Дәрістің жоспары:
Екінші дүниежүзілік соғыстың зардаптары. Соғысты қорытындылау.
«Қырғи-қабақ соғысы. Маршалл жоспары. Қарама-қарсы әскери-саяси соғыс
одақтарының құрылуы.
3. Батыс елдеріндегі ҒТР әлеуметтік-саяси зардаптары. 60-70-жылдардағы реформизм мен радикализм. «Жақсы тұрмыс мемлекетінң құру саясаты. 70-жылдардың ортасындағы
құрылымдық дағдарыстар және олардың зардаптары. Постиндустриалдық қоғамдағы саяси
ағымдардың эволюциясы. 90-жылдардағы әлемдегі түбірлі өзгерістер. Екіполюсті дүниенің
ыдырауы. Батыс Еуропа мен Солтүстік Америка елдерінің ғасырлар тоғысындағы дамуының
негізгі тенденциялары.
4. Ұлыбританияның 50-70-жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дамуы: лейбористік және консервативтік нұсқалар. М.Тэтчер үкіметінің әлеуметтік-экономикалық саясаты.Ұлыбритания: Т.Блэр және «жаңа лейборизм».
5.Франциядағы ІV Республиканың ішкі және сыртқы саясаты. Франция: центристер мен
голлистердің елді дамыту жобалары мен практикасы. Шарль де Голль және дирижизм. Франция: социалистер үкіметінің реформалары. Францияның 90-жылдардағы дамуы. Жаңа
консерватизм.
6.АҚШ: консервативтік консенсус кезеңі. АҚШ: «Консервативтік толқын және оның салдары.Демократтар мен республикандардың ғаламдану үрдісіндегі АҚШ рөлі туралы идеялары.
7.ГФР: «әлеуметтік-нарықтық шаруашылықң концепциясы. ГФР: «кіші коалицияң үкіметінің әлеуметтік-экономикалық саясаты. ГФР: Г.Коль және жаңа консерватизм. Германияның бірігуі. ГФР: Г.Шредер үкіметінің әлеуметтік-экономикалық саясаты.
Ұсынылатын әдебиеттері мен деректері:
1.Арзаканян М.Ц. Де Голль и голлисты на пути к власти. М., 1990.
2.Власов С.Н. ФРГ на пороге 90-х годов. Киев, 1989.
3.Гэлбрейт Дж. Новое индустриальное общество. М., 1970.
4. Демократия в Западной Европе ХХ века. – М., 1996.
5.Зонтхаймер К. Федеративная Республика Германия сегодня. М., 1996.
6.Ибрашев Ж.У. Политическая концепция Ш.де Голля. Алма-Ата, 1971.
7. Кремер И.С. ФРГ: этапы «восточной политики». М., 1986.
8. Лебедева Т.Ю. Путь к власти. Президентские выборы 1995 г. во Франции. М., 1995.
9. Новейшая история стран Европы и Америки. ХХ век / Под ред. А.М.Родриеса и М.В.Пономарева. 2-ч. – М., 2001.
10. Попов В.И. Маргарет Тэтчер: Человек и политик. М., 1991.
11.Приватизация в Великобритании: Социоэкономический и политический анализ. М., 2000.
12. Сивачев Н.В., Язьков Е.Ф. Новейшая история США. М., 1980.
13. Фурсенко А.А. Президенты и политика США, 70-е гг. М., 1989.
Егер бірінші дүниежүзілік соғыс негізінен территориялық мәселелерді шешуге бағытталса, екінші дүниежүзілік соғыс территориялық, идеологиялық, саяси күрестің ұштасуының көрінісі болды. Сондықтан екінші дүниежүзілік соғыс Еуропа мен Азияның саяси картасына өзгертумен шектелмей, әлемдік аренадағы саяси күштердің арасалмағына, халықаралық қатынастардың мазмұны мен сипатына өзгеріс енгізді, екі полюсті дүниенің қалыптасуына негіз болған құбылыстарды туғызды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі әлемнің дамуы “қырғи-қабақ соғыс” жағдайында жүрді, бұл әлемнің бүкіл ХХ ғ. екінші жартысындағы саяси, экономикалық, әлеуметтік даму бағыттарына ықпалын тигізді.
Екінші дүниежүзілік соғыстың негізгі қорытындыларын оған қатысушы елдерді мынадай топтарға бөле отырып, түсіндіру тиімді:
1) Антигитлерлік одақ елдері үшін жалпы қорытынды: фашизмнің жеңілуі, Еуропада демократиялық тәртіптің қалпына келтірілуі, халықаралық қатынастарда бейбіт қатар өмір сүру принциптерінің қалыптасуы, соғысты болдырмау жолындағы қоғамдық қозғалыстың пайда болуы, отарлық жүйенің ыдырай бастауы.
2) Германия, Италия, Жапония үшін соғыстың қорытындысы сыртқы саясатта басқыншылық мақсаттардан бас тарту, елдің саяси дамуындағы түбірлі өзгеріс, тоталитарлық жүйенің ыдырауы, демократияның қалпына келтірілуі, экономиканың бейбіт жолға көшірілуі сияқты құбылыстармен бейнеленеді.
Соғыстан кейінгі алғашқы жылдарда-ақ Батыс елдері мен Кеңес Одағының алдағы мақсаттарында айырмашылық бар екендігі көрінді. Батыс елдері әлемдік демократияның геосаяси, әскери-саяси, экономикалық позицияларын нығайтуды, Еуропа елдеріне Кеңес Одағының ықпалын күшейтуіне жол бермеуді мақсат тұтты. Кеңес Одағы Орталық және Оңтүстік Шығыс Еуропа елдерінде социализмнің кеңестік үлгісін орнықтырып, әлемдік социалистік лагерь құруды мақсат тұтты. Осы жағдай әскери-экономикалық қуаты басқа елдерден жоғары болған АҚШ пен Кеңес Одағының бәсекелестік күресін туғызып, “қырғи-қабақ соғысты” өршітті.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін КСРО Еуропа мен Азияда өзінің ықпал аймағын кеңейту мақсатын қойған кезде, осы мақсатты бүркемелеу үшін тағы да иеологиялық принциптер ойлап табылды. Атап айтқанда, Орталық және Оңтүстік Еуропа елдерінде антифашистік күштерге көмектесу, демократиялық жүйені қалпына келтіру идеясы көтерілді және коммунистік партиялар ең негізгі антифашистік күш болып саналды. Іс жүзінде аталған елдерде социализмнің кеңестік үлгісі орнықтырылды, бір партиялық жүйе қалыптастырылды, демократия шектелді, бұл елдер Кеңес Одағының ықпал аймағына енгізілді. Азия мен Африка елдерінде Кеңес Одағының ықпалын күшейту оларды “отарлық езгіден азат ету” идеясына негізделді. Кейіннен, әрине, КСРО сыртқы саясатының идеологиялық негіздері кеңейтілді, “халықаралық шиеленістің бәсеңдеуі”, “бейбітшілікті қорғау бағдарламасы”, т.б. идеялар насихатталды. Алайда идеологиялық принциптерді жариялай отырып, КСРО іс жүзінде өзінің сыртқы саясатында бұл принциптерді емес, бұрынғы Ресейдің сан ғасырлар бойы қалыптасқан империялық саясатын жалғастыруды мақсат тұтты. Демек, Кеңес Одағының сыртқы саясатын жобалауда және жүргізуде негізгі рөлді екі идея атқарды: байырғы ресейлік ұлттық мүдделер мен империялық мүдделерді қорғау және оны марксизмнің кеңестік нұсқадағы идеяларымен бүркемелеп отыру. 80-жылдардың ортасында халықаралық қатынастарды идеологиясыздандыру бағыты жарияланды. Алайда ол КСРО сыртқы саясатының түбірлі өзгерісі емес еді.
АҚШ сыртқы саясатында американ либерализмінің елеулі ықпалы болғанын байқаймыз. Американ либерализмі ХVІІІ ғ. қалыптасты. Алайда кеңестік идеологиядан оның айырмашылығы – ол қатаң құрылыммен белгіленген догмалық идеология емес. Либерализмнің экономикалық принципі – экономикалық айырбастың еркіндігі туралы идея АҚШ сыртқы саясатына әсер етті. ХІХ ғ. соңы-ХХ ғ. басында АҚШ басқа дамыған индустриалдық елдермен тауар өткізу рыногы және шикізат көздері үшін күрес жүргізді. Отарлардың байырғы отарлық империялардың үстемдігінен азат етілуі және барлық дамыған елдердің осы азаттық алған елдермен еркін экономикалық байланыс жасауы туралы идея “ашық есіктер” принципіне негіз болды. Бірінші дүиежүзілік соғыс кезінде байырғы американдық либерализм жаңа жағдайларға бейімделді, сыртқы саясаттағы бұрынғы “оқшаулану” (“изоляционизм”) идеясының орнына белсенді сыртқы саясат жүргізу идеясы келді. Алайда 30-жылдарда Еуропа мен Азияда жаңа соғыс қаупі төнген кезде АҚШ “оқшаулану” идеясын қайта жаңғыртты. Екінші дүниежүзілік соғыс, Жапонияның тікелей шабуыл жасауы АҚШ сыртқы саясатына түбірлі өзгеріс енгізді. Соғыста бұрын либерализм идеяларының басты жауы болып саналатын тоталитарлық Кеңес Одағымен бір одаққа кіру американ сыртқы саясатында идеологияға қарағанда прагматикалық сипаттың басым екендігін көрсетеді. Американ либералистері демократия мен либерализмге коммунистік идеологиядан да қауіпті жау фашистік идеология деп есептеді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ халықаралық қатынастардың жаңа жүйесінде өз орнын табуы үшін байырғы либерализмнің “оқшаулану” принципі жарамайтын болды. АҚШ сыртқы саясатына либерализм мен демократия принциптеріне негізделген батыс өркениетін қорғаудың кепілі және жетекшісі болу идеясы енгізілді. Бұл идея демократия мен либерализм идеяларына қауіп төндіретін коммунистік идеологиямен күресу міндетін – “ғаламдық жауапкершілік” және “коммунизмге тосқауыл қою” принциптерін туғызды. АҚШ енді әлемнің жеке аймақтарында бұрынғы одақтасы КСРО ықпалының күшеюіне қарсы күрес бастады. Осылайша екі алып мемлекеттің әрқайсысы өзіндік идеялық принциптерін ұстанып, өздерінің әскери-экономикалық қуатын пайдаланып, барлық дерлік халықаралық қақтығыстарға және жеке елдердің ішкі істеріне араласуды бастады. 80-жылдарда американдық сыртқы саясат консерваторлардың “күш-қуаттық ғаламдану” (“силовая глобализация”) идеясына негізделді. Алайда бұл принцип елеулі табыстарға жеткізген жоқ. 90-жылдарда АҚШ басшылары қайтадан бұрынғы салттарға оралып, әлемде либерализм және демократия идеяларын қорғау және іске асыру принципін басшылыққа алды.
Екінші дүниежүзілік соғыс Еуропаның халықаралық аренадағы жағдайына елеулі өзгеріс енгізді. ХІХ-ХХ ғғ. аралығында-ақ көмескілене бастаған еуроцентризм принципі осы кезден бастап өзінің жетекшілік рөлінен айырыла бастайды. Бұрын Еуропа халықаралық қатынастардың негізгі бағдарларын анықтайтын фактор және барлық халықаралық жобаларды, идеяларды, принциптерді жасайтын орталық болып саналса, енді екі полюсті жүйеде әлемдік саясат негіздері АҚШ пен Кеңес Одағында жасала бастады, ал Еуропа екі қарама-қарсы идеологиялық-саяси және әскери одаққа бөлініп, бірлігінен айырылып қалды. Алайда соғыстағы негізгі қиыншылықтарды басынан кешірген, қирап-бүлінген Батыс Еуропа елдерінде интеграциялық үрдістер ерте басталды және жылдам жүрді.
ХХ ғ. екінші жартысында Батыс қоғамының дамуында елеулі өзгерістер болды. Бұл ғылыми-техникалық революцияның өрістеуімен, “жақсы тұрмыс мемлекетін” құру идеясымен, әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізудің нәтижесінде аралас экономиканың қалыптасуымен және тұрғын халықты әлеуметтік жағынан қамтамасыз етуге мемлекеттік кепілдіктер беру жүйесінің орнығуымен байланысты. Бұл үрдістерді оқушыларға дұрыс түсіндіру үшін мұғалім төменде берілген теориялық мәселелермен танысқаны дұрыс.
Бұрынғы кеңестік қоғамдық ғылымдарда берік орныққан капиталистік экономика үнемі дағдарысқа ұшырап отырады, өйткені ол жоспарлауға емес, рыноктың бей-берекет заңдарына негізделеді деген тұжырым капиталистік қоғам түбінде осы дағдарыстардан құрып, жойылады деген қорытындыға әкелген болатын. Алайда рыноктық экономиканың циклдық даму теориясы дағдарыстардың мүлде күйреп, құруға әкелмейтінін көрсетеді. Рыноктық экономиканың дамуында қысқа мерзімді циклдар (“Китчин циклдары”), орташа мерзімді циклдар (“Жуглар циклдары”) және ұзақ мерзімді циклдар (“Кондратьевтің толқындары”) болады. Қысқа мерзімді циклдар сұраныс пен ұсыныстың уақытша сәйкес келмей қалуына байланысты туады, өндірістің уақытша төмендеуі экономикалық конъюнктураның табиғи түрде өзгеруі нәтижесінде қалпына келтіріледі. Орташа мерзімді циклдар “ұсыныс-сұраныс” жүйесіндегі бағаның жасалуының кешенді факторларына байланысты елеулі, орнықты өзгерістерден туады, ол өрлеу, артық өндіру дағдарысы, тоқырау және жандану сатыларынан тұрады. Ұзақ мерзімді циклдар – бүкіл макроэкономикалық жүйенің әмбебап циклдық сатылар (өрлеу, дағдарыс, тоқырау, жандану) арқылы өтетін, капиталдың қорлануы мен айналымының кешенді факторларының әрекетімен байланысты даму кезеңі. Осы әмбебап сатылардың ұштасуы қайта өндіру жүйесінің сапалық дамуындағы жалпы ұзын толқынды құрайды, осы толқындардың аражігінде құрылымдық дағдарыс болады. Құрылымдық дағдарыс – капиталдың артық қорлануы (жаңадан капитал жұмсау пайданы өсіре алмайды) болып табылады, бұл дағдарыстан әдеттегідей бағаны төмендету немесе жеке техникалық өзгерістермен шығу мүмкін емес. Құрылымдық дағдарыстан шығу үшін жұмсалған капиталдың жоғары деңгейдегі тиімділігін қалпына келтіретін өндірістік құрылымды тұтастай қайта құру қажет. Әрбір құрылымдық дағдарыс жаңа макроэкономикалық үлгі жасайды, мұның өзі техногендік қоғам жағдайында бүкіл қоғамдық жүйенің сапалы түрде дамуының негізі болып табылады. Ұзын толқындар теориясының бастамасын сталиндік жазалаудың құрбаны болған дарынды ғалым Н.Д.Кондратьев жасады, ол бұл теорияны “конъюнктураның үлкен циклдары” деп атады. Кеңестік экономикалық ғылымда рыноктық экономиканың дамуының орта мерзімдік циклы ғана мойындалды, басқа теориялардың барлығы айыпталды, бұл 20-30-жылдарда Н.Д.Кондратьевті, 40-жылдарда Л.А.Мендельсонды қудалаудан көрінді. Ұзын толқындар теориясын зерттеуді кеңес ғалымдары 80-жылдардың аяғында қайта жалғастырды (С.М.Меньшиков, Л.А.Клименко).
Мемлекеттік реттеу әдісін жеке меншікті сақтаумен, жоспарлауды нарықтық қатынастармен ұштастырудың тиімді жолдарын іздеу “жақсы тұрмыс мемлекетін” құру идеясын туғызды. “Жақсы тұрмыс мемлекеті” – бұл халықтың кедей топтарына әлеуметтік көмек беру, жұмыссыздарға, мүгедектерге, қарттарға көмектесу мәселесін мемлекеттің өз мойнына алуы, жұмысшылар мен кәсіпорын иелерінің арасындағы даулы мәселелерді шешуге мемлекеттің араласуы болып табылады. Бұл міндеттерді орындаудың шарты меншіктің көп түрлілігіне негізделген, мемлекет тарапынан жоспарлау элементтері болатын, әлеуметтік бағдардағы аралас экономиканың жасалуы болады. “Жақсы тұрмыс мемлекетін” құру реформалар арқылы іске асырылады. “Жақсы тұрмыс мемлекеті” туралы неолибералдық доктринаға балама ретінде неоконсерваторлар “құқықтық әлеуметтік мемлекет” тұжырымдамасын жасады. Олар тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін қорғаушы құрал ретінде күшті мемлекет болуын қалайды. Неоконсерватизмде екі ағым – либерализмнің жеке адамның еркіндігін құрметтеуі және консерваторларға тән дін, жанұя, заң, тәртіп, имандылық сияқты құндылықтарды қорғау ұштасып жатыр.
Екіполюсті дүиенің ыдырауынан бұрын халықаралық қатынастар бірнеше рет шиеленіс пен бәсеңдеуді бастан кешірді. 70-жлдарда ГФР канцлері В.Брандт “жаңа шығыстық саясат” жариялап, 1970-1973 жж. Чехословакиямен, Польшамен және Герман Демократиялық Республикасымен қатынастарын реттеді, екі неміс мемлекеті БҰҰ мүшелігіне қабылданды, Еуропада қауіпсіздік және ынтымақтастық мәселесі жөнінде кездесулер басталды, бұл 1975 ж. Хельсинкиде Қорытынды құжатқа қол қоюмен аяқталды, бұл құжат екінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесінде болған территориялық өзгерістерді түпкілікті бекітті, шекаралардың мызғымастығы мойындалды. 1979 ж. стратегиялық қаруларды шектеу туралы келісім жасалды. Алайда Кеңес Одағының Шығыс Еуропада орта қашықтықтағы ракеталарды орналастыруы, оған НАТО елдерінің наразы болуы, Ауғаныстанға кеңес әскерлерінің енгізілуі, Р.Рейганның “стратегиялық қорғаныс бастамасы” бағдарламасы халықаралық қатынастарды қайта шиеленістірді Бұл шиеленіс М.С.Горбачев халықаралық қатынастарды идеологиясыздандыру принципін жариялағанға дейін жалғасты. 80-жылдардың екінші жартысында стратегиялық қарулады шектеу, Ауғаныстаннан кеңес әскерлерін шығару туралы шешімдер қабылданды. 80-жылдардың аяғы – 90-жылдардың басындағы Орталық және Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдеріндегі демократиялық өзгерістер, тоталитарлық тәртіптің жойылуы, КСРО ыдырауы, Варшава Шартының күшін жоюы “қырғи-қабақ соғыстың” аяқталғандығын көрсетті.
Халықаралық қатынастардың екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңдегі дамуын әскери-саяси одақтарға бөліну мен әртүрлі аймақтардағы қақтығыстар тарихы ретінде бейнелеу тым шектеулі түсінік болады. Сондықтан оқушыларға халықаралық қатынастарда “орталықтан алшақтау” тенденцияларымен (“центробежные тенденции) қатар “орталыққа ұмтылу” тенденциялары (“центростремительные тенденции) болғандығын түсіндіру қажет. “Орталыққа ұмтылу” тенденциясы интеграциялық үрдістерден көрінеді.
Интеграциялық үрдістер Еуропада басталды. 1948 ж. Франция, Ұлыбритания, Бельгия, Нидерланды және Люксембург арасында әскери, экономикалық, саяси және мәдени салаларда ынтымақтасу туралы Брюссель келісімшартына қол қойылды. Сол жылы Еуропаның бірігуі мәселесі туралы Гаага конгресі өтті. 1949 ж. Еуропалық Кеңес құрылды, ол адам құқықтарын, парламенттік демократияны қорғауға, Еуропа елдері арасындағы келісімдік қатынастардың дамуына жол ашуға тиісті болды. 1951 ж. Франция сыртқы істер министрі Робер Шуманның бастамасымен Еуропаның көмір және болат бірлестігі құрылды, оған Франция, ФРГ, Италия, Бельгия, Нидерланды және Люксембург кірді. 1957 ж. осы елдер ЕКББ (ЕОУС) негізінде Еуропалық экономикалық қауымдастық (ЕЭҚ - ЕЭС) құру туралы Рим келісімдеріне қол қойды. Бұл ұйым оған қатысушы елдердің бүкіл экономикалық жүйесін интеграциялауға бағытталды. ЕЭҚ қызметін іске асыратын органдар: 1) ең жоғарғы орган – Кеңес, онда әрбір қатысушы елдің вето құқығы бар; 2) негізгі атқарушы орган – Комиссия; 3) өкілдік негізде құрылған кеңесші орган – Ассамблея (кейіннен бұл Еуропарламент деп аталды); 4) жоғарғы төреші орган – Сот. ЕЭҚ ауқымындағы интеграциялық үрдіс алғашында кедендік баж салығын жоюдан, финанстық заңдарды бірдейлестіруден, біртұтас аграрлық саясат жүргізуден басталды. 60-жылдардың аяғында еуропалық интеграцияның екінші кезеңі басталды. 1968 ж. Франция президенті Ж.Помпидудың бастамасымен Гаагада ЕЭҚ қатысатын елдердің басшыларының кеңесі өткізілді, онда интеграцияны тереңдету және кеңейту туралы шешім қабылданды. 1972-1995 жж. аралығында ЕЭҚ құрамына Ұлыбритания, Дания, Ирландия, Греция, Испания, Португалия, Швеция, Австрия, Финляндия кірді. Қазіргі кезеңде ЕЭҚ елдерінің ортақ валютасы (евро) бар.
70-жылдарда саяси интеграция саласында елеулі қадамдар жасалды. 1978 ж. бастап Еуропарламентке тікелей сайлаулар жүргізіле бастады. 1992 ж. Маастрихт келісімі бойынша Еуропалық одақ құрылды. Маастрихт келісімдерінің негізгі мақсаты – біртұтас экономикалық, әлеуметтік, құқықтық, ақпараттық және мәдени кеңістік құру. 1993 жылдың 1-қаңтарынан бастап Еуропалық одақ елдерінің тұрғындары осы елдер территориясында еркін-жүріп тұруға мүмкіндік алды.
Достарыңызбен бөлісу: |