І. Кіріспе І. Білім берудің мәні, қоғамдық маңызы



бет3/10
Дата25.01.2023
өлшемі369 Kb.
#62962
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Зерттеу әдістері: Тақырыптың мазмұнына байланысты білім беру сапасын бағалау механизмдерінің халықаралық үлгілерін зерттеуде салыстырмалы әдіс, контент-талдау әдісі, мемлекеттік құжаттар, зерттеу тақырыбына байланысты арнайы әдебиеттер, оқу құралдары, бағдарламалар, басылым материалдары, әдебиеттерге теориялық талдау, салыстырмалы, қорытындылау, типологиялық салыстырмалы әдістер қолданылды.
Тақырыптың зерттелу деңгейі: Білім беру жүйелерінің қоғамның дамуына ықпалы, оларға әсер ететін факторлар проблемасына бірқатар педагог ғалымдар, әдебиеттер жазып шығарған. Мәселен Харламов И.Ф. өзінің «Педагогика» кітабында білім беру жүйесінің әр елдегі даму ерекшеліктеріне көңіл бөлген. Оның атап көрсеткен ерекшеліктері мен даму беталыстары көп тарамды және әр түрлі болып келгенімен, олар дүние жүзінің көптеген елдерінің білім беру жүйелерінің дамуында көрініс табады. Қазақстандағы білім беру жүйесі, оның даму жағдайы мәселесін түсінуде Жарықбаев Қ.Б., Құнантаева К., т.б. еңбектерінің маңызы зор. Сонымен қатар білім беру мәселесімен Гуревич Л.Я., Әженов М.С., Аитов Н.А., Нургожина А.Р., Кусаинов А.М., Каланова Ш., Чередниченко В., Елманова В.К. және т.б. айналысады.
I. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ


І.1 Білім берудің мәні, қоғамдық маңызы

Жасөспірімдерді өмірге дайындау және қоғамның тәрбие саласына қоятын мақсаттарын жүзеге асыру, тиісті білім беру орындарының жүйесін құрмастан мүмкін емес. Сондықтан да, өндірістің дамуы және қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық қатынастардың қиындау деңгейіне байланысты білім-тәрбие беру орындарының саны мен мамандықтарының көбеюі және олардың сатыларының өсуі байып тұрады. XXI ғасырдың соңына дейін олардың ең кең тараған және негізгі түрі бастауыш мектеп болған. Содан кейін оның үсітне жалпы білім беру мектебінің деңгейінің жоғарырақ сатылары, атап айтқанда, орта және жоғары сатылары құрылды. Қазіргі кезде орта мектеп дүние жүзінің дамыған елдеріндегі халыққа білім беру орындарындағы ең негізгі және кең тараған түрі болып табылады.


Бастауыш мектептерге жаңа сатыларды қосу үрдісі үстінен ғана емес, астынан да жүрді. Осылай XIX ғасырда дами бастаған балабақшалар сияқты мектепке дейінгі тәрбие беру орындарының жиынтығы. XX ғасырда кең тарау алды. Өмір орта және жоғары буындағы инженерлі-техникалық жұмысшыларды және мәдениет пен басқару саласындағы әр түрлі мамандарды кәсіби дайындауға арналған арнаулы орта және жоғары оқу орындарын құруды және дамытуды талап етті. XX ғасырдағы өндірістің техникалық негізінің жоғары қарқында дамуы көпшілік мамандықтардың жоғары дәрежелі мамандарын дайындау және осы мақсатта дүние жүзі елдерінің барлығында саны үнемі өсіп жатқан кәсіби-техникалық оқу орындарын құру қажеттілігін туғызды. Осымен қатар клуб, театр, кинотеатр және т.б. сияқты мәдени орындардың саны көбеюде.
Білім мен тәрбие беру және мәдени орындардың кең ауқым алуымен қатар, олардың құрылымы мен сабақтастық қарым-қатынастарын жақсарту үрдісі жүріп жатыр. Осының бәрі әр елдің өзіндік спецификалық білім беру жүйесін құруға алып келді.
Білім беру саласы білім беруді, шеберлік пен дағдыны қалыптастыруды, тәжірибемен бөлісуді және осының барлығын сақтауды қамтитын көп сатылы да, көп факторлы сала. Осыған байланысты «білім беру» ұғымына түрлі анықтамалар беріліп жатады. Олардың кейбіреулерін атап өтейік:
Л.Н. Коган бойынша, білім беру – бұл шеберлік пен дағдыны қалыптастыру, жалпы және арнайы білімді беру және игеру процесі; ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін мәдениет құндылықтарын сақтау және үлестіру жүйесі; тұлғаның белгілі бір үлгісін қалыптастыратын оқытушы және тәрбиелеуші қызмет; белгілі бір оқу циклы немесе өз бетінше білім алу нәтижесінде алынған жалпы және арнайы білім көлемі; білім беру және тәрбиелеу мекемелері жүйесінің қызмет етуін білдіріп, қамтамасыз ететін әлеуметтік институт [2].
Егер Л.Н. Коган білім беруді ұрпақтың әлеуметтік тәжірибесін берудің тәсілі мен нәтижесі ретінде қарастырса, Р.В. Рывкина оны тұлғаның рухани қажеттіліктерін қанағаттандыратын жеке бөлек құндылық және басқа да өмірлік игіліктерге қол жеткізудің құралы деп біледі [3].
Герчикова В.В. білім беруді ғылыми-техникалық прогресті қамтамасыз ете алатын жоғары мамандандырылған мамандарды дайындайтын, әлеуметтік бірыңғай қоғамға жақындататын, қоғамның ақырында тұлғаның жанжақты дамуына негізделген рухани потенциалын қалыптастыратын бірқатар маңызды каналдардың бірі болып табылатын әлеуметтік институт ретінде қарастырады.
А.П. Егоршинның редакторлығымен жарық көрген оқу құралында білім беру – бұл 1) азаматтың (оқушының) мемлекет бекіткен білім беру сатыларына (білім беру ценздеріне) жетуімен қатар жүретін адам, қоғам және мемлекет мүддесіне сәйкес оқыту мен тәрбиелеудің мақсатты бағытталған процесі; 2) қоғамның ұйымдастыруы мен нормалауымен жүретін алдындағы ұрпақтың онтологиялық тұрғыдан тұлғаның генетикалық және мәдени бағдарламалармен сәйкес қалыптасуын білдіретін әлеуметтік маңызды тәжірибені үздіксіз беру процесі; 3) тұлғаны (ұрпақтың бір ғана өкілін) әлеуметтендіру мақсатында социум жүйесінде мәдениетті тасымалдау (трансляциялау) процесі; 4) оқыту мен оқудың (индивидуалды танымдық қызмет), тәрбиелеу және тұлғаның өз орнын анықтау мен индивидуалдылығының синтезі; 5) адамның қоғамдық өмір үшін қажет әлеуметтік тәжірибені, білім, шеберлік және дағды жүйесін игеру нәтижесі мен процесі [4].
Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 7 маусымында қабылданған «Білім туралы» Заңына сәйкес: «білім беру – қоғам мүшелерінің адамгершілік, интеллектуалдық, мәдени және дене дамуы мен кәсіби біліктілігінің жоғары деңгейіне қол жеткізуді мақсат ететін үздіксіз тәрбиелеу мен оқыту процесі» [5].
Жоғарыда айтылғанның барлығын ескере отырып айтатын болсақ, «білім беру» ұғымына анықтама берудің критерийлері алуан түрлі. Бұл анықтамаларда білім беру процесс, мақсат, қызмет және оның нәтижесі ретінде қарастырылған. Алайда, ұсынылған анықтамалардың басым көпшілігі білім беру – процесс дегенге сайып келеді.
Сонымен, білім беру процесі (жоғары білім беру үшін) дегеніміз – бұл өзара байланысты және өзара әрекеттесуші, талапкердің білімі, шеберлігі, дағдысы мен тәртіптілігін маманның кәсіби біліктілігі мен мәдениеттілігіне айналдыратын оқыту және тәрбиелеу қызметтерінің үздіксіз, мақсатты бағытталған, ұйымдастырылған және тұрақты жиынтығы.
Білім берудің адамзат тарихындағы орны зор. Ол қазіргі заманғы қоғам мен мемлекет дамуының фундаменталды механизмі болып табылады. Білім берудің қоғам дамуындағы орны жөнінде ойлар Аристотель, Платон секілді көне грек ойшылдарының, XVIII ғасырдағы әйгілі Ағартушылық кезеңнің Вольтер, Руссо, Дидро және Гельвеций сияқты атақты энциклопедист-ғалымдарының еңбектерінде кездеседі.
XX ғасырдың екінші жартысында-ақ XXI ғасырда алдыңғы қатарлы елдер қатарына білім берудің тиімді жүйесін қалыптастырып, жас ұрпақтың рухани және интеллектуалды дамуына бүкіл күшін (қаржыландыру, ғылыми негізделген даму стратегиясын қалыптастыру және т.с.с.) жұмсаған мемлекеттердің қосылатыны анық болды. Мұндай мемлекеттердің қатарына Америка Құрама Штаттары мен Еуропаның кейбір дамыған елдерін жатқызуға болады.
Тіпті білім беру процесінің тиімділігінің таза экономикалық аспектісін алғанның өзінде, әлеуметтік өмірдің ешбір саласы білім берумен бәсекеге түсе алмайтынына көз жеткізуге болады. Мәселен, XX ғасырдың 30-жж. академик С.Г. Струмилин білім берудің ұлттық табыс өсіміне қосқан үлесінің 20-30% жететінін есептеген болатын. Ал 70-жж., В.А. Жаминнің есептеулері бойынша, 40% жеткен [6]. Осылайша, бүгін әлемдік қауымдастық мемлекеттердің экономикалық жетістіктері олардың білім беру жүйелерімен, азаматтарының сауаттылығымен, белгілі бір кәсіби сала үшін арнайы оқытылған жұмыс күшінің даярлық дәрежесі мен сапасымен анықталатынына көзін жеткізіп отыр. Осы себептен болар, соңғы онжылдарда білім беру мәселелерін зерттейтін алуан түрлі зерттеулер санының күрт артуы әлемдік қауымдастықты аса таңдандырмайды.
Білім берудің қоғам дамуындағы, экономиканың жоғары бәсекеге қабілеттілігі мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін түсінген мемлекеттер бүгінде өз білім беру жүйелерінің осал жерлерін анықтау арқылы тиісті реформаларды жүзеге асыруға бет алды. Әр мемлекетте мұндай реформалар олардың білім беру саласындағы саясатына байланысты әр түрлі жолдармен жүзеге асады. Алайда, кез келген мемлекеттің білім беру жүйесі келесілерді қамтамасыз етуі тиіс:

  • сапалы білім беруге жағдай туғызып, кепілдік беру;

  • үздіксіз білім беру тұжырымдамасына сәйкес білім беру жүйесі сатыларының (мектепе дейінгі, орта, жоғары білім беру сатылары) сабақтастығын қамтамасыз ету;

  • білім берудің халықаралық сипатын қамтамасыз ету (оқушылар, зерттеушілер мен оқытушылардың мобильдігін жоғарлату, білім беру жүйелерін ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, барынша халықаралық стандарттарға жақындату және т.с.с.);

  • білім беру философиясының жаңаруын қамтамасыз ету (білім беру саласын демократизациялау);

  • білім беруді қоғамның кез келген тобы үшін қол жеткізімді ету;

  • білім берудің мемлекеттік стандарттарын жетілдіру және т.б.

Білім беру саласындағы бәсекелік жағдайында әлемдік білім беру кеңістігінде өз орнын табу үшін әр мемлекет ең алдымен білім берудің сапасын қамтамасыз етуі тиіс.
Алайда «білім беру сапасы» ұғымын қарастырмастан бұрын «сапа дегеніміз не?» деген сұраққа жауап іздеп көрейік.
Сапа – бұл мазмұны алуан түрлі анықтамалар арқылы ашылатын күрделі философиялық, экономикалық және әлеуметтік категория. Яғни, сапа ұғымы – бұл анықталуы, тиісінше, тәжірибеде қолданылуы үшін күрделі мәселе. Әдетте сапа деп, біз белгілі бір нормаларға, критерийлер мен талаптарға сәйкестілікті айтамыз, шынтуында оның анықтамалары молшылық.
Философиялық тұрғыдан сапаны б.э.д. III ғасырда Аристотель қарастырған болатын. Аристотель сапаны «жаман мен жақсыны» ажырату арқылы, яғни заттар арасындағы дифференциация негізінде анықтаған. Философиялық категория ұғымында оны Гегель де (XVIIIғ.) анықтайды. Гегель бойынша, сапа – бұл болмыспен тең анықталғандық; сапасын жоғалтқан сәтте зат өзінің заттығынан айрылады.
Қытайда ертеден бері иероглифпен жазу дәстүрі келе жатқандығы баршаға мәлім. Сапаны белгілеу үшін қолданылатын иероглиф екі элементтен құралған, ол: «тепе-теңдік» пен «ақша». Яғни, сапа ұғымы «қымбат», «жоғары дәрежелі» дегенге сайып келеді.
Советтік энциклопедиялық сөздікте келесі анықтама берілген: «Сапа – заттың ішкі елеулі байланыстары мен қасиеттерінің тұрақты жүйесі, оның өмір сүруімен тікелей байланыста болатын анықтығы».
XX ғасырдың соңғы онжылдығында сапаға анықтама беруге деген бірқатар талпыныстар жасалды. Олардың қатарына Филипп Кросби, У. Эдвард Деминг, Арманд В. Фейгенбаум, Каора Исикава, Джозеф М. Джуран, Вальтер А. Шухарт, Генити Тагути секілді сапа менеджментін (Total Quality Control Management - TQM) жетілдіруге зор үлесін қосқан ғалымдардың анықтамаларын жатқызуға болады.
Ф. Кросби сапаны «талаптарға сәйкестілік» ретінде түсінеді. Кросбидің пікірі бойынша, талаптар нақты анықталған болуы тиіс. Сонымен бірге, талаптарға сәйкестілік деңгейін, яғни сапаның дәрежесін («жоғары» немесе «төмен») білу мақсатында әрдайым түрлі өлшеулер жүзеге асырылуы тиіс.
Э. Деминг сапа ұғымын тұтынушылардың өніммен немесе қызмет көрсетумен қанағаттанушылық дәрежесімен байланыстырады. Тұтынушы өнім немесе қызмет көрсетумен қанағаттанған жағдайда, сапа «жоғары» деп есептеледі, ал тұтынушы ұсынылған өнім мен көрсетілген қызмет көрсетуге қанағатсыздық білдірсе, онда сапа, тиісінше, «төмен» деп есептелінеді.
К. Исикава сапаны екі мағынасында қарастырады: «...Тар мағынасында сапа өнім сапасын білдірсе, кең мағынада ол жұмыс, қызмет, ақпарат, процесс, бөлімше, жұмысшы, жүйе, компания және т.б. сапасын білдіреді» [7].
Дж. Джуранның пікірі бойынша, сапаның анықтамалары өте көп, алайда олардың ішінде екеуі басым: 1) «Сапаны тұтынушының қажеттіліктерін қанағаттандыратын өнімнің жеке сипаттамалары құрайды; 2) Сапа сәйкессіздік (талаптарға) жоқ жерде болады». Дж. Джуран бойынша, «сапа – бұл қолдануға жарамдылық» дегенді білдіреді [8].
Г.Тагути сапаны басқа ғалымдарға қарағанда, біршама ерекше анықтайды. Оның айтуы бойынша, сапа – бұл қоғамдағы өнімге тән сипаттамаларға қатысы жоқ шығындар, нақтырақ айтқанда, әлеуметтік шығындар. Әлеуметтік шығындарды минимизациялау арқылы сапаның максимизациясына қол жеткізу – Тагутидің басты идеясы.
В. Шухарт сапаның объективті және субъективті жағын бөліп көрсетті. Оның айтуынша, сапаның объективті сипаттамалары өлшеуге және бағалауға келеді. Ол тұтынушының тілегіне тәуелсіз болып келеді. Сапаның субъективті жағы сандық тұрғыдан өлшеуге келмейді. Ол тұтынушының тілегі жөнінде көрініс береді.
Кеңес Одағында 1968 ж. сапаны сандық тұрғыда өлшеу мен бағалау туралы ғылым – квалиметрия пайда болады. Бұл ғылымның бастауында Г.Г. Азгальдов, Ю.М. Андрианов, А.В. Гличев, Е.Г. Нахапетян, Э.П. Райхман, Ю.И. Койфман, А.И. Губинский, Н.В. Хованов және т.б. ғалымдар тұрды. Білім беру квалиметриясы негізінен білім беру жүйесін реформалау науқаны басталып, Ресей Федерациясының «Білім туралы» Заңында бекітілген мемлекеттік лицензиялау, мемлекеттік аттестациялау, мемлекеттік аккредитациялау рәсімдерінің және білім берудің мемлекеттік стандарттарының пайда болуына байланысты қарқынды дами түседі.
1986 жылы стандартизация бойынша Халықаралық ұйым (International Organization for Standardization - IOS) алғаш рет бизнес пен өндірістің барлық салаларына қатысты сапа және оның төңірегіндегі басқа да ұғымдарға анықтама береді. 1994 жылы және 2000 жылы терминологияға бірқатар өзгерістер енгізіліп, «ИСО 9000-2000» Халықаралық стандарты бойынша сапаға келесідей анықтама беріледі: «Сапа – бұл сипаттамалардың жеке жиынтығының талаптарға жауап беретін дәрежесі» [3, 47б.].
Жоғарыда келтірілген анықтамаларды түйіндейтін болсақ, олардың барлығының сапаны белгілі бір талаптарға сәйкестілік немесе тұтынушылардың қанағаттанушылық деңгейі ретінде түсіндіретінін байқауға болады.
Алайда, белгілі бір процестің, өнімнің немесе жүйенің сапалы болуы үшін жай ғана талаптарға сәйкес болу және тұтынушылардың қажеттіліктерін толығымен қамтамасыз ету аз. Жаһандану процесі қоғамдық өмірдің кез келген саласынан қарқынды даму мен жетілуді талап етеді. Сол себептен «сапа» ұғымы болашақта болуы мүмкін талаптардың орындалуы мен қанағаттандырылуы тұрғысынан қарастырылуы тиіс.
Осылайша, Р. Барнет сапа ұғымын талдай отырып, келесідей үш ыңғайды бөліп көрсетеді: объективисттік, релятивисттік және даму концепциясы. Объективисттік ыңғай сапаның объективті өлшену және өлшеу нәтижелерінің өзара салыстырылу мүмкіндігіне көп көңіл бөледі. Релятивисттік ыңғай «мақсатқа сәйкестілікті» бағалауға негізделген. Яғни, түрлі субъектілердің сапасын бағалаудың ортақ критерийлерін табу мүмкін емес, сондықтан көрсеткіштердің қойылған мақсатқа қаншалықты дәрежеде сәйкес келетінін анықтаған маңыздырақ. Егер алғашқы екі ыңғай негізінен сапаны сырттай бағалауға шоғырланса, үшінші ыңғай – даму концепциясы, іштей бағалауға негізделген. Яғни, егер алғашқылары оқу орындарының қызмет ету сапасы мен білім берудегі саясатын зерттесе, үшіншісі нақты сапаны арттыруға бағытталған.
Сонымен, егер «сапа» ұғымын білім беру саласымен байланыстыратын болсақ, онда «білім беру сапасы» ұғымына анықтама беруге тура келеді.
Шет ел үкіметтерінің өздерінің білім беру жүйелерін жетілдіру мақсатында білім ордаларынан мемлекеттік бюджеттен бөлініп отырған қаржылық ресурстарды қалайша жұмсайтыны жөнінде, өз қызметін қаншалықты дәрежеде анық жоспарлап, ұйымдастыруы жөнінде, әрбір білім беру мекемелерінің мақсаты мен міндеттерінің дұрыстығы мен ол шығаратын түлектердің қазіргі заман талаптарына сәйкестілік дәрежесі жөнінде жауаптарды күтеді және бұл заңды да. Алайда мемлекет пен қоғамның қоятын талаптары бүгінде білім беру тұжырымдамасын жаңаша интерпретациялауға әкеліп отыр.
Бүгінгі жаһандану мен нарықтық қатынастар жағдайында білім беру сапасы бірқатар жаңа сипаттамаларға ие болып отыр. Мәселен, жоғары оқу орынды алсақ, қазіргі жағдайда жоғары білім беру сапасы академиялық үлгерімді ғана емес, сонымен бірге талапкерлер мен студенттердің сапасын (білім деңгейі, жеке тұлғалық қасиеттері және т.б.), оқыту құралдарының сапасын (оқытудың жаңа технологияларынан қол үзбеу, компьютерлендіру және т.с.с.), педагогикалық персонал сапасын (оқытушылар құрамы, ғылыми атағы бар оқытушылардың саны және т.б.) және т.б. көптеген көрсеткіштерді қамтиды.
Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының (ОЭСР) білім беру саласындағы эксперттерінің пікірі бойынша, мұндай анықтама қазіргі заманда білім беру сапасына қойылатын талаптарға толығымен жауап береді.
Сонымен, білім беру сапасы дегеніміз – бұл білім берудің (нәтиже, процесс, жүйе ретінде) қазіргі заманғы және болашақтағы түрлі қажеттіліктерге, мақсаттарға, талаптар мен нормаларға (стандарттарға) сәйкестілік.
Алайда, білім берудің шынайы тиімділігі мен оның қойылған талаптар мен мақсаттарға сәйкестілік дәрежесін анықтау үшін, қажет болған жағдайда оның сапасын стратегиялық менеджмент негізінде максимизациялау үшін ең алдымен білім беру сапасын дұрыс бағалай білу қажет. Жоғарыда айтылып кеткендей, білім беру сапасы құрылымы жөнінен өте күрделі болып келеді. Сол себепті оны бағалау рәсімі де жүйелі, кең көлемді, тиімді және кешенді түрде өтуі тиіс. Осы тұрғыда көптеген мемлекеттерде орын алып отырған білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесін қалыптастыру аса қажетті және маңызды шара болып көрінеді.
Мұндай жүйені қалыптастыруды мақсат етіп отырған мемлекеттердің алдында орындалуға тиіс көптеген қадамдар бар. Олар: білім беру нәтижелерінің мониторингі негізінде білім берудің ұлттық жүйесін халықаралық стандарттарға жақындату, білім беру сапасының өлшеуге келетін көрсеткіштерін қалыптастыру, оқушылардың психологиялық дамуының мониторинг жүйесін қалыптастыру және т.б.
«Білім беру жүйесі» дегенді қалай түсіну керек? «Система» деген сөз грек тіліне шыққан және қазақ тіліне аударғанда «біртұтас, бірнеше әр түрлі бөліктерден құралған, бөліктердің құрылымы» дегенді білдіреді. Мұнда білім беру жүйесі деп кез келген елдегі атқаратын білім, тәрбие беру орындарының жиынтығын, олардың арасындағы байланыстарды және де сол орындардың құрылу мен жұмыс істеуінің ортақ принциптерін түсіну керек.
Әдетте, әр елдің білім беру жүйесі келесі қызметтерді атқаратын білім-тәрбие мекемелерінен тұрады:

  • Мектепке дейінгі тәрбие;

  • Жалпы орта білім;

  • Мектептен тыс білім беру және тәрбие;

  • Кәсіптік-техникалық білім;

  • Орта арнаулы білім;

  • Жоғары білім.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев 2006 жылғы “Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы” атты Жолдауында және сол жылдың 26 мамырындағы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де лекциясында 10 жыл ішінде қабілетті 50 қатарына кіру керектігін атап көрсеткен. Ал осы мақсатқа жету үшін бізге білім беру жүйесін жетілдіруіміз қажет, тек сонымен ғана біз мақсаттымызға жетеміз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет