18. Махамбет өлеңдерінің құрылысы мен стилі. Ақынның тіл шеберлігі .
Ұлт поэзиясы тарихында өзіндік үні, стилі, ерекшелігі, орны бар Махамбет Өтемісұлының əдеби мұрасы аз зерттелген жоқ. Оған ақын поэзиясының тақырыбы, жанры, идеясы, стилі, тілі, лексикасы, көркемдік əлемі хақында əдебиетші-тілші ғалымдар тарапынан жазылған үлкенді-кішілі ғылыми мақалалар, зерттеу-монографиялар дəлел. Тұңғыш рет өлендер жинағын топтастырып, тасқа бастырған Х.Досмұхамедұлының игі бастамасы М. Əуезов, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, 3. Қабдолов, Сүйіншəлиев, Қ. Өмірəлиев, Р.Сыздықова, Ж. Тілепов, Қ. Сыдиықов, Қ. Мəдібай, тағы басқа ғалымдар еңбектерінде жалғасын тауып, ақын мұрасы ғылыми тұрғыдан жан-жақты бажайланды.
Халел ақын шығармашылығы туралы, Исатай-Махамбет көтерілісінің себептері, барысы, ондағы тарихи тұлғалар хақында тереңнен қозғап, алғаш рет жан-жақты қарастырған. Махамбеттің жыраулығы, оның ел арасында тараған сөздері, əсіресе Баймағамбет сұлтанға айтқан сөздері туралы жазады. Ақындық алымының өзгеше екеніне тоқталады.
Мұхтар Əуезов «Əдебиет тарихы» еңбегінде ақын мұрасы туралы, оның зар заман ақындарымен үндестігін сөз етіп, қимыл мен күрестің өзгеше жыры ретінде зерделесе, ал Сəбит Мұқанов бостандық рухындағы ақын деп бағалады.
Қажым Жұмалиев ақынның өмірі, шығармашылық ғұмырнамасы, өлеңдерінің көркемдік ерекшелігі, тілі, поэзиясының тарихи мəні хақында таратып айтады. Ақын қолданатын сөз образдарының мағыналық дəлдігіне, өлең жолдарының ішкі логикалық беріктігіне, біртұтас жүйесіне ерекше назар аударады.
Қазақ халқының тіл байлығын сергек көңілмен, сезімтал оймен қажетіне керегінше жарата білгенін тілге тиек ете келе, «тілінің байлығы жағынан жəне оны шебер қолдана білуі жағынан Махамбет атақты сөз ұсталарының қайсысынан болсын кем түспейді. Махамбет тілінің асқан көркемдігі, əр алуан поэтика тілдердің элементтерін (эпитет, теңеу, троп, фигуралардың түрлерін) жеке де, өзара байланысты түрде де өте шеберлікпен қолдана алуында ғана емес, ең алдымен, оның өлеңдерінде кездесетін сөз образдарының өмір шындығына дəл келетіндігімен, сөйлем құрылыстарының ішкі логикалық байланыстарының беріктігінде» , — деп атап көрсетеді.
Ақын өлеңдері тек жауынгерлік өнерге, ерлік тақырыбына ғана арналған сөздерден тұрмайтыны, халықтың өмірін, тыныс-тіршілігін, əр алуан қарым-қатынастарын, заман көріністерін суреттеу барысында халықтық тілді де мейлінше еркін, мол, сəтті қолданғанын білеміз. Сөздің сыртқы сұлулығымен қатар, ішкі иірімі, логикалық құрылымы, тыңдаушының жан дүниесіне, сезіміне əсер ете аларлық қуаты да ақын өлеңдерінің көркемдігін арттыратыны анық.
Махамбет поэзиясындағы сөздердің стильдік-мағыналық қолданысы өзіндік ерекшелікке ие екендігі даусыз. Махамбет өлеңдері негізінен күрескерлік, жауынгерлік рухта туған өлеңдер. Осыған орай Махамбетте кездесетін көркемдік-бейнелеу құралдары, көбіне, осы үлгіде жасалған.
Ақын өлеңдерінде тұрақты эпитеттермен қатар, өзіне тəн сөз бедерлерін (біздің қайсар батырдың, ақ көңіл, аңқау жүрекпен, бұлттан шыққан шұбар күн), эпостық-батырлық жырларға тəн дəстүрлі теңеу сөздермен бірге теңеу сөздерді қолдануда өзіндік ерекшелігін (Кұландай ащы дауыстым, Құлжадай айбар мүйіздім), метафоралар (мен қарақұстан туған қалықпан, мен түбін кескен бəйтерек), анафора, психологиялық параллелизм, қайталау, инверсия, ассонанс, аллитерация т.б. көркемдік-бейнелеу құралдарын зерттеуші-ғалым əдебиеттану мен тіл білімінің ортақ нысаны ретінде жан-жақты саралап, өзара байланыста салмақтап, саралайды.
Достарыңызбен бөлісу: |