Хаггард Генри Сүлеймен патшаның кеніші Орыс тілінен аударған М. Мағауин


XVII тарау СҮЛЕЙМЕН ПАТШАНЫҢ ҚАЗЫНАСЫ



Pdf көрінісі
бет18/23
Дата03.11.2022
өлшемі0,98 Mb.
#47311
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23
Байланысты:
Сүлеймен патшаның кеніші 8-12

XVII тарау
СҮЛЕЙМЕН ПАТШАНЫҢ ҚАЗЫНАСЫ
Біз бойымызды билеген қорқыныш сезімін жеңуге тырысып, Ажал
Сарайының үрейлі ғажайыптарын қадағалай қарап тұрған шақта
Гагула мүлде бөтен шаруамен айналысып кетті. Қалай екенін қайдам,
кəрі мыстан биік тақтаның үстіне шығып алып (өзіне қажет кезде ол
епті де, күшті де бола қалатын) тынымсыз тамшылаған су астында
біздің марқұм досымыз Твала отырған жерге барып, Гудтің тілімен
айтқанда, мəйіттің қалай тұздалып, қалай сүрленіп жатқанын көрді;
əлде басқа бір мақсаты болды ма, кім білсін. Содан соң шойнаңдай
басып, бірде ана мəйіттің, бірде мына мəйіттің алдына тоқтап, тас
кебін киген тұлғалармен сəлемдесе ме, əлде зікір айтты ма, əйтеуір,
мəн-мағынасын ұқпаған сөздермен тегіс сөйлесіп өтті. Жəне, құрметті
оқушым, сіз екеуміз ескі досымызға сəлем берген кезде қандай кейіпте
боламыз, Гагуланың осы сəттегі түрі тап сондай еді.
Өзінің жұмбақты əрі қорқынышты рəсімін аяқтаған соң ол Ақ Ажал
бейнесінің қақ алдына жүресінен отыра қалып, мінəжат оқи бастады.
Зұлым да аяр кəрі махлұқаттың адамзаттың ең қас жауы алдында, сөз


жоқ, əлденендей пəлелі дұғаға құлшына кірісуі жанымызға жайлы тие
қойған жоқ. Ажал Сарайын тамашалауды шұғыл доғардық.
– Ал енді, Гагула, – дедім мен өте баяу үнмен, – мұндай жерде
дауыстап сөйлеуге кімнің батылы бармақ, – баста бізді қазынаға қарай.
Кемпір лып етіп, тақтадан сырғып түсті.
– Əміршілерім қорықпай ма? – деп сұрады маған сығырая қарап.
– Баста ары қарай.
– Мақұл, тақсыр.
Гагула ақсаңдай басып, үңгірдің түбіне, Ажал бейнесінің арт жағына
барып тұрды.
– Қоймаға енер есік осы арада. Əмірші иелерім шамды жағып алсын
да, ішке кіре берсін.
Гагула қолындағы май толтырылған қауақты жерге қойды да, үңгірдің
жарына сүйеніп тұра қалды.
Мен сіріңкені алып (қорапта əлі де бірнеше тал шырпы қалған еді)
қамыс білтені тұтаттым, сосын шам жарығымен қазынаға кірер есікті
іздей бастадым. Бірақ ешқандай есік көрінбеді, тұтас қабырғадан басқа
ештеңе де жоқ.
Гагула мырс ете түсті.
– Есік мына арада, əмірші иелерім. Солай деді де, қарқ-қарқ күлді.
– Қалжыңды қой, – дедім мен қатаң дауыспен.
– Мен қалжыңдап тұрғам жоқ, əмірші иелерім. – Мында қараңдар!
Гагула бітеу қабырғаны нұсқады.
Мен шамды жоғары көтердім. Сол сəтте бəріміз де əлдебір үлкен
тастың жайымен жоғары көтеріліп, сөз жоқ, жартас ішіндегі өзіне
арналған қуысқа сіңіп бара жатқанын көрдік.
Жоғары қарай жылжыған тастың мөлшері үлкен есіктей еді. Биіктігі он
футтай, ені бес футтай бітеу жартас кем соққанда жиырма, я отыз
тонна тартатын. Əрине, оның қарапайым салмақ ауысу нəтижесінде
қозғалатыны күмəнсіз еді. Ал осы құрылыс қалай қимылға келтірілді –
оны біздің ешқайсысымыз аңдай алмай қалдық. Гагула мұны біздің
көзімізден шалыс сəтте іске асырып үлгерді. Бірақ мен күмəнданғам
жоқ: осы маңда кəдімгі қарапайым тұтқа бар, сондағы құпия нүктені


басу нəтижесінде теңнің екінші жақ ұшына байланған, көзден таса
қарсы салмақ бел алады да, нəтижесінде мына жартас жоғары
көтеріледі.
Жартас баяу, бірақ жеңіл көтеріліп, ақыры көзден тасаланды. Орнында
қап-қара боп үрейлі қуыс қана қалған еді.
Сүлеймен патшаның қазынасына кіре беріс есік қарсы алдымыздан
айқара ашылған сəтте біздің бойымызды билеген сезімді сөзбен
сипаттап жеткізу қиын. Басқаны қайдам, менің өне бойымды суық
діріл буып, қалтырап кеттім.
Кенет осының бəрі алдау, мистификация болып шықса қайтеміз деп
ойладым. Əлде кəрі да Сильвестра жазған жəйттің бəрі шындыққа
айналмақ па? Осы қараңғы тас қуыста шынында да соншама қазына
тығылған ба? Бұл бізді дүниедегі ең бай адамдарға айналдырар еді
ғой! Арада бір-екі минут өтер-өтпесте не болса да анығын білеміз.
– Ішке кіріңдер, жұлдыздардан түскен ақ адамдар! – деді біздің
құбыжық жолбасшымыз, табалдырыққа аяқ сала бере. – Бірақ алдымен
өздеріңнің қызметшілерің кəрі Гагула не айтар екен, соны тыңдап
алыңдар. Қазір сендер қолға ұстап, көзбен көретін жалтыр тастар
бағзы бір замандарда анау іргесінде Тұнжырлар отырған құдықтан
қазылып алынған. Бұл жерге кім жинағанын мен білмеймін. Бұл істі
жүзеге асырған адамдар тастарды өздерімен бірге əкетуте шамасы
келмей, осы атыраптан ауа көшкен. Содан бері қойма есігі бір-ақ рет
ашылды. Жалтылдақ тастар туралы лақап біздің елде ықылымнан
ықылым өтіп, атадан балаға көшіп келе жатыр, бірақ қазынаның нақты
қайда екенін де, оның қақпасының құпиясын да ешкім білген емес.
Алайда бір заманда біздің елге тау асып əлдебір ақ адам келіпті, бəлки,
ол да сендер сияқты жұлдыздан түскен шығар. Сол кезде елімізді
билеп отырған король оны меймандос көңілмен қарсы алады. Ол
король, міне, анау отырған. Гагула мəйіттер сапында шеттен санағанда
бесінші боп орналасқан бейнені көрсетті. – Ақыры былай болған. Сол
ақ адам мен біздің халықтан шыққан əлдебір əйел екеуі осы араға
келеді. Бұл əйел кездейсоқтан құпия есіктің сырын біліп қойған екен.
Ал сендер оны мың жыл іздесеңдер де таба алмайсыңдар.
Сонымен, екеуі қоймаға кіреді. Ақ адам əлгі əйел тамақ салып əкелген,
ешкі терісінен тігілген қапшыққа асыл тастарды сықап толтырады.


Қоймадан шығуға беттегенде тағы бір тасты ала салады, оны қолына
ұстап жүреді.
Əңгіме осы араға жеткенде кемпір бөгеліп қалды.
– Сосын? – деп сұрадым мен, жан толқынысынан жүрегім аузыма
тығылып. Серіктерім де тегіс осы күйде еді.
– Содан соң да Сильвестраға не болды?
Бұл сөздерді естіген кезде кəрі мыстан дір ете түсті.
– Баяғыда өліп қалған адамның атын сен қайдан білесің? – деп сұрады
дік етіп. Алайда сауалына жауап күтпестен, сөзін одан ары сабақтады.
– Не болғанын ешкім де білмейді. Əйткенмен ақ адам əлденеден қатты
қорықса керек, өйткені ішке жалтыр тастар толтырылған ешкі терісін
лақтыра салып, қолындағы жалғыз тасымен үңгірден шығыпты. Бұл
жалғыз тасты одан король тартып алады. Макумазан Тваланың
маңдайынан жұлып алған тас – сол.
– Содан бері мұнда ешкім де аяқ басқан жоқ па? – деп сұрадым мен
үңірейген қараңғы есікке қарап тұрып.
– Ешкім де, əмірші иелерім. Бірақ құпия есіктің сыры ұмытылмай
сақталды, король атаулының бəрі де мұны ашып көрді, бірақ ешкім де
ішке енген емес. Өйткені қоймаға кірген адам арада ай өтпей қаза
табады деген аңыз бар. Макумазан, сен таудағы үңгірден тауып алған
ақ адам дəл осылай өлімге ұшырады. Міне, сондықтан да біздің елдің
əміршілері мұнда кірмейді. Ха-ха-ха! Мен үнемі тек шындықты ғана
айтам.
Осы кезде екеуміздің көздеріміз түйісіп қалған еді, түршігіп кеттім.
Кəрі мыстан мұның бəрін қайдан біледі?
– Ішке кіріңдер, əмірші иелерім. Егер менің айтқаным шын болса,
ішіне тас толтырылған ешкі терісі жерде жатуға тиіс. Ал мұнда кірген
адамдардың барлығы өлетіні шын ба – оны артынан өздерің біле
жатасыңдар. Ха-ха-ха!
Гагула қарқылдап күлген бойы босағадан аттады да, қолына ұстаған
шамымен төңірекке сəуле шаша, шойнаңдап алға қарай жүре берді.


Шынымды айтсам, мен кемпірдің соңынан ерсем бе, ермесем бе деп
бөгеліп қалдым.
– Қарғыс атқыр кəрі мыстан! – деді Гуд айқайлап. – Жүріңдер! Бұл кəрі
сайтан қайтсе де мені қорқыта алмайды.
Сол сəтінде бөгелместен Гагуланың соңынан есікке қарай ұмтылды.
Гудтың артынан осының бəрін онша ұната қоймаса да Фулата ерді.
Байғұс қыз онсыз да зəресі ұшып дір-дір етіп тұрған. Сэр Генри
екеуміз де аял қылмай оларға ілестік.
Бірнеше ярдтан соң тұтас жартастан ойылып жасалған шағын қуыстың
алдына келгенде Гагула бізді күтіп тұра қалды.
– Көрдіңдер ме, əміршілерім, – деді ол шамды алға қарай соза ұстап, –
қойма тыққан адамдар бұл арадан асығыс кетуге мəжбүр болған. Олар
əлдекім қазына құпиясын біліп қалар деген қауіппен, қоймаға кіре
беріс жолды мүлде бітеп тастамақ болған, бірақ оған уақыттары
жетпей қалған.
Гагула бізге əрқайсысының биіктігі екі фут үш дюймнен келетін текше
тастардан екі қатар етіп қаланған көлденең қабырғаны көрсетті. Қуыс
жолды бойлай, жерде осындай тастар тағы жатыр. Ең қызығы,
солардың қасында тұрған əк лай мен екі күрек еді. Асығыс көз
түскенде байқағанымыз, бұл күректер жұмысшылар күні бүгін
пайдаланып жүрген күректерден аумайды.
Міне, осы жерде манадан бері қорқыныштан қалтырап келе жатқан
Фулата өзін тіпті нашар сезінді де, ары қарай жүре алмайтынын, бізді
осы арадан күтетінін айтты. Оны жартылай ғана қаланған қабырғаның
түбіне отырғыздық; ішіне тамақ салынған себетті қасына қойдық та,
өзін жалғыз тастап, ары қарай жылжыдық.
Қуыспен тағы да он бес қадамдай жүрген соң, біз мұқият сырланған
ағаш есікке келіп жеттік. Айқара ашық тұр. Осы жерде болған соңғы
адам ұмытып кеткен немесе жабуға уақыты болмаған.
Есіктің алдында, дəл босағада ешкі терісінен тігілген қапшық жатыр.
Ішіне тас толтырылған сияқты.
Тері қапшыққа шам жарығы түскенде:


– Ха! Ха! Ха! Ақ адамдар! – деді Гагула шиқылдап күліп. – Мен
айттым емес пе сендерге, зəресі ұшқан ақ адам əлгі əйелден алған тері
қапты лақтыра сала тұра қашты бұл арадан деп. Қараңдар! Сол қап
мынау!
Гуд еңкейді де, қапты көтеріп көрді. Ауыр екен. Ішінде ұсақ тас сияқты
бірдеңелер саудыр-саудыр етті.
– Жалған болса, көк соқсын, осы қап толған асыл тас, – деді ол демі
үзіле сыбырлап.
Шынында да, ешкі терісінен тігілген қапшықтың іші толы асыл тас
болар деген ойдың өзі кімді болмасын естен тандырарлық еді.
– Ары қарай кеттік, – деді сэр Генри дегбірсізденіп. – Ал, құрметті
леди, шамды маған беріңіз.
Сэр Генри Гагуланың қолынан алған шамын жоғары көтерді де,
босағадан аттап, бөлмеге енді.
Бір сəт асыл тас толтырылған қапшықты ұмытып, біз де асыға-аптыға
оның соңынан ішке кірдік. Сөйтсек, ақыры Сүлеймен патша
қазынасының үстінен түскен екенбіз.
Ала көлеңке шам жарығында алғаш байқағанымыз, жартастан үңгіп
қашалған, аумағы мың квадрат футтан аспайтын төрт бұрышты шағын
бөлме болды. Содан соң көзіміз еденнен төбеге дейін қатар-қатар
үйілген пілдің азу тістеріне түсті. Мұның ұзын саны қанша екенін
шамалап білу мүмкін емес-ті, өйткені артқы қабырғаға дейін олардың
неше қатар етіліп үйілгенін біле алмадық. Əйткенмен көзге көрініп
тұрған тістердің өзі төрт-бес жүзден кем емес жəне өңшең іріктелген,
тамаша тістер. Осының өзі-ақ бір адамның бар өміріне жетерлік
байлық.
“Бəлки, – деп ойладым мен, – Сүлеймен патша өзінің ешбір
патшалықта ешбір патша отырып көрмеген “піл сүйегінен ойылған
ұлы тағын” жасарда қажетті жабдықты осы қоймадан алған шығар”.
Бөлменің екінші жақ қапталында Мартини-Генри фирмасының
патрондарға арналған жəшіктеріндей, бірақ одан үлкенірек, əдемірек


əрі қызыл сырмен боялған жиырма шақты жəшік тұр екен.
– Алмас! – дедім мен айқайлап. – Жарықты мұнда əкеліңдер!
Сэр Генри шамымен менің қасыма келді де, жоғарғы жəшікке сəуле
түсірді. Бөлменің соншама құрғақ екендігіне қарамастан, уақыт
əсерінен шіріп кеткен жəшік қақпағы бір жерде опырылып сынған
екен. Сірə, да Сильвестраның ісі болса керек. Мен қуысқа асығыс қол
тығып, бір уыс нəрсе алып шықтым. Бірақ бұл алмас емес, өте қызық
кейіпте жасалған алтын теңгелер екен. Біздің ешқайсымыз ешқашан
мұндай ақша көрмегенбіз. Теңге бетіндегі таңбалар көне жөйіт тілінде
болар деп шамаладық.
– Əйтеуір, – дедім мен алтын теңгелерді жəшікке қайта төгіп, – біз бұл
жерден құр қол кетпейтін болдық. Əр жəшікте кем дегенде екі мың
дана алтын теңге болуға тиіс, ал жəшік саны он сегіз. Менің ойымша,
бұл ақшалар жұмысшылар мен көпестерге жалақыға арналса керек.
– Менің ойымша, – деді Гуд орта жолдан киіп, – қазынаңыздың өзі
осы. Мен асыл тас атаулыны көре алмай тұрмын. Кəрі португал бəрін
қапқа салып қойса, өзі біледі.
– Əмірші иелерім, анау қараңғы бұрышты қарап көрсе қайтеді, бəлки,
асыл тастар сол арадан табылып қалар, – деді бет əлпетімізге, сөз
əуенімізге қарап, біздің не туралы айтып тұрғанымызды қапысыз
аңдаған Гагула. – Əмірші иелерім ол арадан шағын қуыс ұя көрер, сол
ұяның ішінде үш тас жəшік болуға керек, біреуі ашылған, екеуінің
аузы берік.
Шамға иелік етіп тұрған сэр Генриге кемпірдің не туралы айтқанын
ұғындырмас бұрын мен төзімім жетпей, Гагуладан ақ адам мұнда
бұдан əлденеше ұрпақ бұрын болды, одан бері қоймаға ешкім енбеген
болса, осының бəрін қайдан білесің деп сұрадым.
– О, түн баласы тыным таппайтын Макумазан, – деді Гагула
мысқылдай сөйлеп. – Жəне сендер, жұлдызда тұратын адамдар! Кейбір
кісілердің тас қабырғаның ар жағындағыны көрер қасиеті болатынын
білмеуші ме едіңдер?
Ха-ха-ха!


– Ана бұрышты қараңыз, Куртис, – дедім мен Гагула айтқан жерді
нұсқап.
Сэр Генри шам ұстаған күйі бұрышқа үңіле бере айқайлап жіберді.
– Хэлло, достар, – деді. – Мұнда қуыс бар көрінеді. О, жасаған!
Мынаған қараңдар!
Біз сэр Генри тұрған жерге қарай жапырлай ұмтылдық. Жарты шеңбер
терезеге ұқсас шағын ұяда əрқайсысының аумағы екі футтай
шамасында үш жəшік тұр. Бұлардың екеуі тас қақпақпен бекітілген, ал
үшіншісі ашық, қақпағы қасында, қабырғаға сүйеп қойылыпты.
– Қараңдар! – деді шамды жəшіктің үстінен көтере ұстап тұрған сэр
Генри даусы тұншыға шығып.
Біз төмен қарадық. Алайда жарқ-жұрқ етіп көз шағылыстырған
сəуледен ештеңе ажырата алмадық. Аздан соң, көз үйренген кезде ғана
аңдадық, жəшік ортан белінен асыл тастармен толтырылған екен.
Кейбір тастар тым көлемді көрінеді. Еңкейіп, бірнешеуін қолыма алып
көрдім. Ешқандай күмəн қалмады: бұл гауһар тастар еді. Тек гауһарға
ғана тəн, қолға жайлы тиетін жұғымды жылтырлық бар.
Асыл тастарды жəшікке қайта салған кезде мен алқынып, демімді əрең
алып тұр едім.
– Біз əлемдегі ең бай адамдармыз! – дедім айқайлап. – Граф Монте-
Кристо бізбен салыстырғанда қаратабан кедей!
– Біз барлық базарларды алмасқа толтырамыз, – деді Гуд.
– Алдымен, бұл тастарды елге жеткізіп алу керек, – деді сэр Генри
сабырлы үнмен.
Қуаныштан өңіміз боп-боз боп кеткен, бірімізге біріміз бақырая қарап,
жалт-жұлт еткен асыл тастарға бозамық сəуле төккен шамды
қоршалай, тілсіз, қимылсыз күйде қалшиып тұрмыз. Түр-тұлғамыз
өзіміз ойлағандай, əлемдегі ең бақытты адамдарға емес, əлдебір үлкен
қылмыс жасауға оқталған басбұзарларға көбірек келетін.


Қазына ішінде бейнебір алып жарғанатша ерсілі-қарсылы у-шусыз
шапқылап Гагула жүр.
– Хи-хи-хи! – дейді бізді табалай күліп. – Міне, сендер жақсы көретін
жалтыр тастар! Міне, ақ адамдар жанын үзетін асыл тастар. Көп, өте
көп. Қанша қаласаңдар, сонша алыңдар. Тамашалаңдар, таңырқаңдар,
уыстап ұстап көріңдер. Жеңдер! Хи! Хи! Ішіңдер! Ха! Ха!
Соңғы сөздер соншалық оғаш көрінді де, мен қарқылдап күліп қоя
бердім. Сэр Генри мен Гуд та, неге екенін өздері де білмей, сақылдап
күле бастады. Асыл тастар толтырылған жəшіктердің қасында тұрып
алып, жын соққан адамдай шегіміз қата күліп жатырмыз.
Бар алмас біздікі! Бұл тастарды бұдан мың жыл бұрын бейнетқор
еңбеккерлер қаншама михнат шегіп, анау алып құдықтан біз үшін
қазып алды. Сүлеймен патшаның əлдебір сенімді ұлығы құпия
қойманы қаздырып, сол асыл тастардың бəрін осы жерге тек біз үшін
ғана үйгізді. Бұл тастар əуел баста-ақ Сүлейменге де, Дəуітке де, да
Сильвестраға да, ешкімге де тиесілі емес еді. Бұл тастар əлімсақтан
біздікі болатын. Міне, енді өз иелерін тапты. Талай миллион фунт
стерлинг тұратын асыл тастар алдымызда жарқ-жұрқ етіп жатыр, сан
мың жəне əлденеше мың тартатын алтын мен піл сүйегі тау боп үйіліп,
ол тұр. Біз қашан келеді, қашан алып кетеді деп қаншама жүз жыл
сарылды бұл қазына.
Кенет біздің бəріміздің де бойымызды буған ұстама тыйылды, өзімізді
өзіміз тежеп, қарқылдап күлгенімізді қойдық.
– Басқа жəшіктерді ашыңдар, ақ адамдар, – деді Гагула шаңқылдап. –
Олардағы тас бұдан да көп. Алыңдар бəрін, ақ əміршілер! Ха! Ха! Көп
алыңдар! Қалағандарыңша, көтергендеріңше алыңдар!
Гагуланың құтырынған айқайы астында жүріп біз қалған екі жəшіктің
де аузын бұздық. Əйткенмен мөрін сындырып, тас қақпақты ашып
жатқан шақта өзімізді құдайға шет əлденедей күнəлі іс жасап
жатқандай сезінген едік.
Алақай! Бұл жəшіктер де асыл тастарға толы екен. Дəлірек айтсақ,
екінші жəшік аузы-мұрнынан шыға сықап толтырылған


– бақытсыз да Сильвестра өзінің ешкі терісінен тігілген қапшығына
бұл жəшіктен тым құрса бір тас салып ала алмапты. Ал үшінші
жəшікке келсек, оның төрттен бір бөлігі ғана толтырылған; өте ірі
тастар, əрқайсысы жиырма караттан кем емес, ал кейбіреулері, тіпті
көгершіннің жұмыртқасындай бар. Алайда шам жарығына тосып
қарағанда біз бұлардың ең үлкендерінің көпшілігінде сарғыш рең
барын аңдадық. Кимберлиде мұндай тастарды “гүлді” деп атайтын.
Бірақ Гагуланың жыланша жылжып, қоймадан шығып бара жатып
бізге соңғы рет табалай қарағанын, содан соң еппен жартастан ойып
жасалған құпия есікке қарай беттегенін ешқайсымыз да аңдамаппыз.
Апыр-ау! Бұл не? Сыртқы есікке өтер жол жақтан айқай естіледі ғой.
Фулатаның даусы ғой бұл!
– О, Бугван! Тез кел! Тез! Тас құлап барады!
– Жібер мені, бойжеткен! Əйтпесе...
– Көмекке, көмекке келіңдер! Маған пышақ салды!.. Біз тұра
жүгірістік. Шам жарығында алғаш аңдағанымыз: тас есік баяу сырғып,
төмен түсіп келеді. Еденге үш футтай ғана қалыпты. Есік аузында
Фулата мен Гагула жанталаса алысып жатыр. Ержүрек қыз қызыл ала
қанға боялған екен, бірақ соған қарамастан кəрі мыстанды жіберер
емес. Ал анау тағы мысықтай арпалысып жатыр. Əттеген-ай! Босап
шықты. Фулата құлап түсті, ал Гагула төрт тағандап жата қалып,
жыланша жылжып, тоқтаусыз төмен сырғыған тас есіктің астындағы
болмашы қуысқа еніп барады. Енді. О, тəңірім! Тым кешіккен екен.
Зілдей жартас оны еденге жапсыра ұстап қалды. Гагула жан даусы
шыға шыңғырып жіберді.
Тас жайымен төмен түсе берді, түсе берді. Отыз тонна меңіреу салмақ
кəрі бақсының адам көргісіз денесін бұрынғыдан əрмен жанша түсті.
Бұрын-соңды біздің құлағымыз естіп көрмеген, жан ұшыра шыққан ең
соңғы айқай – содан соң төбе құйқаны шымырлата күтір-күтір етіп
үгілген сүйек даусы; міне, дəл біз жүгіріп жеткен сəтте тас есік
біржола жабылды.
Осының бəрі бірнеше секундтың ішінде ғана болып өткен еді.


Біз Фулатаға ұмтылдық. Гагула пышақты тура кеудеден салыпты, ажал
сəті жақын екені анық.
– О, Бугван! Мен өлем! – деді сұлу қыз алқына сыбырлап. – Гагуланың
жылысып сыртқа қалай шыққанын аңдамай қалыппын... талықсып
жатыр едім... тас сырғып төмен түсе бастады; содан соң ол қайтып
келді де, жолға қарап тұрды... мен оның төмен қарай баяу жылжыған
есіктен ішке кіргенін көрдім... ұстай алып, жібермей қойдым, сол кезде
ол маған пышақ салып алды. Мен өлемін, Бугван!
Гуд:
– Байғұс Фулата! Байғұс Фулата! – деп шарасыз қалыпта бақыра берді.
Кенет қолынан бөтен ештеңе келмейтінін сезінгендей, қызды бас сап
құшақтап алып, аймалап сүйе бастады.
– Бугван, – деді біраз үнсіздіктен соң қыз. – Макумазан осында ма?
Көзімнің алды қарауытып барады, ештеңе көретін емеспін.
Мен мұндамын, Фулата.
– Макумазан, менің тілім мен жағым бол, өтінем сенен. Бугван менің
сөзімді түсінбейді, ал мен түнекке аттанып кетпес бұрын оған арнап
бірнеше сөз айтпақпын.
– Айт, Фулата, мен бəрін де жеткізіп берем.
– Бугванға айт, менің мырзама айт, мен... мен оны сүйемін. Өлетініме
өкінбеймін, өйткені ол өз өмірін менің өміріммен қабыстыра алмақ
емес, жарық күннің қараңғы түнмен қосыла алмайтыны сияқты, ақ
түсті адам да қара түсті қызға үйлене алмайды. Айт оған, кей кездерде
мен кеудемде талпынып көкке ұшқысы келетін, аспанға шырқап əн
салғысы келетін ақ қанат құс отырғандай сезінетін едім. Тіпті денем
қозғалудан қалып, санам күңгірт тартып бара жатқан осы қазіргі сəттің
өзінде мен жүрегімнің жылуы сембейтінін аңдап жатырмын. Көкірегім
махаббатқа толы, мың жыл жасасам да, бойымнан қуат тайса да,
жүрегім қартаймас еді. Айт оған, егер о дүниеде өмір сүрсек, бəлки,
екеуміз жұлдызда кездесерміз. Мен мəңгі бақи іздеумен болам оны.
Бірақ мен о дүниеде де осы қара түсті күйімде қалам-ау, ал ол – ақ
адам... Айт оған...
жоқ, Макумазан, ештеңе айтпай-ақ қой. Мен оны сүйем, осыны
жеткізсең болады... О Бугван, мені құшақтай түс, қыса түс өзіңе қарай,
құшағыңның жылуын сезінуден қалып барам... О, Бутван, Буг...


– Жан тапсырды! Өлді! – деді Гуд еңірей орнынан тұрып. Бет-аузын
жас жуып кеткен.
– Соншама тарығып қайтесің, бауырым, – деді сэр Генри. Гуд селк ете
түсті.
– Бұл не дегеніңіз?
– Менің айтпағым, көп ұзамай өзіңіз де қыздың соңынан аттанасыз.
Əлде біздің бəріміздің тірідей көміліп, жер астында қалғанымызды
көрмей тұрмысыз?
Фулатаның қайғылы өлімінің бізге қатты əсер еткені соншалық, сэр
Генри осы сөзді айтқанға дейін өзіміздің үрейлі де мүшкіл хəлге
түскенімізді аңдамаппыз. Енді ғана санамызға жетті: алып жартас
сыртқа шығар жолды мəңгі-бақи бітеді, өйткені қақпаның құпия
сырын білетін əлемдегі жалғыз адам шелпек боп осы тастың өзінің
астында жатыр.
Тасты бұзып шығам деп ойлап жатудың өзі артық, қолымызда өте көп
мөлшерде динамит болса, бір сəрі.
Қайтып шықпас тас қапасқа түстік.
Ұзыннан сұлап жатқан Фулатаның өлігінің басында қорқыныштан тіл
қатуға да, қимылдауға да шамамыз келмей, бірнеше минут бойы
сілейіп тұрып қалыппыз. Бізді аштық пен шөл, содан соң азапты өлім
күтіп тұр. Енді бəріне де көзіміз жетті: əлгі сайтанның шешесі Гагула
бұл қақпанды алдын ала əзірлеп қойған екен.
Мүндай ойынды Гагуладай тозақы қиял, зұлым ойлы жанның ғана
ойлап табуы мүмкін. Үш ақ адамды бірдей өздері сонша ынтыққан мол
қазынаның қақ ортасына отырғызып қойып, аштық пен шөлден өлтіру
сияқты ғаламат жоспар тек осындай кəрі мыстанның ғана миына келуі
мүмкін. Оның үңгір ішінде жарғанатша жалпылдап жүріп, бізді кекете
айтқан “асыл тастарды ішіңдер, жеңдер” деген сөзінің мəн-мағынасын
енді ғана ұқтым. Бəлки, əлдекім байғұс Сильвестрамен де өстіп
ойнағысы келген шығар. Əйтпесе асыл тас толтырылған қапшығын
тастай қашпас еді ғой.


– Бекем болайық, – деді сэр Генри қырылдаған дауыспен. – Көп ұзамай
шам да сөнеді. Жарық барда іздеп көрейік, бəлки, жартасты
қозғалысқа келтіретін тетікті тауып қалармыз.
Жан ұшыра есікке қарай ұмтылдық. Ұйып қатуға айналған қанды
басып жүріп есікті, қабырғаны оңды-солды, жоғарылы-төменді тегіс
бажайлап тексеріп шықтық. Алайда жартасты қозғалысқа түсіретін не
тұтқа, не тетікке ұқсас ештеңе таба алмадық.
– Күмəндарыңыз болмасын, – дедім мен, – есік бұл жақтан
ашылмайды. Егер қақпа іштен ашылатын болса, Гагула төмен түсіп
келе жатқан жартастың астындағы қуысқа ұмтылмас еді. Қарғыс атқыр
мыстан есіктің бұл жақтан ашылмайтынын анық білді, сондықтан да
қатерге қарсы ұмтылды.
– Қайткенмен де, – деді сэр Генри қыстыға күліп, – қолма-қол сазайын
тартты. Жантүршігерлік ажалға ұшырады. Бірақ біз де азап үстінде
өлеміз. Есікке ешқандай қайран жоқ. Қоймаға қайта барайық.
Біз бұрылып, кері қарай аяңдадық. Бірнеше қадам жүрген соң, шолақ
қабырға түбінде тұрған, мана бақытсыз Фулата ала келген тамақ
салынған себетке көзім түсті. Ішіне сықап қазына толтырылған, енді
біздің моламыз болуға тиісті қарғыс атқан бөлмеге өзіммен бірге ала
кірдім.
Содан соң біз қақпа жаққа қайта оралдық та, Фулатаның денесін
көтеріп алып, алтын толтырылған жəшіктердің жанына əкеп
жатқыздық. Өзіміз шылқыған ен байлықтың қақ ортасына, асыл тастар
толтырылған жəшіктерге арқамызды сүйеп, еденге отыра-отыра кеттік.
– Тамақты мүмкіндігінше көбірек уақытқа жететіндей етіп бөлшектеп
қойғанымыз жөн болар, – деді сэр Генри.
Сол сəтінде-ақ себеттегі тамақты бөліске салдық. Əрқайсымызға
кішкентай-кішкентай төрт өлшемнен ғана келді, яғни қолда бар тамақ
екі күнге əрең жетерліктей ғана. Сүр еттен басқа бізде əрқайсысының
сыйымдылығы бір кварт келетін екі қауақ су бар.
– Ал енді, – деді сэр Генри түнеріңкі үнмен, – ішейік, жейік. Бəрібір
өлеміз, əйткенмен əлденіп алған жөн.


Біз бір-бір кесек қақталған ет жеп, бір-бір жұтымнан су іштік.
Рақаттанып отырып ас ішердей тəбетіміз болмағанын айтып жату
артық, алайда ашығып қалған екеміз, ас ішкен соң əжептəуір əлденіп
қалдық.
Содан соң орнымыздан тұрып, түрмеміздің қабырғасын мұқият
тексеруге, тықылдатып, сипалап қарауға көштік. Бəлки, əлдеқандай
шығар есікке ұшырасып қалармыз деген далбаса. Қайдан болсын,
меңіреу тас қабырға мелшиді де тұра берді.
Осыншама қазына жинақталған үңгірде сыртқа тура шығар есік болуы
мүмкін емес те еді.
Шам жарығы көмескілене берді, май жанып бітуге айналған.
– Куатермэн, – деді сэр Генри маған қарап, – сағатыңыз жүріп тұр ма?
Уақыт қанша болды?
Сағатымды алып, уақытты білдім. Кешкі алты екен, ал үңгірге біз сағат
он бір кезінде кіргенбіз.
– Менің ойымша, Инфадус бізді іздеуге тиіс, – дедім мен. – Егер бүгін
кешке дейін орала алмасақ, ол бізді ертең таңертеңнен бастап іздеуге
шығады.
– Бекер əурешілік, қанша іздесе де таба алмайды. Өйткені құпия есік
жайын, тіпті оның қайда екенін де білмейді. Күні кешеге дейін бұл сыр
бір-ақ адамға – Гагулаға ғана мəлім еді, енді бұдан жан иесі атаулы
тегіс бейхабар. Тіпті Инфадус дəл тапқан күннің өзінде есікті бұза
алмас еді. Қалыңдығы бес фут бітеу жартасты бүкіл кукуан армиясы
тесіп өте алмайды. Достарым, жаратушы құдіреттің маңдайға
жазғанына мойынсұнғаннан бөтен амал жоқ бізде. Қазына қуған талай
адам қайғылы қазаға ұшырап еді. Біз де солардың бірі болдық.
Шам жарығы бұрынғыдан əрмен көмескілене түсті. Кенет ол оқыс
жарқырап жанды; қатарлана үйілген піл азулары, алтын толтырылған
қалаулы жəшіктер, олардың қасында сұлық жатқан Фулатаның өлі
денесі, алмас толтырылған тері қапшық, жарқ-жұрқ еткен сансыз асыл
тас жəне еденде аштық пен шөлден келетін ажалды ғана күтіп
отырған, шаршаған, қажып, торыққан үш адам ең соңғы рет ақ сəулеге
бөленді.


Білте жалп етті де, біржола сөнді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет