132. Абайдың сыншыл ойлы, сатиралық мазмұнды өлеңдері («Байлар жүр», «Мәз болады болысың», «Сабырсыз, арсыз, еріншек» т.б.). Ақын өзі бұрын қозғаған тақырыпқа қайта оралғанында өткендегі көріністерді сол қалпында қайталауды қанағат етпейді, өмір ағысында болып жатқан өзгерістерді, әсіресе билеуші топ өкілдерінің мінез-әрекеттеріндегі трансформацияларды ашып әшкерелей түседі. Бұрын жиынтық түрінде жалпылама сынап-мінеген жексұрын, пасық болмыстарды, енді жеке-даралап, олардың ұсқынсыз, жиренішті кескін-келбеттерін бадырайта бейнелейді.
«Сабырсыз, арсызда…» Абайдың кімді айтқалы отырғанын бірінші жолдарынан-ақ аңғарамыз:
Сабырсыз, арсыз, еріншек,
Көрсе қызар, жалмауыз…
немесе:
Ұрлықпен мал табам деп,
Егессе ауыл шабам деп,
Сүйтіп құдай атады…
…Қызмет қылып мал таппай,
Ғылым оқып ой таппай,
Құр үйінде жатады.
Ел қыдырып ас ішіп,
Еркек арын сатады…
Ия, мұнын, бәрі ескі, танымал көріністер. Жатыпішер паразиттің, барымташыл ұрда-жықты, ұры ұстап байыған бай-жуандарды, ел кезіп тамағын асыраған тоғышарларды Абай бұрында талай рет шенеген, ызамен түйреп, қатал үкімін айтқан. Қазақ даласында тағы қандай жаңалық бар десеңіз:
Пысық кім деп сұрасаң,
Қалаға шапса дем алмай,
Өтірік арсыз кеп берсе,
Көргендерден ұялмай.
Сыбырдан басқа сыры жоқ,
Шаруаға қыры жоқ,
Өтірік, өсек, мақтанға
Ағып тұрса бейне су.
Осы өлеңнің аяғында елдің ауыр жағдайын ескертіп барып, ақын сөзін мұңды жолдармен бітіреді: «Бар тілек-үміт өзіңе артылады, түзелетін уақытың жетті, жан-жағыңа қарап еңбек істе, арамдық жолдан без!» — дейді ол.
Ақын ез заманындағы ел билеген зорлықшыл жуандарға арқа сүйеп, солардың қол шоқпарына айналып, елдің тынышын алатын, бірді-бірге айдап салып, бүлік туғызып жүрген содырлы сойқандар мен қазан бұзар тасырларды шенейді. Адамгершілік қасиеттен ада болған мұндай жексұрындардың кәсібі ұрлық екенін, ол болмаса, ел кезіп, көрінгенге көзін, арындатып, тамақ асырайтынын, жоқ жерден ілік тауып, дау-жанжал туғызатынын, қалаға шауып жалған жала тоғытатынын, енді бірде ел шабамын деп қоқан-лоққы жасайтынын дөп басады. Мұңдай адамдардың тыныш жұрттың тұнығын ылайлап, жүрген жеріне ылаң салып жүретіндерін, сонымен бірге іші тар, өздері күншіл келетінін, біреудің бақ дәулетін көре алмай, пасық қаскөйлігін қатар жұмсап жүретіндігін баса айтады.
Абайдың сол жылы жазылған тағы бір өлеңі — «Мәз болады болысың». Әрине, Күлембайға деген өлеңінде соншама терең, соншама шебер бейнеленген болыс сиқының тағы бір қырын ашады, сол әкімсымақтың ар-ұяттың бәрінен безіп, оқалы тон мен шенді шекпен үшін сатылғанын әшкерелейді. Бірақ, ол қаншама жеттім, жетілдім деп асып-тасса да, одан қорқып-жасқанудың ешбір қажеті жоқ дейді ақын.