Химияны оқыту үрдісінің үлгісі Оқыту әрекеті-педагогика, дидактика және әдістеме ғылымдары тұрғысынан түсінуге болатын күрделі үрдіс. Педагогикалық тұрғыдан қарастырғанда оқыту дегеніміз- жасөспірімнің бойына ұжымдық тәрбиені сіңдіру болса, дидиктикалық жағынан алғанда оқыту- білім мазмұнын жасөспірімдерге сабақ беру арқылы жеткізу. Әдістемелік тұрғыдан алғанда оқыту нақты оқу пәнінің материалын жасөспірімдерге жеткізу ісіндегі сабақ беру мен оқытудың бірлігі ретінде қарастырылады.
Оқыту әрекетіне “мұғалім-оқушы”, “оқушы-оқу пәні” қатысады. Осылардың ішіндегі ең негізгісі- мұғалім мен оқушы қарым-қатынасының бірлігі мен үйлесуі, оқытудың мақсаттары мен міндеттерін, оқытудың ұйымдастыру формаларынан, сабақ беру, оқу, оқыту құралдары мен әдістерін және оқыту нәтижесі арқылы жүзеге асады.
Оқытудың мақсаты мен мазмұнын, құрылысы мен әр түрлі әдістерін және оқыту құралдарын пайдаланудың дидактикасын анықтайды.
Орта мектепте химияны оқытудың мазмұны, оқушыларды химия ғылымымен, оның техникалық негіздерін үйретуді көздейді. Дамыту функциясы химия мұғалімінен әр түрлі деңгейдегі оқушылардың психологиялық ерекшеліктерін дамыту сатыларын терең білуді талап етеді. Химия мұғалімі оқытудың сыныптық жүйедегі (8-9) сабақ беру ерекшеліктерін жете білулері керек.
Химиядан сабақ беру кезінде мұғалімнің ұйымдастырушылық қызметінің маңызы зор, мұғалім химия ғылымының негіздерін оқыту арқылы оқушыларды кәсіптік бағдар алуға тәрбиелеп, пәнге деген қызығушылығын арттырады.
Сабақ беру кезінде оқушылардың танымдық іс-әрекетін ұйымдастыру арқылы мұғалім химиялық ұғымдарды, заңдарды, теорияларды, әр түрлі химиялық құбылыстарды түсіндіреді, сонымен қатар, мұғалім оқушылардың бойына іскерліктер мен дағдылар қалыптасуына ықпал етеді. Сабақ беру кезінде дидактикалық материалдарды мүмкіндігіне байланысты қолданады, оқыту құралдарын көрнекі көрсетіп, шығармашылық тапсырмаларды орындауда әр түрлі тәсілдерді қолданады. Мұғалім сабақ беру кезінде оқыту үрдісін зерттеу мен қатар, оқушылардың ақыл-ой қабілетін, тағы басқа да психикалық қасиеттерін зерттейді. Шығармашылық тұрғыда өткен әрбір сабақ мұғалімнен көп ізденіп, көп оқуды керек етеді. Оқушылар химия негіздерін оңай меңгере алмайды, ол үшін іздену, іс-әрекет етуі –оқуы керек.