111. Ш. Уәлиханов – публицист жазушы («Құлжа күнделіктері», «Алты шаһар немесе Қашқария туралы», «Іл өлкесінің географиялық очеркі» т.б.). 1858 жылдың 1-қазанында Қашқарияға аттанған ол еліне алты айдан соң оралады. Бұл өте қауіпті сапар еді. Өйткені, содан бір жыл бұрын қашқар жеріне жасырын кірген неміс ғалымының басы шабылған болатын. Еуропа үшін беймәлім, жұмбақ елге Ресей үкіметінің арнайы тапсырмасымен саяси астыртын барлауға аттанған. Ол – қазақтан шыққан тұңғыш әскери барлаушы. Сезік тудырмау үшін бөтен елде жүріп, ештеңені де қағазға түртіп алуға болмайтын. Шоқан көрген-білгенін жадында сақтап алып, қауіпті жағдайда күнделік жүргізіп отырды. Қашқар халқының өнеркәсібі мен саудасы, үкіметі, саяси жағдайы, жер жайы туралы жинап қайтқан бай мағлұматтарын Ресей әскери мақсатта пайдаланды. Қарындашпен салған суреттері де Қашқарияның тұрмыс-салтынан көп хабар берді. Зерделі ғалым бұл сапарға бел буғандағы өз мақсатын ұмыт қалдырмады. Қашқарияның салт-дәстүрін, тарихын, мәдениетін зерттеп, сирек қолжазбаларды, тау жыныстарын, біршама деректік заттарды алып қайтқан. Бұл 1859 жылдың жаз, күз айлары болатын. Шоқан сол әкелген материалдарын сұрыптап, ретке келтірді де 1860 жылдың басында Петербургқа аттанады. Осы жылдары Шоқан көп ізденеді, қоғамдық өмірге молынан аралысады, көптеген шығармаларды оқып, газет-журнал материалдарын үзбей оқып жүреді. Ол жайында Шоқанның досы Н.М.Ядринцев былай дейді: «1860-шы жылдарда Уәлиханов орыс өмірінің беталысын, оның жаңаруын бақылап отырды. Ол таңдаулы журналдарды үзбей оқыды». Петербургта 1861-1862 жылдары болып, ғылыми комитеттің тапсырмасымен Орта Азия мен Шығыс Түркістанның карталарын құрастырады. Бірақ Петербургтың ылғалды ауасы жақпай, кадеттің тас қабырғалы үйлерінің сызынан пайда болған көкірек ауруы асқынып, Сырымбетке оралады. Ғұмырының қысқалығын сезгендей, емделумен бірге ғылыми зерттеулерін үзбей жалғастырумен болды.
112. Шоқанның фольклор, әдебиет тарихы, поэзия жанрлары туралы зерттеу еңбектері. («Қазақ шежіресі», «Қазақ халық поэзиясының түрлері жөнінде», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» т.б.). Шоқанның көпке мәлім еңбектері ішінде мәдениетімізге тікелей қатысы бар ең көлемділері мыналар: “Абылай”, “Шаман дінінің қазақ арасындағы қалдықтары”, “Елдегі мұсылманшылдық туралы”, “Қырғыздар туралы жазбалар”, “Қазақтың ертедегі қару-жарақтары”, “Жоңғария очерктері”, “Қазақ шежірелері”, “Жәмиғ-ат-тауарихтан ”, “Алты шахардың хал-жайы”, “Сібір тарихынан хаттар”, “Көкетай ханның өлімі”, “Сібірге қарайтын қазақтардың сот құрылысын өзгерту туралы”, “Құлжа күнделіктері” және басқалар. Ал, әдебиет саласындағы зерттеулері, сан-салалы еңбектері-баға жетпес мол қазына.
Шоқанның шығармаларын зерттеу мәселесіне келсек, оның мақалалары мен хаттарының жинағы 1949 жылы екі тілде басылып шықты. 1858 жылы Шоқанның бір томдық таңдамалы шығармалар жинағы Ә.Марғұланның басшылығымен жарық көрді. 1978 жылы Шоқанның шығармалар жинағы үлкен бес кітап болып шықты. Шоқанның біраз еңбектері әдеби зерттеу саласына арналған. Оның ішінде: “Қырғыз-қайсақтардың үлкен ордасына қарасты елдердің аңыз-әңгімелері”, “Бұқардың Абылайды жоқтауы” және “Қазақ халық поэзиясының түрі туралы” еңбектері — поэзиямыздың теориясы туралы тұңғыш зерттеулер.
Шоқан өз еңбектерінің өзегі етіп, қазақты, оның әдебиеті мен мәдениетін орыс пен Еуропа жұртшылығына таныстыруды мақсат тұтқан. Ол, ең алдымен, қазақ халқының ақындық қабілетін жоғары бағалайды.
Шоқанның әдеби зерттеу еңбектерін 3 топқа бөлуге болады:
Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері, ақындар, олардың шығармалары туралы мәлімет;
Қырғыз бен қазақ халықтарының ауыз әдебиеті туралы зерттеулер;
Қазақ пен қырғыз поэзиясының түрлері туралы теориялық зерттеулер.
Шоқан – қазақтың тұңғыш ағартушысы, елін ілгерішіл мәдениетке үндеген адал ниетті азамат. Оның еңбектері ұлттық мәдениетіміздің алтын қорына қосылған зор үлес деп танылады.