109. Ш.Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығы. Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов 1835 жылы Сырымбет даласында дүниеге келген. Оның шын аты Мұхаммед-Қанафия. Ел аузында қалған сөздерде оның азан шақырып қойған әуелгі атының Шоқан болып өзгергені де осы тұрғыдан байыпталады. Үлкендердің қасында тапжылмастан шоқиып отырып әңгіме тыңдайтын баланы ата-анасы: «Шоқиғаным, Шоқаным», - деп еркелетеді екен. Ақырында оны кейіннен бүкіл ағайын-туған, ел-жұрты да осылайша атап кетті.
Шоқанның шыққан ортасы – қазақтың хан-сұлтан төре тобы. Әкесі – Шыңғыс - Омбы әскери училищесін бітірген, орысша сауатты, офицерлік чині бар (полковник болған) адам. Ал Шыңғыстың әкесі Уәли мен шешесі Айғаным да хандық құрған адамдар. Арғы аталары тарихқа белгілі – Абылай хан.
Шоқан титтейінен алғыр, зейінді болып өсті. Тілі де ерте шығып, зеректігімен көзге түсті. Әсіресе ол сәби шағынан үлкендердің әңгімесіне ерекше қызығушылық танытар еді. Әдетте аға-сұлтан ордасына ат басын бұрар қонақ көп. Олардың арасында әкімшілік жайымен жүрген ел билеушілерімен қатар, ескі әңгімелерді мол білетін құйма құлақ қариялар, кезінде талай жорықтарды бастан өткерген кеуделі батырлар, сөзден өрнек өретін билер мен шешендер, жыраулар мен өнерпаздар да баршылық. Сондайда Шыңғыс шаңырағында нешеме қилы әңгімелер арнасының ағыл-тегіл ақтарылып жататын дағдысы бар. Ал оларды есі кете қызығып тыңдаушылардың бірі – сол үйдің кішкентайы Мұхаммед-Қанафия.
Айғаным әжесі Шоқанға 5-6 жасынан елінің қисса-дастандарын оқытып, батырлық жырларын жатқа айтуға баулыған. Сырымбетте жүрген кезінде-ақ ол ел аузындағы «Ер Қосай», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ер Көкше» сияқты дастандардың бірнеше нұсқасын жазып алған.
110. Ш.Уәлиханов – қазақ тарихы мен әдебиетін, фольклоры мен этнографиясын зерттеуші, ағартушы, ұлы ғалым. Шоқан 1856 жылдан бастап ұлы саяхат сапарына шығады. Жас ғалымның ұлы сапарлары Орта Азиядан бастау алған. 1856, 1857 жылдары әскери экспедициямен қырғыз жерін аралап, әдет-ғұрпын, әдебиетін, өсімдіктер және хайуанаттар әлемін зерттей бастайды. Шоқан – қырғыз жерін, олардың «Манас» жырын ең алғаш зерттеп, Еуропаға әйгілеген ғалым. Сонымен қоса, өзбек, ұйғырлардың ғасырлар бойғы тарихын сан қырынан қажымай зерттеп, әлемге танытқан зерделі шығыстанушы. Шығыстың көптеген елдерінің тілін жақсы меңгергендіктен, парасатты ғалымға жергілікті халықпен араласу қиынға соқпаған.
1855-1856, 1862-1863 жылдары Қазақстанның түкпір-түкпірін аралайды. Туған халқының мәдениетін, өмір салтын, фольклорын, ескі сәулет ескерткіштерін, тасқа түскен көне жазбаларын асқан іждағаттылықпен зерттейді. Батырлар жырларын, ертегі-аңыздарды, өлең-жырларды, қазақтардың заң билігі жөніндегі мағлұматтарды жинады. Тынымсыз тірнектенгенінің нәтижесінде «XVIII ғасырдағы батырлар жайындағы тарихи аңыздар», «Қазақ шежіресі», «Абылай», «Қазақтың ата-тегі» сияқты көптеген бағалы еңбектер жазған. Орасан істері лайықты бағаланып, 1857 жылы Петербордағы жағрафиялық қоғамның құрметті мүшесі болып сайланды.