Қалқанша безі мойынның алдыңғы жағына орналасқан. Ол өзара байланысты екі бөліктен тұрады. Қалқанша безі судың және тамақтың құрамындағы йоды сіңіріп, жинақтайды. Бұл без гормондарының құрамына йод кіреді. Қалқанша безінің тироксин деп аталатын гормонының физиологиялық қасиеті өте күшті. Тироксин организмнің өсу және даму, зат алмасу әрекеттері мен жүйке жүйесінің қозуына әсерін тигізеді. Егер адамның бала кезінде қалқанша безінің қызметі нашар болса, онда оның бойы өспейді және денесі дұрыс қалыптаспайды, бойы аласа болып, ақыл ойы дұрыс дамымайды. Мұндай кемістікті кретинизм дейді. Бұл ауру топырақ пен суда йод жетіспейтін кейбір таулы жерлерде кездеседі. Кретинизмнен сақтану үшін ас тұзына аз мөлшерде калий йодидің қосады. Ересек адамда қалқанша безінің жұмысы жеткіліксіз болғанда, микседема (шырышты ісік) ауруы пайда болады. Мұндай аурумен ауырғанда- орталық жүйке жүйесінің қозуы төмендейді, еске сақтау, қозғалыс, сөйлеу қабілеті және көңіл күй баяулайды Керісінше, қалқанша безінің қызметі мөлшерден жоғары болса, онда бақшаң көз ауруы (базедов дерті) пайда болады. Бұл аурумен науқастанған адамның жүйке жүйесінің қозғыштығы, зат алмасуы жоғары болады, жүрек соғысы жылдамдайды, ішкен асы бойына сіңбегендіктен, адам арықтап, көзі шарасынан шығып, бадырайып тұрады. Бақшаң көз ауруына шалдыққан адам дене еңбегімен шұғылданғанда, жүрек соғысы өте жылдамдап, тыныс алуы жиілейді, дене қызуы жоғарылайды. Мұндай науқастар тез шаршайды,сондықтан дене еңбегімен ұзақ уақыт айналыса алмайды.
Қалқанша безі зат алмасуға, адам бойының өсуіне, дене салмағына, қимылына және ой еңбектерінің дамуына әсер етеді.
Қалқанша маңы бездері паратгормон бөледі. Паратгормон- күрделі құрылысты зат. Ол организмдегі кальций алмасуын реттейді. Паратгормон бұлшық еттің және жүйке жүйесінің қалыпты қызмет атқаруын, қанның құрамында кальцийдің қажетті мөлшерінің болуын қамтамасыз етеді. Кальций алмасуының реттелуі паратгормонның және D витаминінің қатысуымен болады. D витамині жетіспегенде, сүйектің құрамында кальций азайып, қаттылыққ мықтылық қасиетін төмендетеді. Бұл бездердің қызметі нашарлағанда, адамның қаңқа бұлшық еттерінің қозуы күшейіп, дене дірілдеп, селкілдеп, ұстама пайда болады. Бездердің жұмысы күшейгенде- кальций мөлшері ауытқиды. Сондықтан ас қорыту мүшелерінің және жүрек пен қан тамырларының жұмысы бұзылады. Қанның құрамындағы кальцийдің көбеюі үлкен ми сыңарлары қыртысының қозуын төмендетеді. Осының әсерінен адамда әлсіздік және енжарлық, көңілсіздік пайда болады.
Бездердің жұмысы күшейгенде, кальций сүйектен шығады. Бұдан қанның құрамындағы кальций мөлшері көбейеді. Бұл ас қорыту мүшелерінің (іш өтеді, құсады) және жүрек пен қан тамырларының жұмысын бұзады. Қанның құрамындағы кальцийдің көбеюі үлкен ми сыңарлары қыртысының қозуын төмендетеді. Осының әсерінен адамда әлсіздік жйне енжарлық пайда болады.
Ішкі секреция бездері өзара тығыз байланысты. Олардың қызметінің жүйке жүйесі арқылы реттеліп отыруы және жүйке жүйесінің ішкі секреция бездеріне ісер етуі организмнің біртұтастығын көрсетеді. Медицина ғылымының ішкі секреция бездерінің ауруларын зерттейтін, оны емдейтін саласын эндокринология дейді, ал маман дәрігерді эндокринолог деп атайды.
Достарыңызбен бөлісу: |