Білім-білік,дағды (ББД) – педагогикалық жүйелердегі білім беру процестерінің стандартталған мазмұнын сипаттауда қолданылатын ұғымдар үштағаны. Бұл ұғымдар арақатынасының сипатын олардың анықтамаларынан байқауға болады. Білім – бұл қоршаған дүниені танып білудің практикамен расталған нәтижесі. Білік (қолданылып жүрген балама нұсқалары «ептілік», «іскерлік», «шеберлік») – адамның белгілі бір қызметті біліміне сүйене отырып, өзгерген не жаңа жағдайда тиімді атқару қабілеті. Дағды дегеніміз – қайсыбір іс-әрекетті оның әрбір элементін бақыламай-ақ автоматты түрде орындау қабілеті.
Гуманизм – бихевиоризм мен фрейдизмге, сондай-ақ оның необағыттарына антитеза ретінде 1960-жылдары жарияланып, тарай бастаған ағымның бірі. Г-ге негізделген сенім бойынша адамдар өзге тіршілік иелерінен ерек, біздің бойымыздағы қасиеттер жануарларда кездеспейді. Гуманистік теория «ортамен теңесуді», бар тәртіпке бейімделуді білдіретін конформизмненжәне мінез-құлықтың сыртқы биологиялық және (немесе) әлеуметтік факторлармен себептелетініне сендіретін детерминизмнен бас тартты.
Дидактика- жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқыту процесінің заңдылықтарын зерттейді.Ол заңдылықтардың жеке пәндерді оқытудағы көрінісін және әр пәнді оқытудың өзіне ғана тән заңдылықтарын пәндік дидактика қарастырады.
Дәріс курсы – оқу пәні бойынша бір автордың немесе пәннің бір мәселесіне арналған бірнеше автордың өзара байланысты дәрістері. Бұл дәрістер қайсыбір проблемаларды, даулы деген мәселелерді көтереді, автор (авторлардың) жеке, өзіндік көзқарасын сипаттайды.