Клетка қосындылары
Зат алмасу процесінде клеткада жаңадан пайда болып және жойылып отыратын уақытша құрылыстарды клетка қосындылары деп атаймыз. Өзінің құрылысы және химиялық құрамы жағынан клетка қосындылары әр түрлі болып келеді.
Клетка қосындыларын жіктеу (классификация).
Қосындылар
қоректік секретті пигментті
көмірсулар меланин липофусцин
(гликоген)
Белок
Майлар
Қоректік (трофикалық) қосындыларда жиналатын қоректік заттарды клетка өз физиологиялық қалпына қарай пайдаланып отырады.
Гликоген – бауырда және аз мөлшерде бұлшық етте жиналады.
Белоктар бауыр клеткаларында, дәннің эндоспермінде және амфибия бластомерінің сарыуызында жиналады.
Майлар – май ұлпасының адипоцит клеткаларында және кейде бауыр клеткаларында жиналады.
Секретті қосындылар бездерде көп болады. Мысалы, ұйқы бездегі зимоген түйіршіктері. Зимоген түйіршіктерінің құрамында: трипсиноген, химотрипсиноген А, рибонуклеаза, амилаза, химотрипсиноген В, прокарбоксипептидаза В,А, дезоксикарбоксилаза бар.
Меланин – қара-қоңыр пигмент теріде жиналады. Негрлерде көп болады. Көздің түсі де сол пигментке байланысты.
Липофусцин – сары-қоңыр пигмент, құрамында липид бар. Жүректің бұлшық етінде нерв және бауыр клеткаларында жиналады. Липофусцинды кейде қартаю процесімен байланыстырады, себебі клеткада жиналған липофусцин клеткамен ыдыратылады да, сыртқа шықпайды. Сондықтан кәрі клеткаларда жиналады.
Клетка ядросының құрылымы мен химиясы
Ядро клеткадағы ең маңызды органоид. Ядрода геном орналасады және синтез процестерін реттейтін макромолекулалар, (информациялық РНҚ, тасымалдаушы РНҚ, рибосомды РНҚ) қалыптасады. Көбінесе ядро домалақ немесе жұмыртқа тәрізді болады. Бірақ, ядро пішіні кейде таяқша тәрізді немесе сегменттелген (бөлшектенген). Ядроның көлемі әр түрлі клеткаларда әр түрлі болады. (1 мкм – қарапайымдыларда, 1 мм кейбір балықтардың жұмыртқаларында) әдетте клеткада бір ядро болады. Бірақ та көп ядролы клеткалардың мысалы бар.
Интерфаза кезінде клетканың ядросы: ядро қабықшасынан (кариолемма), ядро шырынынан (кариоплазма), ядрошықтан, хроматиннен тұрады. Ядро қабықшасы ядроны цитоплазмадан бөледі. Электронды микроскоп арқылы ядро қабықшасы екі мембранадан (ішкі және сыртқы) құралғаны әрі осы екі мембрананың арасында қоймалжың затқа толы жұқа кеңістіктің бары байқалады. Бұл кеңістікті мембранааралық кеңістік немесе перинуклеар кеңістігі деп атайды (25-сурет).
Ядро қабықшасында көптеген поралар (тесіктер) болады, олар арқылы ядродан цитоплазмаға және керісінше белоктар, көмірсулар, майлар, нуклеин қышқылдары, су және әр түрлі иондар өтеді, яғни ядро мен цитоплазманың арасында үздіксіз зат алмасу процестері жүріп жатады. Ядро қабықшасы – барлық эукариот клеткаларының ядроларында міндетті түрде болатын құрылым.
Ядро шырыны – ядро қабықшасының ішіндегі және ядроның барлық қуысын толтырып тұратын қоймалжың зат. Оның құрамында белоктар, нуклеин қышқылдары мен көмірсулар болады.
Ядрошық – домалақ келген тығыз денешік, оның мөлшері 1-2 мкм-ден 10 мкм-ге дейін және одан да көбірек шамаға өзгеруі мүмкін. Ядрошықтың құрамында РНҚ және белок болады. Ядрошықта 70% цитоплазмалық РНҚ және 30% ядролық РНҚ синтезделеді.
Хроматин – нуклеопротеид жіпшелерінен тұрады. Интерфазалық ядрода хромосомдар тығыз денешік түрін жоғалтып босаңқы хроматин түріне айналады. Хроматиннің екі түрі бар: гетерохроматин және эухроматин. Гетерохроматин дегеніміз хромосомның тығыз бөліктері, ядролық-бояуларымен жақсы боялатындықтан жарық микроскоп арқылы жақсы көрінеді. Эухроматин (шашыраңқы) – хромосомның босаңқы бөлімдері. Мұнда синтетикалық процестердің күшті жүретіні байқалған. РНҚ – синтезі азайғанда хроматиндер тығыздалып гетерохроматинге айналады. Митоз уақытында хроматиндер тығыздалып хромосомға айналғанда ешқандай синтез процесі жүрмейді.
Достарыңызбен бөлісу: |