ІІ бөлім. Еуропа және Америка елдерінің қазіргі заман тарихы.
Тақырып 11 . Батыс елдеріндегі соғыстан кейінгі алғашқы жылдардағы экономикалық және саяси дағдарыс (1918-1923 жж.). Батыс елдеріндегі ХХ ғасырдың 20-жж тұрақтану кезеңі.
Дәрістің жоспары:
Бірінші дүниежүзілік соғыстың зардаптары. Экономикалық дағдарыс.
Германиядағы Қараша революциясы. Веймар республикасындағы саяси күштердің арасалмағы. Фашизмнің шығуы. Веймар республикасының экономикалық және саяси дамуы.
Шығыс Еуропа елдеріндегі революциялар. Габсбургтер монархиясының ыдырауы.
Батыс Еуропаның демократиялық елдеріндегі реформалар.
АҚШ: В.Вильсон және Г.Гардинг әкімшіліктерінің ішкі және сыртқы саясаты. АҚШ-тағы «просперитиң кезеңі.
Италияда фашистердің үкімет басына келуі. Италиядағы фашизм мен демократияның күресі. Маттеотти дағдарысы
Ұлыбританияның әлеуметтік-экономикалық дамуының ерекшеліктері.
Францияның экономикалық және саяси дамуы.
Ұсынылатын әдебиеттері мен деректері:
1.Драбкин Я.С. Ноябрьская революция в Германии. – М., 1967.
2.Драбкин Я.С. Становление Веймарской республики. – М., 1978.
3.Европа между миром и войной. 1918-1939. – М., 1992.
4.История новейшего времени стран Европы и Америки / Под ред. Е.Ф.Язькова. 1 ч. М., 1989.
5.История фашизма в Западной Европе. – М., 1978.
6.Көкебаева Г.К. Халықаралық қатынастар тарихы: Хрестоматия. І-бөлім. – Алматы, 1997.
7. Көкебаева Г.К. Еуропа және Америка елдерінің қазіргі заман тарихы (1918-1945 жж.). – Алматы, 2003.
8. Мәшімбаев С.М. Еуропа және Америка елдерінің қазіргі заман тарихы (1918-1945).. – Алматы, 2003.
9. Новейшая история стран Европы и Америки. ХХ век / Под ред. А.М.Родригеса и М.В.Пономарева. 1 ч. – М., 2001.
10. Первая мировая война и проблема политического переустройства Центральной и Юго-Восточной Европы. – М., 1991.
11. Хрестоматия по новейшей истории. 1-том. – М., 1960.
12. Язьков Е.Ф. История стран Европы и Америки в новейшее время: Курс лекций. – М., 2001.
1918 жылы 11-қарашада Компьен орманында француз әскерінің қолбасшысы одақтастар атынан Германиямен уақытша бітімге қол қойды. Компьен бітімі бойынша, Германия Франциягың, Бельгияның, Люксембургтың неміс әскерлері басып алған жерлерін босатуға, одақтастары Австро-Венгриядан, Түркиядан, Румыниядан және Рейн өзені бойынан әскерлерін алып кетуге, әскери мүлкінің құрал-жабыдықтарының бір бөлігін Антантаға беруге, соғыс тұтқындарын қайтаруға міндеттенді. Антанта мен Төрттік (Үштік) одақ арасында түпкілікті бітім шарттарын жасап, соғысты қорытындылау үшін 1919 жылы 18-қаңтардан 28-маусымға дейін Парижде Антанта елдерінің конференциясы өткізілді. Конференцияда Германиямн бітім шартын жасау мәселесі ұзақ талқыланды. 1919 ж. 28-маусымда Версаль сарайында Антанта елдері мен Германия арасындағы бітім шартына қол қойылды. Бұл құжат Версаль бітім шарты деп аталды. Версаль бітімшартында Германияның шекаралары белгіленді; ол отарлары мен иеліктерінен айырылды; Германияға бірқатар әскери шектеуліктер қойылды; Рейн облысында әскер бөлімдерін орналастыруға тиым салынды; Германия соғыс шығындарын төлейтін болды.
Соғыстағы жеңіліс Германияның ішкі саяси жағдайын да шиеленістіріп жіберді. Соғыс елдің экономикасын қатты ойсыратты. Германияның жеңілгендігін әскери басшылар да түсінді, алайда олар неміс флотын Солтүстік теңізде шабуылға шығарып, ағылшындарға соққы беріп, бітімді Германияға ыңғайлы шарттармен жасау мүмкіндігін пайдаланып қалғысы келді. 30-қазанда Герман флотын ағылшын флотына қарсы шайқасқа шығару туралы бұйрық берілді. Күші басым ағылшын флотына қарсы шабуыл жасау теңізшілерді мағынасыз өлімге айдау болар еді. Бірнеше әскери кемелер бұйрықты орындаудан бас тартты, ал әскери басшылар оларды жаппай тұтқындауға бұйрық берді. Осыған жауап ретінде 3-ші қарашада Киль қаласында бұқаралық шеру басталды. Қала комендатурасы шеруді күшпен тоқтатуға әрекет жасады. Бұл әрекет қалада көтерілістің басталуына әкелді.
Берлиндегі бас көтеру 9-қарашада басталды. Сол күні жүздеген мың жұмысшылар астананың орталығына қарай шеру жасады. Көтерілісшілер түске қарай Берлинді өз қолдарына алды. Макс Баденский императордың тақтан бас тартқанын хабарлап, канцлер қызметін рейхстагтың ең ірі фракциясы – социал-демократтардың жетекшісі Фридрих Эбертке тапсырды. Социал-демократтар елде республика құрылғанын жариялап, уақытша үкімет құрды. 10-қарашада құрылған бұл уақытша үкімет Халық өкілдерінің кеңесі деп аталды. Спартакшылар социалистік республика құру үшін күресті жалғастыра беру керек деп шешті. Алайда спартакшылардың қатары аз болатын, сондықтан басқа солшыл радикалдық топтармен бірігіп, жеке партия құру қажет деген шешім қабылданды. “Спартак” тобы Тәуелсіз социал-демократиялық партиядан бөлініп, 1918 жылы 29-желтоқсанда спартакшылар мен солшыл радикалдармен бірлесіп жалпыгермандық конференция өткізді. 30-желтоқсанда конференция Германия Коммунистік партиясының құрылу съезіне айналды. Коммунистік партияның съезінде қарулы көтеріліс дайындауға шұғыл кірісу туралы шешім қабылданған жоқ. Бірақ 1919 жылдың қаңтарында Берлин жұмысыларының стихиялық толқуы басталғанда, коммунистер оларды қолдады. Қаруланған жұмысшылар вокзалды, социал-демократиялық “Форвертс” газетінің үйін басып алды. Астанадағы көтеріліс талқандалды, бірақ Германияның бірқатар аудандарында әлі де революциялық қозғалыс жалғасып жатты. 1919 жылдың сәуірінде Бавар кеңестік республикасы жарияланды. Алайда Баварияда кеңестік республика ұзақ өмір сүрген жоқ. Мамыр айының аяғында жергілікті полиция, әскер және ардагерлер бөлімдері кеңестік республиканы талқандады. Осылайша Германиядағы революция аяқталды. Германиядағы 1918-1919 жж. революция демократиялық республика құрумен аяқталды. Ваймар республикасының алғашқы президенті Фридрих Эберт болды.
Соғыс аяқталған бойда Германияда фашизм қалыптаса бастады. Фашистік партия 1919 жылы 5-қаңтарда “Неміс жұмысшы партиясы” деген атпен құрылды. кейіннен ол “Неміс ұлттық-социалистік жұмысшы партиясы” деп аталатын болды. Фашистік партия 1923 жылы қарашада Мюнхенде бүлік ұйымдастырды.
Әр түрлі тілде сөйлейтін, діні, тегі, салты мен әдет-ғұрпы бөлек халықтарды топтастырған Австрия-Венгрия монархиясы ХІХ ғ. аяғында ұлт-азаттық қозғалысының өрістеуіне қарамастан ұзақ уақыт сақталып келді. Экономикалық даму дәрежесі жағынан Чехия мен Австрия басқа бөліктерінен жоғары болды. Алайда Чехия мен Австрияның өнеркәсібінің дамуына артта қалған аграрлы аудандар кесірін тигізді. Бұл жағдай дүниежүзілік соғыс кезінде одан әрі шиеленісті. Чехияда, Словакияда, Венгрияда ұлт-азаттық қозғалысы өрледі. 1848 ж. бері тақта отырған қарт император Франц Иосиф қанша тырысқанымен империяның ыдырауын тоқтата алмады. 1914 жылы тақтың мұрагері Франц Фердинандтың өлтірілуі саяси дағдарысты тереңдете түсті. Ал 1916 жылы Франц Иосифтің қайтыс болуы және дүниежүзілік соғыста Австро-Венгрияның жеңілуі империяның ыдырауын жылдамдатты.
1918 жылы күзде Чехияда, Польшада және басқа славян жерлерінде тәуелсіз ұлттық мемлекет құру ниеті күшейді. 1918 жылы 28 қазанда Чехословакия, 2-қарашада Венгрия тәуелсіздіктерін жариялады. 29-қазанда Серб, хорват және словен корольдығы жарияланды. Империяның кейбір бөліктері Польшаның, Румынияның, Италияның құрамына кірді. Осылайша Габсбургтер империясы ыдырады.
Соғыста Үштік одақтың талқандалуы нәтижесінде Германия мен Осман империясының Африка мен Таяу Шығыстағы отарларының бір бөлігін (9 млн. астам халық тұратын 2,6 млн. шаршы км территория көлемінде) Ұлыбритания иемденіп алды. Ұлыбританияның халықаралық беделі де күшейе түсті, Ұлттар Лигасында Франциямен қатар Англиның ықпалы күшті болды. Алайда Англия соғыстан елеулі шығындармен шықты. Соғыстан кейінгі алғашқы екі жылда ағылшын экономикасы жылдам қарқынмен дамыды. Алайда 1920 жылы жазда экономикада дағдарыс басталды. Дағдарыс кезінде, әсіресе, ескі салалар – көмір, шойын, құрыш өндіру, кеме жасау, шұға өндірісі қатты күйзеліске ұшырады. Жұмыссыздар саны өсті. Дэвид Ллойд-Джордж үкіметі экономиканы мемлекеттік реттеу, әскери салалардың дамуын жоспарлау және саяси-әлеуметтік реформалар жасау саясатын ұстады.
Соғыстың француз қоғамына тигізген зардабы ерекше ауыр болды. Францияның соғыстағы адам шығыны көп болды: 1,4 млн. адам қаза тапты, 2,8 млн. адам жараланды, 600 мың адам мүгедек болып қалды. Солтүстік-Шығыс Франциядағы өнеркәсібі дамыған 10 департамент қирап-бүлінді. Сауда флотының жартысы күйреп қалды. Соғыс аяқталған соң Францияның партиялық-саяси жүйесінде елеулі өзгерістер болды. Соғыс барысында Демократиялық альянс партиясының бастамасымен “ұлттық одақ” құрылды. 1919 жылғы қарашада парламенттік сайлауда “ұлттық одақ” жаңа үкімет құрды. Жаңа үкіметтің міндеті соғыстың зардаптарын жою, елдің экономикасын қалпына келтіру болды. Қаржы көзін табу мақсатымен Франция Германиядан репарациялар алу мәселесінде өте қатаң саясат ұстады. Алайда Германия репарацияларды уақытымен төлей алмады да, 1923 жылы Франция мен Бельгия Рурға әскер енгізді. Бұл шара Германиядан репарациялық төлемдерді алуға әсерін тигізген жоқ, керісінше Францияның саяси өмірінде дағдарыс туғызды. Дағдарыс “ұлттық одақтың” ыдырауына әкелді.
Бірінші дүниежүзілік соғыс АҚШ экономикасына ерекше ауыртпалық салған жоқ. АҚШ территориясында соғыс қимылдары жүргізілмегендіктен соғыс кезінде елді мекендердің, өндіріс орындарының қирап-бүлінуі болған жоқ. Соғыс кезінде В.Вильсон әкімшілігі мемлекеттің экономиканы реттеушілік рөлін күшейте түсті. Елдің экономикалық қорын соғыс қажеттіліктеріне жұмылдыру үшін салалық басқармалар құрылды, олар өнеркәсіп орындарын шикізатпен, отынмен, жүк көліктерімен және жұмыс күшімен қамтамасыз ету, тапсырыстарды бөлуді реттеу міндеттерін шешті. Соғыстан кейінгі АҚШ сыртқы саясатының негізгі қағидалары В.Вильсонның 1918 жылы қаңтарда конгреске жазған хатында көрініс тапты. 1920 жылғы президенттік сайлауда Демократиялық партияның кандидаты жеңіліп қалды да, билік Уоррен Гардингтің қолына көшті. У.Гардинг әкімшілігі мемлекеттің реттеушілік рөлін шектеуге және еркін нарықтық қағидаларды қолдауға бағытталған саясат жүргізді.
Италия ұлттық байлығының үштен бірінен айырылды және өзінің одақтастарына 9,2 миллиард лира көлемінде қарыздар болып қалды.
Соғыс аяқталған соң ауыр өнеркәсіпке тапсырыстардың азаюы Италияда өндірістің қысқаруына, сөйтіп жұмыссыздықтың өсуіне әкелді. Әскер қатарынан көп адамдардың қайтарылуы жұмыссыздар қатарын көбейте түсті. Соғыстың зардаптарын жойылып үлгермей тұрып, 1920 жылы экономикалық дағдарыс басталып кетті. 1919-1920 жж. – жұмысшы қозғалысы мен шаруалар толқулары күшейген кезең – «қызыл екіжылдықң деп аталды. Италияда фашистік қозғалыс 1919 ж. көктемде қалыптаса бастады. Фашистер соғыстан қайтқан жауынгерлерден, жастардан, мамандығы, қызметі жоқ, бос жүрген адамдардан қарулы бөлімдер құра бастады. Фашистер коммунистік және социалистік партиялардың, кәсіподақтардың, демократияшыл баспасөздің мекемелеріне шабуыл жасап, талқандап кетіп отырды. Полиция оған ешқандай шаралар қолданбады. Сондықтан Муссолини өкімет билігін алудың басқа жолын қарастырды. Муссолини 1922 ж. қазан айында елдегі барлық фашистік топтарды Римге жорық жасауға шақырды. Король 1922 жылы 30-қазанда Муссолиниді Римге шақырып, оған жаңа үкімет құруды тапсырды. Сөйтіп 1922 ж. 30-қазанда Италияда фашистер үкімет басына келді.
1921 жылы АҚШ экономикасы дағдарыстан шықты, ал 1922 жылдың аяғында экономикада өрлеу басталды да, ол 1929 жылға дейін созылды. 1922-1929 жылдарды АҚШ экономикасының “гүлдену” жылдары деп атайды. Осы жылдардың ішінде ұлттық жиынтық өнім 54 пайызға, өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 78 пайызға өсті. Экономикалық өрлеу халықтың тұрмыс дәрежесінің өсуіне жағдай жасады. Тұрмысқа қажетті тауарлардың көбеюі және тұтынушыға тиімді қарыздар жүйесінің жасалуы американдарға тоңазытқыш, радиоқабылдағыш, телефон, автокөлік, т.б. кеңінен пайдалануға мүмкіндік берді. Экономикалық табыстар Республикалық партияның беделін көтерді де, олар 1928 жылғы сайлауда тағы да жеңді.
20-жылдарда ағылшын экономикасының жеке салаларының дамуы біркелкі болған жоқ. Өнеркәсіптің жаңа салаларында – автомобиль жасау, авиация, электротехника, химия өндірісі – жылдам қарқынмен дамыды. 1926 жылы ең ірі монополиялық бірлестік – Империялық химия тресті құрылды. Ал ескі салалар – көмір өндіру, шойын мен құрыш қорыту, кеме жасау, шұға өндірісі 1929 жылы әлі де соғысқа дейінгі дәрежесіне жете алмады, өйткені бұл салалардың техникалық базасы нашар болды. 1928-1929 жылдары өндірістің тиімділігін арттыру және рационализациялау саясаты жүргізілді. Бірқатар кәсіпкерлер дәстүрлі салалардың техникалық және технологиялық базасын жаңарту әрекетін бастады. Бұған керекті қаржыны қатаң үнемдеу жолымен табуға тырысты. Бұл жағдай тағы да жалақының қысқартылуына әкелді. Соғыс аяқталған соң халықтың көпшілігі мемлекеттің экономикаға тікелей араласуы тоқтатылады деп ойлады. Алайда жерінде тікелей соғыс қимылдары жүрген елдерде шаруашылықты қалпына келтіру қажеттілігі, жаңадан тәуелсіздігін алған мемлекеттерде ұлттық өнеркәсіпті дамыту мақсаты экономикаға мемлекеттің араласуын тоқтатпауды талап етті. Әлеуметтік салада жалақы, жұмыс күнінің ұзақтығы, бағаның жоғарғы межесі сияқты көрсеткіштерді мемлекеттің белгілеуіне кәсіподақтар дағдыланып қалған еді, енді мемлекеттің әлеуметтік мәселелерді реттеуден бас тартуын олар реакцияшылдық саясат деп сынап, жұмысшы ереуілдерін ұйымдастырды. Бірақ мемлекет салық және қарыз жүйесі арқылы экономикалық мәселелерді жанама түрде реттеп отырды. Англиядағы Д.Ллойд-Джордж үкіметі бастағын реформалар саясатын кейіннен лейбористер жалғастырды.
Францияда 1924 жылы мамырда болған парламенттік сайлауда “солшыл одақ” жеңіп, Э,Эррио басқарған үкімет құрылды. Оңшыл және радикалдық солшыл партиялардың аз дауыс алуы “солшыл одақтың” центристік бағытының сайлаушыларға ұнамды ықпал жасағанын көрсетті. Э.Эррио үкіметі сайлау алдында берген уәделерінің бірқатарын орындады. Саяси тұтқындарға кешірім жарияланды, теміржолшылардың өз жұмыс орындарына қайта алынды, мемлекеттік қызметкерлерге кәсіподақтар құру құқығы берілді. Мүгедектердің зейнетақысын және жұмыссыздардың жәрдемақысын көбейту, тұрғын үйлер салуға қаржы бөлу, т.б. әлеуметтік шаралар мемлекеттік шығындарды көбейте түсті.
Өнеркәсіптің қалпына келтірілуі, Эльзас пен Лотарингияның Франция экономикасының инфрақұрылымыныа енуі, репарациялық төлемдер алу елдің экономикасын жандандырды. Алайда осы даму қарқынын алдағы уақытта да төмендетпеу үшін қаржы көзін табу керек еді. Ұзақ уақыт өсімқорлықпен айналысқан, француз капиталы тікелей өндіріске баяу бет бұрды да, ішк инвестициялар өте за болды. Үкімет елдің бюджетіндегі жетіспеушілікті толтыра алмады.
Германияның өте ауыр репарацияларды төлей алмауы, Франция мен Бельгияның Рур облысына әскер енгізуі бұрынғы Антанта елдеріне Германияның репарациялық төлемдері мәселесін қайта қарау қажет екендігін көрсетті. 1924 жылы репарациялық комиссия АҚШ өкілі Чарльз Дауэс жасаған жоспарды қабылдады. 1924 жылы Германияның өнеркәсіптік қуаты жылдам қалпына келе бастады. 1927-1928 жылдары өнеркәсіп өнімі бірінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі дәрежесінен 5 пайызға артты. Көмір өндіру, химия және газ өндірісі, металл өңдеу, электротехника салалары жылдам өсті. Кәсіпорындарға жаңа техника мен технологияны пайдалануға көп мүмкіншілік берілді. Германияның өнеркәсіптік қуатының қалпына келтірілуі оның халықаралық рынокқа шығу мүмкіншіліктерін де кеңейтті. 1926-1929 жж. Германияның экспорты соғысқа дейінгі дәрежесінен асып түсті. Алайда халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруы экономикалық өрлеу қарқынына сай болмады. Жұмысссыздық деңгейі басқа елдерден жоғары тұрды. 1925 жылы жаңа президент сайлауы жүргізілді. Сайлау қорытындысында әскери топтар мен ірі капиталдың өкілі П.Гинденбург жеңіп шықты. 1928 жылы Гинденбургтың үкіметтің экономикалық саясатын өзгертуге тырысуы саяси дағдарыс туғызды. Парламент таратылып, жаңа сайлау өткізілді. Сайлау радикалдық бағыттағы партиялардың ықпалы күшейе бастағанын көрсетті.
Италияда фашистік диктарура орнату бірте-бірте жүргізілді. 1922 жылы желтоқсанда Үлкен фашистік кеңес құрылды, оған фашист-министрлер, фашистік партияның жетекшілері кірді. Кеңестің төрағасы Муссолини болды. Кеңес бірте-бірте бүкіл өкімет билігін өз қолына жинай бастады. 1924 жылы сәуірде болған парламенттік сайлауда опозициялық күштер сайлаушылар дауысының үштен бірін алған соң фашистер сайлаудың қорытындысын өзгертіп, жалған құжаттар жасады. Жаңа сайланған парламент мәжілісінде Д. Маттеотти фашистердің сайлау кезіндегі қорқыту, жазалау шараларын пайдаланып, өздеріне дауыс жинағанын дәйекті дәлелдермен батыл түрде әшкереледі. Осы батылдығы үшін фашистік сквадрлар 10-маусымда Маттеоттиді ұрлап әкетіп, өлтірді. Бұл елде орасан зор наразылық тудырды. Халық шерулер, жиналыстар өткізіп, Маттеоттиді өлтірген қанішерлерді жазалауды және үкіметтің қызметтен кетуін талап етті. Фашистердің өкімет билігінен айырылып қалу қаупі төнді. Муссолини фашистік күштерді жылдам топтастырып, оппозицияға қарсы шаралар қолдана бастады. 1924 жылдың аяғында либералдар Үкімет құрамынан шығарылды. Үкіметте тек фашист-министрлер ғана қалды. 1926 жылы төтенше заңдаршығарылды. Осы заңдар бойынша фашистік партиядан басқа барлық саяси партиялар мен ұйымдар таратылды, газеттер жабылды.
Тақырып 12 . 1929-1933 жж. дүниежүзілік экономикалық дағдарыс және оның Батыстың ірі елдеріндегі зардаптары. Дағдарыстың зардаптарын жою жолдарын іздеу. Батыс елдеріндегі реформалар.
Достарыңызбен бөлісу: |