Хаггард Генри Сүлеймен патшаның кеніші Орыс тілінен аударған М. Мағауин



Pdf көрінісі
бет19/23
Дата03.11.2022
өлшемі0,98 Mb.
#47311
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23
Байланысты:
Сүлеймен патшаның кеніші 8-12

XVIII тарау
ҮМІТІМІЗ ҮЗІЛДІ
Сол күнгі түннің қаншалық ауыр, қаншалық қорқынышты болғанын
суреттеп жеткізу мүмкін емес. Тек ауық-ауық бойымызды билеген
мейірбан ұйқы ғана біздің мүшкіл хəлімізді аз-маз жеңілдеткендей еді.
Дəл осындай үмітсіз жағдайдың өзінде талығып шаршаған дене тыныс
тілейді екен ғой.
Алайда мен жарытып ұйықтай алмадым. Өлім ноқтасына басымыз
ілінгені, одан құтылар жол жоқтығы туралы ой көкейімнен кетпей-ақ
қойды. Мұндай үмітсіз хəл дүниедегі ең батыл деген адамның өзінің
көңілін қорқынышқа бөлер еді, ал мен өзімді ешқашан да ержүректер
санатына қосқан адам емеспін. Оның үстіне құлаққа ұрған танадай
тыныштықтың өзі адам жанын езіп, көңілге мұң толтырғандай;
сондықтан мұндай тыныштықта көз іліп ұйықтау қиын еді.
Оқушым! Бəлки, сенің ұйқың қашып, төсекте жападан-жалғыз
дөңбекшіп жатқан түндерің болған шығар, ондайда тыныштықтың өзі
кісіге салмақ түсіреді ғой. Бірақ сенің шын мəнісіндегі толық
тыныштық дегеннің не екенін, оның алапат қорқынышын білмейтініңе
мен бəс тігуге бармын.
Қандай тыныш деген шақтардың өзінде жер бетінде əлдебір дыбыс,
əлдебір қимыл болмай қоймайды, бұл дыбыстар құлаққа жетіп, анық
танылып тұрмағанымен, толық тыныштықтың өткір жүзін майырып
жатады дер едім.
Ал біз отырған үңгірге ешқандай дыбыс жетпейтін. Біз төбесін қар
басқан асқар таудың терең қойнауында, жер астында жаттық.
Жоғарыда, бізден əлденеше мың фут биікте ұйытқыған жел ақ қарды
үйіріп, гулеп борандатып тұр, бірақ оның үні біздің құлағымызға
жетпейді. Ұзын үңгіртау іші мен қалың тас қабырға өлі тыныштыққа
бөленген, анда-санда төбеден үзілген тамшы үні ғана естіліп тұрған
Ажал Сарайының өзін бізден қиян алыста қалдырғандай. Тіпті


сатырлаған күн күркірі, гүрсілдеген артиллерия үні тегіс қабаттаса
жер-көкті жаңғырықтырса да ештеңе сезбес едік.
Біз жеті қат жер астына тірідей көмілген, əлемнен аласталған
жандармыз.
Кенет мен өзіміздің басымыздағы хəлдің соншалық оғаштығын бар
жүрегіммен сезінгендей болдым. Шалқыған ен байлықтың ортасында
отырмыз. Біздің иелігіміздегі қазына тұтас бір мемлекеттің ұлттық
қарызын өтеуге немесе бронді кемелерден құралған тұтас бір
флотилия жасап шығуға молынан жетеді. Алайда бұл ғаламат көп
мүкамалды біз осы арадан құтылуға себі тиер иненің жасуындай ғана
үміт сəулесіне ойланбастан садақа етер едік. Сөз жоқ, көп ұзамай-ақ
біз бар қазынаны бір жапырақ нанға, немесе бір ұрттам суға сөз
қайтармастан айырбастар едік. Ақыр аяғында осы қол жетпес
қазынаны өзімізге тезірек ажал келтірер амалдың жолына-ақ құрбанға
шалар едік. Шынында да, өмір бойы бейнеттеніп жиған байлық соңғы
сағаты соққан кезде кімге опа берген, кімге пана болған; көк тиындық
құны бар ма оның?
Түн шексіз ұзаққа созылып кеткендей. Уақыт азап үстінде өте баяу
жылжиды.
– Гуд, – деді кенет сэр Генри. Тылсым тыныштықты бұзған үн төбе-
құйқамызды шымырлатқандай қорқынышты естілді. – Гуд, қанша
шырпы қалды?
– Сегіз, Куртис.
– Біреуін жағыңыз, сағат неше екенін көрейік.
Гуд сіріңке шақты. Түнек қараңғылыққа үйреніп қалған көзіміз сіріңке
жарығының өзіне шағылысты.
Менің сағатым таңғы бесті көрсетіп тұр екен. Қазір ғой, біздің
үстіміздегі қарлы биік таңғы бозамық, əсем сəулеге шомып, маужырап
тұр. Сай-сайдағы түнгі тұман самал жел лебімен сейіліп бара жатқан
шығар.
– Ас ішіп, аз-маз əлденіп алғанымыз жөн болар, – дедім мен.
– Қажеті не, – деді Гуд. – Бəрібір өлеміз. Тезірек келгені жақсы емес пе
ажалдың.


– Көзден жанар сөнгенше көңілдегі үмітті де үзбеген абзал, – деді сэр
Генри.
Біз тамақтанып, бір-екі жұтымнан су іштік. Арада тағы біраз уақыт
өтті.
Сэр Генри сыртқы есік алдына барып дыбыс беруге ұсыныс жасады.
Сырттағы бізді іздеген адамдар даусымызды естуі мүмкін-ау деген
болмашы үміт-дағы. Сондықтан ұзақ жылдар бойы флотта қызмет
атқару нəтижесінде қалыптасқан зор даусы бар Гуд сипалап жүріп тас
қақпа алдына жетті де, жын соққандай айқайлап, үңгірдің ішін азан-
қазан етті. Мен өмірімде құлақ қаңғыртып, бас ауыртқан мұндай қатты
айқай естіп көрмеген едім, бірақ бұл айқай тас қапастың сыртына
шыбынның ызыңындай боп та жетпесе керек.
Ақыры Гуд айқайлап-айқайлап, даусы қарлыққан соң қайтып келді.
Қатты шөлдеп кетіпті, су ішті. Осыдан соң біз құр айқайдың қажеті
болмас деп шештік. Пайдасыздығы өз алдына, онсыз да аз ғана судың
соры екен.
Біз түкке керегі жоқ асыл тастар лықа толтырылған жəшіктерге
арқамызды сүйеп, қайтадан жерге отыра кеттік.
Үн-түнсіз, қимылсыз отырмыз. Азап пен үрей жанымызды жегідей жеп
барады. Өмірден күдер үзіп, дүниеден түңілген мен өзімді бұдан ары
ұстай алмадым. Сэр Генридің қақпақтай иығына басымды сүйеп, ағыл-
тегіл жыладым-ай. Куртистің екінші жағында отырған Гуд көз жасын
əрең ұстаса керек, қарлыққан үнмен, боркеміктігі, жасықтығы үшін
өзін-өзі тынымсыз сөгіп жатты.
Сэр Генри қандай мейірбан жан. Қандай ержүрек адам. Гуд екеуміз
бойын үрей буған екі бала, ал ол біздің тəрбиешіміз болған күннің
өзінде осыдан артық қамқорлық жасай алмас еді. Өз басындағы күйді
біржола ұмытып, екеумізді жұбатуға кірісті, көңілімізді тоқтатып,
бойымызға қуат беруге тырысты. Дəл осы біз сияқты қиын хəлге
түскен, ғайыптан аман құтылған əлдебір адамдар туралы хикаялады.
Онысынан бəрібір ештеңе шықпайтынына көзі жеткен соң біздің
қазіргі күйіміз тек ажал алдындағы үрей ғана екенін айтты, өзекті
пенденің көрері бір өлім, көп ұзамай бəріміздің де жанымыз жай


таппақ. Тіпті аштан өлу басқа өлімдерден көп жақсы деп те қойды
(əрине, мұнысы ешбір қисынға келмейтін өтірік еді).
Содан соң ол ұяң дауыспен тағдырдың басқа салғанына көну керек
деді. Мен бұл сөзді іштей толығымен қабылдадым.
Сэр Генридің мінезі мінез-ақ қой. Неткен байсалды, неткен қажырлы
жан.
Сөйтіп, түн артынан күн де өтіп жатты. Əрине, түнек қапаста отырған
бізге күн-түні бəрібір еді. Уақыт мөлшерін білгім кеп сіріңке шақсам,
сағат жеті екен.
Біз тағы да ас-су іштік. Міне, дəл осы кезде менің басыма күтпеген ой
келді.
– Неге, – дедім мен, – ауа үнемі таза боп тұр. Рас, қапырық, бірақ ауа
біз алғаш осы үңгірге кірген кездегі қалпында.
– О, құдірет?! – деді Гуд дауыстай атып тұрып. – Бұл менің ойыма да
келмепті. Ауа тас қақпадан өте алмайды, өйткені жартас қашалып,
берік жабылған. Егер əлдеқайдан таза ауа кеп тұрмаса, біз баяғыда-ақ
тұншығып өлетін едік. Қане, іздеп көрейік!
Осы болмашы ғана үміт сəулесі бізді соншама желпіндіріп, көңіл
күйімізді көтеріп тастады. Əлдебір қуысқа ұшырасып қалмас па екеміз
деген алдамшы үміт жетегінде қолма-қол іске кірістік; еңбектеп, төрт
тағандап жорғалап жүрміз. Бірақ бəрі де бос əурешілік болды. Көп
ұзамай-ақ менің лепірген көңілім су сепкендей басылды. Қолым
əлдебір салқын нəрсеге тиген. Өлі Фулатаның беті екен.
Бір сағаттан артық машақат шектік. Ақыры түнек қараңғылықта бірде
піл азуына, бірде қазыналы жəшікке, бірде тас қабырғаға соғылып,
əбден берекеміз кеткен соң сэр Генри екеуміз үміт үзіп, іздеуді
тоқтаттық. Бірақ Гуд өзінің өнімсіз тіршілігін жасай берген. Əйтеуір
қарап отырып өлгеннен жақсы ғой деп қояды. Даусы да ширақ.
– Достарым, – деді ол кенет тұншыға оқыс дауыстап. – Мұнда
келіңдер!
Біз қараңғыны қармалап, асып-сасып, дауыс шыққан жаққа қарай
ұмтылдық.


– Куатермэн, мен қолымды ұстап тұрған жерге сіз де алақаныңызды
тосып көріңізші. Ал, қалай, ештеңе байқадыңыз ба?
– Меніңше, ауа дəл осы арадан өтетін тəрізді.
– Ал енді құлақ салыңыз.
Гуд орнынан тұрды да, тебініп-тебініп қалды. Сол сəтінде біздің
көңіліміздегі үміт оты да лап етіп жарқырап жанғандай болды: дыбыс
дүңкілдеп шыққан.
Қолдарым қалт-құлт етіп, сіріңкені əрең шақтым. Бөлменің ең түпкі
бұрышында тұр екенбіз, сірə, осы уақытқа дейін бұл жерге аяқ
баспасақ керек.
Сөз жоқ, біздің астымыз қуыс еді. Сіріңке жарығында тас еденге
бажайлай қарадық. Тұтас жалпақ тас бетінен əлдебір жарықшақ
көзімізге шалынғандай болды. Үңіліп қарасақ – о, құдірет, еден
деңгейімен шамалас жатқан тас тұтқа. Тіл қатып, бірдеңе айтуға
шамамыз келмеді. Буын-буынымыз дірілдеп, жүректеріміз атқалақтап
соғып, есіміз шығып кеткен.
Гудтың бір жақ басы ілдіргелі бəкісі бар еді. Соны ашты да, тұтқаны
еппен іліп алып, жайлап көтере бастады. Ілдірге сынып кете ме деп
жанымыз шығып барады. Тұтқа ептеп көтеріле берді. Əлденеше ғасыр
бойы қозғалыссыз жатқанымен, орнығып қалған жерінен жылжыды.
Егер тұтқа тас емес, темірден жасалған болса, қозғалта алмас едік.
Біраздан соң тұтқа жоғары көтерілді.
Енді Гуд қолымен тұтқадан ұстап алып, табандап тартты.
Бірақ тас тақта тұрған жерінен мызғымады да.
– Былай кет, енді мен байқап көрейін, – дедім дегбірсізденіп.
Тұтқалы тас дəл бұрышта тұрған. Екі адам қатарынан ұстауға жер тар.
Мен тұтқадан алып, бар күшіммен ары тарттым, бері тарттым –
ештеңе шықпады.
Енді сэр Генриге кезек келді. Ол да түк өндіре алмады. Гуд бəкісін
қайтадан алып, ауа келіп тұрған жарықшақ қуысты, тас төңірегін тегіс
тазартып шықты.
– Ал енді, Куртис, – деді содан соң, – жұмысқа кірісіңіз. Бір өзіңізде
екі кісілік күш бар, аянбай қимылдауға тура келеді. Тұра тұрыңыз. Гуд


қайда барса да тастамай жүрген қара жібек орамалын мойнынан алып,
тұтқадан өткізді. – Куатермэн, Куртистің белінен құшақтаңыз. Мен
айтқан кезде бар күшпен тартыңдар. Ал тартайық!
Алып күшті сэр Генри бар қайратын сап, табандай тартты. Өз
қауқарымызша Гуд екеуміз де тырбаңдап жатырмыз.
– Тартыңдар! Тартыңдар! Орнынан қозғалды! – деді ышқына айқайлап
сэр Генри. Мен оның жота сүйектерінің сықырлағанын, бұлшық
еттерінің сытырлағанын құлағыммен естігендей болдым.
Кенет тас қақпақтың сарт етіп ашылған дыбысы естілді. Үңгір ішіне
таза ауа лап берді. Үлкен тас тақтаны үстімізге ала бəріміз бірдей
шалқалай құладық.
Тас қақпақ сэр Генридің алып күшінің арқасында ғана ашылғаны
күмəнсіз еді, Сірə, дүлей қара күш өз иесіне ешқашан дəл осындай
үлкен пайда келтірмеген шығар.
– Шырпы шағыңыз, Куатермэн, – деді сэр Генри біз орнымыздан
тұрып, ентігімізді баса бергенде. – Байқаңыз! Ал жағыңыз!
Сіріңке жарығында біз (шүкір, аллаға) үңірейген қуысты, оның ар
жағынан тас баспалдақтың алғашқы сатысын көрдік.
– Енді не істейміз? – деп сұрады Гуд.
– Əрине, осы сатымен төмен түсеміз де, тағдырдың маңдайға
жазғанын көріп аламыз.
– Тұра тұрыңдар! – деді сэр Генри. – Куатермэн, ет пен судың
қалғанын ала жүріңіз. Бізге қажеті болады əлі.
Мен қараңғыны қармалап, мана өзіміз отырған жерге қарай жүрдім.
Жолай басыма мүлде күтпеген ой орала кеткені.
Соңғы жиырма төрт сағат бойы асыл тастар туралы ойлауға мұршамыз
келмеді; ол тарапта əңгіме қозғаудың өзі ауыр көрінген, өйткені бізді
ажалды жерге айдап əкелген де осы қазына дерті ғой. Алайда, дəл осы
сəтте мен бірнеше уыс тас ала кеткен теріс болмас деген ойға тірелдім.
Бəлки, осы қарғыс атқан үңгірден аман құтылармыз. Сондықтан
алғашқы жəшікке қол салдым да, үстімдегі аңшылыққа арналған көне
күртемнің қалтасын сықап, асыл тастарға толтырып алдым. Содан соң,


ойыма келе кеткені мұндай жақсы болар ма, үшінші жəшіктен бір уыс
ірі тасты тағы алдым.
– Ау, достарым, – дедім айқайлап, – өздеріңмен бірге біраз асыл тас
ала жүрмеймісіңдер? Мен барлық қалтамды сықап біттім.
– Шайтан алсын бұл гауһарды, – деді сэр Генри. – Тəңір жазса, енді
қайтып асыл тас атаулының маңынан жүрмеспін.
Ал Гуд мүлде жауап бермеді. Менің ойымша, бұл сəтте ол өзін ыстық
жүрек, таза көңілден соншалық сүйген бейшара қыздың өлі денесімен
қоштасып жатқан болуы керек.
Оқушым, сен қысталаң хəлден аулақ, өзіңнің үйреншікті
мекенжайыңда отырсың. Біздің соншама ен байлықты ойланбай тастап
жүре бергеніміз саған қисынсыз көрінуі анық. Егер сенің өзің жиырма
сегіз сағат бойы жеті қат жер астындағы тас қапас ішінде, болмашы
ғана ас-су ішіп, тек ажал ғана күтіп отырсаң, енді азапты өлімнен бас
сауғалай қашып, тағы бір қуыспен жер астына одан да ары түсуің
қажет болса, асыл тас, ен байлық туралы ойлап жатуға мұршаң келмес
еді. Егер менің көпті көрген мол тəжірибем, жолда жатқан қажет
нəрсені тастамай қолға қыстыра кетуді əдет еткен мінезім болмаса,
қалтаға асыл тас толтырып алу ойым түгіл түсіме кірмейтін еді.
– Жүріңіз, Куатермэн, – деді тас баспалдақтың бірінші сатысында
тұрған сэр Генри мені асықтырып. – Байқаңыз. Кеттік, мен алда
жүрем.
– Сақ болыңыз, төменде терең апан жатпасын, – дедім мен.
– Апан емес, тағы бір үңгірге ұшырайтын шығармыз, – деді сэр Генри.
Баспалдақты санамалап басып, жайлап төмен түсе берді. Саты саны он
бес болғанда ары қарай жүрмей бөгеліп тұрып қалды.
– Баспалдақ бітті, – деді ол. – Құдайға шүкір! Ары қарай жүретін қуыс
жол бар сияқты. Төмен түсіңдер!
Баспалдақпен екінші болып Гуд жүрді, Мен оның соңынан ердім.
Сатыдан түсе сала өзімде қалған екі шырпының бірін жақтым. Енсіз,
ұзын үңгіртау ұшығында тұр екенбіз. Біз жаңа түскен баспалдаққа тік
бұрыштана келіп оңға жəне солға тартқан екі айыр үңгіртау. Бұдан
бөтен ештеңе көруге мүмкіндігіміз болмады, Шырпы жанып болып,
менің қолымды күйдіре бере сөнді.


Міне, енді біз қиын таңдау алдында қалдық. Қалай қарай жүру керек?
Оңға ма, солға ма? Əрине, бұл үңгіртаулардың не мəні барын, қайда
бастап апарарын болжап білу мүмкін емес-ті. Əйткенмен екеуінің бірі
болмаса бірі бізді еркін дүниеге шығаруы, ал енді бірі ажал аранына
апарып түсіруі де мүмкін.
Не істерімізді білмей абдырап біраз тұрдық. Кенет Гуд сіріңке
жағылған кезде ауа толқыны отты солға қарай шалқытқанын айтты.
– Жел лебіне қарай жүрейік, – деді ол.
– Бұл жерге ауа сырттан келіп тұр емес пе.
Бұл сөзді біз де мақұлдадық.
Əр қадамды именшектей басып, тас қабырғаны бойлай сипалана,
ептеп жүріп келеміз. Аттаған сайын қарғыс атқан қазынадан алыстай
бердік. Егер болашақта бұл қоймаға əлдекімдер келе қалса (бірақ бұл
араны енді қайтып тірі адам баса алмайтынына сенем) біздің бұл
жерде болып кеткенімізді аузы ашылған қазыналы жəшіктерден,
жанып біткен майшамнан, сорлы Фулатаның ақсөңке боп қураған
сүйектерінен танып білер.
Біз қабырғаны сипалаған мимырт қозғалыспен он бес минуттай
жүрген соң үңгіртау шұғыл бұрылыс жасады. Сірə, оның екінші бір
үңгірмен қиылысқан жеріне келсек керек. Біз ары қарай жүріп кеттік.
Көп ұзамай үшінші бір үңгіртауға тағы түстік. Бірнеше сағат бойы
осылай болды да отырды.
Шытырман жолды тас лабиринтке түскен тəріздіміз. Жол тауып шығу
мүмкін емес сияқты.
Əрине, бұл толып жатқан айқыш-ұйқыш қуыстардың нендей мəні
барын мен əлі де білмеймін; бірақ біз бұл – көне замандағы кен іздеген
жолдар болар деп шештік. Асыл тасты жыныстың ыңғайымен оңды-
солды қазыла берген. Үңгіртаулардың соншама көптігі жəне ретсіз
салынуы тек осы себепті ғана деуге болады.
Ақыры біз əбден əліміз құрып, отыра кеттік. Аман-есен кең дүниеге
шығуға ешқандай мүмкіндік жоғын аңдадық. Жүректеріміз мысық
тырналағандай шанышқылап қоя берді. Қалған бір-бір жапырақ


етімізді жедік. Қанымыз кеуіп бара жатқан соң ең соңғы жұтым
суымызды да іштік.
Қазыналы үңгірден аман құтылдық, сондағы үлесімізге тигені
көртышқанның ініндей мың тарау түнек қуыстың ішінде өлу екен.
Ұнжырғамыз түсіп, өмірден үмітімізді үзіп біраз отырдық. Кенет менің
құлағыма əлдебір дыбыс шалынғандай болды. Серіктеріме айттым.
Бəріміз де құлақ тіге қалдық. Шынында да өте алыстан сылдыраған
əлдебір əлсіз дыбыс жетті. Біздің сол кездегі масайрағанымызды
айтсаңызшы. Соншама шексіздікке созылған бірнеше сағат бойғы ың-
шыңсыз өлі тыныштықтан соң құлағымызға шалынған бұл дыбыс
бізге жарық дүниенің хабаршысындай көрінген.
– Тəңірі атымен айтайын, бұл – сылдырап аққан судың дыбысы, – деді
Гуд. – Жүріңдер.
Сылдыр естілген жаққа қарай жылжыдық. Əуелгідей, тас қабырғаны
бойлап, болмашы ғана сылдыраған дыбысқа қарай жүріп келеміз.
Ілгері озған сайын дыбыс ұлғая берді. Ең ақырында, төңіректі буған
өлі тыныштықты қақ жарып, салдыр-күлдір етіп жатқандай, өте күшті
боп көрінді бізге.
Алға қарай жылжи бердік, жылжи бердік. Енді анық көзіміз жетті, бұл
– өте қатты аққан судың дыбысы еді. Əйткенмен де, жер астынан
сылдырап ағып жатқан бұл нендей жұмбақ су?
Суға өте жақын қалған сияқтымыз. Алда келе жатқан Гуд судың иісін
анық сездім деп ант та ішті.
– Байқаңыз, Гуд, – деді сэр Генри. – Біз, сірə, суға тақап қалсақ керек.
Кенет шалп еткен дыбыс естілді, Гудтің жанұшырған айқайы қоса
шықты. Ол суға құлаған еді.
– Гуд, Гуд! Қайдасың? – деп айқайластық біз зəреміз ұшып.
Гудтің тұншыға шыққан даусы естілгенде уһ деп демімізді əрең алдық.
– Уақа емес, – дейді ол. – Мен жартастан ұстап тұрмын. Сіріңке
жағыңдар. Қайда тұрғандарыңызды көріп алайын.
Мен асығыс қимылдап, ең соңғы шиімді шақтым. Шырпының əлсіз
жарығы біздің дəл аяғымыздың астында ағып жатқан қап-қара су
бетіне түсті. Өзеннің қаншалық енді екенін аңдай алмадық, бірақ


досымыздың бізден біраз жерде жартастың ұшына ілініп тұрғанын
көрген едік.
– Ал мені ұстай алуға əзірленіңдер! Сендерге қарай жүзем, – деді ол
айқайлап.
Содан соң шолп еткен дыбыс естілді. Гуд қатты ағыспен жанталаса
алысып, бері қарай жүзіп келеді. Арада бір минут өткенде аман-сау
біздің қасымызға да жетті. Еміне қолын созып тұрған сэр Генри оны
жағаға жете бергенде-ақ ұстай алған. Екеулеп судан суырып
шығардық.
– Құдай ақы, – деді Гуд алқына дем алып, – өлдім-ақ қой деп ем. Егер
дес беріп, жартастың ұшы қолыма іліне кетпегенде бітіп ем.
Малтығыш болмасам да өледі екем.
Аяғым жерге жеткен жоқ, су терең. Əрі ағысы өте қатты.
Бұдан ары жүре алмайтынымыз анық еді. Гуд біраз дем алды. Бəріміз
де жер асты өзенінен су ішіп рақаттанып қалдық. Тұщы екен. Тіпті өте
дəмді көрінді, Салқын суға бет-аузымыздың балшығын жуып, біраз
сергігендей болдық.
Содан соң африкалық Стикспен1 қоштасып, үңгіртаумен кері қарай
жүрдік. Үстінен су тамшылаған Гуд алда келеді. Ақыры біз айырық
үңгір оңға қарай кететін жерге жеттік.
– Несі бар, осылай қарай бұрыла салайық, – деді сэр Генри қажып-
шаршаған дауыспен. – Мұнда бір жолдан екінші жолдың айырмасы
жоқ. Тек əліміз құрып, құлап түскенге дейін жүре беруіміз керек.
Жаңа үңгіртауга түстік те, сүйретіле басып, мимырттап ұзақ жүрдік.
Енді алда сэр Генри келе жатыр.
Кенет ол қалт тұра қалды. Қараңғыда серігіміздің бөгелгенін
көрмегендіктен біз онымен соқтығысып қалдық.
– Қараңдар! – деді сыбырлай сөйлеп. – Мен ақылымнан алжастым ба,
əлде анау – шынында да жарық сəуле ме?
Біз түнекті тесе үңілдік. Алда, алыста болмашы ғана бозғылтым дақ
көрінді. Жарық өте əлсіз еді. Ұзақ уақыт бойы түнек қараңғылықтан


бөтен ештеңе көрмегендіктен ғана аңдап байқаған тəріздіміз.
Жүректеріміз аузымызға тығыла, асыға алға ұмтылдық. Кеудемізде
қайтадан үміт оты тұтанған.
Арада бес минут өткенде көңілімізде ешқандай күмəн қалмады. Бұл
бозғылтым дақ шынында да жарық сəуле белгісі еді. Тағы бірер
минуттан соң таза ауа лебін анық сезіндік. Шаршағанымызға
қарамастан алға қарай жүре бердік, жүре бердік.
Кенет үңгіртау оқыс тарылды. Сэр Генри бұдан ары төрт тағандап
еңбектеуте көшті. Үңгір тарылған үстіне тарыла берді.
Ең аяғында бұл қуыс топырақтан қазылған еді. Тас үңгір бітті.
Алға қарай еміне ұмтылған сэр Генри топырақты қопара-мопара іннен
шықты. Оның соңынан Гуд екеуміз де кең дүниеге шықтық.
Төбемізде жұлдыздары самсаған аспан жарқырап тұр.
Көкірек кере таза ауамен дем алдық.
Кенет аяғымыздың астындағы топырақ сусып қопарылды да, біз
тоңқалаң асып, жолдағы бұталарды сындырып, шөпті жапырып,
дымқыл, жұмсақ түйетайлы беткеймен төмен қарай домалай жөнелдік.
Мен əлденеге жармасып, ағынымды тоқтаттым. Басымды көтеріп
отырдым да, бар даусыммен айқай салдым.
Өзімнен төменіректен, таяу жерден сэр Генридің жауап қата
айқайлаған даусы естілді. Қатты домалап бара жатқан жолында сəл-
пəл тегістеу жер кездесіп, сол арада тоқтаған екен. Еңбектеп қасына
бардым. Ентігіп, демін əрең алып отыр, бірақ аман-сау, денесіне
ешқандай зақым келмепті.
Екеуміз бірігіп Гудті іздеуте кірістік. Көп ұзамай тауып та алдық.
Əлдебір айыр томарға ілініп қалған екен. Əбден сілікпесі шығыпты,
бірақ көп ұзамай есін жиды.
Біз шөп үстіне отырыса кеттік. Бастан кешкен үрей, азап, михнаттан
соң бойымызды билеген сезімнің күштілігі соншалық, бəріміз бірдей
еңіреп жылап та алсақ керек.


Біздің моламызға айналуға тиіс қапас қақпаннан аман шықтық. Бізді
сыртқа шығар жолға əлдебір мейірбан рух бастаған тəрізді. Үңгіртау
біткен жерде қорқау қасқырдың іні болғанын айтсаңызшы. Біздің
қарсы алдымыздағы сеңгір шың басына қызғылтым таң сəулесі
қонақтады. Енді қайтып таң жарығын көрем деп кім ойлаған.
Көп ұзамай сұрғылт сəуле тау басынан сырғи төмен түсті. Сонда ғана
біз өзіміздің кен қазылған алып апанның түбінде, үңгірге кіре беріс
тұста отырғанымызды аңдадық. Шұңқыр жиегінде тас тұғырда тұрған
үш Тұнжырдың көмескі бейнесі таныла бастады.
Сөз жоқ, біз түні бойы қаңғып жүріп өткен, өзімізге шексіз ұзақ
көрінген толып жатқан үңгіртаулар бір заманда осы кен қазылған
апанмен жалғасып жатса керек. Ал тау астындағы ағын суға келсек,
оның нендей өзен екені, қайдан басталып қайда баратыны тек бір
тəңірге ғана аян. Оның мəн-жайын тексеруге менің титтей де
құштарлығым жоқ.
Қаракөлеңке жарық алагеуімге айналды. Біріміздің бетімізді біріміз
сонда ғана көрдік. Айта кету керек, мен бұрын-соңды сұқпыты дəл сол
күнгі таңертеңгі бізге ұқсас тірі пенде көрмеген шығармын.
Ұрттарымыз суалған, көздеріміз шүңірейген. Бас-аяғымыз тегіс лай,
топырақ. Бет-аузымыз қанаған, көгерген, іскен жарадан көрінбейді.
Ұзақ уақыт бойы көңілімізге ұялаған ажал көлеңкесі жүзімізден əлі де
кете қоймапты. Бір сөзбен айтқанда, біздің кейпімізден адам түгілі
жарық күннің өзі шошырлықтай.
Бірақ осының бəріне қарамастан Гудтың моноклі сол сəнді, салтанатты
қалпында өз орнында тұр екен. Соншама уақыт бойы бір рет те алып
көрмеді-ау деймін. Қараңғы үңгір, шытырман үңгіртау да, жер асты
өзені де Гудтың монокліне кесел келтіре алмапты. Тіпті кен қазылған
апанның түйетайлы беткейімен допша домалағанда да түгі кетпеген.
Отыра берсек аяғымыз ұйып, сіресіп қалар деген қауіппен, көп ұзамай
орнымыздан тұрдық та, тік беткеймен тырмыса жоғары өрледік.
Жіліншіктеріміз үзіліп, əрең жүріп келеміз. Кейде шөпке, кейде бұта
мен томарға жармаса өрмелеп, бір сағаттай жүрдік.
Ақыры азапты саяхат та аяқталды. Біз апаннан шықтық. Шұқыр
жиегінде, пұт құдайлардың қарсы алдында, Даңғыл Жол үстінде


тұрмыз.
Жолдан жүз ярдтай жерде, бір топ лашық алдында алаулай от жанып
жатыр екен. От басында əлдекімдердің көлеңкелері қарауытады.
Біз бірімізді біріміз сүйеп, селбесіп, бес-он қадам сайын тыныстап аял
жасап, солай қарай жылжыдық.
Кенет от басында отырған адамдардың бірі бізді көрді де, зəресі ұшып
бақырып жіберді.
– Инфадус! Инфадус! Бұл біз ғой, біз сенің достарыңбыз! Инфадус
орнынан атып тұрып, бізге қарай жүгірді. Көздері ұясынан шығып
кеткен, жүзінде үрей табы бар. Дір-дір етеді.
– О, əмірші иелерім, о тақсыр иелерім! Сендер шынында да о
дүниеден оралдыңдар! Сендер о дүниеден оралдыңдар!
Сөйдеді де, қарт жауынгер біздің алдымызға етпеттеп жата кетті. Сэр
Генридің аяғын құшақтай алып, қуаныштан еңіреп жылап жіберді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет