдің пікірінше, барлық пассивтік материяны ұрықтандырушы еркек болады. Ер адам бәріне өз ыстығын беріп жылытады, ал әйел – тек қана ыдыс ретінде, адамды жасайтын табиғи механизм ретінде болады. Аристотель бойынша әйел төменгі сатыдағы жаратылыс, өйткені оның «жан» принципі жоқ. Жан – бұл рационалдылық. Аристотельдің негізгі постулаты бойынша, әйел зақымданған, табиғатынан «әдемілігі бұзылған ер адам, ол жанынан айрылған тек қана материал, обьект болып табылады» [24, 184 б.].
Орта ғасырлық үшін Құдайдың анасы Құдай емес, ол - адамдар қатарынандағы ең тәуір адам. Христиандық догматика бойынша еркек және әйел бірге Құдайдың бейнесін адам бойында білдіреді: «Және Құдай адамды өзінің бейнесіне, яғни Құдай бейнесіне қарап, жаратты; еркекті де және әйелді де жаратты» [21, Быт. 1:27]. Екі жынысқа бөлу адам болмысының рухани емес, тек қана жануармен тең жағына тән, яғни денесімен байланысты.
Библияда әйел тек қана алғашқы адамның қабырғасынан жаралған: «Және Құдай адамды қатты ұйқыға салып, адам ұйықтап қалғаннан кейін, оның бір қабырғасын алған, оның орнын бұлшық-етпен жапқан. Және Құдай адамнан алған қабырғадан оған әйел жасап берді...» [21, Быт. 2: 10-37, 7 б.]. «Қабырға» – Хауаның Адамнан пайда болғанын дәйектейтін символ.
Сүйектен бір нәрсенің пайда болуы – бұл өте ежелден келе жатқан идея. Белгілі анатом Л. Этингеннің көрсетуінше, қабырғадан жаратылу дерегі Библияға дейін, яғни Адам пайда болғанға дейін орын алған [25, 43 б.]. Ежелгі шумерлер (Оңтүстік Қосөзен елі) су құдайы – Энкиге табынған. Бір жолы оның қабырғасы қатты ауырады. Шумер тілінде қабырғаны «ти» дейтін көрінеді, бірақ ти «тірідей туу», «өмір беру» дегенді де білдіреді. Осы кезде Энкиді емдеген Нинти әйел–құдайы пайда болған. Оны сондай-ақ «өмір беретін ханым» деп атаған. Осыдан келіп, осы аңыздар Библия баяндауларына да әсер еткен деп жорамалдауға болады. Сондықтан, «қабырға» – Хауаның Адамнан пайда болғанын дәйектейтін символ
Христиандардың киелі кітабы «Таураттың» ішіндегі «Жаратылыстың басталуы» атты тарауында құдай көк пен жерді жаратқан соң оларға қатысты барлық табиғат бөлшектерін толықтай жаратады да, топырақтан адам жасап, оған жан бітіріп, алдымен Адам еркекті жаратады. Содан кейін Жаратушы ие «Адамның жалғыз болғаны жақсы болмас, мен оған өзі сияқты біреуді жасап берейін», – дейді. Алайда, Адамға өзі сияқты ешкім де табылмайды. Сонда Құдай адамды терең ұйқыға батырады да, ол ұйықтап жатқан кезде, оның бір қабырғасын алып, орнын етімен жауып қояды. Сонан соң Жаратушы ие жаңағы алынған қабырғадан әйел жасап, оны адамға алып келеді. Сонда адам: «Бұл менің сүйегімнен шыққан ет, ол әйел («әйел» көне еврей тілінде «еркек» деген сөзден құралған) деп аталсын . Себебі, ол еркектен алып жасалған», – дейді. Сондықтан, еркек әке-шешесін тастап, әйеліне қосылады, сөйтіп екеуі бір адам болады.
Түркі тілдес халықтардың саян-алтай мифологиясына сәйкес, Жоғарғы әлемнің билеушісі Өлгеннің қабырғасынан әйел жаратылған. Ал иран мифологиясында Каюмарс атты алғашқы адамның қабырғасынан екі тамшы пайда болған, олардан өз кезегінде екі бұта жараған. Осыдан соң 9 айдан соң аталған бұталардан алғашқы адам жұбы пайда болған.
Ал әйелдің еркектен басқа материалдан жасалуы туралы өзге бір идея да кездеседі. Африкадағы масай тайпасы әйел еркекке лақтырылған ет түйірінен, үндістердің ену тайпасында өрмекші торынан жаратылған деген түсінік қалыптасқан. Демек, мәңгі сюжеттің мәні – әйелге еркекке тәуелділігін таңу, себебі ол өзінің жаратылуы тұрғысынан еркекке байланысты. Украиндық апокрифтерге, яғни шіркеулік канондарға жатпайтын сюжетке сәйкес Құдай адамда бидай қамырынан жаратқан. Бірақ оны ит жеп қояды. Одан соң Құдай жаңа адамды балшықтан, топырақтан жасаған. Оның қабырғасын тағы ит алып қойған, оны қайтадан орнына қоя алмайды. Қатты ашуланған құдай одан Хауа ананы жаратқан.
Инквизиторлар Я. Шпренгер мен Г. Инститористің айтуынша, Хауаның жаратылуына қисық қабырға пайдаланылған, сондықтан әйел түрлі кемшіліктерге толы. Толық жетілмегендіктен., ол үнемі алдауға бейім тұрады [26, 34 c.]
Библиялық жазбаларға сүйенсек, әйел «Хауа ана» еркек «Адамды» құдайдың тілін алмауға итермеледі. Сол үшін адамзат жұмақтан қуылып, әлемдегі қиын өмірге душар болды [21, 9 б.]. Христиан діні бойынша, күнәға бату адамзатты радикалды өзгерткен, оның нәтижесінде ол рухани болмыстан тән болмысына ауысты, мәңгілік өмір сүруден айырылып, өліммен аяқталатын тіршілікке, андрогинділіктен - жынысқа өтті.
Ортағасырлық христиан философы Филон Александрийскийдің түсінігінше, еркектік – саналы, рационалды, құдайлық, ал әйелдік – лас денелік әлемінің бейнесі». Осы кезеңде Я. Шпренгер мен Г. Инститорис сынды монахтардың туындысы – «Мыстандардың тоқпағы» әу бастағы күнәлылығы негізінде әйелдерді басып-жаныштау мен қырып-жоюдың әділдігін дәлелдеуге тырысқан. Олардың пікірінше, әйелдердің сенімі аз, ол «femina» сөзінің этимологиясымен түсіндіріледі, fe (латынның fides – «сенім») және minus (аз) деген сөздерінен туған, сол себепті сайтанның, ібілістің арбауына жиі түседі де, жер бетіндегі зұлымдық әкелуші күш болып табылады [26, 51-52 бб.].
Ренессанс әйел болмысын еркек болмысынан бөлек танып білуге жағымды жағдай туғызды. Қайта өрлеу дәуірінде адамның индивидуалдылығын және тәуелсіздігін бекіткен бостандық туралы көзқарастар әйелдерді жігерлендірген. Сондықтан әйелдер өздерін жазушы, сүретші, тіпті қарақшылар ретінде белсене байқап көруге, өздерінің билік етуге қабілеттері мен ер адамдардан жоғары туратынын көрсетуге ұмтылған. Дәл осы дәуірде әйелдердің қоғамда алатын орны туралы алғашқы трактаттар пайда болған, олардың авторлары көбінесе әйелдер болған. Мысалы, Кристина де Лизан и Корнелиус Агриппий. Бұл трактаттарда әйелдің тұлға ретіндегі дамуының жоқтығы туралы, оның өзіндік ерекшеліктерін басып тастау, езу туралы айғақтар келтірілген, және әйелді еркектен төмен екінші деңгейде тұратын жаратылыс ретінде қарастыратын қоғам кінәланған, айыпталған.
Бірақ Ренессанс дәуірінің ізімен келген Жаңа заманның дүниеге көзқарасы гуманизм және бостандық туралы прогрессивтік идеяларды бағалауда әйел тақырыбымен байланысты проблемаларға мән берген жоқ. Жанұя шеңберінде оқшауланған, шаруашылық өмірге бағынған әйел әлеуметтік, экономикалық және саяси бостандықтар саласынан алшақтатылған, субъект ретінде жойылған. Табиғат әйелге, таным – ер адамға теңестірілген (Фрэнсис Бэкон). Табиғатты әйелге ұқсату әйелдің қоғамда, мәдениетте феминді бастауын басып тастауын заңдастыруға дем берген. Жансыз, өлі, механикалық табиғат таным үшін емес, тәжірибе үшін, өлшеу, қайта жасау, бағындыру, зорлау, бақылау үшін ең қолайлы объект болып шықты, әсіресе, белсенділікті, күшті және парасаттылықты көрсетудін ең қолайлы айналадағы ортасы, фоны ретінде қарастырылған. Бұл түсінік жаңа замандық көзқарасты қалыптастыруға апарған. Мұнда табиғатттан бөліну және жаттану басты танымдық құндылық деп танылған. ХХ ғ. аяғында бұл көптеген экологиялық проблемаларды және антропологиялық дағдарыстың қауіпін тудырған.
XVI–XVII ғасырларда «мыстандарды аулау» атты бұрын болмаған бұқаралық мөлшерде әйелдерді құрту оқиғасы орын алған. Шипагер әйелдерді жою жолымен еркек адамдарды емдеуге ресми құқық алып, еркін бәсекелестіксіз дәрігерлік әрекет үшін өзіне әлеуметтік кеңістікті тазалап, және әйелдің сексуалды өмірі мен бала тууды бақылауға шын құқыққа ие болды.
Әйелдерді дискриминациялаудың қосымша факторы ретінде тілдік практика қалыптасты, өйткені тілдің қызмет етуінде билік жүргізудегі гендерлік ассиметрия кодталған. Орыс тілінің семантикасына қарасақ, «әйел» сөзінің жағымсыз түп-төркіні бар, себебі онда «щина» жұрнағынан жасалған сөздердің бәрі көзге ілмеу, менсінбеу, жек көру сияқты жағымсыз бағаға, коннотацияға ие. Мысалы: «женщина», «деревенщина», «казенщина», «групповщина», «чертовщина», «обломовщина» т.б. Қазақ мәдениетінде де әйелге қатысты жағымсыз коннотациядағы ассоциациялар кездеседі. Әйелге байланысты әсіресе ауызекі тілде көп қолданылатын «шүйкебас», «төмен етекті», «шөпжелке», «ұрғашы» сияқты кемсіту мағынасындағы сөздер бар. Әйелді «ақылы шолақ, сөзі көп» деп еркектен кем санайтын түсінік қазаққа да тән екені көркем мәтіннен де көрінеді: «Өсекші он әйелден өтірікші бір шал артық», балалар, тым болмағанда әкелеріңнің қадір-қасиетін айтып беретін бір ауылға жаман болса да бір шал керек» [27, 41 б.].
Тіл субъективтілікті қалыптастырады. Субъект тілдік қарым-қатынаста «өзін атайды», белгілейді. Еркектер мен әйелдер әр түрлі тілдерді қолданғандай болады, өйткені жыныстық айырмашылықтар билікке жетудің және қоғамда беделді болудың айырмашылықтарына теңестірілген, оның нәтижесі ретінде лингвистикалық айырмашылыққа ие болған. Ер адамның әңгімесінде «саясат», «спорт», «жұмыс» деген категориялар мен тақырыптар болса, әйелдің тілінде – «сезім», «жанұя», «өзін-өзі сезіну» туралы айтылады.
Көптеген қазіргі тілдерде әйелді белгілеуде оның еркектен тәуілділігі сақталған, ал «әйел» сөзі оның адамның (еркектің) әйелі дегенді белгілейді, яғни әйел еркектік арқылы анықталған, оны орталық ретінде мойындаған. Қоғамның патриархалдық тілі жыныстық ассиметрияны семиотикалық түрде ғана емес (мән құрайтын ассоциациялар мен коннотациялар арқылы), сонымен бірге грамматикалық – жаттығудың белгілі ережелерінде, әйел тегінің немесе керісінше әйел тегін белгілеу үшін арнайы терминдердің болуын бекітті. Жалпы алғанда тілдегі осындай жағдайды «лингвистикалық сексизм» деп белгілеуге болады [28]. Дәл тіл коммуникация ретінде қабылданғанда яғни қоғамда қабылданған ақпаратты беру немесе айырбастау жөніндегі қатынастар жүйесі күнделікті қарым-қатынас жасауда жыныстардың жай ғана айырмашылығын емес, олардың дискриминациялық айырмашылығын бекітеді және қайта өндіреді.
Неміс классикалық философияның өкілдері де, Аристотельдің дәстүрін жалғастырып, әйелді өте төмен бағалайды. И. Канттың әйелдің сезімталдығына назар аударып, бірақ онық ойлау қабілетін төмен бағалаған: «...әйелдер ниеттестікті, аяушылықты білдіреді, мейірімді болады; сұлулықты пайдалы нәрседен жоғары қояды... Оқымысты әйелдер кітапты пайдаланғанда, оны сағат ретінде пайдаланады, яғни сағат тұрып қалса да, қате жүрсе де, әйел оны басқаларға көрсетіп мақтану үшін ғана пайдаланады» [29, 152 б.].
Гегельдің пікірінше, «әйелдер білімді бола алады, бірақ олар жоғары деңгейдегі ғылымдарды, философия мен өнердің кейбір шығармаларын ұғыну үшін жарамайды. Әйелдердің қиялы, талғамы бар, олар әсемдігімен көзге түседі, бірақ олар идеалды нәрсені түсінбейді. Ер адам мен әйелдің арасындағы айырмашылық жануар мен өсімдіктің арасындағы айырмашылықтай болады: жануар көбінесе еркектің мінезіне сәйкес келеді, өсімдік – көбінесе әйелдің мәнезіне сәйкестенеді; өйткені әйел сабырлы ашылуды көрсетеді, оған сезімнің анық емес бірлік принципі берілген. Егер әйелдер үкіметті басқарса, мемлекет қауіпті жағдайға ұшырайды, өйткені әйелдер жалпыға бірдей болған талапнамаға сәйкес емес, керісінше, кездейсоқты тілекке немесе пікірге қарап әрекет етеді. Әйелге білім белгісіз жолмен, яғни елестету арқылы, көбінесе өмірдің өзінен келсе, ер адам өз ойлауының жетістіктері арқылы және көптеген техникалық күш салу арқылы өзіне лайықты орнын алып отырады» [30, 215 б.].
XIX ғ. 80-ші жылдары Ш. Фурье әйелдің әлеуметтік жағдайын қоғамдық прогрестің жетістігі деп айтқанымен, әйел жанұя мен ошаққа арналған деп ескереді. Француз революциясының негізгі құжаты «Азамат пен адамның құқығы декларациясы» 1789 ж. «еркіндік, теңдік» ұранының барлық адамдарға арнағанымен, ол тек еркектерге қатысты болды. Өйткені 1791 ж. Франциядағы Конституция да әйелдерді қоғамның ең «енжар» мүшелеріне жатқызған. Әйелдерге азаматтық құқықты бермеу Францияда әйелдердің құқығын қорғайтын әлеуметтік қозғалысқа алып келді.