2012 жылы ауылға ұялы байланыс телефон жүйесі пайдалануға берілді.
2012 жылы- Қарақұм ауылында №59 орта мектеп алдында стелла тақта орнатылды. Осыдан үш жүз жылдай бұрын құт-береке қонған жерімізде Ұлы Дала рухын көтерген «Қарақұм құрылтайы» деген атпен өткізілген ұлы жиын маңызды оқиға болған еді. Ұлы Дала рухын көтерген сол оқиғаның ел мен жер тарихын танып-білуге ұмтылған жас ұрпақ үшін үлгі болар тағылымы көп.
2012 жылы «Жезқазған-Бейнеу» темір жол магистралының құрылысы басталды. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде қаншама шақырым темір жол желісі салынды. Солардың ішінде «Жезқазған-Бейнеу» темір жолының орны бөлек. Жезқазған-Бейнеу теміржолы-ауқымды жоба 2012 жылы басталып, өз мерзімінен бұрын ақталды. Турасы 753 күннен соң, темір жол магистралы іске қосылып, жаңа жолдармен жүк тиеген вагондар жүре бастады. Бұл шойын жолдың жалпы ұзындығы-1250 шақырым. «Жезқазған-Бейнеу» елдің шығыс мен мен батысын жалғайды. Мамандардың айтуынша, Қытай-Ақтау порты-Баку-Грузия-Түркия-Еуропа мемлекеттері шекарасының транзиттік бір бөлігі болатын бұл жол арқылы Қытайдан кәрі құрлықтағы порттарға жіберілетін жүк тасымалы 42 күннен 12 күнге дейін қысқарған. Қарақұмды қақжарған болат жолдың бойында бүгінде қайнаған еңбек. 2012 жылдың маусым айында өткен Индустриалдық форумда ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев жалпыұлттық телекөпір арқылы «Жезқазған-Бейнеу» темір жолын салуға старт берген кезде ел қуанышында шек болмады. Бұған әсіресе, мал шаруашылығымен айналысқан Қарақұмның халқы айрықша қуанған. Құмды жарып, темір жол тармағы төселіп, оның өн бойынан вокзал ғимараттары салынды. Біздің ауылдың үстінен басып өтетін осынау ғасыр жолы ауылымыздың әл-ауқатын арттыруға есепсіз септігін тигізді. Ең бірінші ауылдағы жұмыссыдар санын едәуір қысқартты. Ауылымызға қосымша «Абай» темір жол станциясы деген жаңа атау да берді. Қазір осы жолмен тәулігіне 10-нан астам пойыз жүреді. Жылына 11 миллион тонна жүк тасымалданады. «Жезқазған-Бейнеу» арқылы халықаралық транзиттік байланыс артып отыр. Қарақұмдықтар алғашқы пойызды Абай стансасынан 2013 жылдың 9 қарашасында күтіп алды. Арада үш жыл өткенде 2016 жылы «Қызылорда – Нұрсұлтан» жолаушылар пойызы қатынай бастады. Ауыл халқы қуанышты. Халық ел Астанасына ең төте жолмен қатынап келеді. Бүгінде «Қызылорда» пойызы Павлодар қаласымен аралықты байланыстырып отыр. Теміржолдың ауыл халқына тағы бір тиімді тұсы, ауылдық округтің жұмыссыз жүрген 83 адамын жұмысқа тартты.
2013 жылы – ауыл орталығына емхана салынды. 2500-дей халық тұратын ауылда бұрын 25 төсектік аурухана болатын. Адам санының сәйкес келмеуі себепті аурухана тәуелсіздік алған жылдары жабылып тынды. Ескі емхана халыққа жан-жақты қызмет ете алмады. Аудан орталығынан алыс орналасқан ауыл халқы көп қиындық көрді. Ескі емхананың күндіз жатып ем алатын бөлмелері де болмады. Ескі жедел-жәрдем көлігі талай рет Аралға жете алмай, жолда қалды. Ауыл халқының мүшкіл халін ескерген мемлекет 2013 жылы қараша айында жаңа жобадағы емхана құрылысын аяқтап, пайдалануға берді. Қазіргі таңда 14 төсектік күндізгі емдеу орыны жұмыс жасауда. Емханада 14 медицина қызметкері қызмет атқарады. 18 техникалық қызметкер бар. Жаңа жедел-жәрдем машинасымен жарақталған. Емхана тізгінін ауыл түлегі Толыбаев Ізбасхан басқарады.
2015 жылы Ұлы Отан соғысында елге оралмаған Қарақұмдық жауынгерлер мен соғыс ардагерлеріне арналған екерткішке жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайтадан ашылды.
2016 жылы 15 наурызда Абай ауылына тұңғыш рет №617/618 «Қызылорда-Жезқазған» жолаушылар пойызы келді.
2017 жылдың көктем-жаз айларында ауыл тұрғындары жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтамасыз етіле бастады. Қазіргідей жаңа технология еш нәрседен қалыс қалуға болмайтыны белгілі. Жер шарындағы бүкіл жаңалық, болмыстан хабардар болу үшін жаңа технология тілін білу қажет болды. Ұялы телефондардың «Activ», «Belline» түрлері тұрғындарға қызмет көрсете бастады.
2017 жылы Қарақұм кеңшарының 60 жылдық мерейтойы тойланды.
Ауылдық округтегі үй саны – 423. Тәуелсіздік жылдары 184 үй жаңартылған. Халық саны – 2132. Ауылдық округі аумағы – 72554 гектарды алып жатыр. Ауылдық округтегі шаруа қожалықтарының саны бүгінде 91-ге жеткен. Мал саны жылдан жылға өсіп келеді. Бүгінгі таңда мүйізді ірі қара – 8048 бас, жылқы – 5229 бас, түйе – 3598 бас, уақ мал – 15259 басқа жетті. Жалпы мал саны – 32580-ді құрап отыр. Ауыл халқы мал шаруашылығымен айналысқан соң, олардың «малды ауылдан сойып сатсақ» деген тілектерін белгілі кәсіпкер Мамитанов Нұркен қанағаттандырып отыр. 2020 жылдан бастап мал сою пункті ашылып, мал етін еттей қабылдап, қаражатын дайын беріп келеді. Мал сою пунктінде 4 адам үздіксіз жұмыс істейді. Дайын ет аудан орталығына жеткізіледі. Мал шаруашылығымен айналысатын ауылда мал азығын дайындайтын 9 бригада ұйымдастырылған. Олар ауылдық округтегі 35 мыңға таяу малға шөп дайындайды және қораларына жеткізіп береді.
Ауыл халқын аудан орталығына күнделікті барыс-келіске қатынататын 4 автобус ауылдан жарақталған.Тәуелсіздік жылдары ауыл халқының тұрмыс жағыдай жақсарды деп айта аламыз. Оған дәлел 30 жыл бұрын «Абай» ауылында барлығы 80-дей техника болса, бүгінде 190 жеңіл көлік, 48 жүк көлігі, 44 трактор, 4 автобус тіркеуде тұр. Бір ауылда 3 жүзден астам көліктің (техниканың) болуы үлкен жетістік.
Ауылда мал дәрігерлік бөлім жұмыс істейді. Бөлімшеде 8 мал дәрігері тіркелген. Олар мал ауылдарын тынымсыз аралап, мал дәрігерлік көмек көрсетеді. Халыққа қызмет ететін кафе, түрлі заттар сататын 6 дүкен, 1 сауда үйі үздіксіз жұмыс істейді. Орталықтағы кітапхана қорында 19135 кітап бар. Кітап оқушылар саны – 930 адам. Ауылда 50 балаға арналған балабақша, байланыс бөлімі, клуб жұмыс істейді. «Абай» ауылы мен Аралдың арасы 100 шақырым. Осы 100 шақырымның 92 шақырымы асфальтталған.