ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ , №4 (118), 2020 ISSN-p 2306-7365 ISSN-e 2664-0686 199
Жалпы фразеологизмдердің түрлі сөйлеу актілеріндегі қолданысына назар аударайық.
Дж. Серль, Дж. Остин типологиясы негізінде сөйлеу актісінің мынадай түрлерін көрсетеді:
- локативті – өз-өзінен айтылатын сөйлеу ағыны, акт-констатация;
- иллокативті – екінші жаққа ниетін білдіреді, мақсатын айқындайды;
- перлокативті – өзге адамның іс-әрекетіне мақсатты түрде әсер етуді көздейді [13, 85-
б.].
Дж. Остин иллокативті сөйлеу актісін, яғни тыңдаушы жаққа өз мақсат-ниетін жеткізу
әрекетіне назар аударды. Иллокативті сөйлеу актісін өз ішінен мынадай кластарға жіктеп
көрсетеді: репрезентативтер, директивалар, комиссивтер, декларациялар. Бұл көрсетілген
жіктелімдердің әрқайсысының ұстанатын тілдік-стильдік белгілеріне қарай фразеологиялық
қолданыстары болады.
Репрезентативтер – айтылған пікірлердің шынайылығын, орын алған саяси жағдайларға
қатысты сөйлеушінің өзіндік ойын нақты жеткізе алуға, өзінің жауапкершілігін (әр түрлі
деңгейде) айқындауға бағытталған. Мысалы: «Табысымызды еселеп, Тәуелсіздігімізді
баянды ете түсу үшін бізге балталаса да бұзылмайтын берік ауызбіршілік керек. Израиль
бұл аймақты лаңкестік әрекеттердің орталығы әрі ХАМАС-тың «тісіне дейін қаруланған»
әскери қанаты «Изз ад-Дин әл-Кассамның» ұясы деп санайды (bnews.kz).Осындағы «тісіне
дейін қаруланған» тұрақты сөз тіркесі «барлығына сақадай-сай дайын» деген мағынаны
иеленеді.
Сөйлеу актілерінің келесі бір түрі – директивалар. Директивалардың негізгі мақсаты –
сөйлеушінің тыңдаушы жаққа белгілі бір іс-әрекетті жасатуға бағыттау. Директивалар
негізінде қандайда бір саяси ахуалға қатысты әрекетсіздік адресатты оятады, сөйлеуші
тыңдаушы жаққа өз қалауының орындалуын талап етеді. Көбіне директивалар талап ету,
бұйыру, шектеу, рұқсат беру арқылы көрініс тауып отырады. Оған дәлел ретінде мынадай
мысалдарды келтіре кеткен жөн: «Себебі, бірнеше жылдан бері індеттің бетін қайтара алмай отырған мамандардың әрекетіне астанадағылардың да көңілі толмай отыр. Қырғи- қабақ соғыс аяқталғанымен айналамызда ақпараттық экспансия, неоколонизм үшін тайталас
толастамақ тұрмақ, барған сайын өршіп барады (gamshy.kz). Мұндағы сөйлеу актісінен
коммуниканттың адресатты ояту интенциясы байқалады. Адресатты іске қосу мақсатында,
оның жігерін қайрай түсу мақсатында жоғарыда берілген фразеологизмдерді тілдік
қолданысқа түсірген.
Иллокутивті сөйлеу актісінің тағы бір класы – декларациялар. Мұндай сөйлеу актілері
комиссивтермен бірге компанияның сайлауалды дебаттарында айтылатын саясаткерлердің
сөзіне, қоғамдағы саяси іс-шараларды ақпараттандыру тән. Мысалы: «Өмірін халқының
бақыты жолына арнаған жанға бұдан зор құрмет болмайды. Мен үшін ел сенімінен асқан
мәртебе жоқ, сол сенімді ақтаудан артық бақыт жоқ. Сол себепті, мен Қазақстанның жарқын
болашағы жолында қандай тәуекелгеде дайынмын» (www.akorda/kz). Демек, әрбір сөйлеу
актілерінің өзіндік лексикалық және фразеологиялық қоры болады, әрі белгілі бір
аудиторияға бағытталады.
Осы сөйлеу актілерінің өзіндік лексикалық және фразеологиялық қоры болады, әрі
белгілі бір аудиторияға бағытталады. Тілдік жүйенің лексико-фразеологиялық мүмкіндіктері
өте үлкен. Фразеологизмдер саяси дискурсқа қажетті барлық сипаттамаларға ие, дәлірек
айтқанда, белгілі бір ойды нақты, анық әрі экспрессивті түрде жеткізеді. Саяси саясаткер
тарапынан қолданылған фразеологиялық бірліктер ақпаратты қабылдаушылардың санасында
ұзағырақ сақталуына әсер етіп, сол арқылы өміршеңдік сипат алады. Саясаткер ауызша не
жазбаша сөйлеу тілінде фразеологизмдерді мүмкіндігінше жиірек қолдануы қажет, себебі
мұндай тілдік бірліктер жалпыхалыққа түсінікті болып келеді. Сол арқылы саясаткерді
халыққа бір табан жақындата түседі. Сонымен қатар саясат тілінің қоғаммен бірге үнемі
даму үстінде болатындығы неофразеологиялық қолданыстардың пайда болуына әсер етеді.